Қарағандыдағы баласы «Арман» балабақшасында білім алатын ата-ана мекеме қызметкері балаға қол көтерді деп шағымданған. Бейнебақылау камераларынан белгілі болғандай, тәрбиеші кішкентай қызды шашынан жұлқылаған. Қалалық білім бөлімі қызметтік тексеру өткізіп, оның нәтижелерін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде Қарағанды қаласының Майқұдық шағын ауданында орналасқан «Арман» балабақшасының бейнебақылау камераларынан алынған видео тарады.
Оның сипаттамасында автор Майқұдықтың 12-ші шағын ауданда орналасқан «Арман» бөбекжайында қыз баланы тәрбиеші шашынан жұлқылағанын жазады.
«Мен мұны бейнеден кездейсоқ байқап қалдым. Бәлкім қыз баланың ата-анасы баласын кімге сеніп қалдыратынын білмеуі мүмкін. Міне, балаларымызға деген қарым-қатынастары қандай...» - деп жазады жарияланым авторы.
Осы оқиғадан кейін қалалық білім бөлімі балабақшада қызметтік тексеру жүргізді.
«Құрметті ата-аналар! Қарағанды қаласының «Арман» балабақшасын тексеру аяқталды. Қызметтік тергеу нәтижелері бойынша тәрбиешінің көмекшісі ҚР Еңбек кодексінің 49-бабының 3-тармағына сәйкес жұмыстан шығарылды. Мектепке дейінгі ұйымның директорына қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Балаларға қатысты физикалық, моральдық және психологиялық зорлық-зомбылық әдістерін қолдануға жол берілмейтінін еске салғымыз келеді», - деп хабарлады Қарағанды қаласының білім бөлімі.