Басқаның қажеті шамалы...
Көздерінде күміс түстес шық тұнып,
Нәзік назын қылығымен ұқтырып;
Көктем болып күлімдейтін кіршіксіз,
Ол да мендей ақын еді тұп-тұнық.
Ақ бұлттардан өлең жасап алатын,
Жұлдыздармен жаны егіз болатын.
Ақ періште сияқты еді көктегі,
Мұңаятын, жер таба алмай қонатын.
Күлімдейтін Күн елінен келгендей,
Күнікейдің өзі сәлем бергендей.
Періштені жырлағанмен мен құсап,
Перілерге жақын емес ол мендей.
Шағалалар қанаттарын қаққанда,
Бақыт жайлы ән салатын бақтарда.
Жауап жазып отыратын өлеңмен,
Тағдырынан келіп жеткен хаттарға.
Кербез ғана керілетін кер маралдай,
Сияқты еді ашылмаған аралдай.
Арзу айтты ол ақ гүлдерге бір күні,
Жер бетінен сүйетін жан таба алмай.
Жауқазын боп жерде өмір сүрмейтін,
Аспан жақта,
Тек аспанда гүлдейтін.
Кей түндері өлең оқып бергенмен,
Менің де ақын екенімді білмейтін...
ЕҢЛІКТІҢ ӘНІ
«Аужар айтам, жан қалқа бүгін анық,
Таңға асатын торыны мініп алып.
Ақ жүзіңнің сәулесін ән етуге,
Ауылыңды бетке алам құбыла ғып...»
Бұл әуен секілді бір халық әні,
Ешкім оны көрген жоқ танып әлі.
Еңлік қыз салады осы әуенге,
Әйтеуір, ол біреуді сағынады.
Бұл жырдың жөні де бар жазылатын,
Сол ақын қыз көзінен наз ұғатын.
Ырғағына өлеңнің дала билеп,
Елтитін осы әуеннің сазына түн.
Бар ауылды аралап жыр кетеді,
Тыңдағанның көкейін гүлдетеді.
Сол әнге Еңлік қыз салады ылғи,
Жер сызып кестеленген бүрме етегі.
-Ашылмай келе жатқан шындығы әлі,
Ойпыр-ай, бұл соншама кімнің әні... –
Ешкімге жауап қатпай, сол Еңлік
Сүйетін ақын дейтін сұңғыланы.
Тұрған сәт дүниенің басы гүлдеп,
Өмірлік өлеңім бол, ғашығым,-деп-
Шолпан жұлдыз туғанда ақын жігіт,
Қызбенен серт байласты жасырын кеп.
Болар ма тап осындай жігітте епті,
Куә етіп айдын көл мен тұнық көкті;
Таң ата ақсұңқардың асылындай,
Еңлікті өзімен іліп кетті.
Қош айтысып ауылы еркесімен,
Қайырылды сұлу ән келтесінен.
Өзі әнге сап айтатын әлгі өлеңі,
Ертесіне шығыпты сөмкесінен.
Кеу-кеулесіп айтысып болған істі,
Бүкіл ауыл бас шайқап, таңданысты.
Анасы үнсіз жылап, ал әкесі-
Қызына отыр тілегін арнап ішкі.
-Жігіт емес жаны жат, заты бөтен,
Оқыдым қызға жазған хатын, әкем.
Күйеудің кеудесінде құдірет бар,
Бұл өзі кәдімгідей ақын екен!-
Әкесі сірә бұған тамсанады,
Тербетеді даланы таң самалы.
Ауылы әбігерге түсіп жатыр.
...Еңлік қыз жат жерде ән салады.
Басқа салды, салғасын, көнді бәрі,
Қыз кеткенде сыналар елдің ары.
...Бұл ауылдың қыздары Еңліктей,
Ән салмайды сызылып ендігәрі.
* * *
Ойым бүрлеп, сәуле түсіп санаға,
Ақын болып кетем ертең қалаға.
Қош айтыстым жазығыма жусанды,
Ұзақ қарап сағымданған далаға.
Көңіліме тұрғаннан соң дем беріп,
Кер даланы қия алмаймын сенделіп.
Кетем бірақ,
Сосын ақын боламын,
Өмірімді бақ пен сорға тең бөліп.
Ши түбінен қол бұлғайды шат күнім,
Балауса күн,
Таңдай тескен тәтті ұғым.
Кетерімде тарап едім кекілін,
Көз алдымда мұңайғаны ақ құлын.
Перзентіне иігендей жер төсі,
Мейірленді бүкіл ауыл өлкесі.
Алатаудай арманымды арқалап,
Қала жаққа шығып кеттім ертесі.
Тоқтамаймын таңға асатын торыдай,
Таусылмайды ұшығы жоқ жол ұдай.
Көзім алды тұманданып барады,
Қарашы,
Ақын болам деген сорым-ай.
Көңіл шіркін ақ құлындай жетім-ді,
Түсіме енді...
Мені іздейтін секілді.
Қимастықпен елжірейді алыстан...
...Құла тай боп кекілді.
ЖАС АҚЫННЫҢ КӨҢІЛІ
Ұлы боп күн кешкім келеді,
Мына әлем сыйдырмай қоймаса;
Жазылып ғасырдың өлеңі,
Адамзат сол жайлы ойласа;
Ұлы боп күн кешкім келеді,
Әйтпесе бұл әлем алдайды.
Бар оның өзіндік себебі,
Бірақ та айтуға болмайды.
Тентіреу...
Содан соң тас қала,
Табанды тоздырған көшелер.
Ұлылық соңында жас бала,
Уақытпен өлеңін еселер.
Ұлы боп күн кешкім келеді,
Жүк болмай өлеңнің обалы.
Жазылса ғасырдың өлеңі,
Басқаның қажеті шамалы...
* * *
Ару кетіп бара жатыр көшеде...
Жазық маңдай әсте күнге тимеген,
Ақ тамағын адам келіп сүймеген.
Көкірегінде кереметі жұпарлы,
Қос бұрымы арқасында билеген.
Талайына берген сынды Тәңір бақ,
Піскен жемістей мықыны мамырлап.
Әміршінің ақ Бикесі сияқты,
Бірақ оны кім бар көрген тамырлап.
Кейіпкері ертедегі ертектің,
Мен сорлы оған жанаса алмай жер тептім.
Туабітті пәктігін айт, пәктігін,
Қос тізесін қалтыратқан еркектің.
Жанарында ақтымық көл тұнады,
Секілді бір он саусағы қыналы.
Шолақ көйлек киіп алған үстіне,
Етегіне жабыстырып күнәні.
Ару кетіп бара жатыр көшеде...
АҚЫН
Көз тоқтатып қарашы;
Мүлгіді әлем нілдей қара наласы.
Қалған еді Ай астында күбірлеп,
Әлі өлең оқып отыр шамасы.
Солай қарай қадам басып келемін,
Оқып отыр өмір жайлы өлеңін.
Кенет...
Кенет қас қылғандай мұңайды,
Бірақ оның түсінбедім себебін.
Сүркей күзден қалмаған соң мағына,
Жапыраққа жыр оқыды тағы да.
Мынадан соң тұрып қалдым үндемей,
...Туған екем қара өлеңнің сорына.
Ол қалғанда күбірлеп,
Әлем жатты тынысынан дірілдеп.
Сәлден кейін бозамық таң бозарды,
Сосын күзгі жаңбыр жауды сібірлеп.
Ұлы ойларын жария етпей кісіге,
Араласпай Адамзаттың ісіне;
Содан...
Содан жазып бітті бір өлең,
Бірақ өзі еніп кетті ішіне.
* * *
Аумай қалған ақсұңқар баласынан,
Айналайын көзіңнің қарасынан.
Жанымның дұғасындай болып кеткен,
Көңілді елжіретіп саласың ән.
Әуенің маған таныс секілді еді,
Саған мәлім ақынның өкінгені.
Пәктігіңді айғақтар күлгеніңде,
Сүт шұңқырың ойылып бетіңдегі.
Құстар ұшып келгенде күміс қанат,
Босағаңа кеп тұрмын гүл ұстап ап.
Өтінемін, ән салшы ең соңғы рет,
Табайын мен де сосын тыныш тағат.
ЖАРЫМ ЫРЫС
Мен Ғашықпын. Жырладым ғашықтықтың ғажабын,
Бәлкім содан бақытым. Бәлкім содан азабым.
Жеті түнде көз ілмей ой кешіріп отырдым,
Бәлкім содан адаммын. Бәлкім содан ақынмын.
Мен мұңымын күз күннің. Ал, жырымын көктемнің,
Дүниеге Алланың аманаты боп келдім.
Әйтеуір мен ғашықпын. Бәлкім ол бір ғанибет,
Бәлкім...
Бәлкім қалармын өз сорымнан зар илеп.
Сұрақ белгі алдымнан шыға берді бүгінде,
Леп белгіге айналса бәрі осының түбінде.
* * *
Өмір бойы сақтап қалған мәрт атын,
Махаббаттың күйін шертті қарт ақын.
Ғашықтардың хикаясын төгілтіп,
Домбырасын тоқсан толғап тартатын.
Бой тасалап пендешілік күбірден,
Күй толғайды Тәттімбет пен Сүгірден.
Сұлу қыздың назды сәтін салды кеп,
Отауына еркелеп бір жүгірген.
Енді арудың үйден шығар сәтін сал,
Қызықтайық қыздың көркем затын сәл.
Мүмкін біз де ақын болып кетерміз,
Жоқ, біздерге сене алмайды ақын шал.
Кенет сөзді басқа арнадан тартады,
Таусылмайды жәдігер сөз, бар тағы...
Өлең жайлы айтса егер де, әлгі қыз –
Ақын болып кететіндей қорқады.
Кеудесінде күмбірлеген ария,
Мақамы енді тасып аққан дария.
Өмірінен өнеге өріп беретін,
Көрінбейді бүгін сол бір қария.
КҮЗГІ МҰҢ
Сарғайып жатты кешегі жасыл жапырақ,
Мүлгіді сосын айналадағы атырап.
Қайтқан құстардың қанат суылына қаныққан,
Шайырлар бүгін күз жайлы өлең оқымақ.
Бетке алып көне сәкіні,
Кілең шайырлар күз жайлы өлең оқыды.
Кенет бұлттардың жыр тамшылады көзінен,
Ол да бір қазақ ақыны.
Басылмай көңіл тұманы,
Отырмын жалғыз жазға бағыштап дұғаны.
Біз жақтан құстар біржола кеткен секілді,
Олардың қайта оралатындығы шүбәлі.
Кеткендей болды қанатына байлап көктемін,
Мен де өлең оқып, сезімді келмей шектегім.
Әлден уақытта мамырға қарап күрсініп,
Қарашаға қарай мұңайып қана беттедім.
Күзді қарсы алдық...
Шайырлар сірә шайқады,
Байқалып қалды әлі де бар-ау айтары.
Біз жақтан ұшқан әз құстар өзге көктемге,
Біз жаққа күздің келгенінен хабар айтады,
Күзгі мұң...
* * *
Аллаға болсын құлдығым...
Төрт кітапта айтқан он сегіз мың ғалам шындығын.
Жеті қат жердің үстінде өмір зырлайды,
Періштелер мен ақындар көрмей бір-бірін.
Күн батып, тағы таң атып,
Ән салсын құстар жұртты өзіне қаратып.
Жеті қат көктен ақ періштелер түседі,
Ақындарға өлең таратып.
Таңсәріде жазып қойған хатым бар,
Халайық, соны оқыңдар.
Ақ өлең көкке құс болып ұшып кетеді,
Кездескен күні періштелер мен ақындар.
ҚОБЫЗ САРЫНЫ
Мойнында дүние азабы,
Қанында тулаған ғазалы.
Құдайда жазығы жоқ оның,
Әйтеуір сонда да жазалы.
Сезімі іңірге таматын,
Сырласы-жұлдызды қара түн.
Қауырсын түспейтін қолынан,
Шағала қаққанда қанатын.
Сыр тартып тұңғиық түндерден,
Сүйінші сұраған күндерден.
Далалық қара көз бағбаны –
Күн сайын тәж өрген гүлдерден.
Менің де тулатып қанымды,
Айтады ол Абыл мен Қабылды.
Өлеңнің өртінен қашамын,
Қоярға жер таппай жанымды.
Дүниеге өлең боп оқылған,
Өмірді сұраңыз ақыннан.
Шыбындай жаны үшін сатылмай,
Аққудай ары үшін атылған.
Теңізде тоқтамай кемесі,
Бітпейді тағдырмен егесі.
Қобызға қосады қайғысын,
Жердегі Құдайдың елесі.
Бас қамын басқаға зар тұтпай,
Өз-өзін өзгеден зор тұтпай,
Өмірін өлеңмен ұзартып,
Күн кешкен кешегі Қорқыттай.
Ақындар, ай, қайран оғылан,
Қашпаған сұңқардың сорынан.
Қобыздың сарыны – өлеңі,
Әуенін қыранша қорыған.
ЖАЛЫНЫШ
(Мұңайыс-хат)
Түсініп қарашы дерт емген жаныма,
Себебі бәрінен ерексің мен үшін.
Әйтеуір туыппын өзімнің сорыма,
Бірақ, ол менің жеңісім.
Қайғылы болса да бір нәрсе айтамын,
Ойламай жүрші тек Ұлы Өлім хақында.
Келеді әлемді өлеңмен шайқағым,
Сен үшін қақталып сезімнің отында.
Сұлусың...
Еш күмән келтірмен,
Өтінем, сүймеші ешкімді.
Сол үшін өзімді бейуақ өлтіргем,
Содан да өлеңге дауысым естілді.
Сондықтан гүлдерді тірідей үзбедім,
Сол үшін әлемге өлең боп оқылам.
Әзірге құстардың көктегі тізбегін,
Өзімше бақылап отырам.
Бір күні айтқансың сен өзің туралы,
Себепті, себепсіз.
Түсінгем, өмірдің думаны,
Біздерге керексіз.
Бәрібір жұмбақсың мәңгілік шешілмес,
Енді ондай әңгіме айтпашы мен үшін.
Ақынды ертерек бақиға көшірмес,
Болса егер жер беті келісім.
* * *
Күндер-күндер өзендей барады ағып,
Сол күндерден қалғанмын жараланып.
Өкінішті жыр жаздым бүгін түнде,
Бір өкініш адамда болары анық.
Төбемде ақ шудалы көшеді бұлт,
Маған сыр айтатындай неше күліп.
Мен қарындас іздеймін бұлт ішінен,
Менен гөрі сол ғой деп көшелі үміт.
Өзегімді өртейтін мұң қашанда,
Қарындасым болмады сырласарға.
Сол үшін елірсем бе Еділ болып,
Болмаса Жайық болып жырласам ба?!.
Өмірден жүрек сондай мұң ұғынды,
Бұл өмір қайтсін бірақ қылығымды.
Жалғыз үміт болып та туылмадың,
Біз таласа сипайтын тұлымыңды.
Күйгелек көңіл сынды көрмей тыным,
Өтіп жатыр өлеңмен шерлей күнім.
Қарындасым жоқтығын айта берем,
Одан басқа еш сөзге келмей тілім.
ЖАЗМЫШ
Тағы бір жан қылтасынан қиылып,
Құс жолына бет алғанда арманда;
Жаратқаннан жарық сәуе бұйырып,
Келген екем өлең болып жалғанға.
Маған бірақ бақ құрғырың көнбеді,
Сұлудайын сүймесіне жолыққан.
Өмір биіне икемім келмеді,
Билей алмау ұят екен халықтан.
Болғым келген ғасырымның ақыны,
Қиялдандым ұлы болып өтем деп.
Шалқып жүріп шарап та іштім ақыры,
Омар Хаям бабам айтты екен деп.
Ауыр мұңға арқа тостым мен енді,
Құштарлығым артпай қойды өмірге еш.
Түсінсе сол түсінер деп өлеңді,
Бір сұлумен болып кеттім көңілдес.
Өмір дейтін той сияқты көңілсіз,
Тойдан ерте қайтқан дұрыс тегінде.
Талай достар болып кетті сенімсіз,
Кеше ғана бас байлайтын өлімге.
* * *
Өмірдің төтеп сан ағысына,
Күндерім өтті шерге тең.
Бейнеңді байлап қалам ұшына,
Жаныңды үнсіз тербетем.
Бір кезде әппақ үміт болғансың,
Пәк болып түсіп хатқа да.
Жүрекке шық боп тұнып қалғансың,
Туғанда жұлдыз шоқтана.
Білінді бүгін наздың керегі,
Мезгілі өтті сүйектен.
Сен жайлы өлең жазғым келеді,
Ақ көңіл, адал ниетпен.
Мұңайып кетем кимелегенде ой,
Көңілім сырын ашпаса...
Мен сені бәлкім сүймегенде ғой,
Болар ма еді бәрі басқаша.
Қарайды түндер көз алмай менен,
Жаныма айықпас дерт еккен.
Сезімім жайлы жаза алмай келем,
Көз жасым сынды мөлт еткен.
Бағытым болар сөнбеші шырақ,
Ақ сезіміңді кеше гөр.
Ел айтса айтсын, сенбеші бірақ,
Мені ақын боп кеткен десе егер.
ФӘНИ
Мекені қырық түрлі құлшылықтың,
Иесі түбірі жоқ тіршіліктің.
Қабылына өлтірткен Абылдарын,
Фәнидің дидарынан түршігіппін.
Ол келген күн бәрін де күйретеді,
Туа біткен бишідей билетеді.
Тәрк етеді бөрілік болмысыңды,
Икемделсең иттікке үйретеді.
Талқандайды тәжің мен тағыңды да,
Түгел өртеп жіберер бағыңды да.
Құландай құйрық-жалсыз күн кеш мейлі,
Таппайсың жеритұғын қағыңды да.
Таты кетпей тамұқтың таңдайыңнан,
Бес батпандық бейнетің балдайыңнан.
