Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы

С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ (фото)

Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!
Ханымдар мен мырзалар!

Қазақстан Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына батыл қадам басты.
Жаңа құрамдағы Парламент пен жаңарған Үкімет өз жұмысына кірісті.
Өткен 2011 жылы ел экономикасы 7,5 пайызға өсті. Жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 11 мың доллардан асты. Бұрын сатылып кеткен актив­тердің бірқатар маңызды бөлігі мемлекет мен­шігіне қайтарылды. Енді «Богатырь», Қарашығанақ, Қа­шаған кен орындары мен ЕNRС, «Қазақмыс» ком­панияларының басым активтері мемлекет ие­лі­гінде болады. Кезінде мен «мынадай жағ­дай­ларға байланысты сатып жатырмыз, қазір же­ке­ше­лендіру керек, уақыты келгенде қайтарамыз» деп айтып едім. Міне, енді бәрі қайтарылуда. Бар­лық акциялардың пакеті Қазақстанда. Енді өзіміз барлығына ықпал жасайтын боламыз.
Қазақстан халқы біртұтас, бірлігі мызғымас ке­мел елге айналды. Дегенмен біз күрмеуі қиын, қай­шылығы мол алмағайып заманда өмір сүру­деміз. Болжанған жаһандық дағдарыс қаупі шын­дық­қа айналып келе жатқанын көріп отырсыздар. Сарап­шылардың пікірінше, жаңа әлемдік дағ­дарыс бес-алты жылға созылуы мүмкін. Біздің міндетіміз экономиканы осы сынаққа дайындау, оны әртараптандыруды жалғастыру болып та­бы­ла­ды. Біз – 2015 жылға қарай табысы жоғары ел­дер­дің қатарына қосылуды көздеп отырған елміз. Бір­лігімізді сақтап, осылай еңбек ететін болсақ, ол мақ­сатқа да жететін боламыз.
Құрметті отандастар!
Қазақстан жолының жаңа кезеңі – бұл экономиканы нығайту, халықтың әл-ауқа­тын көтерудегі жаңа міндеттер болады.
Қазақстан үшін экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз ету арасында тиімді тепе-теңдік болуының өмірлік маңызы зор. Қазіргі әлемде бұл – әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың негізгі мәселесі. Бұл – Қазақстанның алдағы 10 жылдағы дамуының басты векторы. Осы өзекті тақырыпқа мен Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы дәстүрлі жаңа Жолдауымды арнаймын. Біз 10 бағыт бойынша мақсаттар кешенін іске асыруымыз керек.
Бірінші бағыт.
Қазақстандықтардың жұмыспен қамтылуы
Өздеріңізге белгілі, менің тапсырмам бойынша, Үкімет жұмыспен қамтудың ұстанымды жаңа бағдарламасын бекітті. Оның алдына үш нақты міндет қойылған: біріншіден, жұмысқа орналастыруға ықпал ететін тиімді оқыту жүйесін құру. Екінші, ауылда кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау. Үшінші, еңбек ресурстарының үйлесімділігін арттыру, Қазақстанның экономикалық белсенді орталықтарында жұмыспен қамтуға басымдық беру.
2011 жылы ол 60 мың адамның қатысуымен пилоттық режимде сынақтан өтті. Барша дайындық жұмыстары мен заңнамалық база іске асырылды. Енді осы маңызды бағдарламаны жүзеге асыруға көшу керек. Сондықтан Үкіметке, әкімдерге биылдан бастап осы бағдарламаны ауқымды іске асыруды тапсырамын. Біз бағдарламаның соңында, яғни 2020 жылға қарай 1,5 млн адамды сапалы жұмыспен қамтамасыз етуіміз қажет.
Екінші бағыт.
Қолжетімді баспана
Біз жаңа тұрғын үй құрылысы бағ­дар­ламасын іске асыруға кірісіп кеттік. Елімізде жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуде. Алайда біз жарты миллионнан астам жас отбасын жеке баспанамен қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл үшін жалға берілетін тұрғын үй алаңын 1 миллион шаршы метрге жеткізу қажет.
Оның ішінде, ұзақ мерзімге жалға беру, одан кейін сатып алу тәрізді екі түрлі жолын қарастыру керек. Қаражаты мен мүм­кін­шілігі барлар жалдау ақысын төлеп, кейін­нен үйді өздеріне сатып алатын болады. Ал мүмкіндігі жоқтар жағдайы келгенше ұзақ мерзімді жалға ұстай беретін болады. Осы екі түрлі жолды қарастыруымыз қажет. Оған қоса, жалға алғаны үшін жасалатын тө­лем әл-ауқаты орташа отбасы мүм­кін­дігіне сай болуы тиіс. Мұнымен бірге отан­дық құрылыс саласы үшін жаңа мүмкіндіктер туады. Естеріңізде болса, өткен дағдарыс жылдарында біз бүкіл Қазақстанда тұрғын үй салуды көбейтіп, қаншама жұмыс орнын ашып, бизнеске қаншама мүмкіншілік бердік. Енді сол кездегі сияқты облыстарға тиісті қаражат бөлінеді. Тұрғын үйлер салынып, жалға берілетін болады. Соның бәрін жаңа «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасында анық көрсету қажет. Осыған біз кірісуіміз керек.
Мемлекет бұл бағдарламаны тиісті қаражатпен қамтамасыз етеді. Аталған құжатты Үкіметке осы жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей жасап, қабылдауды тап­сы­рамын.
Үшінші бағыт.
Өңірлерді дамыту мәселесі
Қуатты Қазақстан дегеніміз – бұл ең әуелі өңірлердің қуаттылығы болып сана­лады. Елдің болашағы экономикадағы келе­шегі зор салалардың дамуымен байла­нысты. Бұл үшін алдымен жаңа зауыттар көп салынып, жаңа жұмыс орындары ашы­лып, әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамуы қажет. Бүгінде әлемнің көп елдерінде осылай жасалуда. Мемлекет өз азамат­тарының сондай қуатты өңірлерге қоныс аударуына көмек қолын созуы тиіс. Қазақ­станда келешегі зор қалалар шоғырына Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент шаһарлары жатады. Үкімет елді мекендер шоғырын (агломерация) дамыту жөнінде бағдарлама қабылдауы тиіс. Ірі кәсіп­орынды немесе бір саланы тірек еткен ша­ғын қалалардың дамуы – өз алдына бөлек мәселе.
Жаңаөзендегі жағдай бірсалалы шағын қалалардың әлеуметтік қатерге жақын екенін көрсетті. Мемлекет Жаңаөзенде төтенше жағдай жариялап, қаладағы ахуал­ды қалпына келтіру бойынша кешенді шаралар жасауға мәжбүр болды. Қазіргі уақытта ондағы ахуал қалыпты арнасына түсті.
Мәжіліс сайлауында Жаңаөзен тұрғын­дарының басым көпшілігі «Нұр Отан» партиясына дауыс берді. Бұл олардың мемлекет саясатын толық қолдайтынын көрсетеді. Сондықтан мен Жаңаөзендегі төтенше жағдай режимін бұдан әрі созбау жөнінде шешім қабылдадым. Алайда бұл оқиғадан тиісті түйін жасалып, одан сабақ алып, ұдайы ескерілуі керек. Үкіметке бірсалалы шағын қалаларды дамыту туралы арнайы бағдарлама жасауды тап­сы­рамын. Онда қаланың эконо­ми­ка­сын­дағы әрбір нақты бағытты әртараптандыру, әлеуметтік саланы дамыту ескерілуі қажет.
Сонымен қатар жергілікті шағын және орта бизнеске қолдау көрсету шараларын қаперде ұстаған жөн.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіріп, барша жергілікті даму мәселелерін шешуге аза­маттардың қатысуын кеңейту аса ма­ңызды.
Биылғы 1 шілдеге дейін Үкімет Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы жобасын жасап бітіруі тиіс.

