Ақтөбелік Мурашенколар отбасы майданда қаза болған туысқаны туралы тың дерек тапты. 71 жыл бойы хабар-ошарсыз кеткен ағасы Трофимнің Украинаның «Гросслазарет» әскерилер лагерінде қаза тапқаны мәлім болды. Облыстық мүгедектер қоғамына тізімдегі 78 майдангердің cегізінің ұрпақтары хабарласқан.
Трофим Мурашенко – Ресейдің Воронежінің тумасы. Тағдыр тәлкегімен аталары Қазақстанға келіп, Ақтөбенің Россовхоз ауылына қоныстанады. Азамат соғысына, кейін 44 жасында ҰОС-қа шақырылады. Артында қалған үш ұлы мен жалғыз қызы да бүгінде о дүниелік болған. Мурашенколардан қалған тұяқ – Николай, Трофимнің ортаншы інісінің баласы. «Ауыз толтырып айтарлықтай естелік те білмеймін. Тіпті ағамның суреттері де жоқ менде. Бар білетінім, соғыстан соң Алғада ағаммен бірге соғысқан жерлесіміз көргенін айтқан. Бірақ кейін хабар болмады», – дейді Николай Мурашенко.
Сәуір айының басында Украинадан ақжолтай хабар жеткен еді. Ұлы Отан соғысы жылдарында «Гросслазарет» әскерилер лагерінде қаза болған қазақстандықтар туралы тың дерек белгілі болды. Тізімде 19 053 адамның аты-жөні көрсетілген. Оның 78-і Ақтөбе облысынан. Қазір Ақтөбедегі облыстық мүгедектер қоғамы тізімде аты-жөні көрсетілгендердің ұрпақтарын іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Кәмила БАЛҒАЗИНА, облыстық мүгедектер қоғамының аға әдіскері:
– Бүгінгі таңда тізімдегі 78 адамның сегізін анықтадық. Туған-туысқандарына хабарластық. Олар «Гросслазаретте» қаза болған майдангерлер туралы ақпаратты растады. Жетеуінің ұрпағы өзіміздің қалада тұратыны белгілі болды. Біреуі Шұбарқұдықтан. Әзірге аталары жерленген Украинаға баруға тілек білдіріп жатқандар жоқ.
Ақтөбе облысынан қан майданға 122 423 адам аттанған. 36 мыңнан астамы қайтып оралмапты. Қазір көзі тірісі – 346 майдангер.
Майдангер туралы мәлімет 71 жылдан кейін табылды
Последние статьи автора