Ұлан-ғайыр қазақ даласы үшін су мәселесі – аса өзекті дүние. Шығыста қарышты дамыған Қытай мен қос бүйірдегі көршілес елдердің әлсін-әлсін «суқыспаққа» алуы еліміз үшін су қадірін жыл сайын арттыра түскендей. Сондықтан да Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалықты қолға алған Қазақстан өңірдегі су мәселесін беделді бірлестік шеңберінде көтеріп, мәселені ашық пікірталас алаңы арқылы шешуге ұмтылыс жасауға көшіп көрмек. Осыған орай Ислам ынтымақтастық ұйымы мемлекеттерінің Су стратегиясын әзірлеу жөніндегі кеңесші топтың 2-отырысы Астанада өтті.
Қазақстан – географиялық орналасу ауқымы ерекше мемлекет. Тарихи орнығуына орай, тіршілік нәрі болып табылатын су көздерінің біршама бөлігі, негізінен, көршілес елдерден бастау алып, өзендер арқылы елге келеді, яғни су мәселесінде белгілі бір деңгейде өзеннің жоғары басында орналасқан көршілеске тәуелдіміз. Алайда ондай жөн-жосықсыз тәуелділіктің ел экономикасына ғана емес, өңір экологиясына да әсері жыл сайын білініп келеді. Сондықтан трансшекаралық суды тиімді пайдалану құқығы – мемлекеттерге ортақ болуы шарт. Осы мақсатта Ислам ынтымақтастық ұйымы шеңберінде ұйымға қатысушы мемлекеттердің су стратегиясын қабылдау мәселесі былтырдан көтеріліп келеді. Төрағалықтың тізгінін ұстағанда мәселені жандандыра түсудің Қазақстан үшін маңызы жоғары. Өйткені Қазақстанның Қытаймен де, өзбекпен де, қырғызбен де, тәжікпен де, тіпті Ресеймен де трансшекаралық өзендерге қатысты үйлеспейтін проблемалары баршылық. Демек, ИЫҰ-ға мүше болып табылатын оңтүстіктегі көршілестермен суға қатысты келіссөздер барысында ИЫҰ алаңын пайдаланудың маңызы зор.
Ұйым сарапшыларының басқосуында, негізінен, осы мәселелерге назар аударылып, қазақстандық тарап бұған дейінгі трансшекаралық өзендерді пайдалануға қатысты өздерінің ұстанымдарын ашық баяндап, келешек қадамдарды да ортаға салды. Жиынға қатысты ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Толыбаев мәселені төтесінен қойып, Қазақстанның ұйымнан не күтетінін ашық білдірді. «Қазақстанға су көп жағдайда көршіден келеді. Ал көршіміз не істейді? Суды өзінің ауыл шаруашылығы үшін, экономикасына керегінше пайдаланып, артылғанын ғана жібереді. Сол елдің экономикасының көтерілуіне, ауыл шаруашылығының артуына байланысты пайдаланылатындықтан, Қазақстанға жіберілетін су мөлшері де жыл сайын азайып келеді.
Мұндай жағдайда мемлекеттер арасындағы суды пайдалану құқығы қалай ретке келуі шарт? Су басында отырған ел керегінше шектеусіз алып, төменгі елдің мүдделерін тәрк етуі керек пе? Жоқ, қандай да бір ортақтық болуы шарт па? Бұндай қағидаттарды ИЫҰ өз бетінше әзірлеп шықса екен. Солай болса, халықаралық келіссөздерде ИЫҰ ұсынымы ретінде соны қолданғанымыз абзал болар еді», – дейді М. Толыбаев.
Жиын барысында Арал теңізінің су ресурстары жөніндегі ынтымақтастығы, Қазақстан мен Қытай арасындағы су мәселесінің үкіметаралық қарым-қатынасы, Шу мен Талас трансшекаралық өзендерінің су шаруашылығы бойынша тәжірибе алмасу шаралары талқыға түсті. Оның ішінде де Қазақстан-Қытай трансшекаралық өзендерінің мәселесі күрмеулі тұрғаны анық байқалды.
Орталық Азия құрғап барады
Мәліметтерге сүйенсек, Орталық Азияда су ресурстарына қатысты туындаған һәм алда туындауы мүмкін қауіптер жетерлік. Ең алдымен, бұған әлемдік климаттың өзгеруі әсер етуі ықтимал. Оның үстіне, Орталық Азияның көп бөлігінің жауын-шашынға кедей, ылғалдылығы тым төмен, күн радиациясы шамадан тыс болатын сипаттары өңірдегі су жағдайын да ушықтыра түсетіндей. Климаттың жаһандық жылынуы да өңірдің «өркендеуіне» өз үлесін көптеп қосып жатыр. «Соңғы 50 жылда Орталық Азия мұздақтарындағы су қорлары 25 пайызға азайған, үдеріс әлі жалғасу үстінде. Мамандардың болжамы бойынша, 2025 жылға қарай мыңдаған ұсақ мұздақ жоғалып, мұздану ауқымы 20 пайызға кемиді. Мұз қоры төмендейді. Бұл өз кезегінде өзендердің де су қорына әсер етеді. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай Әмудария өзенінің су шоғырлары – 10-15 пайызға, Сырдариянікі 6-10 пайызға азаяды. Сонан соң Орталық Азиядағы орташа сумен қамтамасыз етудің төмендеуі қарқынды байқалуда. Соңғы 40 жылда бұл көрсеткіш жылына бір адамға 6 мың текше метрден 2,2 мың текше метрге дейін төмендеді. Алдағы уақытта да бұл тенденция сақталып, 2030 жылға қарай 1,3 мың текше метрге дейін төмендеуі мүмкін. Ендеше, Орталық Азия БҰҰ есебінше сумен жеткілікті қамтылмаған өңір ретінде белгіленуі бек мүмкін», – дейді Аралды құтқару халықаралық қорының төрағасы Сағит Ибатулин.
