Биыл елімізде 1,5 мыңнан астам сайт бұғатталды
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлхайыров кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Кәмелет жасқа толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстардың 60% астамын айналасындағылар жасайды. Атап айтқанда, әкелер, өгей ата-ана және жақын таныстары. Мұндай қылмыстардың 40%, былай айтқанда 16 жасқа толмаған адаммен ерікті келісім негізде жасалады. Қазақстанда мұндай қылмыстарды көбіне 18 жастан 25 жасқа дейінгі адамдар жасап жатады», - деді Ренат Зұлхайыров.
Оның айтуынша, жыныстық сипаттағы қылмыстарға моральдық тәрбиенің төмендігі мен интернет кеңістігінің ашықтығы кесірін тигізіп отыр.
«Біз Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірге заңсыз мазмұндағы мәліметтерді анықтаймыз. Биылдың өзінде осындай сипаттағы 5 мыңнан аса сайт белгілі болды. Бүгінде оның 1,5 мыңнан астамы бұғатталды», - деп түйіндеді комитет төрағасының орынбасары.