Айдан аппақ көңілің кірбің тартар,
Тәңір танып сүймесе маңдайыңнан.
Фәни-ажал, солған гүл, семген тамыр,
Жердің бетін өлшеусіз көмген қабір.
Бір құтқарса құдірет құтқарады,
Ол да әуелде бір өзің сенген Тәңір.
БОЗШАҒАЛА
Дариға-ай қу мен қуды қағыстырған,
Аң мен аң, құс пен құсты жарыстырған.
Таңғы жұлдыз туғанда сүт сәулелі,
Сенің даусың естілді алыс қырдан.
Ақшағала тектесім бозшағала,
Қосылармыз Тәңірім жазса ғана.
Сені ешкімге теңемен, теңің де жоқ,
Өтірік айтып атанбан тазша бала.
Кешегі шайырлардың көзіндеймін,
Дуалы аузындағы сөзіндеймін.
Кешкі намаз әуенін ант қылайын,
Анадан алғаш туған сезімдеймін.
Қара көздер жүргенде елеместен,
Болғандай болды шөлге терек өскен.
Жанарыңның ішінде жұлдыз қайнап,
Сұлу сурет боп ұшқан сен емес пе ең...
Шәк қылар кім періште пәктігіңе,
Зәмзәм суы сияқты тәтті үніңе.
Тәңірдің таң нұрындай ақтығың бар,
Дес бермес гүлзарлардың ақ гүліне.
Бақытыма бақ қосар бозшағала,
Өлеңімді өзіңе наз санама.
Сапарласым боларсың сағы сынбас,
Ал қалғаны тағдырым жазса ғана...
ПЕРІШТЕ
Жарым түнде періште қақты қанат,
Қақты қанат қылуға Хақты мадақ.
Ауадан Алла демі аңқығанда,
Жұпары кеңістікке жатты тарап.
Ар ісі ақын дейтін атым барда,
Құдайға дұға етпеуге хақым бар ма?
Дүниеге жыр келген күн Алла қалап,
Періштені жіберді ақындарға.
Тағдырларын алғанда шайқап енді,
Ақынның жүрегінде сайтан өлді.
Түнде ұшқан періште таңға қарай,
Аллаға сүйіншісін айта келді.
Ауызымда айтатын арзам қалып,
Жүрген шақта айналам арзан танып.
Періште қанатынан жыр саулады,
Алқаракөк аспаннан маржан тамып.
ҰЛЫ АРМАН
Ғаламның түйсігін қозғаған,
Дүниеде еш ақын жазбаған-
Ұлы жыр бастағым келеді,
Баурына басатын боз далам.
Фәниге алғашқы әм соңғы рет келгесін,
Елемей өлеңнен өңгесін,
Төрт шумақ ұлы жыр жазсам-ау,
Жұбатып жалғанның пендесін.
Ұлы жыр тек тартса жұртымнан,
Артылса мыңжылдық ұрқымнан.
Барлығын білген күн, тыйылар-
Айбатын шеккендер сыртымнан.
Өлеңге қайғымды қосқанда,
Аңсарым ауады аспанға.
Құс жолын бетке алып кеткенмен,
Айналсам мыңжылдық дастанға.
Фәниге ақын боп келгесін,
Елемей өлеңнен өңгесін
Ұлы жыр жазармын, Тәңірім –
Ұмытып кетпесе пендесін.
Қанатын қыранша қомдаған,
Қыранша зау көкке самғаған.
Тарихта санаулы-ақ ақын бар,
Ұрқына ұлы жыр жалғаған.
* * *
Некесіз-ақ басыма бақ қондырған,
Жүрегімді үнсіз ойға шомдырған.
Ізгі нұрдан жаралғандай дидарың,
Періштенің өзін естен тандырған.
Дәм татқызар жұмақтағы жемістен –
Артық емес сенен сірә періштең.
Ұмыттырдың қырық жылғы қайғымды,
Қырық өрім шашты қызбен сеніскен.
Қырық қызды сүйген екем ұнамды,
Қырық қызға айттым жырмен дұғамды.
Айналайын соның бәрін білсең сен,
Ешқашанда кешпес едің күнәмді.
Кінәлімін,
Қайтем жүрек көнбесе,
Тәтті дәмнен татқысы кеп шөлдесе.
Көзіңе енді шөп салмауға сөз берем,
Қырық күндік той жасайық ендеше.
Жаным сені ақын мәңгі сүйсінші,
Қырық шырағыңа жүрек күйсінші.
Қажеті жоқ пенделердің біздерге,
Некемізді періштелер қисыншы.
* * *
Басымды тауға,
тасқа ұрдым, түңілмедім,
Жарамас жарты жолдан бүгілгенім.
Жүрегімнен үзілген өлеңім-ау,
Шеменімді шетінет бүгін менің.
Ертеңгі үмітімді ұстартамын,
Бүгінгі күдігімді қысқартамын.
Дос дейтін дос жоқ менде білсең егер,
Сондықтан қыз болсаң да,
Іштартамын.
Күн кешемін бағзының серісіндей,
Сезім де сылдыраған келісімдей.
Иіді жан-дүнием...
Мен емеспін-
Қайыңның қатып қалған берішіндей.
ӨМІР
Тағдыр жазып тілдессе де тылсыммен,
Менің жырым күрең түсті күрсінген.
Айдынымнан аққу ұшты-ау алысқа,
Қанаттары таңғы бұлттай нұр сіңген.
Мен туралы сөз қозғайды бозөкпең,
Барқыттарын олар солай бөз еткен.
Бөрі тектес бұйығар ем, әттең-ай
Бөріқұрсақ бақытым да мезі еткен.
Ерте қалдым қыздың нәзік назына,
Қош айтыстым сүтті іңірлі жазыма.
Отқа оранып кетпеген соң көзінде,
Бұрымдыға айта алмаймын базына.
Менің жырым тілдессе де тылсыммен,
Өзегіне заты бөлек мұң сіңген.
Өмір жайлы ерте үйретті...
Сол қыздың –
Дидарында діріл қаққан гүлсім мең.
ҚЫЗЫЛ ӨЛЕҢ
Маған қарай айдайды жел күз бұлтын,
Жапырақтар тартты содан қызғылтым.
Алтын түймелі бір ару аңсатып,
Қызыл іңір боп басталды біздің түн.
Қыр астында қызыл кірпік күзім тұр,
Бұл дүние жылытпады жүзін бір.
Бұрымдының бұрымына қоса өрер,
Қырларға енді қаптамайды қызыл гүл.
Зілдей болып мұң басқанда еңсені,
Жиілейді көңіліңнің кемсеңі.
Арзу айтсаң аққуларға аққанат,
Сол болады дүниенің өлшемі.
Сүйгеніңді сүйдірмейді-ау бұл жалған,
Саусағында сақинасы бүр жарған.
Қызыл іңірден басқаны көрмеген,
Мен болармын мұңға жүкті мұндар жан.
Бұл дүниеде қызыл түсті Біз ғана,
Бізді ұғатын аймаңдай қыз Сіз ғана.
Қызыл гүлдер сыйлай алмай қамықтым,
Жар қызығын көрсететін қызға да.
Көзден ғайып қызыл дүние түбінде,
Еш мазмұн жоқ тасың түгіл, гүліңде.
Енді арғысы Аллаға аян тек қана,
Ескі мұңым есік қақты бүгін де...
ТҮНГІ КӨБЕЛЕК
Кімнің қай кез таусылыпты сайраны,
Ғажап-ақ қой жан біткеннің жайраңы.
Түнгі шаһар шамын жақты шырадай,
Бүгін түнгі көбелектер мейрамы.
Олар үшін жат көрінер күрсіну,
Атымен жоқ сезіміне тұншығу.
Сырт көзге олар шеттерінен періште,
Әрі сүйкімді де әрі тым сұлу...
Балиғатқа жетпей шашып шырынын,
Гүлі ашылмай лайлап алған тұнығын.
Әрбір гүлге бір қонады кешқұрым,
Қиып тастап қасиетті бұрымын.
Тесік моншақ жерде жатыр шашылып,
Махаббаты көкжиекке асылып.
Таңсәріде жылап жатты содан соң,
Көзін жасын Құдайынан жасырып.
* * *
Бұйра бұлт тау басынан көшкен еді,
Қырларда қызыл гүлдер сескенеді.
Жер бауырлап ағады ақ бұлақтар,
Мен неге түсінбеймін ештеңені.
Мұңын неге білмеймін мына әлемнің,
Өкінішін қайтеміз құба белдің.
Өмірге жылап келген жан едім ғой,
Келмей ме әлдеқандай жылап өлгім.
Өз сорым ба ұлы ақын бола алмаған,
Енді өмірге келмейді жоғалған ән.
Аққудың күйін неге толғамаймын,
Айдынына қайтадан оралмаған.
Оралмады әдемі құс аққанат,
Сұлу сазын сорына тұсап, қамап.
Сарғайған жапырақты жинап жүрмін,
Қарайып кеткен гүлді құшақтап ап.
Мен неге түсінбеймін ештеңені...
БАЛА КЕЗДЕГІ БІР ОҚИҒА
Ешкім ол кез дұрыс білмей атымды,
Танымайтын мен сияқты ақынды.
Айхай дүние, шайыр едім өзгеше,
Сұлуларға жырмен жазған хатымды.
Талай көздер көкірегіме жайды мұң,
Қыпша белдер қиялды арбап...айныдым.
Ауылымда арулар көп аққудай,
Бірақ оның жыр етерсің қайбірін.
Парталас қыз сұқтандырып санамды,
Хат жазғанмын өлеңменен таң алды.
-Өмір бойы сүйіп өтем..,- деп бастап-
Жауап күтем,-деп қаңтардым қаламды.
Ұнататын едім оны, расым,
Ертеңіне хатты оқып, ал, жыласын.
Кабинетке кіріп келген сол ағай,
-Мұны жазған қай мықты?-деп сұрасын.
Соны ойлаушы ем тұнық таңда, кеште де,
Ақындығым болды солай әшкере.
Ағай хатты жыртып, ал кеп сыбады,
Мен әрине, айта алмадым ештеңе.
Төзімімнің үзілердей сәт шегі,
Әй ұрысты, деді: - Көрем тап сені.
Өмір бойы бір аруды сүйгенше,
Бүгін өліп қалғандығың жақсы еді. –
Ағай менің сезіміме тақпақ сын,
Құлазыдым көңілімді жоқтап шын.
Деді ол тағы:
-Сенің сөзің далбаса,
Ешқашанда сүйе алмайсың, оттапсың... –
Бұл әңгіме жыры болды ортаның,
Еске түссе азабын бір тартамын.
Қызға арнап жыр жазбақ түгіл бүгінде,
Әлгі сөзді айтуға да қорқамын.
ШЫН ЕМЕС
Куәсі боп нәркес пен наза күннің,
Бірі болдым айтулы әз ақынның.
Кешқұрым сүмбіленің саясында,
Жатып ап керемет жыр жазатынмын.
Сөздер шықты қап қойған қордаланып,
Талайлардың жазғаны жолда қалып.
Сосын оны оқыдым Самарқанда,
Көк тасы да жібіді қолдап анық.
Ақындар да бар екен жазар мұнда,
Бірақ бәрі қысылды көз алдымда.
Сұмдық қой
Жырын жыртып бір жас ақын,
Бозарып жайғасты кеп бозаң қырға.
Көңілдегі ұлғайтып сезімді бек,
Көрушілер көбейді көзімді кеп.
Әзиз ханы бетіме қарап айтты,
«Періште қыз сүйіпті өзіңді»-деп.
Өзге арнаға бас бұрып санам мәңгі,
Басқаларға сезімім қараң қалды.
Бұл ғасырда өзім-ақ қалдым биік,
Ал басқа ақындарға обал болды.
* * *
Бір иіскеп шашыңнан,
Ғазал өріп кетермін.
Жазығымды жасырған,
Қарызыңды өтермін.
Гүлден өрген тәжіңді,
Есіме алсам егілем.
Айта жүріп назыңды,
Қоштасыпсың менімен.
Аңсап шексіз зеңгірді,
Өзімді-өзім алдаппын.
Сен сүйетін зер гүлді,
Мен құрметтей алмаппын.
Жігін шағып жанымның,
Жылап ақты жылғалар.
Тәспісіндей Тәңірдің,
Тізбектелді тырналар.
Мен де жатам қамығып,
Еске түсіп жайраң кез.
Күрең күзге зарығып,
Күрсінбеші айнамкөз.
Енді бөлек гүлдейсің,
Емес бірақ бақта бұл.
Арманымды білмейсің,
Аққуым-ай ақкөңіл!!!
* * *
Жүрегім бұл бозінгендей боздаған,
Сол үшін де қажет сендік наз маған.
Бұйырыпты ғұмыр кешу ақын боп,
Маңдайыма пайғамбарлық жазбаған.
Қалай ғана қарап құрақ ұшпайын,
Қалай ғана қасиеттеп құшпайын.
Зау биікте кейде қалқып жүресің,
Қанатынан моншақ тамған құстайын.
Қауызынан күй төгілген гүлдейсің,
Сені сол үшін ақын сүйді, білгейсің.
Жүрегімді ұрламашы, жүрексіз –
Мені қалай өлең жазып жүр дейсің.
Жырын жырлап алқаракөк фәнидің,
Сені ұмыт қалдырмаспын хабибім.
Түнекпенен отасатын жарықта,
Жалғыз сенің жұлдызыңды танимын.
Бұл фәниге келгендер көп қарғашым,
Ал сен көптің бірі емессің, ол да шын.
Зау биікке ұшқаныңда жырлайын,
Қанатыңнан қауырсын бер, қандасым.
* * *
Ақынмын сыймас жыры қауызға,
Өзіңді сүйген өлермен.
Салғандай едің үріп ауызға,
Жаратылғандай өлеңнен.
Ес білгенімнен жасынды аңсадым,
Жырымнан алғаш жасырып.
Мойныма тағар асыл моншағым,
Қала көрмеші шашылып.
Мұңайса сұлу әлем өледі,
Қарсы дау айтар бұған кім...
Өзіңді көргім келе береді,
Ғашық боп қалған шығармын.
Көрмеші менің ақылымды аздан,
Әр күнім өтер әрқалай.
Сен айтар әннің мәтінін жазған,
Өзім едім ғой қалқам-ай.
Дірілдеп бақта қауызы гүлдің,
Сөгіліп түстім көбемнен.
Ақындығымның ауызын ұрдым,
Жұбата алмасам өлеңмен.
Мұңайма...
Біздер болсақ та мұңды,
Мұңды етер өмір-базарың.
Шашып алмашы моншақтарыңды,
Содан болмасын ажалым.
ӘДЕМІ ӘЙЕЛ
Атқанынша көктемнің құба таңы,
Әдемі әйел өз-өзін жұбатады.
Сағынышы шашылып көзіндегі,
Кей түндері жүрегін жылатады.
Жанын арбап сол күні елес түнгі,
Мұңайды әйел...(оны ешкім демес мұңды.)
Үрпек бас шақ туса да үздіктіріп,
Кездестірген жоқ бірақ ол ешкімді.
Айтқан жоқ жалғыздығы жайлы өзгеге,
Айналған жоқ тағы да айкезбеге.
Күллі әлемнің тынышын алып келген,
Әдемі әйел әулие қай кезде де.
Күй кешеді кей күні шалқымалы,
Жар құшағын аңсайды...бар құмары.
Гүлдерменен жастығын ұзартса да,
Ақжағалақ аққудай шарқ ұрады.
Келсе де бір басына қанша қайғы,
Бір көктемін күтуден шаршамайды.
Гүл ашатын мезгілін күтеді ылғи,
Одан өзге ештеңе аңсамайды.
МӘЖНҮН ТАЛ
Мендегі жыр,
Күзді күнгі нәзік мұң,
Мәжнүн тал-
Ару сынды бұрымды.
Сенің ғазиз жапырағыңа жазыппын,
Ең аяулы әрі алғашқы жырымды.
Сол өлеңді мезгіл келіп үзгенше,
Мұңайма тек...
Жұлдызы сор ақындай.
Сағыныштан сарғаясың күз келсе,
Менің сүйген сұлуымның хатындай.
Қия алмайсың бірге кешкен дәуренді,
Түсіме ендің кей түндері егіліп.
Еске салып тұрсың бүгін сәулемді,
Қос бұрымың тобығыңа төгіліп.
Мәжнүн тал...
Менің көркем ғазалым,
Жүрегімнен оқып келген сырымды.
Сенің әзіз дидарыңа жазамын,
Ең азапты әрі соңғы жырымды.
* * *
Жүрегімді жарып шықса жасын ән,
Саған қарай құрақ ұшып асығам.
Түн көзінен тамып түссе тәтті мұң,
Оның несін тағы сенен жасырам.
Тотықұстай тұғырында таранған,
Қыз-құпия тылсымынан нәр алған;
Есің бар ғой емексітпе ерке қыз –
Менің қисық қабырғамнан жаралған.
Тамыр тартып жырым сендей гөзелден,
Жүрек тылсым көкжиектен сөз емген.
Көктем келсе кемер бұзған көл сынды,
Сезім тасып жатыр бүгін көземнен.
Өмір рас жазылмайтын құрысы,
Шапшаң аттай шаң қаптырар жүрісі.
Жүрегіңді жырмен аптап ақықтай,
Омырауыңа гүл қадайын...дұрысы!
* * *
Шаһарда біздің сұлу бар еді,
Адам біткенді шайыр қылатын.
Жанарындағы жылу да әдемі,
Мейірім сыйлар қайырлыға тым.
Сұңқар бойынан кие білінді,
Пір тұтты-ау сірә Ұмай Ананы.
Дәл мендей ол да сүйеді мұңды,
Дәл мендей ол да жылай алады.
Ләйлідей еді,
Болдым да Мәжнүн,
Ғазалдар жаздым күйге еніп текті.