С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ (фото)

Төртінші бағыт.
Халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру
Бұл – жемқорлыққа қарсы тұру, азамат­тардың мемлекеттік органдардың қыз­метіне деген сенімін арттыру сияқты ма­ңызды аспект. Біріншіден, электрондық үкіметті дамыту керек. 2012 жылдың со­ңына дейін әлеуметтік маңызы бар мем­лекеттік қызметтердің 60%, соның ішінде лицензиялардың барлық түрлері элек­трон­дық түрде ғана көрсетілуге тиіс. 2013 жылдан бастап халық мемлекет тарапынан барлық рұқсатты электронды нұсқада және халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алатын болады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына автокөліктерді тіркеу мен жүргізуші куәлігін беру қызметтерін енгізу қажет. Екіншіден, модернизациялаудағы маңызды мәселе – әкімшілік проце­ду­раларды жеңілдету. Менің тапсырмам бойынша рұқсат беру құжаттарының тізбесі қазірдің өзінде 30 пайызға қысқарды. Үкіметпен лицензия мен рұқсат берудің барлық түрлерін тағы да үштен бірге төмендететін заң жобасы әзірленді. Келесі қадам рұқсат беру заңнамасына жаңа принциптер енгізу болады.
Түрлі бағдарламалар арқылы халықтың компьютерлік білімін көтеру керек. Мен барлық қазақстандықтарды ақпараттық технологияларды меңгеруде белсенділік танытуға шақырамын. Бұл бізге аса қажет.

Ұзын-ырғасы:
Жолдау бас-аяғы 45 минут 46 секундқа созылды. Жолдауды оқу барысында Елбасы бір рет жөтелді, үш рет жөткірінді. Ұзақ қол шапалақтаудың біріншісі – 18, екіншісі – 16, үшіншісі 15 секундқа ұласты. Залдағылар жалпы саны 62 мәрте қол соқты. Орындарынан 7 мәрте тұрып, қошемет білдірді.

