Астық молшылығынан туындаған «жыр» кеше Мәжілісте де біршама шырқалды. Расында, соңғы екі-үш жылда Тәуелсіздіктен бергі кезеңдегі астық рекорды бірнеше қайтара жаңғыртылса да, қазына қамбасына сыймаған астық дауы бір түгесілген емес. Биыл да – рекорд! Биыл да – ысырапқа қатысты ылаң! Расында, бір қарағаннан егіннің бітік болып, қамбалардың аузы-мұрнынан астық ағуынан келетін залал жоқ тәрізді. Бірақ ерте көктемнен егіс басында түнелткен дала диқандарының маңдай терін қайтіп ақтаймыз? Сондықтан да астықты мол алу ғана емес, оны бүлдірмей, тиімді пайдалану өзекті. Кешегі Мәжілістің Үкімет сағатында ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мырза депутаттар алдында осы мәселелер жөнінде баяндап, жиыннан біршама терлеп шықты.
Астық – Алланың несібесі. Білгіштер есептепті, осы айда әлемде жеті миллиардыншы адам өмірге келеді екен. Ендеше, адамзат санының өсуіне қарай асқа һәм астыққа сұраныс барған сайын арта түспек. Оның үстіне сол жеті миллиардтың қаншасы тоя тамақ ішіп жүр. Осы жағын ойласақ, егіні бітік Қазақстанның көп шүкір ететін жөні бар. Биыл да, мінеки, ауа-райының қолайлылығы арқасында әр гектардан алынатын өнімнің рекордтық көрсеткішін бағындырғалы отырмыз. Егін орағы 90 пайыз алқапта аяқталып, астық түсімі гектарына 16,5 центнерді құраған. Ауыл шаруашылығы министрінің ұсынған ресми мәліметі бойынша қазіргі күні орылған астық 24 млн тоннаға жетсе, оның ішіндегі бидайы 20,2 млн тоннаны құрайды. Таза салмақтағы күтілетін өнім 22-23 млн тонна шамасында болжанады. «Ең алдымен, ауа райының ықпалы жақсы болды. Алайда салаға кешенді қолдау болмаса, мұндай өнім де жоқ еді.
Мәселен, 1999-2001 жылдары да ауа райы егіске әбден қолайлы болды. Бірақ рекорд болған жоқ. Өйткені сол кездері дәл бүгінгідей қолдау болмады. Нашар тұқым септік, техниканың өнімділігі төмен болды, тыңайтқыштар бүгінгідей берілген жоқ. Екі арадағы нәтиже көзге ұрып тұр», – дейді ауыл министрі Асылжан Сарыбайұлы. Расында, аграрлық салаға мемлекеттік қолдау аз емес. Мақтанатын жөн бар. Алайда егін бітік шыққан жылы қабаттаса келетін проблема – қолда бар егінді ірітіп-шірітпей сақтау. Қамбаға түсетін орын тапшылығы. Ала жаздай ауаның райын аңдып, күн санайтын диқанның жиын-терімнен кейін апшысын қуыратын мәселе осы –қойма жетімсіздігі. Биыл да егін-орақтың қауқары қайта бастаған тұста шаруалар осы «жырды» айта бастаған. Әйтсе де министр мырза салған жерден «астық сақтайтын қойма жеткіліксіз» деген гу-гудің шындыққа жанаспайтынын айтып, далбаса әңгіменің жай-жапсарын ашып көрсетпек болды. Сөйтсек, қамбадағы астық 70 пайызға ғана толыпты.
«Астықты қоймаға сақтауға шығынын шығарғысы келмейтін шаруаның өзі құлықты емес»...
Рас, министр өстіп айтты. Алдымен қоймаларға қатысты деректі алдыға тастап, сосын сыйымдылық жөніндегі проблеманың жаппай емес екендігін айтып, бірен-саран жергілікті сипатын меңзеді. «Астық сақтауға қатысты жекелеген проблемалар бары рас, бірақ жаппай сипатта емес», – деп Асылжан Сарыбайұлы Қазақстандағы тұтастай жағдайды депутаттардың көз алдына суреттеп берді. Мәселен, елдегі қоймалардың жалпы сақтау сыйымдылығы 22,5 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары 13,6 млн тонна, ауыл шаруашылығы құрылымдарының қоймалары 8,9 млн тоннаны қабылдай алады. Бұдан бөлек, ашық алаңқайларда да, тіпті соңғы уақыттарда қолданылып жүрген полимерлі қаптарда да сақтауға болады. «Биыл облыс әкімдіктерінің ұсынысы бойынша жағдайға қарап, мынадай тәсіл қолдандық: жиналған құрғақ астықтың басым бөлігін кәсіпорындардағы астық қоймаларында сақтап, қазіргі кезде жиналып жатқан ылғалды астықты бірден элеваторларға тасыдық. Тәсіл өзін-өзі ақтады. Астық қабылдау кәсіпорындарында 30-40 пайызға дейін сыйымдылық бос. Бір сөзбен айтқанда, қазір элеваторлардың толуы 70 пайыз», – дейді министр. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығының басшысы «соңғы кездері астық сақтайтын жаңа қоймалар тапшы» дегенге саятын сынды да жоққа шығарды. Дерегі де баршылық: 1991 жылдан бастап сыйымдылығы 2 млн тонна құрайтын жаңа 58 астық қабылдау кәсіпорны салынған. Шаруа қожалықтарының өздері 650 мың тонналық 42 қойма салып алыпты. Жақын күндері 109 мың тонна астық сыйып кететін үш қойма пайдалануға беріледі. Алдағы уақытта да қуаттылығы 16 млн тоннаға жететін элеватор салу көзделіпті. «Бір сөзбен айтқанда, астық сақтау проблемасы жергілікті жерлерде ғана, оның ішінде жекелеген шаруаларда болып отыр. Әлгіндей өздерінде қойма жоқ тауар өндірушілер қалтасынан шығын шығарғысы келмейді. Әйтпесе, апарамын десе бос элеваторлар баршылық. Расында, көлік шығынын ойлап, кейбіреулер астықты ысырап етпесе екен. Негізі, бидайды сақтау мәселесін, ең алдымен, тауар өндірушінің өзі шешкені абзал. Өйткені бұл үшін барлық жағдайлар жасалған. Арнайы несиелік бағдарламалар ашылып, жеңілдетілген пайыздар да ұсынылып отыр», – дейді Асылжан Сарыбайұлы. Дегенмен Үкімет астықтан шашау шығармас үшін шапшаң шараларды дер кезінде қабылдауға әзір. Министр айтпақшы, астық сақтығы кең ауқымды сипат алмаса да, атқарушы билік бидайдың алыс-берісін бақылап, сыртқы нарықтағы қозғалысын реттеуге әркез құлшынысты.