Жүріп ол сұлу көз алдымда аз күн,
Сәл кейінірек үй болып кетті.
Өмірден жүрдім жеріп неше мен,
Күрең тартқасын білдей арманым.
Сол бір сұлуды көріп көшеден,
Тәкаппарлықтан үндей алмадым.
Есіме түсті енді таба алмайтыным,
Қалып еді ол кезігіп қайдан.
Сынған кесенің жамалмайтынын,
Мен одан бұрын сезініп қойғам.
Аспан жылап тұр,
Сұраған мұңым,
Екеу болыпты еңісте шынар.
Періште емес шығар ол бүгін,
Бәлкім қателестім, періште шығар.
ЕЙ, ДҮНИЕ!..
Жарлы болып жетілгенмен,
Жыр оқыдым іңірде.
Өгей әке секілденген,
Ей, дүние мұның не?!.
Күллі арманнан қашқалақтай,
Жүрмін дәруіш пішінде.
Қу басым да, асқабақтай
Домалап жүр ішіңде.
Ей, дүние!..
Жасқауың көп,
Тозып жүрген кезім шын.
Күн кешпеймін тасбауыр боп,
Тасбауыр тап өзіңсің.
Берген бағың...
Өлең бердің,
Шақ кезімнен бүлдіршін.
Келе мұңға көгенделдім,
Ол Бақ я Сор...
Кім білсін...
Қоңыр мұңды ерсі көрмен,
Енді маған мұң ие.
Ақындықтан енші бөлген,
Бар бол,
Ей, дүние!..
СЕЗІМ
Махаббатсыз сәні келмес сазының –
Ақ өлеңмін...сүйдім сол да жазығым.
Тұмар қылып тағып алшы жырымды,
Тұма сынды тұнық қана нәзігім.
Сен түйсінсең жағдайды мендегі,
Кеуілімнің келешекке сенгені.
Мүмкін сендей сұлуларды жырлауға –
Ақындардың жер бетіне келгені.
Меруерттей мөлдіреген аймаңдай,
Тәңір бізді сыңар қылып қойғандай.
Құдай жырдан өзге қасиет бермепті,
Суретші де болар едім ойланбай.
* * *
Жас жүрек ем жырға жүрген сыйынып,
Бір бақыт боп қалмап едің бұйырып.
Іздеп сені бара қалсам үйіңе,
Кері қарай жібермеуші ең қиылып.
Кері қарай жібермеуші ең қиылып,
Қалушы едім қылығыңа сүйініп.
Жыр оқушы ем айлы түннің астында,
Құп алушы ең жан-дүниең иіліп.
Көп ұзамай сол бір күндер алдады,
Оның тағы түсті маған салмағы.
Өмірім деп өлең жазып жүргенде,
Бақытыңа асығыпсың алдағы.
Бақытыңа асығыпсың алдағы,
Өз жүрегім өзімді өстіп алдады.
Асығыстау кездеріңді білмеппін,
Мен де асығар ем бақытқа сондағы.
Жүрген шығар жанарыңнан жас тама,
Енді өкініш онда да емес, басқада.
Құшағында сен елтідің өзгенің,
Мен орамал салам ертең басқаға.
Өмір осы...жиынтығы дүрмектің,
Енді келіп өлеңімді мұңды еттің.
Тұрушы едің меруерттей мөлдіреп,
Әттең есейгендігіңді білмеппін.
ҚЫРҒЫЗ ҚЫЗЫНА
Айылдан келген нәзік қыз,
Ақынның болшы сырласы.
Біз де бір өлең жазыппыз,
Құлағың салып тыңдашы.
Сөйлесем сөзім жете ма,
Ал енді, тыңда өтінем.
Қазақтар қалай екен, ә...
Ұнайтын шығар шетінен.
Өрімі бөлек жандайсың,
Сезімнен көрген сүйініш.
Сен қазақ бола алмайсың,
Айтары жоқ ол қиын іс.
Кетпегей босқа мұнда кеп,
Бекерге қарап тұрмайық.
Ақын көп бізде, жыр да көп,
Қосылып қане ырлайық.
Мендей қазақты бұл кеште,
Тұңғиық ойға батырсаң;
Сыйлар ем саған ыр-десте,
Ыстықкөл жаққа шақырсаң.
Көкейге сыйла мол үміт,
Айылдың арғы жағынан.
Сол көлге бірге шомылып,
Ырласақ таңға соңынан.
Кенелер едік жұмаққа,
Шаттығын сыйлап таңғы арай.
Ол күндер келмес бірақ та,
Арман-ай, арман, арман-ай.
КҮНІМ!..
Тағдырыммен
Егестім ғой,
Өлеңіммен тел өстім ғой.
Бірақ жаза баспайтұғын
Мен –
Жаратқан емеспін ғой,
Күнім!
Тұлпар-тірлік тақымына –
Басты...
Айналдым пақырына.
Жат сыйласқа жақын болып,
Жат көріндім жақыныма,
Күнім!
Ешкім мені түсінбеді,
Қасірет сол ішімдегі.
Өлең қусам өлермен боп,
Ол-тағдырым,
Түсін мені
Күнім!
* * *
Күттім, күте шайыр болып шайқадым,
Оның бәрін әнеугүні байқадың.
Гүлдер гүлге арзу айтып ашылса,
Арзамды мен саған ғана айтамын.
Күттім...келдің сияқтанып жарық күн,
Айы болдың түнде адасқан ғаріптің.
Аққуыма оқ атылса беймезгіл,
Рас, мәңгі жас жұтам деп жабықтым.
Сен келем деп, мен күтем деп шаршадық,
Екеуіміз екі жақта ән салып.
Тағдырымыз жазылатын тақтада,
Бақытсыздық бола қоймас соншалық.
Бұл жалғанға назасы көп жандайын –
Аспан жалқынданбаса екен әрдайым.
Үкілім-ай ұшып кетпе...бақбақтай –
Бақытымнан айырылып қалмайын.
КӨКТЕМГЕ ХАТ
Қарс айрылып тұр бүгін көкірегім,
Өзіңе мені жақын етіп едің.
Маған қиын болып тұр жалғыздығым,
Күткен қыздай кешікпе, өтінемін.
Сен келгенде қалайын шуақты еміп,
Бәйітімді оқиын бұлаққа еріп.
Ал бүгінге жүрегім жабығуда,
Ғайыптан оны да өзің жұбат келіп.
Түзелер-ау десем де көшім көппен,
Қалған мезгіл мінезі тосын неткен?!.
Мен қимаймын жанымның жұбанышын,
Мен жоқтаймын өзіңді есіл көктем.
Ақкөйлек бір ақынның жырын ұғар,
Ару аз көктем мінез, қылығы бал.
Сары шаш күз-кәрі қыз оң жақтағы,
Сен бойжеткен сияқты ең бұрымы бар.
Өзіңменен кеткенде көп арманым,
Сезінемін бір өлең жоғалғанын.
Хат жазбай-ақ қояйын десем енді,
Кешір көктем...
Тасжүрек бола алмадым.
ГҮЛДЕРГЕ ОҚЫЛҒАН ӨЛЕҢ
Нәзіктігі-айыбы,
Қандай ғажап гүл біткеннің ғұмыры!
Оған ғашық шайырлардың шайыры,
Оған ғашық құстардың да құмыры.
Гүл, гүл ғажап періштесі даланың,
Жаһандағы жаны таза ұлы емім.
Гүлге қарап кейде жылап аламын,
Гүл секілді болмағанға жүрегім...
Жәудірейсің құшағында қыздардың,
Жалықпашы жұпар шашып тұрудан.
Сонда сені алғаш рет қызғандым,
Өзім сүйіп қалған айдай сұлудан.
Гүлдер,
Гүлдер мұңым әрі ақылшым,
Айналдыңдар құдіретті мүсінге.
Мен жайлы сыр айтпақ болып жатырсың,
Өлең жазған дәптерімнің ішінде.
Гөзал гүлдер ақтығыма сенерсің,
Жүрегіме өлең болып тамғанда.
Сосын...
Сосын қабірімді көмерсің,
Туған халқым мені есіне алғанда...
* * *
Аялаумен ақ келбетін арманның,
Жүрегіңе жүрек болып жалғандым.
Сезіміңнің саусағына сүйріктей,
Жарқыраған жырдан жүзік салғанмын.
Күлліәлемдік жалғыз ғана еркем ең,
Күй жараттым сезімімді шерте мен.
Жанарыңда жұлдыз болғым келеді,
Жиырмамда жүрегімді өртеген.
Ақ білегің...Тәтті лебің өзгеше,
Ақын ақын болмас оны сезбесе.
Өлең шіркін сұлулыққа құштар ғой,
Құралайды қағып түсер көздесе.
Аллам өзі құт дарытқан мүсінге,
Ынтығамын өңім түгіл, түсімде.
Сол сәтте де жырдан жүзік сыйлаймын,
Маңдайыңа жазылуым үшін де.
Жүрсің солай маған сезім мол артып,
Сені құшсам құшағыма қонар құт.
Жүрегіңе жырдан жүзік сыйладым,
Соны ендеше алмағайсың жоғалтып.
* * *
Жазықтымын-ау,
Жазығым сол ғой сені ылғи сағынатыным.
Нәзіктігің-ау,
Сағынбашы деп жалынатының.
Өзекті тіліп өкініш өріліп түнде,
Өкіндім өрелі арманым.
Кеткендей қырық қабырғам сөгіліп мүлде,
Мен оған көне де алмадым.
Кеттің ғой болмай шуақ көшелі,
Желкенді бұлттар төбемнен жылап көшеді.
Жүрегіңдегі жауқазын солған да шығар,
Құрғаған болды біз барған бұлақ кешегі.
Жұмбақ екенмін,
Туғалы шешілмей келем,
Сияқты шөгерілген көшімдей өлең.
Осы түн саған бір өлең жазбасам егер,
Өзімді бұл дүниеде кешірмей өлем.
АЛМАТЫНЫҢ ҚЫЗДАРЫ
Алматы әлпештелген әйбат қала,
Айналама қарадым жәйлап қана.
Шаһардың ен төсінде еркелейді,
Бір күлімкөз еріні оймақтана.
Сұлулығын-ай шіркін бұл қаланың,
Көкірегіңде тұрады тулап ағын.
Арулары әдемі екен өзі,
Білмеппін көшесінде жыр боларын.
Сұлу сезім тасынып кешке нағыз,
Өлеңменен шынайы дос боламыз.
Сол шаһардың ауасын жұтып тұрып,
Талай қызды сағына еске аламыз.
Бір қыз өтер сол сәтте түрін бұлдап,
Бір қыз өтер жүректен мұңымды ұрлап.
Ең бастысы аққудай ақын қыздың,
Отырамын паркте жырын тыңдап.
Осылай жүрегімді емдеймін көп,
Қоштасарда азырақ шерлеймін тек;
Бір сөзімді қайталай берем сосын,
«Алматы, енді саған келмеймін»,-деп.
АҚШАМДАҒЫ АҢСАУ
Мен кеңдіктен қорғандым,
Көре де алмай дүниенің кеңдігін.
Аңсатқаны жетпегендей арманның,
Аңсаттың-ау сен бүгін.
Ақшам түсті қалаға,
Шамам жетсе қала ішіне енсемші.
Енді дауа бола алмадым санаға,
Көп аңсатпай келсеңші.
Жүрем жанға үндемей,
Тек өлеңнен табамын деп миятты.
Жалғыз ғана гүл жылап тұр үлбегей,
Ол да ақын сияқты.
Сен осылай аңсаттың,
Аңсай алмау маған сірә сор шығар.
Аңсаймын деп махаббаттан шаршаппын,
Жанарымда тамшылар.
Ерініңнен өбейін,
Енді былай шыдаман.
Жеті түнде жырымды оқып берейін,
Жүрегімде жылаған.
Сол кеңдіктен қорғандым,
Көре де алмай дүниенің кеңдігін...
Падишасы жүректегі арманның,
Өліп барам мен бүгін.
* * *
Көктемгі құстар салады бір ән,
Құстар-ай мені жылаттың неге?!.
Қағады Айдың жамалы бұлаң,
Айдай аруды ұнаттым неге...
Өлең арнасы тарылды, гүлім,
Сұлу сезімнің кәусарындағы.
Қақ ортасынан жарылды бүгін,
Гауһар жүзігің саусағыңдағы.
Өзіңді ғана өлең еткенде,
Айбозым туған сезім едім ғой.
Егер мен ертең өле кеткенде,
Соңымда қалар көзім едің ғой.
Көктемгі құстар салады бір ән,
Құстар-ай мені жұбаттым деме.
Қаққанда Айдың жамалы бұлаң,
Қалқам-ай мені жылаттың неге...
Көз салман енді шуақты айдынға,
Биіктің бәрі секілді аласа.
Жарым жүрегімді жұбатпаймын да,
Жыласыншы бір жетім балаша.
Айтқанмен саған зарпымды ашына,
Бәрібір мәңгі ойда қаласың...
Орамал байлап алтын басыңа,
Алтыным менің қайда барасың?!.
* * *
Қадірім білінбей өзіңе,
Сонау бір балауса көктемде.
Тамшы жас іркілген көзіме,
Ауылдан сен ұзап кеткенде.
Әдемі қыз болды қаншама,
Бірін де көзіме ілмедім.
Өзіңе қараушы ем тамсана,
Жанымды жаулайтын күлгенің.
Ешкімді көзіме ілмеспін,
Тәкаппар болған да кезім көп.
Сол балаң түйсікпен күн кештім,
Балалық аңсарым өзің боп.
Сүйкімді ең, одан соң пәк едің,
Ақ бантик байлаған шашыңа.
Бәрінен бақытты бала едім,
Бір сабақ отырсам қасыңа.
Сүймедім, сүйдірмей кетіп ең,
Көзге ілмей тілі жоқ ғашықты.
Сол үшін әлі күн өкінем,
Ол үшін жүрегім жазықты.
Ән аңсап домбыра ішегі,
Өлең боп Ай туды қияқты.
Ақ бантик есіме түседі,
Арыңның белгісі сияқты.
Сен болдың қара көз қалалық,
Қия алмай қоштастым өзіңмен.
Бір шумақ тіліме оралып,
Бір тамшы ыршыды көзімнен.
* * *
Гүлдей бір қызды ұнаттым,
Күндей бір қызды ұнаттым.
Жалыны өртеп барады,
Жанында жанған шырақтың.
Көргенде бердім көз ақы,
Арналды соған сөз аты.
Құмарым қанбай ынтықтым,
Құштарлығыммен қазақы.
Бір туған қоңыр мұңыммен,
Жұмақ сыйладым жырыммен.
Сүймекке сосын серт еттім,
Азапкер ақындығыммен.
ЖАЗУ
Жазудан кім опа тапқан жалғанда,
Біле тұра мен де жаздым өлеңді.
Арманымды жалғап жүрмін арманға,
Айлағынан айырсам да кемемді.
Жүрегімнің басындағы запыран –
Аздық етпес ақымақ бір кәллаға.
Періштені түнде өзіме шақырам,
Аманаттау үшін жырды Аллаға.
Алладан ақ бұйрықты өлім келгенше,
Құраннан соң Өлең болар жолдасым.
Жұлдыз ағып, көзімнен күн сөнгенше,
Жазған жырым жарты әлемді шарласын.
Ал тірлікте өлең ғана оқиық,
Қастер тұтып керік қасты гөзалды.
Бола алмасам ақ бас шыңдай ақиық,
Тартқаным деп білгей ауыр жазамды.
Самсап ақса әппақ нұрлар түмендеп,
Таңдайыма тамшы татыр шөлдесем.
Ал әзірге қай жоғымды түгендеп,
Өлеңменен қай дертімді емдесем.
Жұлдыз ағып аспан төсін тілсе егер,
Қия беттен құласақ та көнерміз.
Ай сәулесі қаракөкке сіңсе егер,
Қияметте жырмен жауап берерміз.
* * *
Құдай өзі қосақтаған қосағым,
Жүрегімді саған ғана ашамын.
Өзің барда кең екен ғой керегем,
Өзің барда бүтін екен ошағым.
Жүрегіңе түсті-ау сенің қоңыр мұң,
Қоңыр мұңға шамам келмей егілдім.
Өлеңіммен арпалысып жатырмын,
Қасиетін ұғамын деп өмірдің.
Сыңар құсым, біле білсең сорлы емен,
Көк атты да емеспін мен көлденең.
Ақынмын ғой сыйынатын Тәңірі-Ар,
Құлқынының қамы үшін мың өлмеген.
Бір басымда ағаттық та көп менің,
Өзегімді өрт қылады өткенім.
Бір рет өлем екі келмес өмірде,
Мені мұндай мінез үшін сөкпегін.
Біле тұра Ақын Тәңір емесін,
Қиыс кетсем кінәңді арта бересің.
Ашылмаған кереметім бар менің,
Мендегі әлі кереметті көресің.
ЕСТЕК ҚАРИЯ
Сол атайдың болмысы өзгеше-тін,
Сөйлеп кетсе, шебердей сөзді есетін.
Көнерген көшелердің жиегінде,
Әр таңда құрдасымен кездесетін.
Қос қария күнұзақ кеңеседі,
Толғандырып ұрпақтың келешегі.
Құрдасы сөз етеді немересін,
...Естек шал немерелі емес еді.
Орындалмай талай жыл ойдағысы,
Тапталғандай жер болып, әй, намысы.
Шақшасын қонышына қағып атып,
Келеді баласына қайнап іші.
Түсінбей елде жоқ сол еркелігін,
Оңашада сыбайды тентек ұлын.
Қалатын болды ешкімге жыры айтылмай,
Ұмыт қалып барлығы ертегінің.
Кеудесі алтын сандық – шежіре еді,
Өзін бірақ шарасыз сезінеді.
Аузынан ағып тұрған ақ лебізін –
Тыңдайтын жан таба алмай езіледі.
