Алматыда қазақтың әйгілі ақыны, жыршы, халық композиторы Кенен Әзірбаевтың ескерткіші ашылды. Заманының көркем шежірешісі бола білген әдебиет қайраткерінің мүсіні үшін көп жобаның арасынан ең үздігі таңдалған.
Ескерткіштің ашылуына жергілікті билік өкілдері, әдебиет пен мәдениет саласының өкілдері және жыршының бүгінде бір үлкен әулетке айналған ұрпақтары жиылды. Халық ақынының мүсіні Ескендіров пен Әзірбаев көшелерінің қиылысындағы алаңқайға орнатылған. Ескерткіш авторлары – белгілі мүсіншілер Бақытжан Әбішев пен Ескен Сергебаев. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, Кенен Әзірбаев мұрасы қазіргі ұрпақты отаншылдық пен елдікке баулудың жарқын үлгісі бола алады. «Кенен Әзірбаев қазақ әдебиеті мен музыкасының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның ескерткіші Қазақстан Тәуелсіздігі күні қарсаңында ашылып отыр. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында жастар арасында отаншылдықты ата-бабалардың мәдени мұрасы негізінде тәрбиелеу керектігін айтқан болатын. Кенен Әзірбаев шығармашылығы – соның үлгісі», – деді Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов. 92 жыл өмір сүрген Әзірбаев халқымыздың ХХ ғасырдың басынан 70-жылдардың орта шеніне дейінгі басынан кешкен тарихының әдеби-көркем шежіресін жасады. Ұлт-азаттық қозғалыстар, патша жарлықтары, ұжымдастыру, ашаршылық, қуғын-сүргін, фашизммен соғыс, тың игеру – бәрі-бәрін шығармашылығына арқау етіп, жыр жолдарымен азаматтық көзқарасын білдіріп отырды. Қазақ әдебиетін өлеңдермен, жыр-дастандармен, толғау-арнаулармен толықтырды. 150-ге жуық ән шығарып, 200-ден астам лирикалық-дидактикалық толғау туғызды. Жетісу мектебінен түлей отырып, халқымыздың әншілік-күйшілік дәстүрін жетілдірді. Кенен өмірге әкелген «Бозторғай», «Көкшолақ», «Ой, бұлбұл» сияқты көптеген танымал ән қазақтың музыкалық мұрасы қатарына қосылып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Бақытжан Кененұлы, халық ақынының ұлы, ҚР Журналистер одағының мүшесі:
– Тәуелсіздік күніне орай жыр алыбы Жамбыл бабамыздың шәкірті әрі оның 40 жыл бойғы серігі болған әнші, халық ақыны Кенен Әзірбаев ескерткішінің бой көтеруі – тек алматылықтарға ғана емес, күллі Қазақ елі үшін үлкен қуаныш. Бұл ақынның ұрпақтарының, ауылдастарының, әдебиетші, мәдениетші қауымның ойында көптен жүрген іс еді. Бүгін сол арман орындалды. Біз өткен тарихымызды ұмытпауымыз керек. Елбасымыз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мәдени мұраны жинап, жоғалтқанымызды табуды, оны келешек ұрпаққа табыс етуді қолға алған болатын. Қазір Кенен Әзірбаев жайлы білмейтін, оның тағылымы мен мұрасынан бейхабар, ой-өрісі басқа ұрпақ келеді, ескерткіш – солар үшін жасалған нәрсе. Мүсін көңілімізден шықты, ескерткіш үшін бірнеше нұсқа ұсынылған болатын. Мамыр айында мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысқан комиссияда осы нұсқаны таңдадық.
Кенен ақынның ескерткіші бой көтерді
Последние статьи автора