Елімізде этнобизнес саласы неге дамымай жатыр?

Елімізде этнобизнес саласы неге дамымай жатыр?

Кез келген нарықтық қоғамда мемлекеттің өзегі ұлттық буржуазия, ұлттық кәсіпкерлік деп есептеледі. Еуропа сияқты дамыған елдерде мемлекеттің негізгі қаңқасын ежелден-ақ орта кәсіпкерлер құрайды. Ал бізде қалай? Біздегі орташа кәсіпкерлік бүгінгі таңда немен айналысып отыр? Этнобизнесті ұлттың өзіндік бояуы бар дүниелерден ақша табуы десек, өкінішке қарай, бұл ұғым бізге әлі ене алмай келеді. Қазақстан халқының өзінде бар құндылықты материалдық игіліктерге айналдыра алмай отыруының сырын қайдан іздейміз?
Қалыптасқан бүгінгі ахуал қазақстандық бизнес өкілдерінің шетелден дайын тауарлар алып келіп, оны үстеме бағаға өткізуімен немесе шетелге шикізат сатумен я болмаса жеке шаруаның күнкөріс үшін айналысатын «бақалшы» ұсақ-түйегімен ғана шек­те­леді. Мұның бәрі отандық өндірістің жаңа тех­но­ло­гиялардың жетістігі мен ұлттық кәсіпкерліктің қарыш­тауы мен мақтана алмайтындығын көрсетеді. Нарықтық экономикада ұлттық дүниелердің қағажау көруі этносаланың кенжелеуіне әкеліп соқты. Ол біздің – ұлттық тағамдар, ол біздің – ұлттық шоу биз­нес, ол біздің – ұлттық аспаптар, ол біздің – ұлттық қол­өнер, тағы сол сияқты көптеген құндылық. Бұл мә­селеде негізгі айыпкерді іздеушілер кеңестік кезең­дегі тұм­ша­лан­ған саясатты себеп қылады. Десек те, этнобизнестің бір түрі киіз үй десек, сол кездің өзінде Талдықорғанда киіз үй жасайтын зауыт жұмыс істеді. Бұл – бір ғана мысал. Ал қазір бізде сол киіз үй жасайтын зауыт бар ма? Жоқ. Қазір қажет делінетін мерекелік шараларда кез келген жергілікті әкімшіліктер сол киіз үйді іздеп, жекелеген адам­дар­дың есігін тоздырумен жүреді. Мұның бәрі – мем­ле­кет­тік ұстанымның ұлттық дүние­лер­ді алдыға шы­ғаруға ықыласты емес екендігін, соның кесірінен орта бизнес, әсіресе, біз айтып отырған ұлттық на­қыш­тағы дүниелердің барлығы әлі көмес­кіленіп жат­қа­нының себепкері. Жақын маңайдағы елдер бұл мә­селеде бізге қарағанда әлдеқайда қарыш­тап кетті. Неге? Себебі ол елдер бұл мәселедегі негізгі сұраныс иесі кім екенін анықтады да, елдерінің эко­но­микалық саясатын солай қарай бұрды. Біздегі ұлттық атри­бут­тар тек науқандық шараларда ғана қажет етіледі. Қа­зіргі қарапайым қазақтың баласының өзі киіз үйдің не екенін білмейтін болды. Құрт, май, ірімшіктің таби­ғи дәмі ұмытыла бастады.