Ойланып күрең шайды сораптайды,
Үнсіз қалып өмірді парақтайды.
Күн батпайды қырсығып ондай кезде,
Әйтпесе, қас қылғанда таң атпайды.
«Ұрпағым жалғаспайды ей, неге менің?..»
Деп қамшы ілді басына керегенің.
Болашағын ойланып кетті сосын,
Дүниеге келмеген немеренің.
* * *
Саған бүгін гүл сыйлайын алқызыл,
Тағдырымда жолықтырған жалғызым.
Саған теңеп әуре болып қайтемін,
Жан көрмеген жұмақтағы хор қызын.
Сен мен үшін жұлдыздардан жарықсың,
Алдаспандай ақиқаттан анықсың.
Дүниеде гүл біткеннен нәзіксің,
Жүрегіме солай орнап қалыпсың.
Сен мен үшін тау суынан тұнықсың,
Дүниені өзгертетін қылықсың.
Жымиғаны қайталанбас ләззатсың,
Жаным енді ләззатыңа құнықсын.
Ана сүті ауызынан кеппеген –
Сәбимен де ұқсастығың көптеген.
Қандай теңеу таба алармын ендігі,
Оны айтуға менің тілім жетпеген.
Сен мен үшін мәңгі бітпес ғазалсың,
Қызығы ешбір тарқамайтын базарсың.
Күліп жүрсең аспаны ашық өмірсің,
Жылап жүрсең мезгілі жоқ ажалсың.
* * *
Ешкім де қозғалта алмас мық тағынан,
Хан болсам іргесіне құт дарыған.
Қаһарланып өзімше жарлық қылсам,
Ләззат алып бәрінің бұққанынан.
Жұрттан асып даңғайыр даналығым,
Жалғасам қос құрлықтың аралығын.
Сұлулар бір көруге құштар болса,
Иығынан төгіліп қара бұрым.
Дұшпанның көзінен қан сорғаласа,
Пенде біткен алдымда жорғаласа.
Періштелер қорғаса рухымды,
Сол иықтан сайтандар арбамаса.
Жатар едім есіме ап өткенімді,
Осы күнге еңбекпен жеткенімді.
Мені сүймей кеткен сол бұраң белдер,
Көзімен көрсе хан боп кеткенімді.
О, мені кім кезінде сөз етпеді,
Өкінер келді олардың кезектері.
Сұлулар қолы жетпей жүрер ме еді,
Өкініштен өртеніп өзектері.
Уақыттан асып туған данышпандай,
Тақта отырса жарқырап қарыс маңдай.
Ата жауым күн кешер бәлкім сосын,
Айға шауып мерт болған арыстандай.
* * *
Жапырақ, қайран жапырақ,
Көзіңнен бір мұң оқып ап –
Кеткендей болды әуелі,
Қырық қабырғам қақырап.
Жапырақ, қайран жапырақ!
Көктемде қайта көктейсің,
Оныңды міндет етпейсің.
Тапталмай табандыларға,
Көктемге аман жеткейсің.
Күрең күз келсе тапталдың,
Тірідей жетім боп қалдың.
Халіңді көріп қауқарсыз,
Алдында жырдың ақталдым.
Пенделер сені таптайды,
Ойланып бірақ жатпайды.
Қайырсыздығы үшін де,
Оларды тағдыр соттайды.
Сотталса мейлі сотталсын,
Тозақ отына қақталсын.
Сені таптаған табандар,
Табандыларға тапталсын.
ЖАЛҒЫЗДЫҚ КЕШІ
Бүгінгі кеш ауыр еді не деген,
Жаным болды жалғыздықтан жыларман.
Көкірегімде діріл қақты көп өлең,
Тұла бойы қоңыр мұңнан құралған.
Көз алдымда есі ауысқан өмірім,
Сауабы мен Обалы тең аралас.
Дүниенің дидарынан жерідім,
Бұл дүние бойжеткендей жалаңаш.
Адамдардың арасында сайтандық,
Бірін-бірі азғыруға шақ тұрған.
Қас қарайса басталады сайқалдық,
Айдалаға арын бүктеп лақтырған.
Кім тыңдасын...
Кімге айтамын өкпемді,
Жыр дәруіш...
Жүрегімнің мұңы боп.
Кешіп келем кешірімсіз өткелді,
Оның бірақ өткізетін түрі жоқ.
Адам емес,
Ақындарша сүріндім,
Шықпай жатып сөреден.
Ақ мақтадай ақ едің ғой құлын күн,
Сағынамын, сағыныш ең не деген...
ДҰҒА
Келместің кемесіне мініп барам,
Қарайды дүние бәрін біліп маған.
Бізді жоқтан бар еткен құдіретті,
Алланың Хақ екенін ұмытпағам.
Бардан қайта жоқ қылды әмірімен,
Қош айтыстым жалғанның жарығымен.
Ақыреттің аянын күтіп жатам,
Күллі адамзат тұрғанша қабірінен.
Бүгінгі түн - екен ғой түнім соңғы,
Жүрегіме төгілген күнім сөнді.
Қайыңдардың бұрымы тарқатылмай,
Алтынды жаз бәйшешек гүлім солды.
Таулар шөгіп кеткендей асқаралы,
Қыраттардың қатулы қас-қабағы.
Бұлақ құрғап қалғандай, баулар қаңсып,
Жұлдыздардың көзінен жас тамады.
Уа, Алла, құдіретіңе құлдық ұрдым,
Шегіне де жеттім-ау бұл ғұмырдың.
Өзекке өрт боп түскен өлең бердің,
Енді уақыт қылмасыншы жырды құрдым.
Бұл фәниде тұрмайды ешкім мәңгі,
Кетіп қалған бақиға көштің алды.
Өмір дейтін Ұлы Көш...
Ұлы Көште –
Я Раббым, жасаған кеш күнәмді!..
* * *
Шартарапқа шашылып мұң көздегі,
Шайқалып тағдырымның тұр безбені.
Бақыттың жұлдызындай айнамкөзге,
Ғашық болған ақын ем бір кездері.
Сыйлап едім жанымның жырын бұла,
Білмеймін ниетімді ол ұғынды ма?!.
Құстардың қанатынан тамған өлең,
Арзу болып айтылды бұрымдыға.
Тең көргендей болғанда бақты да біз,
Арманымды алдады аққұба қыз...
Сол күні жалғыздықтан мұңайдым мен,
Ақынбыз, мұңаюға шақ тұрамыз.
Елегем жоқ аспанның күркірін де,
Сөйлеп жаттым түндерде жыр тілінде.
Содан бері қорқамын жүрегімнен,
Тұнатындай қыздардың кірпігінде.
Арудың шәрбатына шөлдегендей,
Жатар болды жүрегім емге көнбей.
Жүзіне жер бетінің бар тозаңын –
Жинап ап, жүрген шығар ол да мендей.
ОҢАШАДАҒЫ ОЙ
Жыр жаза алмай құсалымын,
Жүрегімді тұсады мұң.
Құрбаны боп кетер ме екем,
Тағдырымның пышағының.
Ой дейтін жоқ сөздерімде,
Ісім – тағдыр безбенінде.
Жасырынып жүрмін бе әлде,
Сұлулардың көздерінде.
Ынтығамын күзге күрең,
Ләззат алам қыз демінен.
Көктемімді іздер ме екем,
Әз құстардың тізбегінен.
Қыздың қою бұрымынан,
Қасиетті сыр ұғынам.
Өлең терем өмір жайлы,
Шегірткенің шырылынан.
Сонда да жыр жаза алмадым,
Желге ұшқандай әз арманым.
Түсінбедім өмір жайын,
Ұға алмадым ғазал мәнін.
Мені қыздың назы қысқан,
Көңілімнен қазым ұшқан.
Не болса да көнемін ғой,
Озбағасын жазмыштан.
* * *
Бір жұлдыз ақты төбемнен,
Көз жаздым ғажап өлеңнен.
Мұңайып жалғыз келем мен,
Қасіретті ғой дегенмен.
Жарық Ай тартты жадағай,
Баласы өлген Анадай.
Жылады жұлдыз жағалай,
Тағдыры солай, обал-ай.
Жарықсыз қалып мына түн,
Өлтіріп алды мұратын.
Жұлдызсыз әлем ішінде,
Қасірет шекті ұлы ақын.
ЭЛЕГИЯ
Ақ бұлақтар ағып жатыр асыға,
Ай сәулесі шашырай гөр, шашыра.
Ғазал оқып келдім қайың қасына,
Гүл қыстырмақ болып қыздың шашына.
Жиындасқан жамиғатты жат көрдім,
Маң далаға бір жалғыздық ап келдім.
Мен осыны ең ғажайып сәт дермін,
Өлең жатыр арасында дәптердің.
Сар далада сары сағым қуғанмын,
Өрті өшпейді қайта оралмас думанның.
Не қылмақпын өзге жанның бақытын,
Өз сорымды аялауға туғанмын.
Келдім мұнда мұң сорғалап кірпіктен,
Тәтті азаптан түлеп ұшты жыр тіптен.
Ақ маңдайлы қыз бар еді осында,
Кеудемдегі сайтандықты үркіткен.
Оған да мен арнадым мың ғазалды,
Кетіп қалды ол көтере алмай назамды.
Ақ қайыңның түбінде гүл құшақтап –
Түсіме енді...алды содан мазамды.
Мұнда келіп көзімді ілсем сәл ғана,
Көз алдымда аяулы ару, сар дала.
Уақытымнан мың күн бұрын есейіп,
Бір мінәжат етсем бе екен Аллаға!
Жалғыз кешем асу бермес өткелді,
Дүр ғазалға айналдырам өткенді.
Түсімдегі сұлу қызды қия алмай,
Өліп кетем аңсап жатып көктемді.
* * *
Көктемдегі ақ жауынға құмармын,
Сол арқылы мәңгі жасап тұрармын.
Жай отындай жасын мінез танытып,
Өлең болып төгілетін шығармын.
Ақ қауызы қасиетіндей тұмардың,
Гүл біткенді аялауға құмармын.
Гүл дәуренім гүлге ынтық қылса егер,
Гүлдей қызға ғашық болған шығармын.
Тау ұлындай тауға қарай ынтықтым,
Рухы асқақ таудан ұлы жыр күттім.
Тауды көру үшін ұшар биіктен,
Сұрар едім мен өмірін бүркіттің.
Ақын болсам тағдырымен серттескен,
Батыр болсам Отан үшін от кешкен.
Кейде тіпті қыран болғым келеді,
Көкірегін көңіл емес, кек тескен.
Қанып ішсең жеткізердей мұратқа,
Құмармын мен саф күмістей бұлаққа.
Айлы түннің самалына ғашықпын,
Сыр айтатын айқаракөз шыраққа.
Авторындай дүниедегі ұлы әннің –
Құмыр құстың әуеніне құмармын.
Мұның бәрі жүрегімді тербетті,
Мүмкін ақын болып кеткен шығармын!..
ТУҒАН ЖЕР
Патшаның жүзігіндей,
Жұлдызың жымыңдаған.
Жырымның үзігіндей,
Көктемгі бүрің маған.
Сұлудың сырғасындай,
Айыңды ұнатқамын.
Батырдың тұлғасындай,
Қасқайған қыраттарың.
Ананың төзіміндей,
Құпияң ұғылмаған.
Алғашқы сезімімдей,
Бір сабақ гүлің маған.
Бөлексің тағдырымда,
Мәңгілік тозбасымдай.
Аяулы жаңбырың да,
Сәбидің көз жасындай.
Тең келмес жақұтыңа,
Сарғайған жапырағың.
Бұйырсын бақытыма,
Бір уыс топырағың.
* * *
Бүгін өлең жазбадым,
Шам жақпадым тағы да.
Сағынышымды қозғадым,
Қараңғы үйде жабыға.
Өмір дейтін – өлең ғой,
Ұйқаспайтын жолдары.
Барлығына көнем ғой,
Бақыт өлген...Сор бәрі.
Мұң аулаймын іңірден,
Мұңсыз өтпей бір түнім.
Жүректегі күбірден,
Айқаспайды кірпігім.
Алыстағы арманды,
Күлдіре алмай жылаттым.
Тұңғыш рет жалғанды,
Жанарымнан құлаттым.
Ұмыттым мен өлеңді,
Құштым әлсіз елесін.
Түсіндірші ал, енді,
Өмір – азап емесін.
* * *
Болмайды бүгін күй боп шертілмесем,
Сыр болып ашылып бір еркіндесем.
Ұға алмадым біздегі махаббатты,
Сол күні тұра алмадың сертіңде сен.
Үзгің келмей ашылған гүліңді ерте,
Қия алмадың бойжеткен күніңді ерке.
Он сегізің жанымды сыздатады,
Сен менің кеудемдегі мұңымды өрте.
Білсең ғой азабыңды шеккенімді,
Тағдырымнан мұң аулап кеткенімді.
Сыбызғылы сәуірді сүюші едің,
Күтіп келген шығарсың көктеміңді.
Өміріме жіберіп паң күз сынақ,
Сонда қалған жайым бар жалғызсырап.
Маңдайымды білмейді ешкім менің,
Жағдайымды тұрғанмен бар қыз сұрап.
Шайыр емен шайқалтар жыры көпті,
Сезімімнің сен деген сыры кетті.
Ғашық жардың сыйлаған мұңы әдемі,
Сұлу қыздың серті де құдіретті...
ЕСКІ СУРЕТ
Қобызымның бұраймын құлағын көп,
Сөкпе Тағдыр өткенді сұрадың деп;
Еске түсіп бейуақта балалығым,
Жылағым кеп тұрғаны-ай, жылағым кеп.
Пенде болып мойнына күнәні ілген,
Қайта сәби бола алмай жыладым мен.
Қайран күндер қыздарға хат жазатын,
Артынша сөз еститін мұғалімнен.
Кім түсінсін сондағы мұңды біздің,
Сезімімді ең алғаш жыр ғып үздім.
Сүйгім келіп...амалсыз қайтушы едім,
Жанарынан сыр аулап құрбы қыздың.
Қайда кеткен барлығы қызығар күн,
Күрең тартып барады жүзім әр күн.
Кестеленген ақ көйлек киген қыздың,
Бейнесін де көзімнен үзіп алдым.
Болатын үрзада әлем үлесімде,
Мен де сәби едім ғой...Білесің бе?!
Аяулы азап сыйлаған алғаш рет,
Бала ғашық әлі күн жүр есімде.
Құлжадай сорабынан жаңылысқан,
Көз ашпадым әйтеуір жабығыстан.
Сағынышым – бойдағы басты дертім,
Өлер болсам өлермін сағыныштан.
* * *
Көңілімнен күрең бұлттар көшті анық,
Менің ақын екенімді еске алып.
Алқынып жыр оқып бердім дүниеге,
Бақытына жеткен жандай кеш қалып.
Жапырағын алдыма әкеп жайған күз,
Мезгіл сырын біле алмай біз қайранбыз.
Саяжайда сықылықтап күледі,
Түнеугүні берген серттен тайған қыз.
Күле берсін...ол бір ессіз көбелек,
Мүмкін осы өлең шығар керемет.
Енді бәлкім жазбау керек ештеңе,
Бірақ, тағы жазып кеттім не керек.
Жыламасын аспаным,
Жырдан өзге өмірімді тастадым.
Ақындарды өлең ғана сатпайды,
Бәрі жалған басқаның.
Өмірімді қосып өрдім ғазалға,
Оны құстар көріп тұрған азанда.
Өлең сенің түсінбедім жаныңды,
Түсіне алсам жазам ба?!.
БЕТПЕ-БЕТ
Шешімін таппай еш мәселенің де,
Өзіме – өзім өкпелеп;
Жолығам қала көшелерінде,
Талай тағдырмен бетпе – бет.
Беймаза бір мұң тасып қанымда,
Жауап іздейді жалғаннан.
Қайыршылар жүр мешіт маңында,
Үміті мәңгі алданған.
Кеткен бе барлық жан қайырымнан,
Оларға өкпе артады.
Қос аяғынан мәңгі айырылған,
Бір жігіт гитар тартады.
Сүйеді ол бірақ нұрсыз қаланы,
Көрмесе де ырза ғажап той.
Бірақ бір ару гүлсіз қалады,
Ол деген мәңгі азап қой.
Сүйгенін аңсап жылаған ару,
Тарқаған жастық базары.
Қызды жылатып – күнәға бару,
Екі дүниенің тозағы.
Бұларды тағдыр көлденең ала –
Тор құрған сынды қаралы.
Ұлынан қайыр көрмеген ана,
Қарттар үйіне барады.
Маскүнем әке жатыр көшеде,
Шат шаңырағы шайқалған.
Балалардікі – тақыр пешене,
Ал жарынікін...айта алман.
Көзімнен жауған жаңбырларымды,
Көрдің бе қалқам аймаңдай.
Қайтем, қаңғыған тағдырларымды,
Әрқайсы бір – бір сормаңдай...
* * *
Қанат қақса әуеге әнім күнде,
Мұңым шығар қап қойған қиырдағы.
Әлдилесем жырымды жарым түнде,
Жаратқанның осы да бұйырғаны.
Бір тылсым кәусарына шөлдеткенде,
Көздерімнен кәдімгі наза көрдім.
Көктем болып көгеріп
сол көктемде –
Айдай қызға ең алғаш ғазал өрдім.
Түскендей-тін ол Айдың ауызынан,
Киесіндей домбыра шанағының.
Содан гүлдің күй аңқып қауызынан,
Ай жүзінен қоңырқай тамады мұң.
Айнала өлең...
Амал жоқ қайырларға,
Жырдың заты – нұр, бірақ...
тамыры – мұң.
Мұның бәрі аманат шайырларға,
Кірпігінде түзілген Тәңірінің.
Құлақ күйін келтіріп домбырамның,
Бұл сапарға шықтым мен мұң арқалап.
Ғазалмен талай таңды таңға ұрармын,
Аққу-арман жар болса сыңар қанат...
