Майамидегі жеңісін Жаңатастағы өрт кезінде қаза болған бес бүлдіршіннің рухына арнаған Қанат Ислам, қазақстандық шенеуніктерге үндеу жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Кеше ғана елімізде өте үлкен қайғылы жағдай болды. Қаншама сәбиімізден айырылып қалдық. Алла олардың жанын жәннаттық қылсын. Мен осы жеңісімді сол сәбилердің рухына арнағым келеді. Өте өкінішті.
Біздің елім, жерім дейтін елді басқарып отырған ел ағаларымыздың құлағына алтын сырға, қарапайым халықпен бірге болыңыздар! Аспанға ұшып кетпеңіздер, аяқтарыңыз аспаннан салбырап түскен жоқ. Бәріңіз де біз секілді екі уақыт тамақ жеп, екі уақыт дәретханаға барасыңдар. Әрқашан да халықтың қамын жеңдер, кім болсаң да!
Қарапайым халқым, мен әрқашан сізбен біргемін, жеңісім әрқашан да сіздер үшін. Аман болыңыздар, бәріміз осы дерттен аман өтейік»,- деді рингте тұрып Қанат Ислам.
Айта кетейік, қазақстандық боксшы Қанат Ислам АҚШ-тың Флорида штатындағы Майамиде өткен бокс кешінде қарсыласын нокаутпен жеңді.
Ол шаршы алаңға эквадорлық Джейсон Миндамен шықты.
КОТV платформасында тікелей эфирден көрсетілген кездесу 10 раундқа созылуы тиіс еді. Алайда жекпе-жек барысында екі рет нокдаун алған Джейсон Минда жетінші раундта нокаутқа түсті.
Сонымен қатар, жеңістен кейін сұхбат берген Қанат Ислам мексикалық Сауль Альваресті (54-1-2, 36 КО) жекпе-жекке шақырды.
«Канело», vamos! Сен мені көріп отырсың, бақыттысың, мені жақсы көресің! Кел, жекпе-жекке шығайық», &ndash деді Қанат Ислам.