ҚР Білім және ғылым министрлігі жариялаған «Мектептердің ең үздік сайты» байқауының қорытындысы белгілі болды. Ғаламтордағы ресурсы жөнінен еліміздің ең үздік мектебі деп Астана қаласындағы №38 мектеп-лицей танылды.
Астана қаласы әкімдігі мамандарының хабарлауынша, байқау үш аталым бойынша өткен: «ең үздік сайт», «ең үздік дизайн» және «ең ыңғайлы интерфейс». Негізгі аталым бойынша Астана қалалық №38 мектеп-лицейдің www.38.astana-mektep.kz сайты жеңімпаз атанды. Дизайны жөнінен ең үздік деп Ақмола облысы Ақкөл ауданының Горький атындағы орта мектебінің sc0005.akkol.akmoedu.kz сайты мен Талдықорған қаласындағы №20 дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейдің www.slod20.kz сайты танылды. Мектеп сайттары арасындағы интерфейт қолайлылығы жағынан ең үздіктері Қостанай қаласындағы физика-математика лицейінің fmlkst.kz сайты және Павлодар қаласындағы №2 орта мектептің goo.kz/index/fromorg/18 сайты болды.