Бесінші бағыт.
XXI ғасыр заманауи мемлекетті басқаруда күшті талаптар қойып отыр. Біздің маңызды міндетіміз – сапалы саяси басқарушыларды дайындау
Үкіметке, Президент Әкімшілігіне 2012 жылдың жарты жылдығының соңына дейін прези­денттік кадрлық корпусқа үміткерлер жөнін­де ұсыныс әзірлеуді тапсырамын. Үміткерлерді арнайы комиссия олардың біліміне, кәсіби біліктілігіне, жоғары мораль­дық сапасына қарай таңдайды. Олар еліміздің экономикалық дамуымен тығыз байланысты бизнес құрылымдары ұсын­ған жалақыны алады. XXI ғасырда Қазақстанды лайықты бастап жүретін жаңа басқарушы элитаның негізін қалайтын солар болады. Мен мұны бұрыннан бері айтып жүрмін. Қазір тек іске кірісу керек. Бұл да өте маңызды.
Алтыншы бағыт.
Сот және құқық қорғау жүйесін модернизациялау
Сот корпусын құру тәртібін түбегейлі қайта қарау керек. Судьялар заңдар мен жеке ар-ұжданын басшылыққа ала отырып сот төрелігін жа­сауы тиіс. Апелляциялық инстан­ция­лардың негізсіз шешімдер қабылдау мен төмендегі соттарға істерді қайта қарауға жіберу мүм­кіндіктерін заң жүзінде шектеу керек. Жоғарғы соттан бастап сот жүйесі түгелдей жауапкершілік пен біліктілігін арттырып, өз жұмысын жетілдіруді қолға алуы қажет. Судьялардың заң бұзуы бәріне жария бола­тын төтенше оқиға болуға тиіс. Арбитраж және третей соттарының жүйесін нығайту қа­жет. Жаңа қылмыстық-процессуалдық кодексті және жеке детективтік қызмет туралы заң жобасын әзірлеуді 2012 жыл­дың соңына дейін аяқтау керек.
Құқық қорғау және арнайы органдарда сапалы кадрлық жаңарту – маңызды мәселе.
2012 жылдың 1 шілдесіне дейін олар­дың барлық құрамын қайта аттестациялау міндетін қоямын. Осыдан кейін ғана құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің қаржылық мәселелері мен әлеуметтік пакеттері және техникалық мүмкіндіктерін кеңейту мәсе­лелерін қарау қажет.
Бірыңғай экономикалық  кеңістікте ұйым­дасқан трансұлттық қылмыспен күресті күшейту үшін Интерполдың үлгі­сімен Еуразпол – Еуразиялық полиция құру мә­селесі пісіп-жетілді деп есептеймін. Үкіметке БЭК бойынша әріптестерімізге осы ұсынысты жолдауды тапсырамын.
Модернизацияның маңызды мәсе­ле­лерінің бірі – жемқорлыққа қарсы кеңей­тілген күрес. Бұл бағыттағы біздің әре­кет­теріміздің нәтижесі мемлекеттік аппарат­та жемқорлықтың айтарлықтай төмен­дегенінен байқалады. Мұны халықаралық сарапшылар да айтып отыр. Бізге жем­қорлықпен күрестің жаңа стратегиясын жасау қажет. Парақорларды анықтап, сотқа тартып қана қоймай, жемқорлықтың жолын кесу және алдын алу үшін жаңа құқықтық тетіктерді, ақпараттық мүмкін­діктерді пайдаланып, қоғамды кеңірек араластыру керек. Жемқорлықпен күрес үшін шетелдік тәжірибені зерттеп, пай­да­лану қажет. Жемқорлық деңгейін төмендету үшін кешенді бағдарлама жасау керек. Мем­лекеттік қызметкерлердің кірістерін ғана емес, шығындарын да декларациялауға көшуі қажет. Бұл мәселе бойынша заң қабылдау керек. Үкіметке үш айдың ішінде тәжірибені зерттеп, жемқорлыққа қарсы ке­шенді бағдарлама әзірлеуді тап­сы­ра­мын.
Жетінші бағыт.
Қазақстанда адам капиталының сапалы өсуі
Бұл – ең алдымен, білім және денсаулық сақтау. Білім жүйесін модернизациялау барысында бізге мынандай шараларды жүзеге асыру маңызды. Біріншіден, оқыту үдерісіне заманауи әдістеме мен техно­ло­гияны енгізу. Бүгінде халықаралық стан­дарттар негізінде Назарбаев университеті мен интеллектуалды мектептер табысты жұмыс істеуде. Кәсіби-техникалық білім беру мекемелерінің желісі дамып келеді. Олар­дың тәжірибесін қазақстандық білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне жеткізу қажет.
Екіншіден, педагогикалық құрамның сапа­сын арттыру маңызды. Негізгі педа­гогикалық білім стандарттары, мектептер мен жоғары оқу орындары мұғалімдерінің біліктілігін көтеру талаптарын күшейту қажет.
Әрбір өңірде педагогтердің біліктілігін арттыратын орталықтар жұмыс істеуі керек.
Үшіншіден, біліктілікті растайтын тәуелсіз жүйені құру қажет.
Мемлекет білім беру қызметін көрсету мен оның сапасын бағалауын бір мезетте жүргізбеуі шарт. Медицина институтын бітірген түлек дәрігер болмайды. Поли­техникалық жоғары оқу орнын бітіріп инженер бола салмайды. Ол алдымен маман екенін дәлелдеуі керек. Дүние­жүзінде осындай тәртіп бар.
Үкіметке осы жылы салалы ассоциа­ция­лар негізінде бір-екі салада біліктілікті бағалайтын тәуелсіз орталықтар құруды тапсырамын.
Төртіншіден, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы ауылдық жерлерден және аз қамсыздандырылған отбасылардан шыққан жастардың жүріп-тұру шығын­дарын субсидиялау, жатақханалар желісін да­мыту арқылы жастар үшін білім алу мүм­кіндігін кеңейту керек. Жұмыс істейтін жас­тар үшін жұмысын тоқтатпай арнайы білім алу мүмкіндігін беру маңызды мәселе.
