Биыл – кәсіби қобыз өнерінің негізін қалаушы, қобызды әлемге паш еткен қобызшы ұстаз Фатима Жұмағұлқызы Балғаеваның туғанына 85 жыл.
Консерваторияның қобыз класының тұңғыш түлегі болған профессор өмірден кетсе де, кейінгі буын көңілінен өшірмеу мақсатында Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында студенттік ғылыми-тәжірибелік конференция және концерт өтті. Көнеден жеткен қыл, нар, жез қобыздың қазіргі заманға лайықталған төрт ішекті прима қобыз үлгісін оркестрге икемдеген – академик Ахмет Жұбанов. Ал аспаптың әуезді әсем үнін әлем жұртшылығына тұңғыш тыңдатқан Фатима Балғаева екені аян. 1945 жылы консерваторияның қобыз класына қабылданған Фатима оқу бітірген соң сонда ұстаз болып қабылданады. 1951 жылы Берлинде, 1953 жылы Бухаресте, 1957 жылы Мәскеуде өткен Дүниежүзілік жастар мен студенттердің фестивалінде Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің құрамында болып, ұжым лауреаты атағына ие болады. Қобыздың ысқышының орнына смыгекті пайдаланған кәсіби қобызда Фатима апамыз тек қазақ күйлерін ғана орындап қоймай, шығарма қорын әлем классиктерінің туындыларымен де байытқан.
Меруерт КӘЛЕНБАЕВА, ҚР еңбек сіңірген әртісі, қобыз кафедрасының профессоры:
«Фатима Жұмағұлқызы – қазақ өнерінің майталманы. Елеулі еңбегінің бірі – дүниежүзілік жастар мен студенттердің фестиваліне қатысып, лауреат атануы. Сұрапыл соғыс жылдарында елімізге Ресейден келген үлкен музыканттар легімен бірге А.Жұбановтың шақыртуымен, ұлы скрипкашы И.А.Лессман Алматыға консерваторияға келіп, жұмыс істеді. Лессманның ұсынысымен композиторлар Фатима апайдың орындауына лайықтап фортепьяно мен қобыздың сүйемеліне арнайы шығармалар жазған. Қобызға арналған бірде-бір оқулық жоқ кезде Фатима апай арнайы оқулық жазып шығарды. Фатима апайдың насихатының арқасында төрт ішекті қобыз үлкен орындаушылық деңгейге жетті. Қазақстанның түкпір-түкпірінде ол кісінің шәкірттері қобыздан сабақ беріп жүр. Қазақ үшін маңдай терін төккен өнер иелерінің есімі ел аузында жүрсін, ұмытылмасын деген ниетпен осындай кеш ұйымдастырып жатқан жайымыз бар».
Кеш соңында қобыз және баян кафедрасының студенттері қобыз бен домбырада қазақ және шетел композиторларының шығармаларын орындады.
Қазақ қобызы әлемге Фатимамен әйгіленген
Последние статьи автора