Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлем бойынша есту қабілетінің бұзылуы бар 275 миллионнан астам адам бар екен. Осы сандардың көбеюіне көптеп көмектеп тұрған қазақстандықтар да жоқ емес. Расында, соңғы жылдары есту қабілеті нашарлағандардың көбейіп бара жатқанын айтып, дәрігерлер дабыл қағып отыр. Оның басты себептері тұқымқуалаушылық, жүктілік кезіндегі асқынулар, жұқпалы дерттердің кесірінен деп бағалауда. Бұдан бөлек, қай аурудың түп тамырына үңілсек, басты себепкер экологияны атаймыз ғой. Мұнда да сол кеп. Қоршаған ортаның ластануы да құлаққа төнер қауіпті көбейтіп тұрған құсайды. Осындай себептерден болар, бүгінде есту аппараттарын жасап шығаратын шетелдік фирмалардың дәурені жүріп тұрған көрінеді. Олардың саудасын қыз-қыз қайнатып тұрған, әрине, науқастардың көбеюі. Құлақ кемістігімен қалай күресіп жүрміз? Алдымен осыған тоқталайықшы...
Жалпыға ортақ тілде керең, саңырау деген анықтама берілген мұндай науқастар амалдың жоғынан есту аппараттарына арқандаулы. Сыртқы ортамен осы құйтақандай құрылғы арқылы байланыс орнатады. Басқа жол жоқ. Айналадағы дыбысты естуге арналған мұндай құрылғылар мүгедектігі анықталған топтағыларға тегін беріледі. Бірақ оны жылдар бойы күтуге тура келеді. Ал ақшасы артылып сатып алуға тура келетін болса, онда ол аз ақша тұрмайды. Ең арзаны 30-40 мың теңге, заманауи сандық құрылғылар 80 мың теңгеден асып-жығылады. Оқыстан орын алған жағдайларға байланысты керең боп қалса, амал жоқ, ал бала жастан дұрыс ем қабылдамай қолдан құрыса не шара? Оның алдын қалай алуға болады? Бұрындары құлаққа кохлеарлық имплантация жасау тек шетелде жүргізілетін. 2007 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі бұл бағдарламаны елімізде де жүзеге асыра бастады. Алайда мамандардың айтуы бойынша, баланы ота жасауға дейінгі дайындау шаралары нашар, одан бөлек, отадан кейін де тұрақты бейімдеуден өтуге тиіс болса да, барлық жағдай жасалмайды. 2007 жылдан 2010 жылға дейін елімізде 280 балаға ота жасалынған. Соның 100 шақтысына зерттеу жүргізгенде тек 9-ының ғана дұрысталып кеткені анықталыпты. Яғни құлағы жақсы еститін болып, дені сау балалардай орта мектептің партасына отырған. Ал қалғандары сол күйінде құлағы нашар еститін балаларға арналған білім ошақтарында оқуын жалғастырған. Мұның түпкі мәнісіне үңілсек, ота сәтті өткен, алайда отадан кейінгі сауықтыру шаралары мүлде назардан тыс қалғандығын көрсетіп отыр. Бүгінде елімізде есту кемістігі бар 13 мыңға жуық бала бар екенін ескерсек, бұл мәселеге жіті назар аударатын уақыт жеткен сықылды... Ота жасаудан бөлек құлағының мүкісі бар бала үшін ең маңыздысы дыбыс процессорын реттестіру болып табылады. Себебі дыбыс процессорын реттеу еліміздегі ірі қалаларда ғана жүргізіледі. Әрі осы саланың жілігін шағып, майын ішкен кәнігі маман жоқтың қасы. Осы олқылықты орынды пайдалана біледі шетелдік фирмалар. Мәселен, кохлеарлық имплантантты елімізге әкелетін фирмалар жергілікті дәрігерлерді оқытудан бас тартады.
Себебі түсінікті, молынан қарпитын нандарынан айырылып қалмас үшін осындай қадамға барады. Құлақ құрылғысының дыбысын реттеуден бөлек толып жатқан жұмыстары жетерлік. Оның күтімі де көп ақша тұрады. Оны үнемі құрғатып, тазартып отыру керек. Құрғатуға арналған ұнтақтың бағасы теңгеге шаққанда 6 мың теңгеге шығады. Аз ақша дерсіз, алайда осы қаржыға алынған ұнтақ ары кетсе 6-ақ аптаға жетеді. Егер де дыбыс процессоры істен шықса, оны жөндетуге 260 мың теңге шығаруға тура келеді. Қысқасы, бұл құрылғы компьютер сықылды ғой. Қажетіңізге жарату үшін үнемі ақша шығарып, сылап, сипап, күтіп ұстауға тура келеді. Құлағына қажетті емін алып, қатарға қосылуы тиіс балаларға тағы да бір алынбастай асу бар. Ол – сурдопедагог мамандардың аздығы. Әрі еліміздегі сурдолгиялық кабинеттердің саны да көңілден шықпайды. Бар болғаны – 22 ғана. Бір қызығы, дәріхана, жеке тіс кабинетін ашуға рұқсат беретін заңымыз дәл осы аса қажетті сурдология кабинетін ашуға келгенде кісендеулі аттың кейпінде. Онда жұмыс істеуі тиіс сурдопедагогтардың да сеңдей соғылысып жүргені жоқ. Маман тапшылығы да етектен тартып тұр. Ал көбіне құлақ, мұрын, тамақ ауруларын қарайтын ЛОР, отоларинголог мамандар баршылық. Бірақ бәрінің де қарайтыны бір құлақ болғанымен, атқаратын шаруалары әртүрлі. Балалар арасында етек жайып бара жатқан дерттің ересектер арасында да көбеюде...
Бану ЕРТІЛЕСОВА, қала тұрғыны:
– Өзімнің тұрғылықты жеріме байланысты №1 емханаға барғанымда лор дәрігер түрлі дәрілерді құйып екі апта емдеді, бірақ жазылмады. Сонда біздегілер қандай дәрімен емдеуді білмегені ме? Облыстық клиникалық ауруханаға барып, қайта тексерілмек болдым. Дәрігер маған құлағыңды жауып тұр деп, жақында тұрып, сөйлеп, алыста тұрып сөйлеп, құлағымның есту қабілетін тексерді. Бұл әлгі аудиометр деген аппараттың «көшірмесі» болса керек. Содан «келіңіз, ота жасап береміз» деді. Алайда онша сенімім болмағандықтан мен бармадым.
Расында, отандық дәрігерлерге көп жағдайда көңіліміз толмайтыны рас. Ауруды емдеу үшін алдымен қажетті құрылғымен толық қамтамасыз етіп алса ғой деген базынамыз да жоқ емес. Жеке клиникаларда қажетті құрылғылардың барлығы да бар. Ал мемлекеттік емхана, ауруханалардағы қажетсіз шаң басып тұрған құрылғылардың көбеюіне кім кінәлі? Қажетті құрылғылармен қай уақта толық қамтамасыз етіледі сонда? Сұрақ көп, жауап жоқ....
Ғани ІЗТІЛЕУОВ, ЛОР-дәрігер:
– Жасырары жоқ, соңғы әлетте есту қабілеті нашарлағандардың көбейіп бара жатқаны рас. Әсіресе жас балалардың арасында көптеп кездесуі көңілге қорқыныш ұялатады. Балалар арасында аурудың алдын алу үшін түрлі іс шаралар қолға алынып жатқанына қарамастан, қанатын кеңге жайып келеді... Науқастардың көбеюіне орай есту аппараттарына да сұраныс артуда. Бұрынғыдай емес бүгінгі аппараттар дыбыс қабылдау қабілеті күшті, әрі сапалы. Көбіне даниялық «Отикон» фирмасының есту аппараттарына деген сұраныс көп. ДДСҰ ұсынымына сәйкес адамдардың есту органдарын міндетті түрде протездеу жақсы еститін құлағының есту шегі төмендегідей болғанда жүргізіледі: 15 жасқа дейінгі балаларда – 31 децибел және одан жоғары, ересектерде – 41 децибел және одан жоғары болғанда.
Қазақтың құлағы – шетелдік бизнестің бұлағы
Последние статьи автора