Астық саласына қажеттісі – әртараптандыру
Сөйтіп, астықтың ағымдағы проблемаларына бір аялдап, мәселені бақайшағына дейін жіліктеп шыққан ауыл шаруашылығы министрі алдағы перспективаларға да үңілді. Терең талдаулар негізінде астық өндірісін дамыту үшін жүйелі шараларды қабылдау керектігіне мән беріп, осы бағытта бірқанша сөз арнады. «Көп жыл болды монодақылдан кету туралы тынбай айтып келеміз. Дегенмен мойындайық, сөз жүзінен әріге аспадық. Әлі күнге тек бидайды субсидиялап келеміз. Ал осындай қаржылық қолдаудың экономикалық тиімділігі, ең құрығанда шаруалар үшін ынталылық рөлі сезілді ме? Жоқ. Ендеше, қорытынды жалғыз – монодақылдан кету керек», – дейді Асылжан Мамытбеков. Есепке салсақ министр қалт айтпайтын тәрізді: қыруар қаржыны бидайға қайтарымсыз-ақ шығындап келетіндейміз. Мәселен, бір ғана биылғы субсидияның көлемі 8 млрд теңгені құраған. Бұл аз қаражат емес. Сондықтан да ауыл шаруашылығының басшысы бюджет қаражатының тиімділігін арттырып, астық субсидиясындағы қадамды өзгерткісі келетінін аңғартты. «Сөз бен істі үйлестіргіміз келеді. Бақандай 10 жыл болды, монодақылды шектеу туралы мәселе көтерілгелі бері, алайда бидайды ғана субсидиялау арқылы басқа дақылды дамытуға залал келтіріп келеміз. Жүйе қарама-қайшы. Оның үстіне мал шаруашылығын дамытып, ірі қараны көбірек өсіруді ескерсек, егіс алқабын әртараптандырудың игілігін көрер едік», – дейді А. Мамытбеков. Министрдің жарты сағаттық мәліметінен соң депутаттар сауалға жүгініп қана қоймай, өз пікірлерін де ортаға салған еді.
Қиыр Шығыстан қосымша терминал салу керек
Ромин Мәдинов, депутат:
– Астық мәселесінде Қазақстан экспортқа бағдарланған мемлекет болғандықтан, көп жағдайда сыртқы факторларға тәуелдіміз. Оның үстіне Қазақстан астық экспорттайтын әлемнің алғашқы бестігіне енгенімен, олардың арасындағы теңізге шығар жолы жоқ жалғыз мемлекетпіз. Ал астықпен әлемдік сауданың барлығы теңіз арқылы жасалады. Осы тұрғыдан алғанда, біз сыртқы факторлардан жеткілікті түрде тәуелсіз емеспіз. Бұл үшін Қазақстанға өзіне тиесілі терминал ауадай қажет. Оның бірі Қара теңізде салынып жатыр. Бұдан бөлек, тағы бір терминалды Ресейдің Қиыр Шығысында Владивостокта, Находка маңында салған дұрыс. Осы бағыттағы мәселелердің бәрін Кеден одағы арқылы реттеуге болады. Сонда ғана біз астық сатуда сыртқы факторлардан арылып, тәуелсіз бола аламыз. Өйткені Оңтүстік-Шығыс өңірлеріне шыға алатын тағы бір нарықтық бағыт болса, еркінірек қимылдаймыз. Қара теңіз арқылы астық таситын Ресей ол жаққа көп жолай бермейтінін ескерген ләзім.
Дақылды өңдеу неге кенжелеп тұр?
Жексенбай Дүйсебаев, депутат:
– Биоотын өндірісі туралы заң қабылданған кезеңде, бидай бітік болып, астық артылып жатса оны жаңа өндіріске бағыттаймыз деп едік. Әйтсе де бұл жайында ешқандай мәлімет жоқ. Неге? Оның үстіне астықты тек шикізат ретінде сатқаннан түсер пайда мәз емес. Ендеше, неге оны өңдеуге көңіл бөлмеске. Елбасының тапсырған міндетінің бірі осы емес пе?!
Ауыл министрі ауыл тіліне теріс қарамау керек..
Құрманғали Уәли, депутат:
– Таратылған ақпараттың ішінде мемлекеттік тілде бірде-бір хабар-ошар жоқ. Сонда бұл тек ресми тілде жұмыс істейтін министрлікке айналған ба? Ауыл шаруашылығы министрлігі атына заты сай болып, ауылдың тілімен сөйлеуі керек. Мемлекеттік тілге түсінігі төмен, тіл туралы бағдарламадан хабарсыз, немқұрайды министрлік емес еді ғой, бұл?!
Қазаққа бидайдан басқа дақыл жат па?
Последние статьи автора