Бүгінгі күні ауылдан қалаға көшіп келіп жатыр. Оларға жұмысқа орналасу қиын. Әрбір жастың жұмысын тоқтатпай, ма­мандық, білім алу мүмкіндігі болуға тиіс. Мұны ұйымдастырудың жолдарын Білім және ғылым министрлігі ойластыруға тиіс.
Бесіншіден, білім беру саласы жастарға білім ғана емес, әлеуметтік бейімделуге де көмек беруі керек. Сондықтан мектеп оқушыларының сауаттылығын арттыру ісі бойынша бесжылдық ұлттық жоба жасауды Үкіметке тапсырамын.
Алтыншыдан, білім беру ісіндегі тәрбие беру компонентін күшейту керек. Патрио­тизм, моральдық құндылықтар, адам­гершілік, ұлтаралық келісім, толеранттылық, рухани даму, заңға бағынушылық – бұл құндылықтар оқу орындарының бар­лы­ғында, олардың қандай меншік түріне жататынына қарамастан берілуі керек. Сол құндылықтардың бірі, еліміздің негізгі ұстанымдарының бірі – біздің көпұлт­тылы­ғымыз бен көптілділігіміз. Конституцияда көрсетілгендей, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі, сондай-ақ Конституциямызда мемле­кеттік органдарда орыс тілі де қатар қол­да­ны­латыны айтылады. Конституциямыздың бұл нормаларын ешкім де бұзуға тиіс емес.
Мемлекеттік тілді жоспарлы түрде дамыту орыс тіліне нұқсан келтіру арқылы жасалмайды. Бұл мәселені қашанғы айта береміз? Бізге мемлекеттің болашағы мен келешегі, дамуы үшін не керек? Ел ішіне тыныштық керек. Мемлекеттік сыртқы саясат­тағы басты қажетті нәрсе – ол көршілермен тату болу. Егер осы екі нәрсе болмаса, мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болады. Осы тақырыпты жалаң сөзбен жетелеп, ерттеп мініп алып, елді үркітіп- қорқытып, Қазақстаннан көшіріп жіберу біздің мақсатымызға кіре ме, жоқ па? Бәрі де өздігімен келе жатыр. Қазақтың тілі мемлекетпен бірге өсіп-өркендеп келе жатыр. 2020 жылға таман халықтың 95 пайызы қазақтың тілін білетін болады. Мектепте сабақ беріліп жатыр. Ендеше, үсті-үстіне қамшылап, елді дүрліктірудің қажеті жоқ. Ол Қазақстанға пайдалы емес. Осыны барлығымыз түсінуіміз керек, депутаттар да, мемлекеттік қызметкерлер де салмақты түрде шаруа жасау керек. Сондықтан да Үкіметке жастардың бойына осы айтылған құндылықтарды сіңіру үшін барлық оқу орындарын қамтитын кешенді жоба жасауды тапсырамын. Бізде дәл осы тақырыптағы оқулықтар, осы салада жұмыс істейтін мұғалімдер де жоқ шығар. Бұл біздің жастар үшін аса керек нәрсе.
Адам потенциалын арттырудың келесі бір маңызды бағыты – сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігі, салауатты өмір салтын дамыту. Қазір «Саламатты Қазақстан – 2015» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Денсаулық сақтау жүйесі сапалы түрде дамып келеді. Халық ден­саулығының жалпы көрсеткіші жақсаруда. Бала саны көбейіп, азаматтардың өмір сүру ұзақтығы арта бастады. Қан айналымының бұзылуынан болатын өлім көрсеткіші 1,7 есе көрсеткішке төмендеді. Бұл мәселемен біз жүйелі түрде айналысып жатырмыз. Қазір ағзаның жүрек-қан тамырлары жүйе­сіне жасалатын операциялар тек Аста­нада ғана емес, Қазақстанның кез келген облы­сында жүргізіледі. Елімізде заманауи емдік-диагностикалық кешендер, ме­дицинаның негізгі бағыттары бойынша он­даған орталықтар құрылды, транс­порттық медицина қалыптасуда. Қазір бізде меди­циналық пойыздар, автокөліктер, меди­циналық авиация қолданылуда.
Қазақстандық денсаулық сақтау сала­сының жаңғыртудың локомотиві Аста­надағы болашақ госпиталь болады. Енді онкологиялық аурулардан болатын өлім көрсеткішін төмендету мәселесі басты назарға алынады.
Жүрек-қан тамырлары ауруларына арналған жоба секілді онкологиялық көмек көрсету саласындағы арнайы бағ­дарламаны екі ай мерзім ішінде жасап шығуды Үкіметке тапсырамын. Ұлттық ме­дициналық холдинг негізінде Астана қала­сында Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құру мәселесін де жолға қою керек.
Үкімет азаматтардың өз денсаулықтары үшін бірдей жауапкершілік механизмін енгізуді ескере отырып, денсаулық сақтау жүйесін дамыту бойынша үстіміздегі жыл­дың 1 шілдесіне дейін ұсыныстар енгізуі қажет.
Адам өзінің ауырғаны ешкімге тиімді емес екенін түсінуі керек. Біздің денсаулық сақтау жүйеміз тегін, алайда болашақ медициналық сақтандыруда, мысалы, зейнетақы қорлары сияқты. Сонда ол көп ауырса, оны аз сақтандыратынын, ал сау болса, сақтандыру сомасы да көп бола­ты­нын түсінеді. Қазір адамдар сапалы меди­циналық орталықтарды таңдайды. Олар өз таңдауларын жасап та қойды, енді алға жылжу керек.
Тұрғындардың жаппай дене­шы­нық­ты­румен, спортпен айналысуына арналған спорттық кешендердің инфрақұрылымы мәселесін шешуді әкімдерге тапсырамын.
Соңғы жылдары Астана қаласында да, облыстарда да көптеген спорттық нысандар тұрғызылды. Дегенмен соған жастар да, ересектер де бара алмайды деген шағым жиі айтылады. Бұл спорттық алаңдардың барлығы қолжетімді болу керек. Адамдар спортпен айналыссын.