Біз шетелдіктерге көрсету үшін емес, кез келген қазақтың соны тұ­тынып, соны сатып алатын дәрежеге жеткізу үшін сол саланы дамытуы­мыз қажет дейміз. Рас, сүт өнер­кәсібі, қолөнер де – өте қымбат дү­ние. Бірақ ол конвейерге түсетін болса, зауыттарда жасалатын үлкен өнеркәсіпке айналатын болса, оның бағасы да халыққа қолжетімді бағаға түсер еді. Бірақ біздегі кәсіпкерлік этнобизнес саласын Қытайдан тасымалданатын ұсақ-түйек саудамен теңестіріп қойды. Қалтасында 100 мил­лион теңгесі бар адам оны машақаты көп қымыз, шұбат өндірісіне емес, Қытайдан шығара салатын бес КамАЗ киім-кешегіне салғанды жөн көреді. Бұл этнобизнестің тез арада табыс әкелмейтінін тіпті шығынға батып қалу қаупінің зор екенін дәлелдей түседі. Сондықтан да этнобизнес саласы үкімет тарапынан арнайы салынатын несиелер жүйесінің қалыптасуына зәру. Ма­ман­дар ол несиенің қымыз өнер­кәсі­біне, киіз үй мен тек ұлттық музыкаға, ұлт­тық музыкалық аспаптарды өндіру сияқты дүниелерге жұмсалатын болса, аз уақытта-ақ одан да қомақты пайда табуға бола­тынын айтады. Бүгінде ұлттық құндылық­тарға деген халықтың сұранысы өте зор. Сондай көпшіліктің біразы кәсіпкерліктің орталығы саналатын Алматының өзінен таза қымыз таппай дал болады. Табылған қымызын ішкен күннің өзінде «мына қы­мызға су қосылмаған ба екен?» деген ойда тұратын дәрежеге жеткен. Яғни қымыз сатушы қымыздың тапшылығынан оған су қосуға мәжбүр. Осындай олқылықтардың бәрінің орнын толтыру үшін олардың бә­ріне ортақ бір стандарт қажет. Әлгі саудагер сол олқы қылығы үшін жазаланатынын сезіне алатын құдірет әлі біздің бұл сала­дағы кәсіпкерлікке жете қоймады. Біз ауыл­дан құрт-май, ірімшік сұратуға құ­мармыз. Оны қала дүкендерінен де табуға болады. Бірақ оның сапасы сын көтер­мейді. Бір қызығы, сол құртты орта бизнес өкілдері жасап жатқан жоқ, оны ортадан төмен саналатын жеке адамдар күнкөріс үшін ғана саудалап жүр. Жасап жатыр. Ал сол бір алыстағы ауылдан келген кемпірдің жасаған 10-15 құртын өнім дей аламыз ба? Оны қалай этнобизнес деуге болады?
Этнобизнес – өте кешенді шара. Ол тек қана сүт өнеркәсібі, киіз үй емес. Оған бар­лық сала кіреді. Мысалы, шоу-бизнесті алайық. Музыкалық аспаптардың тапшы­лығы. Қазақта музыкалық аспап көп дейміз, біз бірақ оларды тек қана мұра­жайдан көреміз. Немесе қазақтың қару-жарағы. Бесқару, наркескен деген сөздерді біз, журналистер, пайдалануға шеберміз. Бірақ біз өзіміз сол дүниелердің айыр­масын ажырата аламыз ба? Немесе ұлттық киімдер өнеркәсібі. Қазір кімнің үйінде атасының шекпені, әжесінің кимешегі тұр? Шапан дегенде қазіргі бала­лар жылтыр қағаздан қиып жапсырылған оюы бар, ұзын етек шапанды ғана елестетеді. Яғни біздің түсінігімізде ұлттық құндылықтардың бәрі декоративті дүниелер есебінде қабыл­данумен ғана жүр.
