2030 жылға дейінгі инновациялық даму жоспары әзірленіп жатыр

Мансұр ХАМИТ (фото)

Бүгінгі әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кез келген мемлекеттің инновациялық әлеуеті жоғарылаған сайын елдің жалпы ішкі өнімі де көтеріледі. Ал шағын және орта бизнес сол инновациялық әлеуеттің негізгі қозғаушы күші болып саналады. Себебі кәсіпкерлер ел экономикасына озық технологияларды әкеліп, отандық өнірісті жан-жақты жаңартып тұрады. Қазақстан болса, ел экономикасының инновациялық әлеуетін индустриялық жоспармен ұштастырып, іргелі жобаларды арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында іске асыруда. Енді Үкімет 2030 жылға дейінгі елдің инновациялық даму жоспарын әзірлеп жатыр. Соған қарағанда, бұл жұмысқа әзірше жекеменшік сектор емес, мемлекеттің өзі жауапты болып қала бермек.
Кеше Астанада «Инновациялық Қа­зақ­стан – Тәуелсіз 20 жылдан кейінгі бола­шақ­қа көз­қарас» тақырыбында иннова­ция­лық форум басталды. Форумның ал­ғаш­қы оты­ры­сында соңғы 20 жылдағы еліміз­дің инно­вациялық даму деңгейі қаралды. Осыған орай әлемнің түкпір-түкпірінен келген шет­елдік сарапшылар өз ойларын ортаға салса, Үкімет мүшелері осы жұмысты жалғастыруды көздейтін нақты жоспар­ларын жария етті. Ал Премьер-министр Кәрім Мәсімов инно­ва­тор аза­мат­тарға өз алғысын білдіріп, олар­ға дұрыс көзқараспен қарауды үндеді.
«3D» да ескіре бастады
 Негізі, Тәуелсіз 20 жылдың тең жартысын Қа­зақстан инновациялық саясатты дамыту жұмысына арнады. 2000 жылдан бері сан алуан іс-шаралар атқарылып, үш жылдан кейін 2003-2015 жылдарға арналған елдің ин­­дустриялық-инновациялық стратегиясы әзірленді. Үш кезеңді қамтитын бұл стра­те­гия­ның соңғы мерзімі бүгінде Үдемелі индус­трия­­лық-инновациялық даму бағдар­ла­ма­сына тиесілі болып отыр. Сондықтан осы құ­­­жат­тың нәтижесі еліміздің нақты иннова­ция­­­лық даму деңгейін көрсет­пек. Премьер-ми­­нистрдің орынбасары-индустрия және жа­ңа технологиялар ми­нистрі Әсет Исекешев­тің айтуынша, қазірдің өзінде Қазақстанның осы салада қол жеткізген жетістіктері жоқ емес.
«Біріншіден, инновациялық бастама­лар­ды қолдаудың мемлекеттік жүйесі қа­лыптасты. Екіншіден, осы салада бизнеске қаржылай көмек көрсетіледі. Үшіншіден, бүгінде ғалымдар ғана емес, өндірістік ошақтар, өнертапқыштар, студенттер, тіпті оқушылар да инновациялық идеямен айналыса бастады. Мәселен, биыл ин­но­вациялық бизес-жобалар байқауына түс­кен ғылыми жұмыстардың саны үш есе арт­ты. Олардың ішінде экономикалық ма­ңы­зы бар бастамалар баршылық», – дейді Ә.Исекешев.
Осыдан кейін министр Үкіметтің алға қой­ған жоспарларымен бөлісті. Оның сөзі­не қарағанда, кейбір технологиялар уақыт өте келе ескіретіндіктен, болашақта ұзақ мерзімді технологияларды дамыту жұмы­сына негізгі басымдық берілетін болады. «Мәселен, бүгінде арнайы көзілдірік ар­қы­лы көретін 3D үлгідегі теледидарлар ха­лық арасында кеңінен таныла бастады. Бі­ле-білсек, қазір ондай теледидарлар кө­зіл­діріксіз шығарыла бастады. Демек, оның алдындағы технология айналдырған бір-екі жылдың ішінде-ақ ескіріп қалды. Сон­дықтан бұл жерде алдын ала жоспарлау жұмысының маңыздылығы зор. Ол жоғары технологиялық даму үдерісін болжай білуі тиіс», – деп атап көрсетті Ә.Исекешев. Ал­да­ғы уақытта Үкімет әрбір технология бо­йынша арнайы даму картасын әзірлеп, ол бойынша тиісті қолдау шараларын көрсе­теді. Жалпы, Қазақстанның ин­новациялық саясаты ұлттық және ай­мақ­тық бағытта жүр­гізіледі. Осыған орай, Ұлттық техно­ло­гиялық даму жөніндегі агент­тік құрылып жатыр. Ол жергілікті жерлердегі иннова­ция­лық кәсіпорындардың жұмысын үй­лестіріп, мемлекеттік қолдау шараларының негізгі операторы болмақ. Ал келесі жылы Үкімет Қазақстанның 2030 жылға дейінгі ин­новациялық даму жоспарын қоғам тал­қысына ұсынатын болады.

Инновациялық шығын 76 млрд теңгеге жетеді
Әрине, ел экономикасының инновация­лық әлеуетін көтеру жұмысына, ең алдымен, ұлттық компаниялар жауапты. Сон­дық­тан биыл «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы осы саладағы саясатты түбе­гейлі өзгертті. Енді ұлттық компаниялар отандық ғылымның жаңалықтарын өнді­ріске енгізетін болады. Осыған орай, «Са­мұрық-Қазына» келесі жылы арнайы бағ­дарламаны қолға алуды жоспарлап отыр. Оған сәйкес, біріншіден, ұлттық компания­лар мен ғылыми-зерттеу институттары арасында бекем байланыстар орнатылады. Екіншіден, барлық ұлттық компа­ния­лардың жанынан ғылыми жаңалық­тарды енгізудің сынақ алаңдары ашылады. Себебі бүгінде елімізде ғылыми жаңалық көп, бірақ оны өндіріске енгізуге қажетті инфрақұрылым жоқ. Үшіншіден, жас ма­ман­дарға жан-жақты қолдау көрсету көз­делген. Осы мақсаттарға қыруар қаржы қа­растырылған екен. «Ұлттық инновация­лық қор» АҚ-ы директорлар кеңесінің төрағасы әрі «Самұрық-Қазына» қоры төра­ғасының орынбасары Қуандық Бишім­баевтың айтуынша, 2012 жылға дейін атал­ған бағдарлама аясындағы шығын­дардың жалпы көлемі 8 млрд теңгеден 42 миллиардқа дейін көтерілмек. Ал 2015 жылда «Самұрық-Қазынаға» қарасты ұлт­тық ком­паниялардың инновациялық жұ­мыс­тарға жұмсайтын қаражаты 76 млрд тең­ге болады деген болжам бар.
Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов болса ақшадан бұрын, ең алдымен, инноватор­лар­ға деген қоғамдық көзқарасты түбе­гей­лі өзгерту қажет деп санайды. «Өкінішке қа­рай, кез келген адам инноватор бола ал­майды. Бұл – табиғи заңдылық. Ондай адам­­дардың ДНК-сы, жалпы, ойлау қабі­леті өз­геше болып келеді. Басқа азаматтар тек адал жұмыскер ғана бола алады. Ал ин­но­ва­тор­лардың жөні бөлек. Сол себепті ­біз ондай да­рындыларды тауып, олардың та­биғи қасиетін іске асыра білуіміз қажет. Оны біз арнайы қаулы шығарып, міндеттей ал­май­мыз. Ол үшін тек қолайлы жағдай ға­на жасап беру керек. Әрине, біз тұрақты әрі бірқалыпты өмірге үйреніп қалыппыз. Ал біреу келіп, оның бәрін өзгерткен кезде, ұнатпай қаламыз. Бірақ ол болмаса, ел мен халық артта қалуы әбден мүмкін. Бұл күн – жаңа технологиялардың заманы. Осыны сезіне білген мемлекеттер ғана ХХІ ға­сыр­ға нық басып, алға шыға алады», – деп атап көрсетті Премьер-министр. Осы орай­да ол Үкіметтің 2012 жылдағы алғаш­қы отырысын инновация мәселесіне арнауды ұсынды.
Хосе ПАЛАЦИН, БҰҰ Еуропа экономикалық комиссияның инновациялық саясатты дамыту жөніндегі секцияның жетекшісі:
– Әрине, елдің инновациялық әлеуетін көтеру үшін біраз жұмыс жасау қажет. Ол үшін адам капиталын дамытып, нақты өндірістік ошақтармен тығыз байланыстар болуы қажет. Оған қоса, кәсіби-техникалық білім беруді барынша жақсарту міндет. Негізі, Германия мен Оңтүстік Корея сияқты да­мы­ған мемлекеттерде инновациялық әлеуеттің 70-80 пайызын шағын және ор­та бизнес қамтамасыз етеді. Мемлекет оларға тек қажетті жағдай жасап беріп отырады. Әлбетте, бизнес инно­ва­цияларға қаржы салуға мүдделі болуы шарт. Қазақстанда инновацияларды дамыту жұмысын мемлекет жүргізеді екен. Бәлкім, бұл шығыс халықтарына тән қасиет шығар.

Эмануэль САЛИНАС, Дүниежүзі банкінің Қазақстандағы үйлестірушісі:
– Негізі, бүгінде Қазақстан өзінің инновациялық әлеуетін толыққанды игермей отыр. Егер бұл әлеуеттің бар­лығын пайдаланатын болса, үлкен эко­номикалық нәтижеге қол жеткізуге болады. Меніңше, елдегі инновациялық бастамалардың басым бөлігі мемлекет тарапынан қолдау табуы тиіс. Қазақстан халықаралық ғылыми-зерттеу қауым­дастығымен де тығыз байланыс орнатуы қажет. Себебі біздің мәліметімізге сәйкес, Қазақстандағы өндірістік ошақ­тар­дың тек 14 пайызы ғана әлемдік жаңалықтарды қолданып келеді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста