Алматы метросының үшінші кезеңін салуда 152 жер телімі сатып алынады, оның он бесі «Жайлы» ықшам ауданына қарасты. Бұл жайында «Метрополитен» КМК күрделі құрылыс қызметінің бөлім басшысы Мақсат Сейтқұлов Алматыда өткен баспасөз жиыныда айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Жиын барысында Алматы метросының екінші кезеңінің құрылысы жүргізіліп жатқандығы, ол Абай даңғылымен батыс бағытта қарай Яссауи көшесіне дейігі 3 шақырымдық аралықты қамтитындығын айтылды. Осы жол бойында «Сарыарқа» және «Достық» бекеттері бой көтеретін болады.
Мақсат Сейтқұловтың айтуынша, аталған екі бекет іске қосылған соң Алматы метросы күніне 85 мың адамға дейін қызмет көрсетеді. Бұл Абай көшесі бойындағы жүктемені төмендете септігін тигізбек. Сарыарқа бекеті «Фэмили» саябағы жанында орналасқан әрі бұл аумақта халық өте тығыз орналасқан.
«Сары арқа және Достық бекеттерінің құрылысына 67 млрд теңге бөлініп отыр. Құрылыс жұмыстары мерзімге сай жүргізілуде, жоспар бойынаша бұл бекеттер 2021 жылы пайдалануға беріледі», -дейді ол.
«Метрополитен» өкілі үшінші кезең бойынша Қалқаман ықшамауданына дейін метро жолы жүргізілетін және жол бойындағы жер телімдерін сатып алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
«Қалқаман» бекетіне дейінгі жол бойындағы 152 жер телімін сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ «Жайлы» ықшам ауданындағы 15 үй сүріледі», - деді ол.
Еске сала кетсек, Алматы метросының бірінші кезегінің алғашқы торабы 2011 жылы 1 желтоқсанда пайдалануға берілген.
Әділет МҰСАХАЕВ