АЛАТАУ
Жетем деген шағымда мұратқа анық,
Жабықтым ғой жаным-ай, жырақ қалып.
Алатау,
Етегіңді баса алмадым.
Жүрегімнің түбінен сыр ақтарып.
Жұлдызым боп жарқыра маңдайдағы,
Алатау!
Ет жақыным шалғайдағы.
Жанарымның ішінде жыр болса да,
Амалымның жоқтығы қол байлады.
Қасиетіңе жаныммен бойлағасын,
Сен де мүмкін мен жайлы ойланасың.
Үр ерінді гүлдерің сәлем айтып,
Жүрегімді көктемің аймаласын.
Өлшенбеген соң ешбір өлшемменен,
Ақын жоқ өзіңді аңсап теңселмеген.
Сұлудың сексен сырлы жұмбағына –
Өзіңнен жауап іздеп көрсем деп ем.
Барғанымша мәңгілік мекеніме,
Атымды ойып жазсам етегіңе.
Сонда мүмкін сен күмән келтірмессің,
Сезімімнің шынайы екеніне.
АЛМАТЫ. ӨЛЕҢ.
Жетісіп тұрмаса да жайым бірақ,
Өлеңге айттым өзімнің ойымды нақ.
Алматыға кеткім-ақ келеді ылғи,
Ол жақта не бар екен дайын бірақ.
Әр күнімді осылай келем алдап,
Ол ой кетпес бәрібір менен аулақ.
Жұлдыздарын түгендеп жүрер ме едім,
Болмаса көктеміне өлең арнап.
Алматы, ақының боп барам десем,
Қарамайтын шығарсың маған бәсең.
Мүмкін мені қаламас боларсың да,
Ақиқатын ашып айт одан да сен.
Өркешіндей түйенің шыңдар әман,
Ақ жаулығын бұлғайды күнде маған.
Ақындарды ертерек өлтірсе де,
Сезінемін жылылық бұл қаладан.
Жүрмесін деп көңілде күмән қалып,
Жылылығын сәтінде құп аңғардық;
Жапыраққа тамшылар келіп қонса,
Ақ бас шыңдар кетеді тұманданып.
Кемелді келісім ап жырдан бүгін,
Қуаттанып қаламым, нұрланды үнім.
Қарсы алғайсың Алматым,
Ақ бас шыңым,
Барады ертең тағы бір құрбандығың.
* * *
Басайын деп бойдағы ұлы аптығын,
Қарашаның аспаны жылап бүгін.
Сен екеуміз оны да жұбата алмай,
Жүргенбіз айналшықтап бұлақты мың.
Бұл мінезін біздерге басым етті,
Төбемізден жалт ойнап, жасын өтті.
Құшағымда сен барсың, бақыттымын,
Ал далада бір гүл жоқ, қасіретті.
Өлеңімді жатса да құп алып түз,
Салмаса да жүрекке бұғалық күз;
Ен далада гүлдердің жоқтығы үшін,
Қарашаға наз айтып жыладық біз.
Гүл сыйлағым кеп еді саған гүлім,
Қос гүлдің тілер едім амандығын.
Маңдайымызға ол сәттер жазылмаса,
Қарашаның я менің жамандығым.
Енді артық сөйлемейін күнә болар,
Қасиетті қара өлең шүбәланар.
Қарашада барлық гүл солып бітсе,
Сәуірде бүр жаратын шығар олар...
* * *
Тарқамайтын шығар-ау шер іштегі,
Өлең болды жанымның сеніскені.
Бұл өмірден бейхабар сәби сынды,
Ең алғашқы сезімім періште еді.
Періште еді сезімім, сенесің бе,
Шығар бәлкім сол бір кез ел есінде.
Қызғалдақтай қырмызы қызды ұнатып,
Кездестік біз махаббат кемесінде.
Ол қыздың да әдемі, тұнық кезі,
Әрдайым тұрушы еді күліп көзі.
Мен оны ұмытқам жоқ ешқашанда,
Құдай атып ол мені ұмытты өзі.
Жүрегі болып еді маған бейім,
Ол мені сүймей кетті содан кейін.
Періште сезім жолдан тайды солай,
Қызды сүйіп көрмеген оған дейін.
Білмеймін секем алды заты неден,
Енді жалғыз отырмын оқып өлең.
Қыз сүймеске ант бердім содан кейін,
Періште сезімімнің атыменен.
Гүлі ашылды қырлардың, келіп көктем,
Күндер туды көңілді көрікті еткен.
Періште сезімімді аяймын мен,
Сол қыздың жүрегінде өліп кеткен.
ҚЫСТАҒЫ САҒЫНЫШ
Оңаша қалған шақтарда,
Жанымды жаншып батпан мұң.
Қыламықтаған ақ қарға,
Сағынышымды ақтардым.
Қоштасқан сәтті сағынып,
Күйігін шектім көңілдің.
Даланың қарын жамылып,
Өзім – өз болып егілдім.
Атпады бүгін ән сап таң,
Жаза алмадым да ізгі өлең.
Ақ қар ма сені аңсатқан,
Мен бе едім әлде іздеген?!.
* * *
Сол күндер жүрегіме сыйлайтын мұң,
Өзегімді өртең ғып қинайтын мың.
Өмірде біз мәңгілік егіз сынды,
Шынымен сені өзгеге қимайтынмын.
Құстай боп қатар ұшсақ кең далада,
Ұмыт болатын еді өңге нала.
Тең дарымас қасиет көргім келген,
Ол да қалқам болды ғой сенде ғана.
Мен байланар сен Темірқазықпысың,
Әлде болдың көгімде нәзік құсым.
Ғаріп түнім орнаса ғарыш жақтан,
Бәлкім сен де сол үшін жазықтысың.
Басынан болашағым шүбәлі еді,
Сен енді ақын еттің мына мені.
Ғашық болу – болғаны сүю ғана,
Сүю деген соншалық күнә ма еді...
Не барын білмен тағдыр тақтасында,
Білерім сор да осында, бақ та осында.
Нахақтан нахақ күйіп мәрт күндерім,
Мен қалмайын омалып от басында.
* * *
Ертеден бермей жүрген жанға тыным,
Араладық көшесін Алматының.
Сезім болып төгілді жұлдыздары,
Бізге жетер дүние-ай бар ма ақының?!.
Бұл жердегі күй бөлек,
Арын басқа,
Бұдан артық ғажап сәт табылмас та.
Ешқашан он сегізін қия алмайтын,
Өлең оқып бергенбіз қарындасқа.
Жоқ ешқандай көңілдің әттегені,
Сезіммен жетіп жатты жетпегені.
Тымық түнде тебіреніп күй толғадық,
Ақын қылып жібердік Көктөбені.
Ақындар, ақ самалдан нәр алғанбыз,
Алматымен егіз боп жаралғанбыз.
Өмірімді өзгертіп жібергендей,
Өлеңіме ғашық боп ақ арман қыз.
Ертеден бермей жүрген жанға тыным,
Ғажабын көрдік солай Алматының.
Туған жер топырағыңды кешіргейсің,
Сол жерде өлең болып қалды ақының.
АЙНАЛАЙЫН...
Сен мені құтқаршы аяулы азаптан,
Еркелеп атсыншы алдымнан ғажап таң.
Көзіңмен қарайын құпия әлемді,
Өмірден көшіріп берейін өлеңді.
Аялап қырмызы гүлдерді көктемгі,
Ұмытып кетейін сол күнгі әттеңді.
Назды үнің жүрсінші әлдилеп жанымды,
Шын тапқан шығармын жұлдызды бағымды.
Сен менің болғайсың сүйкімді сыңарым,
Қарасам қандырар көңілдің құмарын...
Сәбидей көңіліңмен әлі кір шалмаған,
Әнім боп қалғайсың ешкім де салмаған.
Көркіңе тамсандым перизат бегімдей,
Өртіңе тамсандым жұмақтың лебіндей.
Жарқыным көз тимей сыя гөр маңдайға,
Бақыттың бағында кездессек болмай ма...
Тек қана өзіңмен қауышар кезді аңсап,
Келе ғой кеудеңе тағайын көзмоншақ,
Айналайын!...
АУЫЛҒА ХАТ
Бүгінде болдық қалалық,
Өзгерді солай пешене.
Ауылда қалды балалық,
Тентектік кетті көшеде.
Қосылдым әйтеу қатарға,
Арманым әсте өлмейді.
Күн салқын бірақ шаһарда,
Жылыту қолдан келмейді.
Әзірге шүкір аманмын,
Көндіктім өмір сынына.
Күн түгіл мына қоғамның,
Үйрендік салқындығына.
Бағынбай тіпті еркіме,
Байлады бір ой басымды.
Сағынышымның дертіне,
Өлеңнің дерті қосылды.
Аңсатып сонау пәк күндер,
Қиялым солай баратын.
Сырласым болды ақ гүлдер,
Мұңдасым болды қара түн.
Білмеймін оның себебін,
Тәңірім шуақ шашқан да.
Сол менің мөлдір өлеңім,
Атымды жазар аспанға.
Қалаймын солай болғанын,
Болатын шығар жақында.
Айтамын енді қалғанын,
Келесі жазған хатымда.
* * *
Тәңір сені жаратты гүлмен егіз,
Тәңір мені жаратты жырмен егіз.
Алақұйын өмірде аман болсақ,
Арымыздың алдына бір келеміз.
Жүректерді жырымен жандыратын,
Мен арыма сүйеніп болдым ақын.
Сен арыңнан аттамай гүлді сүйдің,
Келбетіңе сұлулық қондыратын.
Сүйеді екем, хақым жоқ дамылдарға,
Жыр жазамын кеудемде жалын барда.
Гүлге құштар қыз жаның гүл аңсады-ау,
Ен даланың еркесін сағынғанда.
Көзіңде шаттық пен мұң араласты,
Ойым бар дегбірімді ала қашты.
Жүрегімді сыйлап ем саған ғана,
Гүл сыйлауды ұмытып қара басты.
Самалыңмен сипап өт, аққанатым,
Ар алдында емеспін ақталатын.
Кез болар құшағыңа гүлдер толып,
Кез болар мен балаша шаттанатын.
* * *
Көзіммен атырып таңымды,
Телмірем түндердің көзіне.
Әлдилеп жүретін жанымды,
Өлеңім мұң шақты өзіме.
Тағдырдың жүзіне жыр ойсам,
Отырсам сазына елітіп.
Өлеңмен қосылып мұңайсам,
Бүгінше өмір де менікі...
Өткен күн оралмас қайтадан,
Шақтарым сезімге сыймаған.
Кездерді шайыр боп шайқаған,
Өлеңге айта алмай қиналам.
Жыр менен алмады еш хабар,
Өлеңім – өмірім сарындас.
Мені ол мұңайып еске алар,
Ал бәлкім ешкім де сағынбас.
КҮНӘ
Ұлы ақиқат – адамға ажал Тәңірден,
Ешкім қашып құтылмас ұлы әмірден.
Айдың арғы беті сынды беймәлім,
Бәрімізге орын дайын қабірден.
Басқа әлемде болар ма екен сырласың,
Болар ма екен жаны таза құрдасың.
Қара жердің қабырғасын күйреткен,
Адамзаттың күнәсі көп, мұңдасым.
Бар пенденің жүрегінің шырағы,
Әр күн сайын діріл қағып тұрады.
Адамзат боп әлі жасап келеміз,
Адам Атадан басталған күнәні.
...Сүйегіне рух беріп қауымның
Үні естіліп керней менен дабылдың –
Ақыретте жауап берер кез келсе,
Не айтамын ғұзырына Абылдың.
Қан шеңгелдеп туылғанбыз мына біз,
Сондықтан да таудай биік күнәміз.
Кіндігіміз қаражүрек Қабылдың,
Бұған енді болмасыншы шүбәңіз.
Алла алдында күнәміз көп соншалық,
Сауабымызды білмедім қаншалық...
Тағы ұялмай отырамыз күн сайын,
Аузымызбен жұмақ жаққа жол салып.
* * *
Жақсылық пен жамандық жағаласқан,
Күлкі менен күрсініс араласқан –
Түсініксіз өмірдің ішіменен
Қайда кетіп барасың қарамастан?!.
Қайда кеттің қарадай қамықтырып,
Алдым ба әлде жаныңды жабықтырып.
Босаған көңілімді жұлдыздар да –
Жұбатқысы келмейді танып тұрып.
Сен кеткелі жанымнан сыз кетпеген,
Мейлі тағдыр...
Басымнан күзді өткерем.
Көп ішінен таңдаған жалғызым ең,
Топ ішінде жоғалтып іздеп келем.
Ақ бетіңді жұпармен жумадым ба,
Беліңді ақ жібекпен бумадым ба?!.
Шіркін – ай, мұның бәрі болар еді,
Ақын емес, пенде боп туғанымда.
ҚЫСҚЫ КЕШ
Кәрі көкжал қыс келді ақ киініп,
Құрметтіні қарсы алды бақ бұйығып.
Таңертең сәлем салған келін құсап,
Талдардың қыл ұштары жатты иіліп.
Ақ сезімін жаныма жайған бөлек,
Қысқы кеш көңілімді қойған демеп.
Сүйгенінен қымсынған бойжеткендей,
Қызарады аспанда Ай дөңгелеп.
Ақпан бөлеп ерекше сәтке мені,
Ақша қарға малынды ақ терегі.
Аспанда ақтымық күй шалқығанда,
Қар қызынан құпия хат келеді.
Алып жатыр ақмамық дала тыным,
Жинап алып бойына бар ақылын –
Ақ ұлпа сезімімен хат жазыпты ол,
Айтып ертең көктемнің болатынын...
МЕНІҢ ЛӘЙЛІМ
Шырын сорып өскендей тәтті гүлден,
Қарғадай қыз, баурадың ақтығыңмен.
Сәулетті сұлулықтың дүниесі,
Сыр тартып жатты сонау пәк күнімнен.
Сені сүйіп шоқ шайнап, жалын кешкем,
Көзді арбаған бейнеңді лағыл дескем.
Жаршысы ма ең аяулы алтын таңның,
Шынар ма едің жұмақтың бағында өскен.
Арман жоқ жаныңда енді жазым өтсе,
Жүрегімді ақнәзік назың өпсе.
Өмірде махаббаттың зарын тартқан –
Адамдар өзіңе кеп тәжім етсе.
Шіркін сезім көрсетпе азабыңды,
Жүзіңнен айырмаспын назарымды.
Шалқытып сазға қосқан күйші сынды,
Саған ғана тыңдатам ғазалымды.
Тозаң өмір жүзіңді жасырмасын,
Мен тіріде сен мәңгі қасымдасың.
Сен деген сертке берік жүрегіме,
Қайғының қара мөрі басылмасын.
Тәңір мәңгі тыныштық таптырғанша,
Тәнімді жаннан бөліп лақтырғанаша;
Ләйлім сені көзімдей сүйе берем,
Махаббат дүниеге сот құрғанша.
* * *
Қоштастық біз елік құрбым,
Жаны таза сырлас ең.
Ауыл жаққа келіп тұрмын,
Көрінбейсің мұнда сен.
Аңсаттың-ау неше мені,
Жасауратып көзімді.
Ақ қайыңдар көшедегі,
Салады еске өзіңді.
Ғашық жанның тағдыры ауыр,
Қосылмаса теңіне.
Сені туған сол бір ауыл,
Туып еді мені де.
Енді келіп бөлектеді,
Ортайғандай ырысым.
Солай болу керек пе еді,
Өзің айтшы дұрысын.
Фәни дүние базарында,
Өзіңді аңсап келемін.
Шын сүюдің азабын да,
Дәлелдеген сен едің.
Басылар ма көңіл гөйі,
Болармын ба көзайым.
Сен туралы өмір бойы,
Өмір бойы жазайын.
* * *
Ауыл жаққа барғанмын жаз алдында,
Тамырымда тулады ғазал мұнда.
Әрідегі өткенім еске түсіп,
Сұлу сурет көлбеді көз алдымда.
Аңсап жаттым оралмас көктемімді,
Айбозым күн айғақтар өткенімді.
Жанып тұрған жібектей жұлдыздар да,
Салады еске жұлдызды сәттерімді.
Құрбы қыз да тұратын күліп тәтті,
Тағы көрдім түсімде...ол ұмытпапты.
Ақ бантикті аяулым кейінгі жыл,
Көрші ауылдан кеңпейіл жігіт тапты.
Сол қыздың маған жазған хатын да алдым,
Бұл күні мен ең ұлы оқырманмын.
Тап сол түні найзағай жалт ойнатты-ау,
Мінезіндей біртуар ақындардың.
Құса болып көңілдің кермегінен,
Балаң сезім булығып, шерленіп ем.
Бұрқыратып мамығын маңайыма,
Ұшып кетті ақ қаздар көлдерінен.
Сағыныш қой сол жайлар әрідегі,
Сол құрбы қыз сүйеді-ау әлі мені.
Өлең жаздым содан соң өртке оранып,
Сирегенше жұлдыздар сәрідегі.
* * *
Келбетінен гүл өрген жалын көктем,
Аңсатты ғой өзіңді жаным көптен.
Жүрегімде жұмбақ боп қалып қойған,
Ақ шағалам, аяулы әнің неткен.
Маржан сүздім сезімнің теңізінен,
Сен, қалқатай жанымның егізі ме ең?!.
Сәуле сүйіп өсіп ең гүлді ұнатып,
Жаралғандай періште лебізінен.
Жанымды жарық еткен шамшырағым,
Сезіміме сені айтып сансырадым.
Жолдар жатыр алдымда екі тарау,
Сен жаққа жұлдыздардан жол сұрадым.
Қалқам тыңда, жанымның зарпын ұғып,
Қалдырмайық сезімнің салтын ұмыт.
Бұзылмасын сендегі тәтті қиял,
Үзілмесін мендегі алтын үміт.
Қайран жүрек, қайғыдан жарылмасын,
Кең жаһанның өрісі тарылмасын.
Жаттың қолы үзбесін ақ гүліңді,
Әніңді айтып қайта орал, қарындасым...
СЕРТ
Перзентімін сөз дейтін сұрапылдың,
Өзегіме от түсіп бұратылдым.
Өлең боп өліп кетсем өкінбеймін,
Тағдырын кешіп барып шын ақынның.
Шайырдың тағдырын бер құдіретім,
Жырыма құшақ жая жүгіретін.
Сұлу сезімдеріме сырымды ашып,
Сөзбен салсам көктемнің сүгіретін.
Сезім бар жүрегімнен тамшылаған,
Аяулы ақ жаңбырдан ән сұраған.
Арда өлең әлі менің айтарым бар,
Өмірлік кие болып қоншы маған.
Муза тұрса маңайын мамырлатып,
Сол шақтардан табады жаным бақыт.
Қара өлең жырлайыншы қасиетімді,
Болмаса қасіретімді қоңырлатып...
Өлеңнен бұйырса екен әз несібім,
Көреміз ғой өмірдің өзге сынын.
Жүрегімдей жасырған жырды сүйсем,
Өзіме болмас талақ өз бесігім.
Жан емеспін ойы кем, есі бөтен,
Өлеңіме әлемді ғашық етем.
Көзімнен от аралас жас мөлдіреп,
Шын ақынның тағдырын кешіп өтем.
ҚАРАША ХАТТАРЫ
1
Білесің ғой сен, ол кезде көктем болатын,
Құстар келетін сәуірге малып қанатын.
Үлбегей гүлдер қауыз жаратын сол шақта,
Сол ақын саған жырынан жүзік салатын.
Ол кезде қалқам көктем еді ғой шынымен,
Әуен ағатын бозторғайлардың тілінен.
Сол ақын саған хат жазар еді беймезгіл,
Сезімін өріп бірге көктемнің гүлімен.
Күз келді бүгін жамылып сары желегін,
Келмеске кетті көктемім менің көкөрім.
Қалқам-ай солай жоғалды сол күн жайдары,
Сол ақын солай жаза алмай қалды өлеңін.
Жетім жапырақ тұрады ылғи мұңайып,
Кел қалқам, соның көңілін барып сұрайық.
Сол көктем мүмкін келетін шығар қайтадан,
Алқызыл таңға тақпайық енді сірә айып.
Лайланбаса сезімдерімнің тұнығы,
Төгіліп тұрса ақ қайыңдардың бұрымы.
Көктемнің гүлін аршын төсіңе қадар ем,
Әлемді тербеп саусақтарымның дірілі.
2
Ішімдегі өртім,
Барады өртеп жанды.
Көктем – менің дертім,
Жазылмайтын мәңгі.
Еді жаным құштар,
Гүл жайнаған баққа.
Ұшып кетті құстар,
Оралмайтын жаққа.
Менен бәрі кеткен,
Келмесіне сенем;
Жоғалыпты көктем,
Жазылмапты өлең.
Қайтем енді қалқам,
Ұшты көңіл құсы.
Күз кейпінен қорқам,
Күрең тартқан түсі.
Асыл моншақ жаңбыр,
Айналғандай күзге.
Ей, адасқан тағдыр,
Көктеміңді ізде.
Жүзімдегі тозаң,
Мені күзде тапқан.
Жазайыншы ғазал,
Гүл терейін бақтан.
Жанында жоқ кіршік,
Адал едің неткен;
Қайта ашылшы бүршік,
Қайта оралшы көктем.
3
Жанарда тұнады елес,
Сен маған өкпелісің.
Көз жасым кінәлі емес,
Жоғалған көктем үшін.
Білемін келмейтінін,
Мұңымды ол тереңдетті.
Тек қана шерлейтінім,
Көзінде өлең кетті.
Алдымда ақ парағым,
Жүзіне көп қарадым.
Көктемде сүйген қыздың,
Есімін жаттамадым.
Көңілсіз боп барамын,
Мұңым да көп, қарағым!
Күлсем де мұңаямын,
Жыласам тоқтамадым.
Көктемнің пәк күндері,
Сездірмей ғаріптікті;
Жанымның ақ гүлдері,
Біртіндеп солып бітті.
Айналам ала сағым,
Жадымнан жаңылдырды.
Мінезі қарашаның,
Сәуірді сағындырды.
4
Біз екеуміз болыппыз бір-ақ көктем,
Сол бір көктем жанымды шуақты еткен.
Сезімімді білмесең сәуірдегі,
Арманымды айтсаңшы жылап кеткен.
Сол көктеме біздерді айырғасын,
Шартарапқа сыймады-ау шайыр басым.
Өзім жазған әнімнің әлі күнге,
Шырқай алмай келемін қайырмасын.
Өзін тапқан өмірде ерке өлеңнен,
Ақын едім көктемі ерте келген.
Енді бүгін Мәжнүнге ұқсап барам,
Сезімімен өз-өзін өртеп өлген.
Сырын айтты ақынша шешіліп түн,
Жетегінде жүріппін бос үміттің.
Көктемімді қарсы алмақ боп жүргенде,
Көктемнің келмейтінін кеш ұғыппын.
Жанарымның ішінде сұрақ тұнған,
Көктем, саған болар ем шын-ақ құрбан.
Көздерінен іздеймін арманымды,
Көрсем егер бір жанды жылап тұрған.
Күн бе дедім, қол жетпес Ай ма дедім,
Жылап кеткен арманым қайда менің?!.
Неге алдадың сен мені, неге алдадың,
Көктем мәңгі болар деп ойлап едім...
КҮЗГІ БАҚ
Қызыл нұрға малшынып күз келеді,
Ақын болар алдымен іздегені.
Күзгі бақта отырам өлең оқып,
Есіме алып сол күнгі қызды әдемі.
Өртеніп кететіндей тұрған әрең,
Күзгі бақтың көзінде тұнған өлең.
Сол күнгі сол сұлудың дүниесі,
Әлі күнге тәтті бір жұмбақ әлем.
Ол өзін сүйгенімді сезгенімен,
Жанарынан сүйкімді наз көріп ем.
Қанатына хат байлап келген құстар,
Қайтып жатыр мұң тамып көздерінен.
Қанатымыз болмапты біздің әттең,
Сырласатын мың өзен, жүз бұлақпен.
Амал жоқ ақын болып күн кешемін,
Өмірде егіз туғандай күзгі бақпен.
Мойыл меңі ерекше ұнап қалған,
Көз тартатын келбеті жырақтардан.
Сәлем жолдап жатады түсімде ылғи,
Құстар мен алқынған ақ бұлақтардан.
Сұлу еді және де гүлмен сыңар,
Дерегімді ол қалқа кімнен сұрар.
Аңсап шықтым күлкісін түні бойы,
Ол да мені сағынып жүрген шығар.
ОҚЫРМАН ҚЫЗ...
Сырыңды ашып сұлу қыз,
Хат жазыпсың,
Жүрген шақта көңілім көзін ілмей.
Құдай-ау өзің неткен нәп-нәзіксің,
Менің алғаш оянған сезімімдей.
Алқынған бұл көңілім басылар ма,
Сыр шертіпсің сезімнің тіліменен.
Көңіліңе қоңыр мұң қосып алма,
Онсыз да көп өмірдің мұңы деген.
Хатыңдағы көктемдей жылылықтан,
Көрдім рас от болып маздауды да.
Ақынның мейірімді мұңын ұққан,
Сендей жанға бір өлең жазбау күнә.
Әр түрлі ғой өмірдің өткелеңі,
Сан өткелден кейде рас көрінбейміз.
Өлеңімде мұң болса сөкпе мені,
Өлең үшін жаралған өрімдей қыз.
Сағынып ем сұлудың назын көптен,
Келетін-ді құл болғым қылығына.
Аққу сынды аяулы ең өзің неткен,
Көңілімді байлайын бұрымыңа.
Дүниеде жан жоқ қой сенен нәзік,
Ақынның сендей сұлу ардақтары.
Тағдырыңа берейін өлең жазып,
Тек бақыттан тұратын тармақтары.
Тұрмын тәтті сөзіңе еміреніп,
Құрметтеп те қалайын аялап та.
Өлең оқып берейін тебіреніп,
Жолығайық кешқұрым саябақта!..
* * *
Сезім атты құдіретке сенбес кім,
Мен де өмірге екінші рет келмеспін.
Әлі күнге арыла алмай келемін,
Әсерінен сен қатысқан сол кештің.
Ділбар кеште діріл қағып кірпігің,
Көздеріңе бір тәтті мұң іркідің.
Ең аяулы өміріңнің сол кеште –
Ғашық еттің қиып қалқам бір түнін.
...Сені солай сүйгенімді кеш білдің,
Тұнжыр түнде тілсіз ғана кештім мұң.
Бұған дейін болған сәтсіздіктердің
Барлығын да өзің үшін еш қылдым.
Күздің кеші. Сол күнгі сәт мың бір сын,
Өмірімді өзге арнаға бұрдым шын.
Екі бөлек бола алмайтын халдемін,
Енді қалай болатынын кім білсін.
Содан кейін тыным таппай жаным бір,
Көк жүзінде тәтті әуенді әнім жүр.
Үкі көзді үр қарағым, ендігі –
Тағдырымыз Хаққа ғана мәлім-дүр.
Сезім атты құдіретке сенбес кім,
Екіұдайлық танытпайды енді ешкім.
Мен әсерін ұмыта алман ешқашан,
Жүрегімнен сезім тамған сол кештің.
* * *
Көк өзен жатыр тепкіге қалып кемері,
Үстімен оның шағала ұшып келеді.
Шағала кенет қарады маған жәудіреп,
Өзен жанында мен оны күттім, себебі.
Жүргендей аңсап алыстап кеткен арманын,
Сезінсе керек мынау өмірдің жалғанын.
Шағала бәлкім мен сүйген ару шығар ол,
Себебі бұрын бір қызға ғашық болғамын.
Сәлден соң жүрдім өзеннің бойын жағалап,
Әуезге ұйып тұр екен мына бар алап.
Үлбегей гүлге арнап бір өлең оқып ем,
Шағала жылап шарқ ұрды сонда, обал-ақ.
Маған шағала тақпайтын шығар текке мін,
Ымырт үйірілді.
Жүрекке сыйлап әттеңін.
Өзенге қайта ұшқанда әлгі шағала,
Үр ерін қыздың сезіндім құс боп кеткенін.
* * *
Мен сенімен неге ғана таныстым,
Сен менімен неге ғана таныстың...
Бір қалада тұрғанменен арамыз –
Екі қала арасындай алыс тым.
Сендей жанның болып кетіп жүзі ұмыт,
Орнамасын көңілімнің күзі нық.
Күнім сенің күлгеніңді аңсадым,
Жалғыз жырым жүрегімнен үзіліп.
Күтуменен бақытымның баянын,
Шырқап жаттым сезім менен ой әнін.
Жақынырақ көрер күнді аңсадым,
Аңсап жатып жаным сені аядым.
* * *
Көктем еді. Айлы кеші мамырдың,
Құшағымда ай қабақты үр қыз бар.
Ақ тілегі орындалып жанымның,
Бізге куә болып жатты жұлдыздар.
Сол кеш менің жүрегімді жылытты,
Болатындай сезіміме мәңгі өлшем.
Қылымсыған сендей қыздың қылықты,
Қылығына масаң тарттым сәлден соң.
Сол түн саған мен алқызыл гүл бердім,
Ал сен болсаң діріл қағып құп алдың.
Содан кейін ұзақ кетіп үлгердің,
Енді қайтып көре алмайтын шығармын.
Қобыз – кеуде шеркүйікті күй тартты,
Ол сағынған жүректерде болатын.
Сағыныш та қызғалдақтар сияқты,
Тек көктемде бүршіктерін жаратын.
Қыз едің ғой періштеге лайық,
Сені аңсадым маңдай сүйеп іңірге.
Сол күн үшін жұлдыз біткен мұңайып,
Сол сезімді жоқтаса екен бүгінде.
ӨКІНІШ
Болжапты алдын кім біліп,
Жүрекке содан жүк арттым.
Өзімді – өзім мұңды ғып,
Өзімді – өзім жұбаттым.
Бұлай күн кешкен құрысын,
Мағына қалмас бес күннен.
Сол ғашық болған қыз үшін,
Беймаза күйді кештім мен.
Айым да сірә батқандай,
Айналып мұңлы пішінге.
Күрсініп отыр ақ маңдай,
Жан – жүрегімнің ішінде.
Жаныма жақын сол қыздың,
Қиын-ау көңілін табарым.
Келбеті мұңды кем күздің,
Сыңары болып барамын.
Өтсе де жылдар, ай талай,
Түзелмес сірә кемдігім.
Аяулы жанды байқамай,
Өкпелеттім-ау мен бүгін.
* * *
Қиғаштап қар жауып тұр кең далаға,
Ақ ұлпа сезім жатыр, жерге қара.
Сол бір күні ақ құрбым ұнатқанмын,
Ол ұнату болатын менде ғана.
Сезіміме ешқашан өкпелеме,
Осы болса қайтесің жеткен өре.
Қар қызынан аумаған кекілді қыз,
Қол ұстасып барайық көктемеге.
Жүрек көктем күндерін іздеді шын,
Сен гүлдерден күдерің үзбе, құсым.
Жапыраққа тұнатын мөлдір тамшы,
Әлі талай тұнады біздер үшін.
Қар жаумаса өлең боп өрілер ме ем,
Сені көріп іштегі шерім өлген.
Періште боп иектеп алдың мені,
Өлең айтып жүргенде перілермен.
Күндер өтті алды жөн, арты масаң,
Оның бәрі дегенмен жалқыға сән.
Сенің қардай қылаусыз көңіліңнен,
Арман не жапырақ боп қалтырасам.
* * *
Мен арымның көз алдында ақ келем,
Кім келсе де осы сөзім хақ дер ем!
Жүсіп сынды мың бір өлең жазармын,
Бірақ мендік болмайсың ғой, әттеген.
Сезім тәтті, өмір бірақ қаһарлы,
Көңіліңнен өткізеді зәһарды.
Бірақ Хафиз бола алмаймын не шара,
Қыз меңіне сыйлаған қос шаһарды.
Сезімге орап сағым көшкен даланы,
Саған арнап жыр жазайын бағалы.
Әттең менің меншігімде болмай тұр,
Сыйлар едім өзім тұрған қаланы.
Болмасын бұл ақындықтың айыбы,
Мың бір өлең жазсам болар қайыры.
Жеті жұлдыз жырға қосқан арулар –
Артық емес шығар сенен тәйірі.
Мәжнүн ақын көрген шақта Ләйлісін
Ұмытпапты қырық жылғы қайғысын.
Сен бір жанның бақыты боп туғанмен,
Мың адамның мұңды қылдың ойлысын.
Көңіл шіркін көрігіңді қимайды,
Жаза берсем жүз өлеңге сыймайды.
Күндіз құлың болар едім сүйдірсең,
Түнде жарың болмайтыным қинайды.
* * *
Маған да әлі келеді сыналар күн,
Мұңаярмын, ал мүмкін жұбанармын.
Ал әзірше ештеңе көрмей жатып,
Тағдырдан баз кешкендей жылап алдым.
Қара түске боялған мұң да емеспін,
Ақ түнде ақтарылған сыр да емеспін.
Ал бірақ мұңы бөлек ғашықтардың,
Мәңгілік махаббатын жырға қостым.
Бұл үшін жүрегіме не демекпін,
Үстінен де түскем жоқ кереметтің.
Баяны жоқ бес күндік тіршілікті,
Келіп-ақ жүр баянды өлең еткім.
Таусыларын күнімнің білемін мен,
Аларымды алармын бұл өмірден.
Сұлуларды жаныммен құлай сүйдім,
Жалғыз өлең жазсам да жүрегіммен.
Қамшы сапты жалғанда күнім бес күн,
Тіршіліктен бәрібір түңілмеспін.
Осы күнге дейін мен жүрегімнің
Орындаушысы боп қана ғұмыр кештім.
* * *
Жүректен шыққан жазайын жырды қаламмен,
Сергелдең ойды тек кешкенімше санаммен.
Ай дидарынан өлең көшіріп түнімен,
Күн өткен сайын айналып мұңға барам мен.
Өлең ғой менің жанымның мұңын жиі ұғар,
Ұлы даланың көңілде қалған күйі бар.
Рахымы шексіз Алладан кейін бар ақын –
Қара қаламы мен ақ парағына сыйынар.
Ой мен сезімім өлмес рухқа жүгініп,
Арымның жүзі – ақ парағыма үңіліп
Отырмын жалғыз, қап-қара түннің ішінен
Ақ өлең шықты түндігі түннің түріліп.
Қыран құс тектес қиялым қанат қомдады,
Сүйіншілейін ойымның жетсе толғағы.
Тегінде мені мұңменен дос қып жіберген,
Қалам, қағазым жанымда болса болғаны.
* * *
Қатар өскен құрбыдай ен даламен,
Кербез ғана керілген кермарал ең.
Ай жүзі келбетіңнен солғын деуші ем,
Деуші едім ғой саған жыр арнап өлем.
Шыға келген жігіттей ғашығы алдан,
Бізге қолын бұлғайтын есіл арман.
Айдың ақ сәулесіне шомып тұрып,
Күндер болды сол Айдың есін алған.
Ай тұратын именіп сонда бізден,
Гүл теруші ек екеуміз таңға түзден.
Сүйріктей саусағыңмен мәпелеуші ең,
Сол гүлді саған ғана арнап үзген.
Қалықтайды төбемде тұма бұлт,
Ұмыта алсаң, мендегі кінәні ұмыт.
Алыстап кетсек – тағы, сол бір күнге
Тым құрыса жүрейік дұға қылып.