Жалқылары:
Жолдауда «Патриотизм», «Кедендік одақ» сөздері бір-бір мәрте ғана айтылды. «Терроризм» сөзі мүлдем қолданылмады.

Сегізінші бағыт.
Зейнетақы жүйесін жетілдіру
Қазақстан посткеңестік кеңістікте бірінші болып жинақтау жүйесін енгізді. Салым­шы­лардың саны 8 млн адамды құрайды, түсімдер көлемі 17 млрд доллардан асады. Соған қарамастан салымшылар зейнетақы қорларының инвестициялық саясатына әсер ете алмайды, сондықтан зейнетақы төлемдеріне салық ретінде қарайды.
Ал кейбір зейнетақы қорларының бас­шылары оларды жеке қаржысы сияқты басқарып, акционерлердің мүдделеріне қызмет етіп, салдарын біле тұрып, олардың шығындарын да жауып жатады. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, бірінші жар­ты­жыл­дықтың соңына дейін зейнетақы жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу қажет.
Тоғызыншы бағыт.
Индустриялық-инновациялық жобалар
Индустриялық-инновациялық негіздегі жобалардың әлеуметтік маңызы ерекше. Бұл бағдарлама экономиканы модер­ни­за­ция­лаудың басты бағыты болып қала бере­ді. Барлық мекемелер бұл істі өзінің негізгі жұмысы деп қабылдасын.
Өткен жылы ғана 970 миллиард теңгені қамтитын 288 жоба іске қосылды. Нәти­жесінде 30 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны пайда болды. Біз өзіміздің эконо­ми­камыздың озық кластерлерін дамытуды жалғастыруымыз керек. Бұл саладағы қарқынымыз бәсеңдемеуі керек.
Үкіметке инновациялық кластер инфра­құ­рылымын дамытуға қаржы қарастыруды тапсырамын.

Мансұр ХАМИТ (фото)

