Келесі аптаның сәрсенбісінде Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың жаңа маусымы ашылады. Өнер ордасы ашылу салтанатын өткізе сала, өз көрермендеріне дайындаған тосын сыйларын ұсынбақ. Ол – «Ай-Қарагөз...» спектаклінің жаңа нұсқасы.
Қазанның 3-і күні сағат 18.30-да Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының 67-маусымы ашылады. Бұл күні театрдың әдеттегі дәстүрімен Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклі сахналанады. Бірақ биылғы қойылым жаңаша түрде және ерекше болып өтеді деп күтілуде. Театр қызметкерлері «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымы жастық пен махаббат, сұлулық пен нәзіктік, шынайылық пен іңкәрлік, сүйіспеншілік пен адамгершілік, сенім мен сезім тақырыптарынан сыр қозғап, адамдық пен адалдықты сөз етер, сертке берік екі жастың арасындағы ғашықтық жырларын шертер, өнер мен өмір, тәрбие-тағылым мектебі екенін айтып, өз көрермендерін асыға күтуде.
«Ұлы Ғабең (Ғ. Мүсірепов) жазған бұл туынды көпшілік көрерменге оқиғасы жағынан кеңінен таныс. Дегенмен бұл жолғы Қозы Көрпеш те, Баян сұлу да басқа, жаңа» дейді олар. Бұдан соң, қазанның 4-6-сы аралығында Ғ. Мүсірепов театрында Мұхтар Әуезовтің «Ай-Қарагөз...» атты қойылымының тұсаукесері болады. Театр басшылығы «Қарагөз» туындысы талай сахналарда көрерменнің талғам таразысына тартылып келген, Ғ.Мүсірепов театры сахнасында тұңғыш рет қойылып отырған «Ай-Қарагөз...» спектаклі өз жаңашалығымен өнер мен өре биігінен табыларына сенім артып отыр. Спектакльде Тұрсынжан Шапай, Болатбек Нұрқасымов тағы да басқа композиторлардың музыкалық шығармалары, сондай-ақ «Серпер», «Тұран», «Қоңыр» топтарының және Рамазан Стамғазиев, Шаба Әденқұлқызы мен Өмірқұл Айниязовтың орындауындағы әндер қолданылады. Спектакльдің жаңа нұсқасын жасаған – Талғат Теменов, қойылымның басталуы – 18:30-да.
«Ай-Қарагөз...» — биылғы маусымның жаңалығы
Последние статьи автора