Қазақстанда тұңғыш рет шопинг фестивалі өтеді. Оған қатысу үшін Алматыдағы сауда орталықтарынан немесе ғаламтор желісінен арнайы сертификатты сатып алу жеткілікті. Тоғыз күнге жалғасатын шара аясында 90 пайызға дейінгі жеңілдікпен соңғы үлгідегі киім-кешекті сатып алып, түрлі демалыс орындарына саяхат жасауға болады.
Тұңғыш шопинг фестивалі болатын қыркүйектің 14-і мен 23-і аралығында Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары ірі сауда орталықтарында 80-90 пайыздық жеңілдіктермен сауда жасай алады. Тіпті қонақүйлерде жеңілдікпен демалу мүмкіншілігіне ие болады. Кеше оңтүстік астанада бас қосқан қалалық мәдениет басқармасының қызметкерлері мен туризм саласының мамандары осындай хабарды жария етті. Қазақстандағы дисконттық қызмет көрсетуші кәсіпкерлердің тың идеясын қала әкімдігі қолдап, сауда-саттық фестивалін өткізуге рұқсат беріпті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Almaty Shopping Festival еліміздегі кәсіпкерлікті, туризмді және мәдениетті дамытуда үлкен үлес қоспақ. Аталған шараға қатысуға ниетті адамдар Алматы қаласында орналасқан ірі сауда орталықтарынан арнайы сертификатты 999 теңгеге сатып алып, 90 пайызға дейінгі жеңілдікпен өткен маусым коллекцияларымен қоса жаңа сән үлгісіндегі киімдерге қол жеткізе алады. Жеңілдіктер көлемі бренділерге тікелей байланысты болмақ. Фестивальға 300-ден аса бренд, 50 мейрамхана, 15 отель, 14 сауда орталығы мен үш мұражай және хайуанаттар бағы қатысады.
Қайрат Көлбаев, Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы:
– Миланда, Дубайда, Парижде өтетін бұл фестиваль енді біздің елде де болады және Almaty Shopping Festival ол елдердегі сияқты жоғары деңгейде өтпесе де, алдағы уақытта үлкен сұранысқа ие болатыны анық. Себебі бұл шара алып шаһарға келетін туристердің санын арттыруға көмектеседі. Біз Алматының Қазақстандағы мәдени кәсіпкерлік және туризм орталығы ретінде беделін нығайтуымыз керек.
Алматы үлкен шопинг орталығына айналады
Последние статьи автора