Бір сөзінде белгілі фармацевт ғалым Кеңес Үшбаев: «Кез келген дәрі бір жеріңді емдеп жатса, басқа ағзаңды улап жатады» деген еді ескертіп. Білімді, білікті маман айтса, біліп айтады да. Оның үстіне қазіргі дәрі-дәрмектердің арасында күмәнділері де пайда бола бастады. Бұл – фармацевтика өндірісінің ел экономикасына қомақты табыс әкелетініне көзі жеткендердің құнығып кетулері салдарынан.
Жалпы, дүниежүзі бойынша айтсақ, дәрі-дәрмек саудасы күшті қарқын алу кезеңінің үстінде. Фарминдустриясының әлемдік айналымы 2007 жылы 712 миллиард долларды құраса, сөз болып отырған тауар айналымы 2010 жылы 950 миллиардқа жеткен. Біздегі жағдай да – осы. 2002 жылы бұл көрсеткіш 120-150 миллион долларға жетіп жығылса, одан кейінгі кезеңді айтсақ, яғни 2007 жылы 900 миллионға жуықтаған. Қазір 1 миллиардты құрап отыр.
Фармацевтика нарығының уақытпен таласа осынша шапшаң екпін алуының сыры неде? Мамандардың айтуынша, «адам денсаулығының жылдан-жылға нашарлап бара жатқандығында». Ал оған себеп болып отырған фактор біреу емес, бірнешеу. Соның ең негізгісі – экологияның бұзылуы және тұтынып отырған көпшілік азық-түлік тағамдары сапасының сын көтермейтін халге жеткендігі. Дерттің барлығының дерлігі экологияның ластығынан екендігі ғылыми түрде дәлелденген. Қазақтың «ішің ауырса, аузыңды тый» дегені де рас. Бұған қытайлар да қосылады. Ежелгі Қытайдан «аурудың барлығы ауыздан кіреді» деген нақыл қалған. Міне, осы айтылған кері әсерлердің кесірінен қазір ауру-сырқаудан дін аман жан жоқтың қасы.
Әрине, жаның қиналғанда қайтесің, дәрі ішіп барып айығасың. Ал химиялық қоспалардың жиынтығы болып табылатын дәрі-дәрмектен гөрі, емдеудің балама түрлерін, яғни халық емшілігін ұсынып жатқан дәрігер некен-саяқ. Алматы қаласының тұрғыны Әсем Орманова: «Айға жуық ауруханада жаттым. Дәрігерлер бауырымның қызметін дұрыс атқара алмай жатқандығын айтты. Сөйтсем, осы ауруды мен дәрі-дәрмектерді көп пайдаланғандықтан тауыппын», — дейді. Осындай жағдайға тап болмас үшін адамдардың өздерінің де ойланғандары абзал. Әйтпесе, қазір дәрігерлер науқасқа ем жазып отырған парақшасының бос жерін қалдырмастан, дәрі аттарын тізіп шығуға еш ерінбейді. (Шыны керек, соның барлығы бірдей керек те емес). Тіпті олардың әрқайсысының бір-бір дәріханамен сөз байласып қоятындары байқалып-ақ тұрады. Сол дәріхананың мекен-жайын тәптіштеп неше рет қайталап, «осы жерден алыңыз» деп ескертеді. Бұдан тауарының сатылуына мүдделілердің дәрігерлерден де көмек көріп отырғандарын аңғаруға болады. Бұл – стационарлық ауруханаларға да тән жағдай. Бір Алматы қаласының өзінде 700-ге жуық дәріхана жұмыс істесе, көтерме фармацевтикалық компаниялар саны 50-ге тамам. Олар тауарын қайткенде өткізулері тиіс қой... Қазір дәріханаларда кейде кезекке тап болып қалып жүрміз.
Медицинамыздың бұрыннан келе жатқан қатып қалған дәстүрінен еш ауытқысы келмейтіні өкінішті. Мәселен, айта кетейік, кесерово жасаған әйелді Қытайда мануалды терапиямен де емдейді. Кесерово жасаған әйелдің толғақ кезінде жік-жігінен ажырайтын сүйектерінің бала туғаннан кейін орнына келуі қиынға соғады. Егер дұрыс емделіп кетпесе, ол омыртқа жарығына айналып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан да болар, қазір омыртқа жарығы соңғы кездері көптеп тіркелуде. Біздің дәрігерлер болса, тек дәрілік препараттармен емдеуге әуестеніп алған. Тәжірибеге дәрісіз емдеуді енгізуге құлықты емес.
– Әрине, дәрі-дәрмексіз емделмейтін аурулар жоқ емес. Алайда адамдар денсаулығын емдеудің басқа жолдарын қарастырғандары жөн. Мәселен, мануалды терапия арқылы көптеген дерттің алды алынады. Қан айналымы жақсарады, омыртқа ауруларының барлық дерлік түрлерін емдеуге болады. Сондай-ақ емдік шөптердің де көмегі зор, – дейді «Рахман» клиникасының бас дәрігері Р.Рахманқұл.
Онысы рас, аталған клиникаға бас сұққанымызда кезектерін күтіп, жиналып қалған жұрттың үстінен түстік. Айтып отырған әңгімелеріне құлақ түрсек, барлығы да клиника мамандарына шексіз риза болысып жатыр.
Нұргүл ӨТЕБАЕВА, Халық емшісі:
– Негізі, дәрілік препараттардан гөрі, шөппен емделген әлдеқайда тиімді. Өз басым адамдарды шөппен емдеймін. Ал дәрілерді жөн-жосықсыз пайдалана беруге түбегейлі қарсымын. Өйткені химияның аты – химия, ал табиғидың аты – табиғи. Мұны әлем әлдеқашан мойындаған. Мысалы, көрші Қытайда адамдар көбіне шөп дәрілермен емделеді. Сұраныс емдік шөптерді көптеп өсіруге түрткі болып отыр. Қазір емдік шөптерді тездетіп өсіру үшін, яғни бизнес мақсатында оларға түрлі химиялық тыңайтқыштар пайдалануда. Ал біздің кең даламыздағы, тау бастарындағы емдік шөптер әлі табиғи қалпын бұзбаған. Бұл біле-білсеңіз — байлық көзі. Ал біз соның қадір-қасиетін білмей отырмыз, – дейді.
Шынымен де, қазір көктем шыға бізден шипа болар шөп түрлерін жинап әкететін қытайлық ғалым, дәрігерлердің саны артып бара жатқанға ұқсайды.
Сөз болып отырған мәселені шешуде Үкіметтің де атқарар рөлі зор. 1999 жылы «Салауатты өмір салтын қалыптастырудың ұлттық орталығы» құрылып, осыдан біраз уақыт бұрын «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жарық көрді. Екеуіне де қыруар қаржы бөлінгенде «жөн болған» дестік. Жүктелген міндеттері ұқсас – адамдарды салауатты өмір салтын ұстануға үндеу. Алайда «айдағаным бес ешкі, ысқырығым жер жарады» демеске амал қане!? Өйткені енді атқарар шаруаларын айтқанда ауыздарын айға білейді, бірақ көрсетіп отырған нәтижелері анау айтқандай емес.
Үкімет араласпаса болмайтын тағы бір мәселе бар. Ол – елдегі сауықтыру орындары бағасын кез келгеннің қалтасы көтере бермейтіндігі. Қолжетімді ететін уақыт жетті емес пе? Мына бір сөздің ойға оралып отырғаны. «Сен сұлу» бағдарламасына қатысқан бір мейман, яғни АҚШ-та тұратын қазақ: «Мәселен, осы залда отырған бірде-бір әйел сауықтыру орындарына бармайды, қазақтың әйелдері жалқаулау», — деген сын айтқанға ұқсайды. Қазақтың әйелдерінің көбіне үй шаруасынан қолы босамайтындығын айтпағанда, фитнес клубтары мен бассейн сияқты сауықтыру орындары ақысының қымбаттығы қолбайлау болып отырғанын қандасымыз білмей қалса керек, шамасы. Әйтпесе, денсаулығын күтіп, сергек жүргісі келетін әйелдер жоқ па екен?
Міне, жоғарыда сөз болған «Салауатты өмір салтын қалыптастырудың ұлттық орталығы» мен «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы осы сынды проблемаларды шешуге мұрындық болса игі еді. Ауырмайтын жол іздеу деген – сол. Дәріге тәуелді болу қайбір жақсы дейсіз...
Аурудың бәрі ауыздан кіреді
Последние статьи автора