Балқаш Аралдың тағдырын қайталамауы тиіс...
Мамандар 2000 жылдан бері Балқаш жағдайына үлкен алаңдаушылық білдіріп, мәселе көтеріп, дабыл қағып келеді. Әрине, дабыл негізсіз емес. Оның түп-төркініне үңілгендер тағы да Қытайдың қыңырлығын байқар еді. Шығыстағы алып көршімен трансшекаралық өзендерді теңдей пайдалануға қол жеткізе алмай келетінімізді де жасыра алмасымыз анық. Мәселен, өткен жылдар ішінде Қазақстан мен Қытай арасында тек 2010 жылы ғана су сапасын жақсарту туралы мемлекетаралық келісім жасалған. Ал суды бөлісіп, ортақ пайдалану мәселесі енді ғана Мемлекет басшыларының деңгейіндегі келіссөздерден кейін қолға алына бастады. Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Анарбек Орманның айтуынша, 2014 жылға қарай Қытай мемлекетімен толыққанды 20-дан астам өзенді бірлесіп пайдалану туралы су келісімдері жасалып қалуы ықтимал. Әйтсе де бұған күмәнмен қарайтындар жеткілікті. Өйткені Қытай тарапы бұған дейін су мәселесіне қатысты өз пайымын ашық айтпаса да, ұстанымынан айнымайтынын кесіп айтқандай болған еді. Мысалы, жоғарыдағы Балқаш мәселесіне келетін болсақ, он шақты жыл бұрын Еуропалық одақ өзенді құтқаруға қатысты бағдарлама әзірлеп, Орталық Азияның өңірлік экологиялық орталығына арнайы қаражат та бөлген болатын. 2-2,5 жыл бойы жұмыс жүргізілгенімен, кейіннен бұл жоба Қытай тарапынан қолдау таппай, біржақты, нәтижесіз болып қалған. Қытай мен Қазақстанның арадағы қарым-қатынасы жақсарып келе жатқан тұста Донорлар қауымдастығы саналатын Еуропалық одақ Қазақстанға су мәселесінде көмек ретінде нақты тетіктерді енгізіп, халықаралық суды пайдалану тәжірибесін жүзеге асыруға тағы бір мәрте ұмтылып жатыр. Алайда мамандар Қытай тарапының осы жобаға көзқарасы әлі де «салқын» екенін сезген.
Маман пікірі:
Әмірхан КЕНШІМОВ, БҰҰ Даму бағдарламасы үйлестірушісі:
– Қазақстан мен Қытайдың трансшекаралық суларды пайдаланудағы проблемалары жеткілікті. 24 өзеннің төртеуі үлкен, қалғандары кішігірім. Біз үшін ең бірінші мәселе – шекара маңындағы өзен бойында қазақ жұртшылығы көп қоныстанбаған. Бұрын болған ауылдар экономикалық қиындық кезеңінде қалаға қарай көшіп кетті. Ал Қытай, керісінше, жұртты шекараға төгіп, кіші өзендеріміздің бәрін сол арқылы пайдалануға жол ашып беріп отыр. Екіншіден, өзендерді бөліске салғанда, қытайлар халықтың санын да алға тартады. Өз тарапынан жерлерді игеріп, өндіріс ошақтарын қаптатқан көрші ел ішкі Қытайдан адамды төгуде. Сондықтан да Қытай суды пайдалануды халық санына қарай бөлу керектігін арагідік айтып қалып жатыр. Үшіншіден, 10 жылдың ішінде Қытайдың суармалы жерлері екі есеге ұлғайды. Бұрын 1,5 млн гектар болса, қазір 3 млн гектар шамасында. Мұны да Қытай алға тартып: «суармалы жерлер бойынша бөлейік» дегенді айтады. Ал Қазақстанда, керісінше, жерді игеру үрдісі төмен. Осы үш ұстаным бойынша су бөлінсе, Балқашты суалтып алуымыз бек мүмкін. Осыған орай, Қазақстан Балқаштың мәртебесін көтеріп, суды бөлгенде оны «үшінші мемлекет» ретінде қарауды ұсынады. Сөйтіп, суды екіге емес, үш мемлекетке (үшіншісі – Балқаш көлі. – Авт.) бөлуді ұсынып отырмыз. Бірақ бұған қытайлық тарап көніңкіремейтін тәрізді. Міне, мәселе қайда жатыр. Бұдан бөлек, Қазақстанның суды тиімді пайдалануға қатысты ішкі саясаты да дұрыс өрбуі шарт. Суармалы жердің көбісіне жаңа технологиялар енгізген ләзім. Оның ішінде тамшылатып суарудың орны ерекше.