Бүгін Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның Аустралия ашық чемпионатының финалына жолдама алды. Оның ақтық сындағы қарсыласы белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Екінші жартылай финалда әлемнің 5-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко дүниежүзілік рейтингіде 45-орында тұрған поляк қызы Магда Линетті 7:6 (7:1), 6:2 есебімен тізе бүктірді.
Бір жарым сағаттан астам уақытқа созылған матчта А. Соболенко 6 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана білді. Қарсыласы 1 эйс, 1 брейкпен шектелді.
Осылайша, беларусь теннисшісі өзінің спорттық жолында алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің финалына шықты.
Финалдық бәсеке 28 қаңтар күні өтеді.