Қазақ даласында егін мен көкөністің барлық түрі өседі дегенмен, жеріміздің құнарлылығы түрліше екені белгілі. Аялы алақан жылуын сезінген туған топырағымыз бабын таба білсең ел-сел несібеге негіз қалайды. Рас, біздің жеріміздің құнары бірдей емес. Кейбір аймақтар шөлді және шөлейтті аймаққа қоныс тепкен. Бұл өңірлерде қара жерді өңдеу мен оған түрлі агротехникалық әдістерді қолдану арқылы мол өнімді қамбаға жинап аласың. Өкініштісі, кезінде қолға алынған осындай тәсілдерге бүгінгі таңда өз деңгейінде мән бермей жүргеніміз жасырын емес. Соның бірі ретінде ауыспалы егісті айтуға болады.
Сырдарияның жағасында қоныс тепкен Қызылорда облысы баяғыдан-ақ егіс егуде аталмыш тірлікті қолданып келеді. Осының нәтижесінде сонау 50-жылдарда қаншама тың жерлер игеріліп, халықтың кәдесіне жарай білді. Сырдағы еңбекші қауым сол жерден көл-көсір өнім алып, олардың маңдай терінің өтеуі қайтты. Осы бағытта ғалымдар тындырымды зерттеулер жүргізіп, том-том еңбектер жарық көрді. Әйтсе де тозбайтын дүние бар ма?!. Кезінде табыстан тау тұрғызуға негіз болған сол алқаптардың құнары кеміп, қара жердің қазынасын қалқыған қарапайым жұрт аз-маз өнімге шүкірлік ететін жағдайға түсті деуге болады. Бұрын бұл жұмыстарға ірі-ірі шаруашылықтар ерекше мән беретін. Жерді тоздырмау мақсатында ауыспалы егіс жүйесін көзден таса етпейтін. Оған жыл сайын қаншама қаржы құйылып тұратын. Қазір ондай көзқарасқа селкеу түсіп тұрған жайы бар. Бұрынғыдай іргелі шаруашылықтар қазір жоқ. Бар болғанның өзінде нарық заңдылығы олардың аяғына тұсау салып, адымын аштырмай отыр. Осының салдарынан ауыспалы егіс алқаптары азайып барады. Бүгінгі таңда облыста 62 мың гектардан астам жер қанағаттанғысыз күйге түсіп тұр. Дерекке сүйенсек, осының кесірінен бұрынғы ауыспалы егіс жүйесі 23 пайызға қысқарған.
Арал өңіріндегі апаттық жағдай ауыспалы егіске кері әсер етті. Соның салдарынан мелиоративтік күйі нашарлап, оның потенциалдық өнімділігін төмендетіп жіберді. Яғни ендігі кезекте суармалы жерді қорғаудың маңызы артып тұр. Оны қалпына келтіруге назар аударып қана қоймай, бұл шараны тұрақты түрде жүргізуіміз қажет. Өйткені кезінде қаншама қаржы жұмсалып, қаншама маңдай тер төгілген қара жер жылдан-жылға қолданыстан шығып қалса, келешекте егін егуді құр армандап жүреміз бе?
Абзал Ералиев, Қазақстан күрішшілер одағының төрағасы:
– Аймақтың басты дақылы күрішті жылда бір алқапқа еге беруге болмайды. Ауыспалы егіс негізінде онымен жоңышқаны ауыстырады. Өкінішке қарай, бізде осы әдіс сақтала бермейді. Бұл өнім деңгейіне де өз әсерін тигізеді.
Күріш ала жаздай су астында тұратын дақыл екені белгілі. Үнемі осындай жағдайда болатын алқаптар өз құнарын жоғалта бастайды. Сол себепті оған селқос көзқарас танытуға болмайды. Топырақтың қалыпты қасиетін қалпына келтіру басты мәселенің бірі деп санай аламыз. Алайда осы бір әдіс әлі күнге дейін толыққанды шешімін таба алмай жүр. Бір сөзбен айтқанда, суармалы жерлердің мелиоративтік күйін сауықтырып, топырақтың тиімді құнарын қалпына келтіруге мән бергеніміз артықтық етпейді. Осының нәтижесінде агротехникалық, химиялық және биологиялық шараларды қолға алу арқылы ауыспалы егіс алқаптарын сақтауға әбден болады.
Ауыспалы егіс алқаптары еліміз бойынша оңтүстік аймақтарда кеңінен қолданылады. Кеңес Одағы кезеңінде аталмыш мәселеге өз деңгейінде маңыз берілді. Бұл бағытта ғалымдар зерделі зерттеулер жүргізді. Осының арқасында суармалы жерлердің көлемі 1,2 млн гектарға дейін жеткізілді. Ол алқаптарда ауыспалы егіс жүйесі қатаң сақталды. Сол уақытта ірі-ірі гидротехникалық орындар салынды.
Осындай қаншама қажыр-қайрат жұмсалған жұмыстар уақыт өте келе көнеріп, ендігі кезекте қордалы тақырыптың біріне айналғаны өкінішті. Топырақтың құнарын арттыру бағытында көптеген жұмыстар жүзеге асты. Алайда оның қолданылу барысында тиісті талаптардың сақталмауы да өзінше тағы бір тақырыптың өзегіне айналып отыр. 80-жылдардың басына дейін Кеңес Одағында жалпы егістікке берілетін қоректік заттар гектарына 113,2 келіден айналған еді. Бұл көрсеткіш Сыр бойында гектарына 176 келіден келген болатын.
Бүгінгі таңда минералды тыңайтқыштар агрохимиялық талаптарға сәйкес жүргізілуі тиіс. Өңірдің егістік жерлеріндегі органикалық заттардың тапшылығы топырақтың тиімді құнарын шектеуші жағдайдың бірі болып отыр. Осыған сәйкес суармалы топырақтың тиімді құнарын жасау минералды тыңайтқыштың есебінен емес, топырақты органикалық затпен байыту арқылы жасалғаны артықтық етпейді.
Күріштің ауыспалы егіс жүйесін сақтауда жоңышқаның маңызы зор екені айтылады. Расында да, осы тәртіп сақталып, келер жылы ол жерлерге егіс егілгенде дария бойындағы басты дақылдың өнімділігі жоғары болатындығын ғалымдар дәлелдеген. Қайсыбір мемлекетте болмасын, агроөнеркәсіп саласының алатын орны ерекше. Біздің елімізде ауыл шаруашылығына қамқорлық жасалып келеді. Дегенмен көптеген жылдар бойы көзден таса қалған кейбір жайлар осылайша елдегі еңбекші қауымның жұмысына кедергісін келтіріп отырғаны жасырын емес.
Ауыспалы егіске мән беріп жүрміз бе?
Последние статьи автора