Хангелді ӘБЖАНОВ, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Қазақ бизнеске бейім емес деген сөз қате. Олар бұрында бейім болатын, қазір де сол бейімділігін көрсетіп жатыр. Этнобизнесті мен қазақтың дәстүрлі өнімін нарықтық қатынастарға түсіру деп ұғамын. Бұл мәселенің екі жағы бар, бірі – қасиетті құнды дүниелерімізді саудаға салмауымыз керек, екіншісі – пайда әкелетін нәрсенің халықтың менталитетіне, намысына ти­мейтін жағын қарастыруымыз керек. Айталық, асық ойнаудан, тоғызқұ­малақтан жарыстар ұйымдастыруға неге болмайды, неге оны табыс көзіне айнал­дыруымызға болмайды? Қазір «қымызды немістер патенттеп алды» деген сөз шықты. Біз осы жағынан айырылып қалмағанымыз жөн. Ол қымыз бола ма, айтыс бола ма, өзімізге табыс әкелуі керек. Ол бауырсақ бола ма, басқа тағамның түрі бола ма, мейлі ол ер-тоқым болсын осының бәрін біз қазір патенттеп тастауымыз керек, сонда ол өзінен-өзі бізге жұмыс істейтін, бізге ақша әкеліп тұратын болады. Өкінішке қарай, бұл салада бізде қозғалыстың мүлдем болмауы біздің заңгерлердің енжарлы­ғынан дер едім. Халықаралық қатынастар­ды білетін заңгерлер осы ата-бабамыздан келе жатқан барлық мұраны патенттеуге мұрындық болуы керек. Соны насихаттап, жалпыхалықтық санаға енгізу қажет. Біз құқықтық салада не бар екенін әлі күнге білмейміз. Кеше Елбасының өзі жұртқа «қазақстандық құқық дегенді оқытыңдар» деді ғой. Демек, осындай мәселелердің бәрінде біздің заңгерлеріміз батыл ой-пікірін, өз сөзін айтуы керек. Біздің биз­несменмін деп жүргендердің көбі өтімді тауарға жүгіреді. Сондықтан да олар біздің ұлттық құндылықтарымызды түген­деуге мойын бұра бермейді. Осы себепті бұған заңгерлер мен ұлтжанды азаматтар­дың араласқаны дұрыс. Біз қы­мыз, бауыр­сақ, көже бәрі-бәрін патенттеп тастауы­мыз керек. Біз бұларды бүгін патенттеп алмасақ, бізден кеткен неміс ертең қы­мызды, бізден кеткен кәріс құртты ие­ленеді. Айналып келгенде, қазақ ештемеге қабілетсіз ұлт секілді болып қала береді. Қазір йогурт деп сатып жатқан дүниенің өзі қаймақ пен қатықтың қосын­дысы. Ертең өстіп айырыла берулер көбейеді. Әлемдік нарық ешкімді аямай­ды. Сондықтан да қазір ұлттық құндылығымыздың бәрі қорғауды қажет етіп отыр. Бұл – тез арада есімізді жию керек деген сөз.
Ахметбек НҰРСИЛӘ, «Сарыжайлау» қымыз орталығының директоры, кәсіпкер:
– Этнобизнесті дұрыс дамыту үшін жеткілікті қаражат керек. Ол аз қаражатпен шешілмейтін нәрсе. Оны шетелден келген адамдарға жоғары деңгейде көрсете алу үшін қаражатпен қосымша бізге тарихты, туризмді білетін білікті мамандар керек. Бұл – тез арада табыс түсіре қоймайтын қиын бизнес. Этнотуризм бизнесі бізге қарағанда Қырғызстан мен Моңғолияда өте жақсы дамыған. Біздегі қаражаты бар адамдар бұдан гөрі мейрамхана, кафе, жол құрылысы, қазба байлықтары сияқты әбден жолға қойылған «гарантиясы» бар бизнес түрімен айналысқанды жөн көреді. Ал этносала – әлі зерттелмеген, жолға қойыл­маған сала. Бізде бұл саланы төмен деңгейде деп емес, бізде этнобизнес жоқ деп айтуға болады. Қазақстанға шетел­ден келген адамдар елдің этнотарихын көргісі келеді. Бізде соларға көрсететін ештеме жоқ. Банктің үстемелі несиесімен мұндай бизнесті жолға қою мүмкін емес. Мен осыдан біраз уақыт бұрын этноауыл жобасын, сақтардың моншасын бастадым. Қазақтың төбеттерін, құмай-тазыларын шетелдіктерге көрсетумен айналыстым. Бірақ қазірге тоқтатып қойдым. Оған құзырлы органдар тарапынан қолдау керек. Этнобизнес осыдан мыңдаған жылдар бұрынғы ата-бабасының тарихын, мәдениетін қаз қалпында көрсету десек, оған қызығатын, оны дамытқысы келетін, оны бизнеске айналдырғысы келетін адам, ең алдымен, патриот, намысшыл азамат болуы керек. Жарнама мәселесі де бұл жерде өте маңызды орынға ие. Бізде осындай дүниелерді жарнамалау да жолға қойылмаған.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста