Алматыда жаға ұстатарлық сұмдық жағдай болды. Үш айлық нәрестеге өзінің туған әкесі зорлық көрсеткен. Азғынның бұл әрекетін баланы өз қамқорлығына алған қайырымдылық қор жетекшісі мәлімдеді. Оксана Маралованың айтуынша, нәрестенің анасы болған жағдайға көз жұма қараған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіге жүктелген бейнежазба 2-3 күннен бері жұрттың жағасын ұстатты. Қайырымдылық қор жетекшісі Оксана Маралова 3 айлық сәбиді осыдан 1 жыл бұрын көшеден көргенін жазған. Жанында 9 және 12 жастағы ағалары болды дейді. 13 жасар әпкесі де бар көрінеді.
«Кішкентай Дашаны және оның ағаларын көшеде де көріп қалдым. Олар шақалаққа сүт, айран алып беру үшін қайыр сұрап отыр екен. Сәбидің хәлі нашарлап кеткен. Әбден әлсіреген. Анасына хабарласып, балаларды бірден дәрігерге апардым», - дейді қайырымдылық қор жетекшісі Оксана Маралова.
Анасы балаларының артынан келуге асықпапты. «Хабарласқан да жоқ, іздемеді де» дейді қор жетекшісі. Сондықтан балаларды қамқорлық мекемесіне орналастырған. Ал үш айлық Дашаға дәрігерлер ота жасау керек екенін айтқан. Жүрегінде сырқаты бар баланың тыныс алуы қиындаған.
«Ота алдында Дашаның жөргегін ауыстырмақ болдым. Сол кезде оның жыныс мүшесінің сау емес екенін байқадым. Дәрігерлерге геморрой ма дегенімде, бірден «азғындық жасалған» деді», - дейді Оксана Маралова.
Оксананың айтуынша, сәбиге мұндай қатыгездік жасаған – анасының көңілдесі. Әйелдің өзі де мұны шімірікпестен мойындапты. Бірақ полицияға арыз жазбайтынын айтқан. Безбүйрек анамен тілшілер де тілдесіп көргенде, сәбиді өзінің туған әкесі қорлады деді.
«Дашаға өзінің туған әкесі зорлық көрсеткен. Бірақ ол менің заңды күйеуім емес. Мен полицияға кейіннен арыз жаздым. Бастапқыда оған сенімді болмадым. Оны құртқан ішімдік», - деді Дашаның анасы Вера Безлюдько.
Қазір келіншек жанармай орталықтарының бірінде жұмыс істеп жүргенін айтады. Ал балаларға баруға әзір мүмкіндік жоқ деді. Полиция оқиғаға қатысты тергеу бастаған.
«Бұл факт Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалып істің мән-жайы анықталуда. Кінәлілер міндетті түрде жауапқа тартылады», - деді Алматы қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметі басшысының орынбасары Евгений Лысенко.
Әйтсе де, қайырымдылық қорының жетекшісі сәбидің анасын ана құқығынан айыру керек екенін айтты. Оксана Маралова қазір осы мәселені көтеріп, барлық органдарға шағым түсірмек. Баланы анасына да, қамқоршы органдарға да бермеймін дейді.