Полиция қызметкеріне жала жапқан семейлікке қатысты сот үкімі шықты
Өзін полиция қызметкері бопсалады деп айыптаған Семей тұрғынының ісі бойынша сот шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz telegram-арнасына сілтеме жасап.
Іс әлеуметтік желілердегі жала жабу туралы есеп негізінде қаралды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес ол TikTok әлеуметтік желісі арқылы былапыт сөйлеп, полицейдің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірді.
Сот отырысында құқық бұзушының құқық бұзушылығы кінәні мойындаумен толық сәйкестендірілді.
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық соты қаулысымен азамат Қазақстан Республикасы ӘҚБтК 73-3 бабының 2 бөлігі «жала жабу» (басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату, адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұштасқан іс-әрекеттер) және 434-баптарында – «ұсақ бұзақылық» (қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу) көзделген құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 30 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.