СЫР
Сыртыңнан көрдім бүгін,
Екенсің қайың мүсін,
Көзімде мөлдірейсің ұқпастан жайымды шын.
Қос бұрым аш беліңді еркелеп аймалайды,
Жердегі жұлдызым ба ең, көктегі айымбысың.
Саған сыр айтқым келіп,
Сөйлеуге оқталамын,
Жүрегім бар болғанмен, амалым жоқ, қарағым!
Жалғыздық мұңдасым боп жыр жазып жүргенімде,
Жанымды ақ торғындай аяулы баққа орадың.
Сені аңсап мұңаямын түрілсе түн етегі,
Жұлдыздар арасымен аяңдап мұң өтеді.
Көңілде қалып қойдың жанымды елжіретіп,
Аймаңдай аппақ сезім өзіңді жыр етеді.
Періште айналғандай сүйкімді қылығыңнан,
Жаныңды бөле алмаймын жаным-ау ғұмырымнан.
Сыр болып шашылайын қарақат көздеріңнен,
Жыр болып төгілейін қастерлі бұрымыңнан.
* * *
Болғанмен менде ақ арман,
Жүректі жатыр жаншып от.
Сағыныш толы жанардан,
Үзіліп түстің тамшы боп.
Жоғалтып асыл моншақты,
Елес боп қалды сырлы күн.
Өзіңді бүгін аңсатты,
Жұмбаққа толы мұңлы түн.
Алдай алмадым сезімді,
Босайды көңіл кей уақ.
Салады еске өзіңді,
Мұңайып батқан бейуақ.
Байладым мұңға жанымды,
Ай сынды түнге шырақпын.
Сағындым сенің әніңді,
Үнін оятқан жұмақтың.
Жүрекке ғажап мұң тұнды,
Қоңырқай түске боялған.
Сағындым сенің күлкіңді,
Ерніңде әсем оянған.
Нұрлы күн батып барады,
Қызыл торғынның түсіндей.
Даланың ерке маралы,
Қалдым ғой сені түсінбей.
ГҮЛІМШЫРЫН
Күрең кеші қарашаның,
Құшағымда қылымсыдың.
Сен екенсің болашағым,
Айналайын Гүлімшырын.
Көңілімді босатқаны,
Сол кездесу бір күндегі.
Өлеңге әкеп қосақтады,
Сезім дейтін шіркін мені!
Өзің болдың лағыл әнім,
Маңдайымның бір сен бағы.
Ылғи сені сағынамын,
Күнде көріп жүрсем-дағы.
Жанынан мұң үзбейді екен,
Есіңде ғой түн сондағы.
Сені ғана іздейді екем,
Құшағымда тұрсаң-дағы.
Сезімі бар – сазы бардың,
Сыр ұқтым жаз жамалынан.
Сен жайлы жыр жазып алдым,
Жұлдыздардың жанарынан.
Гүлсің шырын көзі күлген,
Түсе көрме күйге бөтен.
Сырлас болып сезіміңмен,
Сені солай сүйген екем!..
* * *
Жан болсаң да қаншалық өкпелеген,
Өтінемін, ешқайда кетпе менен.
Көз алдымда тағдырым адасқанда,
Адасқақ сол тағдырдан шеттеп өлем.
Өртеп едің, енді кеп аңсатқаның,
Сен жыр болдың, біз солай болсақ та мұң.
Керек етсең аққудай кейіпіңе –
Үзіп берем жанымның моншақтарын.
Өмір мәнін келмейді біле білгім,
Үзілді ақ сезімнен күдерім мың.
Сынаптай сырғып аққан күнге ілесіп,
Құрбаны боп барамын жүрегімнің...
НОСТАЛЬГИЯ
Есімде көне күн, ескі сәт,
Барлығы өтпелі десе де;
Бір сұлу ұнады кешкі шақ,
Гүл сатып тұратын көшеде.
Әдемі атыңды жаттадым,
Жаныма аяулы дерт енген.
Сыйладым жанымның хаттарын,
Жиегін сезіммен көмкерген.
Сезімім ежелгі дастандай,
Көзімді еріксіз тұсадың.
Күнәлі кейпімнен жасқанбай,
Күнәсіз бейнеңді құшамын.
Сені сонда соңғы рет көріппін,
Сен мені танитын шығарсың.
Есімді өзгеше еліттің,
Көзімде жас болып тұнарсың.
Бақытты жандармыз біз деген,
Өшпейді өткеннің соқпағы.
Жанымнан үзіліп күзгі әуен,
Жалғыз-ақ өзіңді жоқтады.
Іздеді сезімін баяғы,
Көңілден кетпейді бір сарын.
Қараша құшағын жаяды...
...Тоналып қалмасын гүл шағың.
* * *
Құтқара алмаспын өзімді жердің бетінен,
Ақ қанатымды қойсам да байлап ғарышқа.
Өткенім жайлы ән сала көрме өтінем,
Мұң шалығынан кетпесін құстар алысқа.
Ақ түнді тіліп ағады жұлдыз мезгілсіз,
Көз жасы оның өлеңге тамып жүрмесін.
Дүние қарап тұрады кейде бізге үнсіз,
Өзіне біздің өгейлігімізді білгесін.
Құс әуенімен жанымның ішін қозғашы,
Қанаты қара түн бола алмайды сырласым.
Келешек жайлы көңілді жыр да жазбашы,
Күллі әлем бізге сеніп қалмасын, мұңдасым...
АЯУЛЫ МҰҢ
Түнімен мұң ұялап келбетіңе,
Жұлдыздар жанарыңда тербетіле.
Сол түні жаны ауырып бір ақынның,
Ақ өлең түсіп жатты жер бетіне.
Ақтамақ гүлді сүйген өлең еді,
Сөзі еді бір ақынның көнедегі.
Аппақ жұпар тарады кеңістікке,
Айнала ұшып сезімнің көбелегі.
Дірілдеп шырын дәмді тәтті ерінің,
Моншақтап тамып тұрды ақ көңілің.
Ақ өлеңнің атымен сүйіп едім,
Көз алдымда өзгеріп кетті өмірің.
Аяулы мұң ауада тербеледі,
Біраз болды өзіңді көрмегелі.
Мен сені түсінгенмін сол бір түні-ақ,
Түсінетін шығарсың сен де мені.
ӨЛЕҢ
Өлең десем –
Өмір еске түседі,
Өлең десем –
Көңіл еске түседі.
Өлең дейтін пернелері көңілдің,
Өлең дейтін өмірдің қос ішегі.
Өлең оқып жатыр менің бұл далам,
Өлең барда дала рухы сынбаған.
Дүниеде егер өлең болмаса,
Әлдеқашан өлер еді күллі адам.
Махаббаттың бақшасында гүлдеген,
Сұлулардың жанарында тұнды өлең.
Дүниеге егер өлең келмесе,
Жетімсіреп қалар еді күллі әлем.
Өлең Кие – бабалардан алмасқан,
Өлең Рух – ұрпақтарға жалғасқан.
Періштелер жер бетіне түсіріп,
Аллам өзі маңдайына мөр басқан.
Өлең шіркін хор қызының назындай,
Періштенің ақ таңдағы сазындай.
Дүниеге егер ақын тумаса,
Тылсым сөзі қалар еді жазылмай.
Киелі өлең өмір болып өрілген,
Күй секілді көңіл болып төгілген.
Ал ақындық пайғамбарлық сияқты,
Құдай сүйген құлға ғана берілген.
* * *
Періштеден естігендей бір ізгі үн,
Оңашада жүрегімнен жыр үздім.
Айналған соң әуеніме әдемі,
Сені аңсайды сезім дейтін сыбызғым.
Көздерімнен күліп атты құт таңы,
Сыңар болдық жазылмайтын жұптары.
Мені ерекше бір сезімге бөлейді,
Ерініңде қалып қойған сүт дәмі.
Саған үміт ұя салды сүйсініп,
Ақтығыңды әуел бастан түйсініп.
Дидарынан ән төгілген перизат,
Келбетіңе қалыпты әсем күй сіңіп.
Көңіл едім өзіңді ойлап күрсінген,
Өмір едім тамырласқан тылсыммен.
Самал өпкен бетіңнен бір сүйейін,
Шаштарыңнан иіскейін күн сіңген.
Сенші қалқам мендегі бұл сезімге,
Басыма кеп қонған бағым кезінде.
Көкірегіңе тамып түсіп өлең боп,
Өмір бойы мөлдірейін көзіңде.
* * *
Дүниеде біз білмейтін ғажап көп,
Ешқайсысы бола алмайтын өнеге.
Өкінбеймін туғаныма қазақ боп,
Мақтанбаймын және де.
Өмір өтті сейілмен,
Мағынасыз күнді күнге жалғадым.
Енді Алпамыс болғым келді кейіннен,
Байшұбарды бірақ баптай алмадым.
Құшағыма кең даланың гүлін ап,
Жүрекке орап тілекті;
Мен Төлеген боп кетемін бүгін-ақ,
Жолықтырсам жаны таза Жібекті.
Күлу менен күрсіну,
Жүріп өткен жолым екен бұрынғы.
Кез боп еді Еңліктей бір сұлу,
Әттеген-ай, түсінбеді жырымды.
Көп қараймын үнсіз сол бір бейнеге,
Тағдырымның жеткенінше тозығы.
Қодар болғым кеп кетеді ей, неге,
Көрген сайын Баян менен Қозыны.
Қырық түрлі қырсық тұрып жолыма,
Сүрінем-ау шамасы.
Ер Тарғын боп көріп едім соңыра,
Айбат шекті Ақжүністің ағасы.
Айтшы енді кім болам,
Тілегімді бере гөр;
Біреу болмай жүре алмайды мүлде адам,
Қазақ болса ол егер...
Дүниеде біз білмейтін ғажап көп,
Ешқайсысы бола алмайтын өнеге.
Мақтанбаймын туғаныма қазақ боп,
Өкінбеймін және де.
* * *
Қалай болды әдемі әнді үзгенің,
Еркелеп атқан алтын таңды іздедім.
Түн баласы тәтті мұң әлдилеткен,
Жүрегімде қап қойды сол күз менің.
Атпаған соң алқызыл сәуір таңы,
Естілмейді құстардың қауырт әні.
Тым құрыса гүл сыйлап үлгермедім,
Сол менің жүрегімді ауыртады.
Ерке едің, есімді алған бал қылығың,
Сезім боп сыр шертетін әр бұрымың.
Өзіңе арналсыншы деуші ем ылғи,
Өлеңге сіңіп кеткен бар ғұмырым.
Арманымнан адасып жанады ішім,
Жоғалтып алды сезім бағалысын.
Жаралған жөргегінен сүйкімді боп –
Сүйкімдім-ай, сағым боп барамысың.
Өзек етіп өлеңге ізгі мұңды,
Жүрегімнен сезім бір үзді гүлді.
Өзіңді аңсап отырмын жетімсіреп,
Жапыраққа қосылып күзді күнгі...
* * *
Сезім шалқып әр күннің жаңасымен,
Өлең менің жанымның жарасына ем.
Жанарынан жыр теріп жүргім келді,
Алшаң басып жұлдыздар арасымен.
Қиялыммен аспанға самғайын да,
Жұлдызды сезім қалсын мәңгі ойымда.
Қалсын мейлі ішінде жүрегімнің,
Тұрсын мейлі жарқырап маңдайымда.
Жұлдыздардың шырқалып жатыр әні,
Күйге тұнған аспанның атырабы.
Жер бетінің бар мықты шайырларын,
Өлең оқып беруге шақырады.
Еркелеп қол бұлғайды күліп көктен,
Ғашықтардың көзіне үміт төккен.
Жұлдызды тағдырлардан сыр шертеді,
Жұлдыздарға ертерек сіңіп кеткен.
Шаттығы мен мұңына тамсанайын,
Сұлулығы үшін де қол соғайын.
Көп ішінен дидарын танып алып,
Жұлдызыма өзімнің ен салайын.
Бұл сөзімді болмашы сұрақ деме,
Адамзаттан жұлдыздар жырақ неге?!.
Жұлдыз біткен ішінде жанарымның,
Бәрі жаңа шетінен, бірақ көне.
* * *
Туабітті талантты екем...
Кеш білдім,
Назарына түскенім жоқ ешкімнің.
Өмір дейтін драмада әртіс боп,
Рөлімді ойнап жүріп кештім мұң.
Мен де басқа адамдардай әртіспін,
Алаөкпе боп болмысыммен шарпыстым.
Барлығы да халық үшін деп қойып,
Жалған сөйлеп...
Өп-өтірік тартыстым.
Кейбіреудің көре тұра қастығын –
Үндемедім...
Кедергі боп жастығым.
Күнім үшін бас изеймін мақұлдап,
Не айтса да қызметтес бастығым.
Айтарымды айта алмадым мүлде мен,
Айтшы...
Керек бола қапты кімге өлең?!.
Ең әуелі өзімді алдап, ел жайлы
Құры көсемсіп сөз сөйлеймін мінбеден.
Шындық, сенің қарай алман көзіңе,
Сол батылдық дарымапты өзіме.
Өтінемін, Ар сотына апарма,
Ешқашанда салма сынның тезіне.
Мұның бәрі болып жатыр жерде осы,
Бұл өлеңім – мына өмірдің көрмесі.
Мен де кетем рөлімді ойнап боп,
Түсірілсе сахнаның пердесі.
* * *
Алдамшы сәтке сеніппін,
Көркем күндерге жарымай.
Боскеуде болып келіппін,
Ілімін Хақтың танымай.
Ең Ұлы Кітап Құранның,
Нұрлы парағын ашпадым.
Көптігін білем күнәмнің,
Кінәсін қайтем басқаның.
Намазға ниет қылған бар,
Жолдасы болып сабырдың.
Құбылаға жүзін бұрғандар,
Шын сүйген құлы Тәңірдің.
Аллаға құшақ жайған бар,
Иманға орап сезімін;
Оларды асыл пайғамбар,
Үмбеті санар өзінің.
Жалғанның берген жарығын,
Күллі ғаламның егесі –
Мендей құлыңды Тәңірім,
Нығметіңе бөлеші.
Сауабым болып өмірлік,
Елітіп тұрсам Құранға.
Иманын құлдың кәміл ғып,
Жар болғай өзің Ұлы Алла!..
ГҮЛДІҢ ӘНІ
Бүршік атып сұлудың жанарында,
Қауыз аштым көктемнің қабағында.
Әдемі әуен аңқып өн бойымнан,
Аяулы сезім тұнған сағағымда.
Аялаған ақ таңға өзі мұңын,
Ғашықтардың қағады көзі күлім.
Мен – олардың мәңгілік сырласымын,
Ақындардың аяулы сезімімін.
Тәтті мұңын аялап қыз келеді,
Мен болармын жанының іздегені.
Көктем менің өмірім бір-ақ мезгіл,
Сезімің үшін келіп үзбе, мені...
Есі қалмай көктемде ебелектеп,
Шырынымды сорады көбелек кеп.
Оның нәзік жүрегі менің ғана –
Тәтті сезімдерімді керек етпек.
Құпиям бар тек қана сіз көретін,
Ақ назын айту үшін қыз келетін.
Мен деген...
Бар болғаны гүл ғанамын,
Көктемде қауыз ашып, күзде өлетін.
* * *
Мұңды болып бір түнім бір түнімнен,
Көз ілемін әйтеуір ілкі мұңмен.
Соңғы кезде түсіме жиі енесің,
Мұң тамшылап тұрады кірпігіңнен.
Мұң бар ғой жүрегіңде өзге мүлдем,
Менде амал жоқ барлығын сезгеніммен.
Әр түні мұңы басым түсімде ылғи,
Өлең оқып жатамын көздеріңнен.
Көздерің шашпайды екен шұғыласын,
Өлең оқып тұрасың мұңы басым.
Әр түні шырақ жағып көз ілемін,
Таба алмай қара өлеңнің құбыласын.
Меніменен мұңайып барады әлем,
Өзің болып түсімде қарады өлең.
Үзілген ғой мендегі шалқыма күй,
Жоғалған ғой сендегі әдемі әуен.
Түс көремін сен жайлы қанша тағы,
Сеніменен ғұмырдың барша таңы.
Он екі айдың еркесі – сұлу мамыр,
Сені ерекше, ерекше аңсатады.
* * *
Көрдім сенен мәңгілік өмірімді,
Бөлдім саған сол үшін көңілімді.
Көздеріңнен сүйейін алғаш рет,
Өбейінші гүлшырын ерініңді.
Еркетайым ешқандай қылымсыма,
Жараспайды бойыңа мұның сірә.
Мен сенен тілейінші тәтті сезім,
Сен менен көктеменің гүлін сұра.
Аққудай сылаң қағып сылқым денең,
Сезімің ақ торғындай үлпілдеген.
Көңілімді берсеңші шомылдырып,
Бұлақтың тұнығындай күлкіңменен.
Жүрегімді барады шөл де қысып,
Қалайыншы тіліңнен шербет ішіп.
Ақ қанат өлең саған кетті асығып,
Көңілімді таңертең тербеп ұшып.
КЕШ, МЕНІ...
Көңіліме қоңыр мұңның көшкені,
Өміріме салқын самал ескені.
Қардай аппақ көңіліңе кірбің сап,
Гүл орнына мұң сыйласам кеш, мені.
Қыр еркесі – гүл сыйлайын дестелі,
Жыр жазайын сезімімнен кестелі.
Оңашада моншақ үзіп көзімнен,
Қалқам, сені сүйе алмасам кеш, мені.
Сезімдерім болған емес көшпелі,
Енді бүгін сынды көңіл ескегі.
Кешу сұрап оянайын ақ таңда,
Бәрінен де ар алдында кеш, мені.
Аңдамаппын...жазған көңіл не істеді,
Ақ нәзігім аңсарымсың естегі.
Көңіл үшін кешу айтпай сен маған,
Өзің үшін, сезім үшін кеш, мені....
* * *
Арда туған арғымақпын демеспін,
Қарапайым халықпенен тел өстім.
Бір басымнан артылады кемшілік,
Сондықтан да мен періште емеспін.
Ел қатарлы қоңыр тірлік кештім де,
Өкпе артқам жоқ берекесіз бес күнге.
Ұнатпасын ұнатпаған пенделер,
Мен де ұнағым кеп жүрген жоқ ешкімге.
Қыз сүйдіріп отқа орады он сегіз,
Сыр шертістік өлкемізге келсе күз.
Болғым келген жоқ бірақ та ақылды,
Тағы ақымақ бола алмадым...
Сенсеңіз!
Ішіндемін өмір дейтін ертектің,
Сезіміммен өзегімді өртеппін.
Болмаған соң өмірге ешбір құлшыныс,
Өлең жазып қалайын деп серт еттім.
Қобыз алып қасіретімді қозғасам,
Өткен күнге көңіл айтып боздасам –
Мені жынды демессіз сіз...
Алайда кешіріңіз
Болмайды өлең жазбасам.
Мінезімнен жақпай қойдым талайға,
Айтыңызшы, жұртқа жағу оңай ма?!.
Өмір сүріп жүргеніңше өтірік,
Өлең жазып өлген дұрыс, алайда.
Болмаса өлең қалай өмір сүресіз,
Қалай ғана мұңаясыз, күлесіз.
Бұл ақылдың аздығы емес, жақсы аға,
Көптігінен емес тағы...білесіз.
* * *
Жанымның шалды гүлін өрт,
Сәуірде ғана көктеген.
Ғашықтық деген – ұлы дерт,
Ақынға соқпай өтпеген.
Мөлдір де әсем көзіңе,
Көзмоншақ тақсын анашым.
Қарайын сосын өзіңе,
Табайын сұлу жарасым.
Қарлығаш қанат қасыңа,
Қап-қара түнмен сүрмелен.
Байлашы әр тал шашыңа,
Жұлдыздың бәрін бүрлеген.
Қарайын саған еміне,
Қалмады басқа амалым.
Жұпар аңқыған деміңе,
Сіңірші дала самалын.
Сырыңды сенің аштым ба,
Таптым ба тылсым кілтіңді.
Ақ сүттей Айдың астында,
Ақ торғын сезім бұлқынды.
Өртеңді кештім лаулаған,
Сезімнің туын құлатпай.
Дидарың Айдан аумаған,
Жанарың жанған шырақтай.
Сезім ой салсын талайға,
Күн кештім сен деп сертпенен.
Табылмас емі алайда,
Шалдықтым ұлы дертке мен...
* * *
Бір сұлу қыздан хат алдым,
Сүйеді екен ол мені.
Әр қилы ойға маталдым,
Есіме алып әрнені.
Әдемі-ақ екен жоқ міні,
Көз тартатұғын алыстан.
Сұлу қыздардың көптігі,
Ақынға сор боп жабысқан.
Дерт болған және тым ауыр,
Тым ауыр сәттер шықты алдан.
Сезімді қайтем мына бір,
Сұлуға қарап сұқтанған.
Сүйемін дейді...Сенбеймін,
Сол хатты қайдан жазып ең.
Жанымды бірақ емдеймін,
Сұлудың асыл назымен.
Алдайды ол білем, алдайды,
Оныкі жәй бір еркелік;
Сұлулар сүйе алмайды,
Сүйісер мүмкін өртеніп.
Сұлу деп өлдік біз қанша,
Жазылып талай ақ өлең.
Сүйе алар егер қыз болса,
Құлы боп соның кетер ем.
* * *
Қызыл алма теріп жүрсең бақшада,
Менде өзгеге қарайтұғын жоқ шама.
Білмейсің ғой осы сәттің жарқыным –
Бұйырмасын қара түгіл, патшаға.
Қызыл алма сияқты едің кәдімгі,
Қызғылтым нұр аймалайтын жаныңды.
Алма теріп жүргеніңде бақшада,
Ұрланып кеп тыңдаушы едім әніңді.
Сенің әнің – ән болатын әйгілі,
Тұнық еді көңіліңнің айдыны.
Қызыл көйлек киген сәтің есімде,
Ұмыттырып жіберетін қайғыны.
Сезім болып тербеткенім жүзіңді,
Дидарыңнан қызыл алау үзілді.
Қызыл алма сыйлап едің сол күні,
Қайран көңіл содан кейін бұзылды.
Көңілімнің мәңгі жасыл құрағы,
Сен болғансың үмітімнің шырағы.
Сол күндер мен сені ойласам ылғи да,
Қызыл алма жегім келіп тұрады.
* * *
Өнер дейтұғын ғажап-ақ,
Атыңды жайған әлемге.
...Жанымды жиі мазалап,
Самсап тұр «жұлдыз» төбемде.
«Жұлдызға» толы айналам,
Көз қарықтырған жарығы.
Мен солар жайлы ойланам,
Ойшылдар құсап кәнігі.
Түспейді жерге мәңгілік,
Аспан ғой оның мекені.
Талайды жүрген таң қылып,
Жарығы бізге жетеді.
Құсқа жеткізбес самғаса,
Қол жетпес қандай шынар ең.
Егер «жұлдыздар» болмаса,
Өлетін екен бұл әлем.
Жер таба алмайды қонарға,
Аспанда жүріп сейілмен.
Төменде болған олар да,
«Жұлдыз» боп кеткен кейіннен.
Тағдырдың көріп талқысын,
Халықпыз бәрін кеш ұғар.
Шалқыса солар шалқысын,
Себебі «жұлдыз»...несі бар?!
Сондықтан жерді сүймейді,
Сүйекке біткен паңдығы.
Сәріде сосын сирейді,
Төменге құлап, ал бірі...
Өкпе арта көрме маған сен,
Және де ешбір таңданба.
Армандап кеттім содан соң,
«...Шіркін-ай, «жұлдыз» болғанда!»
* * *
Соңымда қалды барша мұңды күн,
Тербеліп өскен ақ шынар.
Нәзіктігіңді аңсадым бүгін,
Аңсаудың өзі бақ шығар.
Қайтемін жүрек солықтағанын,
Өзіме – өзім сыймадым.
Аңсарлы ақын болып барамын,
Көзімді арбап дидарың.
Сезімнің білем мәңгі арылмасын,
Жетпейді-ау оған батылы.
Сияқты болып жан қарындасым,
Аңсарым болдың ақыры.
Сезімді қайтем көзіңнен өрген,
Жаныңда тұнып тоғжан мұң.
Ақындар аз ба сезімнен өлген,
Өлеңі сынды Мағжанның.
Ақын ем болған арманы керім,
Өлең боп кетер бақиға.
Қырмызы гүлдей Қорланым едің,
Сыйлайын алтын сақина.
Өзің деп кештім қаншама ағынды,
Өлеңге күйіп көмейім.
Осылай айтам аңсағанымды,
Ал басқа...
Басқа не дейін!
ЕСТЕЛІК
Құлын күндер өзіне тартады әлі,
Жүрегімнен мөлдіреп ән тамады.
Есіңде ме ерке қыз елік мүсін,
Ең алғашқы махаббат партадағы.
Білесің бе сенде еді бар аңсарым,
Сені ұнатып өткенін балаң шағым.
Аяулы өлең жаздырған түн бойына,
Сыйға берген алтындай қаламсабың.
Сағынамын сондағы шақты-ай керім,
Дертті жүрек оның да таппайды емін.
Естелік боп көзімде қалып қойды,
Етегі желбіреген ақ көйлегің.
Шіркін, қайта сәби боп жаралғанда,
Әй, бірақ жете алмаспыз ол арманға.
Ақ өлең боп төгіліп тұрам ылғи,
Ақ бантигің ойыма оралғанда.
Аппақ ардай сезімнің ұлы атымен,
Сені ғана жан құрбым ұнатып ем.
Сен соңғы рет адамша шаттандырып,
Алғаш рет ақынша жылатып ең.
Хатпен қоса сыйлап ем дестелі гүл,
Артта қалды әдемі кестелі күн.
Мен сақтаймын сол күнді жүрегіме,
Сен де сақта мәңгілік есте, күнім!..
* * *
Құс келсе салып құдашам әнін,
Керемет еді бұл неткен!
Көктем сыйлады бұла самалын,
Адамға деген құрметпен.
Алқынып әппақ бұлақ ағады,
Жасарып сол сәт атырап.
Кербез бұлттар да жылап алады,
Мұңайып кейде жапырақ.
Еске алып келмес бұла күндерді,
Ішіне еніп елестің –
Көктеме болып жылағым келді,
Жылатпаса да мені ешкім.
Өткен шақтарға өкпелемелік,
Мәңгі жасыл ғой маңайым.
Шаһарға біздің көктеме келіп,
Ақын ғып кетті талайын.
Аспанды айналып ақ қанат ән жүр,
Қыз сезіміндей қайырлым.
Моншақ үзеді ақ тамақ жаңбыр,
Көңілі сынды шайырдың.
Сен ең бозбала шағымның әні,
Айтатын сырлы әңгіме.
Пәктігің ғана сағындырады,
Сағынар басқа қалды не?!.
Көктем ғой менің кезім гүлдейтін,
Бір дауа тауып жаныма.
Аңсау бар менде өзім білмейтін,
Кімді аңсайтыным, тағы да...
ЕСТЕ ҚАЛҒАН ЕСКІ ӨЛЕҢ
Тамыз келді көмейінен шоқ ұшқан,
Бурыл бұлттар көз тартады алыстан.
Бұл кезде ауыл сыртындағы қауындар,
Сұлу қыздың сымбатындай толысқан.
Кеңістікке жұпар шашқан әдемі,
Жер қойнынан өрген әсем нәр еді.
Алаулайтын ақ дидары күнімен,
Бізден соны жасыратын пәлегі.
Көретінбіз кең далаға жүз барып,
Қайтушы едік кейде ерекше сызданып.
Бесін ауа баққа кірдік үш бала,
Шырын дәмін өзгелерден қызғанып.
Көңіл шіркін тоят табар түсінен,
Нақ бір алтын шығатындай ішінен.
Таңдап жүріп жинадым сол қауынды,
Аңдап басып аяғымның ұшымен.
Біз жүргенде қауын таңдап бәлсініп,
Қарауыл шал келді...
Қолында нән шыбық;
-Отау үйге ие болар шағында,
Ел ырысын ұрлап жеген өң шірік
көрсетейін, - деп қуғанда тұра сап,
Тозақ болып елестеді мына сәт.
...Былай шығып, ал күлейік үшеуміз,
Қайтер еді мүмкін сонда жыласақ...
ТАҒДЫР
Сыр айтады,
Мұңайтады тынбай түн,
Нәзік мұңым түн ұйқымды ұрлайтын.
Өлеңім бар мың өмірге сыймаған,
Өмірім бар бір өлеңге тұрмайтын.
Ой аулаймын алыс жерден айшылық,
Ғұмырыма кеткен білем ой сіңіп.
Көңілімді тербетеді мұң ғана,
Маған өлең жаздырады қайшылық.
Жүрегімнен жалғандықты аластап,
Тамырымда тулайды бір ән асқақ.
Өлеңдерім біреулерге ертегі,
Ал тағдырым кей адамға адасқақ.
Ақыл айтып отырмаймын шатынап,
Дана емеспін...
Емен тағы ақымақ.
Менің жырым – көктемдегі бәйшешек,
Менің мұңым – күзді күнгі жапырақ.
Күнде өремін қайыңдардың бұрымын,
Қызықтаймын қызғалдақтың қылығын.
Ағын ойдың ішіне еніп жүрегім,
Өтіп жатыр жан түсінбес ғұмырым.
Жүре алмаспын өмірді алдап өлеңмен,
Ол алдана қоймас маған, дегенмен.
Өлең үшін өмірімді сүремін,
Өмір үшін бола алмаймын өлермен.
* * *
Муза сынды музыка жан балқытып,
Теңдессіз күй шарықтады ғаламда.
Періштенің жұпар иісін аңқытып,
Бір сұлу қыз би биледі алаңда.
Еліттім мен болмысқа һәм дыбысқа,
Бейнесінен жанарымды ала алмай.
Сезім тұрды мұңайып бір бұрышта,
Даласымен қош айтысқан маралдай.
Шаһар ұйып әлгі арудың биіне,
Бар пендеге ұмыттырды Алланы.
Бірақ сол қыз жалғыз қайтты үйіне,
Ешкім оны шығарып та салмады.
Жалғыз келе жатыр сол қыз көшеде,
Жанында мұң, ал көзінде назы бар.
Гүл аңсады бүгін және кеше де,
Мүмкін оған сұлу өлең жазылар.
Көңілімде қалды осы бір естелік,
Жазып бердім сезімімнің хаттарын.
Ал қоңыр күз биші қызды ескеріп,
Сыйлап жатты жетім жапырақтарын.
Жалғыздықтан болар дейсің сұсты не,
Жүрегі оның бір мұңлы күй шертеді.
Құлай түсіп ақжайманың үстіне,
Оқып жатты мұң жайында ертегі.
АРТЫҒАЛИ ЫБЫРАЕВ
Ол өзі болатын шын ақын,
Жүретін тылсымға асығып.
Көзінде пәк сезім тұнатын,
Жүзінен ақ өлең шашылып.
Жалғандық дегенді сүймес-ті,
Шын ғашық болатын бір қызға.
Қаршыға секілді күй кешті,
Жүрегін соғып ап жұлдызға.
Бір өлең әуенін қайырды,
Жазмыш жайқалған гүлді үзіп.
Аспанға ап ұшты шайырды,
Періште ақ қанатына мінгізіп.
Өзіндік мұңы бар болатын,
Тағдыры тәттісін қимады.
Өлеңге сыйғанмен сол ақын,
Амал не, өмірге сыймады.
Айта алмай арзасын ақырғы,
Жүргенмен жүрегін сөзге орап.
Адамзат!
Өлтірме ақынды,
Бір күні өледі өздері-ақ!..
Өледі ешкімнен сұрамай,
Бәрібір сыймайды бес күнге.
Ал оның сезімі құралай,
Жаутаңдап қалмасын ешкімге.
АЙ
Жыр жазғанда сүйгенімді сағына,
Көздерімде мұң тұнғанда тағы да.
Ай болатын жүрегімді жұбатып,
Түн бойына сыңар болған жаныма.
Күрең кеште күйіп әппақ қанатым,
Жүрек шіркін мұңды әуенге салатын.
Өлең болып төгілетін кей кезде,
Ақындардай ол да жалғыз болатын.
Толқыған түн, аяулы да пәк қандай,
Періштелер көктен түсіп жатқандай.
Сезімімді білдіріп ем сол күні,
Алғаш рет сол бір қызға ақмаңдай.
Толықсыған Ай секілді нұр жүзі,
Мөлдірейді қызғалдақтай қырмызы.
Өлең оқып отырамын көзінен,
Жаңа туған жүрегімнің жұлдызы.
Мүмкін содан сұлу қыздар айқабақ,
Сырына оның кім бар бірақ бойламақ...
Өлең жазып отырамын ондайда,
Ай сәулесі парағымда тайғанап.
* * *
Үстелімде шарап қалған ішілмей,
Құмырада раушан гүл сарғайған.
Өмір менің ұзақ көрген түсімдей,
Дүниеге жұпар шашып маңдайдан.
Сәуле іздедім қырдың қызыл гүлінен,
Қалам қалған ақынменен дерті егіз.
Құшағымда талықсыды түнімен,
Өмірімнен өлең іздеп ерке қыз.
Біздің жаққа таң сәулесі кеш түсер,
Ерте бастап кетсек те есіл өмірді.
Жүрегімде қоздап тұрған ескі шер,
Ерке қыздың жанарынан төгілді.
* * *
Тараздың көңілді бағында,
Жүргенсің жарқырап жанымда.
Содан соң қызығып көп тұрдық,
Алыстан мұнартқан сағымға.
Сол күні,
Кешінде көктемнің,
Көзіңнен байқатпай өпкенмін.
Сен соған өкпелеп қалғанда,
Соңыма қайрылмай кеткенмін.
Есіме түсіріп сол сәтті,
Ойландым тап бүгін ақ таңым.
Сол көктем көңілімді босатты,
Кейіннен мен сені таппадым.
Мұңымды жырлайды жыр тілі,
Өртендім өкініш отынан.
Бәрібір алдыңнан бір күні,
Күнәсіз өлең боп оқылам.
Сол көктем жанымды тоңдырды,
Кетсем бе қаңғырып жыраққа.
Ұмытқым келсе де сол күнді,
Ұмыта алмадым бірақ та.
Тараздың көңілсіз бағында,
Күлімдеп жүрмедің жанымда.
Қалайша бір жүрдік десеңші,
Көз тігіп қол жетпес сағымға.
Ақыры сағым боп тындың ғой,
Келбетің өртеніп көзімде.
Бағымды кешірек білдім ғой,
Бақытсыз боп қалған кезімде.
* * *
Сөніп қалған секілденді жүректе от,
Көрінеді бүкіл дүние түнек боп.
Мені қойып, құйып жатыр бұл өмір,
Өлеңімнің өзегіне мұң ептеп.
Өлім жайлы жиі айтады өлеңім,
Түсіндіре алмаса да себебін.
Дүниеге келген күннен шырылдап,
Мен өзім де өлімді іздеп келемін.
Қорқыт сынды қобызым жоқ қолымда,
Қалар болса, жырым қалар соңымда.
Өлеңіме аманат қып қалдырам,
Дүниенің оңы менен солын да.
Жылдар деген жылыстайды думанмен,
Кешірілмес күнәмізді жуғанмен.
Асан қайғы боп кетермін бақиға,
Анамыздан Асан болып туғанмен.
Оқи алмай тағдырдағы таңбаны,
Күнін күткен жолаушымын жолдағы.
Бұ дүниеде жүріп өткен жолыма,
О дүниеде жауап берсем болғаны...