Құрметті қазақстандықтар!
Бүгін мен біздің шикізат ресурстарымыз бен инфрақұрылым саласындағы ерекше ірі жобаларымызды жариялағым келіп отыр.
Біріншіден, оңтүстік өңірлерде энер­гия­ тапшылығын шешіп, электр энер­гиясына деген тәуелділіктен босату үшін Үкіметке биылғы жылы 1 мың 300 мегаватт қуаты бар Балқаш ЖЭС-нің бірінші моду­лінің құрылысын қамтамасыз етуді тап­сы­ра­мын. Жобаның құны 2,3 млрд АҚШ дол­ларын құрайды. Бұл өте маңызды. Қар­қынды дамып жатқан оңтүстік өңірде электр қуаты тапшылығы бар, сондықтан біздің ешкімге тәуелді болмауымыз керек. Бұл мәселе көп нәрсені шешіп береді. Оның үстіне, Балқаш ЖЭС-і бойынша барлық мә­селе шешілген, енді бұл жұмысты тез­де­ту­ді бастау керек. «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» халықаралық автомобиль дәлізінің қазақ­стандық учаскесінің құрылысын аяқтаудың маңызы зор. Бұл – шын мәнінде халықтық ғасыр құрылысы. Үш жыл ішінде қай жерде 2700 шақырымдық сапалы автомобиль жолы салынып еді? Біз келер жылы осы маңызды жұмысты аяқтауымыз қажет. Сонымен бірге ұзындығы 1200 шақырым болатын «Жезқазған – Бейнеу» және «Арқалық – Шұбаркөл» бағытындағы екі жаңа теміржол желісінің құрылысына кірісу де маңызды. Бұл жобалар Жезқазған-Арқалық өңірінің дамуына қуатты серпін береді.
Екіншіден, Үкіметке Жамбыл облысында кешенді минералды тыңайтқыштар өндірісін құру жөніндегі құны 2 млрд доллар болатын жобаны жалғастыруды тапсырамын. Бұл Жам­был облысы мен түгел оңтүстік ай­мақтың экономикасын көтеруге мүмкіндік бермек. Бұл тыңайт­қыштар ауыл шаруа­шылығы үшін қажет.
Үшіншіден, Атырау мұнай өңдеу зауытында құны 1,7 доллар болатын мұ­най­ды терең өңдеу кешенін құруды қам­тамасыз ету керек. Бұл жанармай шығаруды үш есеге жуық, яғни 1,7 млн тоннаға дейін, дизельді отынды 1,4 млн тоннаға дейін арттыруға және Қазақстанды отынның осы түрлерімен толық қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді.
Төртіншіден, құны 6,3 млрд доллар бола­тын Атырау газ-химия кешенін жоба­лық қуатына қосуды қамтамасыз ету қажет. Бұл жыл сайын 500 мың тонна пропилен, 800 мың тонна полиэтилен шығаруға мүмкіндік береді деген болжам бар. Мұндай өнімді біз Қазақстанда бұрын-соңды өндірген емеспіз. Бұл өте маңызды.
Бесіншіден, Қарашығанақ кен орнында қуаты жылына 5 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытын жобалауды аяқтап, құрылысын бастауға кірісу қажет. Біз бұл туралы бұрыннан айтып келеміз.
Алтыншыдан, аталған мәселеге бай­ланысты еліміздің орталық аймақтарын, оның ішінде Астананы көгілдір отынмен қамтитын газ құбырлары жүйесін жоба­лауды, жоспарлауды және іске асыруға кірісуді бастауды тапсырамын. Бұл – мол капиталды талап ететін маңызды жұмыс, бірақ біз газға тәуелділіктен құтылу үшін мұны да іске асыруға тиіспіз, біз – мұнай-газ өндіретін елміз, сондықтан қаншалықты қымбатқа түссе де, біз елді газдандыруды қолға алуымыз қажет. Мен атап өткен жо­балардың көбі бойынша инвестициялау мә­селелері шешілді. Ал кейбіреулері бойын­ша осы мәселені шешу қажет. Сол се­бепті Үкімет пен Парламентке жоғарыда аталған жо­баларды іске асыруға қажетті қар­жыны бөлу үшін бюджетті қайта қарау ту­ралы ұсыныс енгіземін. Бізге бұларды іске асыру үшін Ұлттық қордан несиені қа­рыз­ға алуға тура келеді, мен мұны  дұрыс  деп есептеймін: ақшаны батыс банктерінде ұс­тағанша, оны өз экономикамызға салайық.
Мен жоғарыда атап өткен жобалар – тұр­ғын үй құрылысы мен ірі нысандар біздің ел экономикасының келбетін түбе­гейлі өзгертеді. Айтылғандардың бәрі біздің алда тұрған дағдарыстарға қайта­ратын нақты жауабымыз болмақ. Әлемде дағдарыс болып жатады, ал біз бүкіл Қазақ­станды алып құрылыс алаңына айнал­­дырамыз, ондаған жұмыс орнын құ­рамыз. Тұрғын үй құрылысымен, ірі кәсіп­­орындар құры­лы­сымен қатар, құрылыс индустриясы, металлургия, ағаш өңдеу саласы тағысын-тағылар дамитын болады, жаңа, жас бизнесмендердің пайда болуына көптеген мүмкіндік туады. Олар мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауы керек деп ой­лаймын. Бұл міндеттерді орындауда қаржы шығынын бақылау үшін 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде нақты, тиімді жұмыс істеген комиссия секілді арнайы комиссия құруды ұсынамын. Осы жобалардың бәрін біз биыл бастай­ты­нымызды баса айтамын.
Үкіметке қазақстандық инновациялық жүйені нығайтуды тапсырамын. Келешегі зор ғылыми-зерттеулерді инновациялық гранттарды бөле отырып қаржыландыру үшін бюджеттік шығындарды көбейтудің маңызы зор. «Ғылым туралы» жаңа Заң ғылымды жүйелі түрде мемлекеттік қол­даудың негізін салып берді. Отандық ғалым­дарды қолдау қажет. Назарбаев университеті төңірегінде трансфертке және жаңа тех­нологиялар жасауға мүмкіндік туғызатын ин­новациялық-интеллектуалдық кластер қа­лануы тиіс. Астанада жоғары техноло­гия­лық кәсіпорындар құра отырып, біз бұл тәжірибені Қазақстанның басқа ғылыми-оқыту орталықтарына таратуымыз керек. Оның заңдық базасы бізде бар. Ол – менің тапсырмаммен қабылданған «Индус­трия­лық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» жаңа Заң. Оның негізінде мемлекет бизнес пен ғы­лымның өзара әрекет етуінің инно­ва­циялық әлеуетін өсіру керек. Үкіметке мемлекеттік жеке серік­тес­тіктің жаңа формасын енгізуді қарастыратын заң жобасын жасауды тап­сырамын.
Ағымдағы дамудың маңызды мәсе­лелерінің бірі – Қазақстан эконо­микасына бағытталған тікелей шетелдік инвес­тициялар ағынын әртараптандыру. Оларды перспективалық салаларға, мысалы, туризм сферасына бағыттау керек. Дамыған елдерде туристік кластердің үлесіне жалпы ішкі өнімнің 10%-ына дейін тиесілі. Бізде бір пайыздан да төмен. Бүкіл еліміз бойынша туризмді дамыту нүктелерін зерттеуіміз қажет, олар аз емес. Осы орайда Алматы маңында әлемдік деңгейдегі тау шаңғысы курорттарын дамыту маңызды жобалардың бірі болуы керек. Сарапшылар тау шаңғысы курортына баратын бір туристің теңізге жасаған сапарға қарағанда алты есе көп ақша жұмсайтынын айтады. Бұл мемлекет үшін өте пайдалы. Үкіметке осы бірегей ай­мақты, сондай-ақ Ақмола облысындағы бірегей Бурабай курорттық аймағын дамытудың жүйелік жоспарын жасауды тапсырамын.
Өздеріңіз білетіндей, менің айрықша шаруам – іскерлік және инвестициялық климатты нығайту. Қазақстанда «Бизнестің жол картасы – 2020» сәтті іске асырылып жатыр. Қазір көптеген қазақстандық оның тиім­ділігіне көз жеткізді. Үкіметке оған инновацияны енгізіп, кәсібін жаңадан бастап жүрген жас бизнесмендерді қолдау шараларына қатысты өзгерістер енгізуді тапсырамын.
Бүгіндері қаржылық-экономикалық, соның  ішінде  салықтық құқық бұзушы­лық­ты жою жұмыстарын жалғастыра беру керек. Кедендік және Салық комитеттері, Қар­жы полициясы құқықтық норманы, со­ны­мен қатар екі жақтық салық салу мә­селесі секілді өз әрекеттеріне жүйелі түрде келуі керек.
Отандық және шетелдік инвесторлардың құ­қығын қорғау, заңнаманың әділдігі мен жа­риялылығы Қазақстандағы іскерлік ин­вес­­ти­циялық ауанның іргетасы болуы тиіс.
Біздің шенеуніктердің инвесторларға кедергі келтірмей, керісінше оларға ұдайы көмек қолын созуын табанды түрде талап етемін.
Нормативтік-құқықтық актілер жобасын әзірлеу процесіне отандық және шетелдік инвесторларды қатыстырып, олармен үнемі кеңес өткізу тетігін нығайтуымыз керек. Бизнесті жүргізудің жауапкершілік қағидаларын кәсіпорындарда орындауға жұмылдыру стратегиясын әзірлеу мен жүзеге асыру бойынша ұлттық байланыс орталықтарын құру қажет.
2012 жылы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына ену бойынша келіссөздері аяқталуы тиіс. Соған сәйкесінше, біздің экономикамыздың инвестициялық ауаны жақсаруы керек.

Жалпылары:
«Қазақстандықтар» – 8, «инновация» – 10, «ұлттық» – 5, «мемлекет» – 29, «бизнес» – 5, «Отан» (отандастар, отандық) – 16, «қазақ» – 3, «ғылым» – 4, «Тәуелсіздік» – 3, «зейнетақы» – 6, «денсаулық» – 8, «Жаңаөзен» – 3, «экономика» – 19, «туризм» – 3, «дағдарыс» – 6, «баспана» сөзі 4 мәрте қайталанды.

Оныншы бағыт.
Ауыл шаруашылығын дамыту
Қазақстанның аграрлық секторы инновациялар енгізу үшін үлкен экспорттық мүмкіндіктер мен жоғары потенциалға ие. Әлемде жыл сайынғы азық-түлік тұтынысы өсу үстінде. Бізге осы мүмкіндікті жіберіп алмау керек. Мемлекет ауыл шаруа­шы­лығына үлкен көмек беруде. Бізге аграрлық өндірістегі жеке инвестициялардың тәуекел қауіп-қатерін төмендету үшін мемлекеттік кепілдік беру және займдарды сақтандыру жүйесін әзірлеп, енгізу керек.
Шаруаларды қаржымен қамтамасыз ететін балама жолдарды табу қажет.
Үкіметке делдалсыз бөлшек сауданы мемлекеттік қолдау тетігін дайындап, оны енгізуді тапсырамын. Мемлекетіміз астық саласын ұйымдастырып, құрылымдап, осы негізде бірыңғай астық холдингін құруы тиіс.
Ет өндірісінің экспорттық потенциалын дамыту бойынша жобаны жүзеге асыруды жеделдету керек. Осыған сәйкес, Үкіметке мал шаруашылығының басқа салаларын да, соның ішінде қой, жайылымдық мал шаруашылығын, сонымен қатар жемшөп өндірісін дамыту бойынша бағдарламаны дайындауды тапсырамын.
Құрметті қазақстандықтар!
Бүгіндері бүкіл әлемге және әр мемлекетке ғаламдық және ішкі ірі мәсе­лелерге жауап табу маңызды. Әлеуметтік-экономикалық жаңғырудың 10 бағыты бойынша алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруда біз экономикамызды нығай­тып, қоғамымызды тұрақты етіп, халқымыздың әл-ауқатын арттырамыз. Сонымен қатар халықаралық саясаттың беделді қатысушысы ретінде Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолдарын анықтау істеріндегі жұмысын белсенді түрде жалғастыратын болады.
Ядросыз әлем жалпыға ортақ дек­ла­ра­циясында қабылданған ядролық қауіпсіздік бойынша бірқатар ұсыныстарды алға тарттық. Биылғы жылдың наурыз айында өтетін Сеулдегі Ядролық қауіпсіздік мәсе­лелері жөніндегі ғаламдық саммитте олар нақтыланып, толықтырылатын болады.
Биыл Астанада өтетін экономикалық форумның да маңызы зор. Онда біздің әлемдік дағдарыстан шығу бойынша Global идеясы кеңінен талқыланады деп үмітте­не­мін. Сондай-ақ биыл Астанада халықаралық және конфессияаралық диалогтің маңызды алаңына айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының IV съезі өтеді.
Біз елімізбен жарияланған Ғаламдық энергоэкологиялық стратегияны жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерімізді жұм­сауымыз керек. Біз «жасылдар» техно­логиясына бағытталған «Жасыл көпір» атты астаналық бастаманы жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Қазақ­станның сыртқы саясат бойынша ұсыныстары әлем қауымдастығы тарапынан қолдауға ие болды. Онда біздің алдағы онжылдықтағы сыртқы саясатымыздың мазмұны жатыр. Біз тек батыспен ғана емес, Азия мемлекеттерімен де бай­ла­нысымызды арттыра отырып, өзіміздің тепе-тең таразыланған сыртқы саяса­ты­мызды әрі қарай жалғастыра береміз. Осы жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары Кеңесін шақыру туралы менің бастамама 20 жыл толады. Биыл біз Ислам ынтымақтастығы ұйымындағы және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымындағы төрағалық міндетімізді лайықты аяқ­тауы­мыз керек.
2012 жылы Астана ТМД мен түркі әлемінің мәдени астанасы болады. Осы шараларды қажетті өз деңгейінде өткізуіміз керек. Біз ХХІ ғасырдың ғаламдық қауіп-қатеріне еуразиялық интеграцияға кірігумен жауап берудеміз. Біз Ресей және Беларусьпен тізе қоса отырып, Бірыңғай экономикалық кеңістік құрып, енді Еуразиялық экономикалық одақ құруға қадам басудамыз. Бұл жалпыаймақтық тұрақтылық, біздің экономикамыздың бәсекелестікке қабілеттілігін жоғары­ла­ту­дың маңызды факторы болып табылады. Біз ТМД-ның өзге де мемлекеттерінің еура­зиялық интеграцияға ұмтылуын қолдауға әзірміз.

Сілтеме:
Президент Жолдау кезінде «Игілік басы – ынтымақ» деген бір ғана мақал айтты. Белгілі адамдардың сөзінен цитата, мысал келтірілген жоқ.

Қадірлі отандастар!
Қазір еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.
Біз бүгінде бәсекеге қабілетті, әлеуеті зор, экономикасы қуатты ел құрудамыз. Біз бұдан бұрын да биік белестерді бағын­дырдық. Оны біз 20 жылдықта айттық. Сондықтан мақсатқа жету біздің қолы­мыздан келеді.
Біз оған жетудің жолдарын жақсы білеміз. Ол үшін қажетті ресурстар бүгін мем­лекет­те жеткілікті.
Біздің міндетіміз айқын, алған бағы­тымыз дұрыс деп санаймын.
Бұл жолда біз үшін ең бастысы – Тәуелсіз Қазақстанның тұтастығы мен тұрақтылығы. Дана халқымызда «Игілік басы – ынтымақ» деген қанатты сөз бар. Ендеше, Тәуел­сіздігіміз баянды, тұтастығымыз берік, елдігіміз мәңгі болсын, ағайын!
Осы мерейлі белесте баршаңызға мол табыс тілеймін!
Назарларыңызға рақмет.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста