«Еліміз үшін әсіресе астық жинауда рекордтық көрсеткіштің керегі жоқ. Оның орнына егілетін дәнді дақылдарды әртараптандыру қажет. Өйткені біздегі астық сақтау қоймаларының сыйымдылығы – 14-15 млн тонна ғана. Сондықтан бидайды осы көлемнен асырмау керек». Біздің ауыл шаруашылығы министрі осылай дейді. Негізі, елімізде жылда орын алатын астық сақтау бойынша мәселені еңсерудің орнына оның көлемін қысқарту керек деген бұл пікір қаншалықты көңілге қонымды?
Рекордтық көрсеткіш десе, кез келген мемлекет бөркін аспанға лақтырып, қуаныш пен мақтаныш сезіміне бөленеді. Ал осындай мықты көлемге қол жеткізгенмен, бізде оны игерудің ауыртпалығынан жалтаруға тырысу басым тәрізді.
Астық көлемін қысқартудан ұтамыз ба?
Мамандардың айтуынша, соңғы 60 жылда біз астық бойынша биылғыдай көрсеткішке қол жеткізіп көрмеппіз. Кеңес заманында «1 млрд пұт алтын дән жинадық» деп алақайласақ, биылғы астық көлемі 1,5 млрд пұтқа жететін тәрізді. Алайда оны сақтау жағынан белгілі бір мәселелер бар. Оны осы апта басында Мемлекет басшысының қабылдауында болған Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің өзі мойындады.
– Биылғы жылдың қорытындысы бойынша 24-25 млн тонна бидай жиналатын болды. Осыған сәйкес белгілі бір қиыншылықтар бар, ол – астықты сақтау. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы министрі бастаған штаб құрылды, – деді Елбасының қабылдауындағы сөзінде К.Мәсімов.
Ал сол штабқа басшылық жасайтын ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков кеше ғана: «Қазақстанға 14 млн тоннадан артық бидайдың қажеті жоқ. Одан кейін проблема көбейіп кетеді.
Осы жағдайдың өзі егістік алқабын диверсификациялап, жем өндірісін арттыру қажеттігін айғақтайды», – деген еді. Жалпы, стратегиялық маңызға ие астықтың көлемін қысқарту туралы мұндай пікір қаншалықты орынды?
«Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Ақжол Әбдуқалимовтың пікірінше, әлемде бидай мен ұн жоғары сұранысқа ие болып, азық-түлік дағдарысы дендеп бой көтеріп келе жатқанда, астықты өндіру көлемін арттыра түсу қажет. «Ал 14 млн тонна деген латуфундистердің осы нарықтағы ұсақ фермерлердің жолын жабудағы лоббиден туындап отырған нәрсе», – дейді ғалым.
– Біздегі ірі латуфундистердің күш алғаны соншалықты, қоғамда «ауыл шаруашылығын өрге сүйреп алып шығатын – ірі корпорациялар да, ал ұсақ шаруа қожалықтары дамуда тек кедергі мен шығын әкелгеннен басқа пайдасы жоқ» деген пікір таныла бастаған. Шындығында, әлемдік тәжірибеде шағын және орта кәсіпкерліктің арқасында жалпы ішкі өнімін арттырып отырған елдердің қатары көп. Сондықтан осы тапты мемлекеттік қолдауға алуға барынша көңіл бөлінген. Ал бізде, керісінше. Бұл – біріншіден. Екіншіден, астық өндіруші ірі компаниялардың меншігінде 10 млн гектар егістік алқап бар. Соны 10-15 центнерге көбейтіп жіберсеңіз, әлгі министр айтып отырған 14-15 млн тоннаңыз шыға келеді. Яғни біздегі ірі компаниялардың астық өндірудегі потенциалы – 14 млн тонна. Үшіншіден, диверсификация деген бір күнде орындала салатын нәрсе емес. Яғни министрдің ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіруге инфрақұрылым салмай, шаруа қожалықтарын оған мамандандырмай, техникасы мен технологиясын соған қарай бейімдемей бірден әртараптана салайық дегені ұсақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жарға жыға салумен бірдей дүние емес пе?..
Сондай-ақ ғалым мемлекет фермерлер өндірген астықты экспорттауға жағдай жасай алмаса, ең құрымағанда, оларды балама сақтау қоймаларымен қамтамасыз ету керек дегенді айтады. Бұл ретте ішіне бір көлік оңай кіріп-шығатын астықты сақтау қаптары қазір шетелдерде ыждаһаттылықпен қолданылып жүргенін айта кетелік. Яғни бұл арада ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді осындай қаптармен қамтамасыз етуді мемлекет өз мойнына алса деген тілек бар.
Ал экономика сарапшысы Алғатбек Қыдырбекұлы дәнді-дақылдарды әртараптандыру ісін жүргізуді белгілі бір деңгейде қолдайды, әсіресе, Батыс Қазақстан облысы бойынша.
«Естеріңізде болса, Батыс Қазақстан облысында үш-төрт жыл қатарынан қуаңшылық орын алып келді. Сол себепті соңғы кездері бұл аймақта егілген егістіктен ешқандай пайда болмай жатыр. Мамандар бірнеше мәрте билікке бұл аймаққа егін себудің қажеті жоқ екенін айтқан екен. Ендеше, спецификалық және жағрафиялық ерекшелігіне қарай мұнда мал шаруашылығын жандандырсын немесе көп жылдық өсімдіктер өсірсін, бірақ астықты емес», – дейді ол.
Астық экспортын арттыру керек
Ал бұл бағыттағы Үкіметіміздің позициясы – көп астықты тезірек экспорттау.
– Үлкен мәселенің бірі – тауарды өткізу нарығы. Қазан айында Түрікмения арқылы жаңа жол ашылады. Ал жылдың аяғына дейін Қорғас арқылы Қытайға баратын қосымша теміржол қызметі іске қосылады. Яғни осы жолдар арқылы жаңа нарыққа шығуға толықтай мүмкіндігіміз бар: Түрікмения арқылы Парсы шығанағы мен Ауғанстанға, ал Қытай арқылы сол елдің өзіне және Оңтүстік Шығыс Азияға шығамыз. Бұл – мәселенің нақты шешімі, – дейді К. Мәсімов.
Сол секілді биыл Қазақстан мен Ресей астық тасымалы бойынша біріккен өзара кәсіпорын құру туралы келісімшартқа отырды. Кеден одағы аясында вагон шығаратын бұл кәсіпорынның екі тарапқа да берері мол. Әрине, жағдай осылай болып жатса, бұл көз қуантарлық жайт-ақ. Бірақ Мәжіліс депутаты П.Дмитриенко Үкімет қолданып жатқан шараларына күмәнмен қарайды: «Естеріңізде болса, былтыр Премьер-министр Қытай, Иран, Иракта қосымша астықты өткізу жолдары болады, Грузияда да порт бар деп еді. Бірақ оның бәрі сөз жүзінде қалды. Ал биыл қалай болады екен?..»
Қалай дегенмен де, бұл арада Үкімет биылғы еліміздің астық экспорттаудағы әлеуетін 10 млн тонна деп белгілеп отырғанын баса айта кетелік. Жалпылай алғанда, астық тасушы вагондарға қатысты мәселені Үкіметтің бір жақты еткені көңілімізді жай етеді. Өйткені мұндай жағдайда экспортқа бағыт алған алтын дәніміз «аяғынан» тұсауланбасы анық.
Маман пікірі:
Ақжол ӘБДУҚАЛИМОВ, «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті:
– Астықты экспортқа шығарудағы озық елдің бірі – Канада. Олар жылына 30 млн тонна астықты сыртқа тасымалдайды. Бірақ осы ауқымды істің қаражат жағынан канадалық билік ұтылмаса, ұтпайды екен. Есесіне, олар экспорттық тауар ретінде фермерлеріне қолдау көрсетіп, ішкі жалпы өнім көрсеткішін, сонымен қатар өндірістегі ауыл шаруашылығы үлесін арттыру арқылы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Канадада шаруалар астықты қайда сақтаймын, оны қайда өткіземін деп бас қатырмайды. Елде шыққан бүкіл бидайды біздегі Азық-түлік келісімшарты корпорациясы секілді Астық комитеті фермерлерден бидайдың бір тоннасын 100 доллардан сатып алады. Жылдың соңында әр фермерге тағы да қосымша 50 доллардан береді. Ал Үкімет оны шетел нарықтарына 200 доллардан өткізеді. Бұл арадағы әр тоннадан тапқан 100 доллар экспорт бағытына жұмыла кіріскен ұжымның айлығы мен шығындарынан аспайды екен. Сонда Канада астық экспортынан ақшалай пайда таппайды. Бірақ жұмыс орындарын сақтап, ауылды көркейтіп, елдің экономикалық көрсеткіштерін жақсартуға қол жеткізеді. Міне, бізге де осындай саясат керек. Яғни кезінде жекеменшіктің қолына өткізіп алған астық сақтау қоймаларын мемлекет өзіне кері қайтарып, жаңа элеваторлар салып, осы істің басы-аяғына дейін қадағалауы керек. Олай болмайынша, бұл бағыттағы мәселелер күрделене береді.
1,5 миллиард пұт алтынды қайда сақтаймыз?
Последние статьи автора