«Бұл – қасақана жасалған қылмыс»: Сатаев «Қазақфильмнің» өртенуіне қатысты әлдебіреуден күдіктенеді
«Қазақфильмдегі» өрт қасақана қойылған болуы мүмкін. Киностудия басшысы Ақан Сатаев әлеуметтік желідегі жеке парақшасында осылай деп жазды. Кеше түнде мұнда 600 шаршы метрге жуық аумақ отқа оранып, декорациялар жанып кеткен еді. Өрттің себеп-салдарын мамандар анықтап жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Сау тамтығы қалмаған нысан – көпшілікке жақсы таныс «Қазақ хандығы» фильмінің декорациясы. Бұл жерде «Көшпенділер», «Батыр бабалар» сынды көптеген тарихи фильмдердің негізгі эпизодтары түсірілетін. Өрттің шыққаны туралы хабар қалалық өрт сөндіру қызметіне кеше кешкі сағат 21:33-те хабарланған.
Оқиға орнына шұғыл жеткен мамандар аумағы 400 шаршы метр болатын өрттің одан әрі өршуіне жол бермей сөндіріп үлгерді. Ал «Қазақфильм» басшысы Ақан Сатаев апат әдейі жасалған деп күдіктенеді.
«Қазақ хандығы» декорациясы түгел өртеніп кетті. Бұл – қасақана жасалған қылмыс. Сондықтан қылмыскерлерді ұстаймыз деп ойлаймын», - дейді ол.
Тарихи декорация мен кино түсіруге арналған бұйымдарды өрттен құтқару ісі жарым түнге дейін жалғасты. Жалынмен арпалысуға 53 өрт сөндіруші мен 16 арнайы техника тартылды. Қазір өрттің неден шыққанына байланысты тергеу амалдары басталды.
«Арнайы сараптама тағайындалды. Полиция департаментінің жедел-тергеу тобы және өрт зертхана лабораториясы зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Материалдар қалыптастырылып, әрі қарай Полиция департаментіне жіберілетін болады», - дейді Алматы қалалық ТЖД ресми өкілі Гүлдана Нұрымбетова.
Киностудия директорының айтуынша, шығын мөлшері аса көп емес. Ақан Сатаев кінәлі адамдардың ұсталатынына сенімді. Ал төтенше жағдай қызметі сараптамалық-зерттеу қорытындысы бір айдан кейін дайын болуы ықтимал дейді.