Мұрат Шаймаран: Қызылды-жасылды тіршілік барады, Тас еден жолдардың инін қандырып…

(ӘМІРХАН БАЛҚЫБЕККЕ)

Иегіменен көрсетті уақыт қыр жақты,
Қыр жақты бетке ап қызарып барып күн батты.
Өмірдің өзі қаншама құнды десең де,
Өлім де сондай қымбатты.
Ертегі сынды ертеңнен ерте суыстық,
Тірліктен көрі құшағы жердің тым ыстық.
Аспаннан жұлып Ай іліп тұрған басына,
Моланың маңы кінәсіз, бейқам, тыныштық…
Өзіне беріп өлеңін шамшыл өмірдің,
Сен солай кеттің,
Тәрік еттің бәрін,
Не білдің?!
Асығыс қана аттанып кеттің ақырға,
Аңтарыла қарап, артыңда қалды тобыр – мұң.
Демімен күннің шоқтанып сөнген от арман,
Қош енді, досым, сөз болып қуып жете алман…
Басыңа сенің балбалтас әкеп қойсам ғой,
Алтайдан арғы – түркілер тектес отаннан.
Сен жалғыз едің бөрідей жортқан жапанды,
Жүрегің – Қозы,
Құдайың қасқыр қаһарлы.
…екінті бойы елесің кезіп жүреді,
Алматы деген қартайған мұңды шаһарды.
…Кетеді жылдар даңқыңды сенің қиянға ап,
Күркіреп күндей,
Булығып бұлттай жиі аунап.
Жап-жасыл нұрға қайта алмай жүрген жалғаннан
Аяисың бізді,
Кешіргін бізді, Ия, Аруақ..!

***

Құлап жатқан жапырақтай күздің соққан желімен,
Шыңға біткен шынарымнан ағыл- тегіл төгілем.
Ей, алакөз аспап, мені керегі жоқ аяудың,
Керегі жоқ енді маған жасыл нілді бояудың!
Саған қарай ұшпаймын мен қанатыма от байлап,
Құстың жолы – өзені мұз, өмір сынды көк тайғақ…
Топыраққа қарау күнә зау биіктен – күн жақтан,
Және менің салмағым бар ғаламға жүк – мың батпан…
Ғадауатқа ғапыл болған тірлігімнің көп шағы,
Көңілім – күз, санам менің жапырақтай сап-сары.
Жапырақтар өледі ғой табандарда жаншылып,
Қардан ақтық байлап алып аза тұтар бар шыбық…
Ал, менікі өлім емес,
Ажалды аң-таң қалдырып,
Топыраққа кетем сіңіп,
Жатам сонда мәңгілік!
Ей, адамдар, мың рахмет!
(Солай болған бұ тірлік…)
Ұйықтататын,
Оятатын ЖЕР барына шүкірлік…

****

Алыста оттар жанады,
Түртеді түннің түнегін.
Есіме менің салады,
Қиырда қалған қыр елін:
Бетеге тұнған айшуақ,
Мастанып жатар дала-бел.
Қамыс құлағын қайшылап,
Белдеуде тұрған қарагер…
Иесін іздеп тұр күлік,
Жануар білмес бой суу…
Шығады оны кім мініп,
Қүтеді оны қай сұлу?!
Тарқатып…өріп бұрымын,
Жұмбақтап ойын қыз қүлді…
Шегеді жігіт шылымын,
Шегеді және бір мұңды…
Мейлі ғой, мейлі…
Сән құрап,
Қымбатын ару бұлдасын!
…іздейді сосын албырап
Жоғалтып алып сырғасын…
Құстардың тойы – тоғайда,
Жағады аспан от-шамын.
…арғы жағын айтпан жарай ма!?
Жап-жасыл шалғын, көк шалғын…
Тотыдай қайта таранып,
Сүюдің шалқып қызуы,
Қайыс шылбырға оралып,
“Сендікпін..!”-деген қыз үні…
Алыста оттар жанады,
Түртеді түннің түнегін.
Жат жерде көңілім налалы,
Сұп-суық менің жүрегім.

***

Маған берілген өмір ме ең дара?!
Көрінер елес әр қырдан.
Бауырында түннің меңіреу дала,
Бейуаздай бейқам қалғыған.
Алақанатты аспанды шарпып,
Сәулесін жоқтап Ай – қыздың,
Сонау бір алыс тоғайдан алқып,
Жетеді үні байғыздың.
Күлкісі күміс бұлақ ақпайды,
Дауысын жұтқан қара түн.
Сүйетін күнді,
Ұнатқан айды,
Ағарған шашы сол ақын…
Аңсайды кімді үміті семіп!?
Зарығы неде жанының?!
Тұңғиық көкке шашады келіп,
Жүректе қалған бар уын.
…келмейді-ау сол қыз желменен билеп,
Шашына аппақ гүл тағып.
Жұлдыздар қонған кебісін сүйреп,
Көзінен шұғыла мың тамып.
Көшеді бұлттар – өмір ағылған,
Аяусыз жанды жұлқылап.
…келмейді-ау сол қыз омырауынан
Топырақ иісі бұрқырап…
21.10.2014

***

Бокалымда толқын атып роза түстес тұр шарап,
Ішім жалын,
Мұңым қалың,
Түгесе алар кім санап?!
Ішкемін мен…
Іше берем,
Ішпегенде нетер ем,
Кәні, тағы өз қолыңмен у бер маған,
Көтерем!
Дертті жуар жүзім нәрі жүгіргесін қанға асыл,
Жүзім маған елестейді жұлдыз болып жап-жасыл.
Жұлдыздардың тамшысы ғой ерініме таматын,
Қара аспанды құшағына ап құлайды екен бар ақын…
Енді сенбен өзің айтқан сандырақ пен елеске,
Лас ғаламға мас боп қарау маған ләзім емес пе!?
Ақиқат деп тізе бүктік жындар соққан мүсінге,
Ақиқат ол табыт болып кірді менің түсіме…
Өмір деген осы болса…
Кішіреймей өтемін,
Өлім деген мәңгілік дос, сүйем соның етегін.
Сүйем тағы сұлуларды,
Арғымақты қабан жал,
Одан бетер сүйемін мен айнымас дос – сені, ажал!
Сен-қоғамым,
Тым қаталсың,
(Қалман, әсте, мен ықтап)
Азуыңды айға білеп, отырасың қан ұрттап…
Бокалымда толқын атып роза түстес тұр шарап.

ДОСТЫ АТТАНДЫРУ

Сен кетесің…
Мен қалам сұп-сұры вакзалда сенделіп,
Өксіктер өлеңге айналмай шер болып.
Сағыныш сайгүлік секілді екен ғой,
Жан-жаққа жанымды ап қашар өңгеріп.
Тағдырдың берігі-ай,
Жүректің осалы-ай,
Көз жасым жүзімді жуады жосадай.
(Кім еді бұл өзі?
менен не дәметкен?!)
Алақан жаяды алдымда мас ағай…
Алаңдар,
Адамдар,
Көкжиек, кешкі алау,
Мендегі бұл ғұмыр өмірден басқалау.
Жанады жұлдыздар,
Ағады жұлдыздар,
Айдың да кірпігіне ілінген жас бар-ау!?
Алатау еңселі есінер мәңгіріп,
Түрегеп түн келер самдарын жандырып.
Қызылды- жасылды тіршілік барады,
Тас еден жолдардың инін қандырып…
Сен кетесің.
Бәрібір кетуің керек-ті,
Топырақ иісін сағынған себепті.
Алматы алдаумен әбігер болар-ау,
Ақын деп аталар кінасіз бөбекті.
Жоқ, жоқ, жоқ!
Алматы тым қатал,
Бек қиын,
Дертің де, өртің де ол үшін көк тиын!
Кезеді көшені адасқан аңқау жел,
Ысқырта тартады жалғыздың тек күйін…
14.10.2014

ҚАРА ТҮН

Қара түн
Жайса да қанатын,
Жадымда жауқазын махаббат,
Ұмытқам жоқ атын!
Таңнұры кірпігін бояған,
Тағдырын аяғам…
Білегін жастанып ұйықтаймын,
Жүрегін тыңдаймын,
Оянам.
Қиялды қиянға жіберіп,
Жұлдыздың үрпінен нұр еміп,
Тәп-тәтті түс көріп жатамын
Кеудемнен бір құшақ гүл өніп…
Сағыныш теліген,
Сен деген – сабылтқан өмір ең.
Күн шығар, тұншығар бәрі де,
Тірліктің сұр-суық демімен.
Моншақтар тағынып,
Шанағын шайқайды бар үміт.
Бас ауған жағыма маңармын мен тағы,
Сұп-сұры алматы аспанын жамылып.
Қара түн,
Ұмытқам жоқ атын!
Себебі, жап-жасыл жұмағым ол менің
Және де өрті мол тозағым болатын.
10.10.2014

ТҰТҚЫН

Отыр бір тұтқын
Көзіне тұнған барлық мұң,
Теңіздей кешкі сұрланып.
Бетіне түскен сызаттар – табы кәрліктің
Бояу боп жаспен бірге ағып.

Алдында шарап
( Ескілеу көзе сыры ұшқан )
Шайқалып тұрды шымырлап.
Келмейді іздеп не досы,
Жары…
Туысқан …
Келеді күмән буынды ап.

Келеді тағы бір сұлу әйел сылаңдап,
Мойнында қара шарқаты.
Жанғаны қайсы?
Сөнгені қайсы !?
Тұмандап
Бұрымын күндей тарқатып…

Қапасы – қайғы,
Арманы – шүңет ақ айдын,
Көкжиек сынды аңсары.
Сұлудың қолы сылайды аппақ самайын
Дір етпей нәзік саусағы.

Көзінде көлбеп көлеңке ғұмыр жатады,
Ойнайды уайым жал бітіп,
Көзеде шарап көсіле толқын атады
Ажалдың иісін аңқытып…

Дауысы жасқап әйелдің асқақ күнді өктем:
« Бұйырттым кебін сізге арнап…»
Ал, сыртта көктем,
Өзгеше көктем,
Бұл көктем!
Өрттей боп жанған қызғалдақ…

ТАҒДЫР ЖҰЛДЫЗЫ

Айсыз түн,
Борасыны қыстың ұлып,
Кешеді көшелерді ысқырынып.
Аспанда жұлдыз – құлын шауып өтті,
Кетті ағып,
Қылмойыннан түсті құрық.

Бүк түсіп жатып алған тау – сыбағам,
Мен оны қараңғыдан аршып алам . . .
Жетеді жетім қалам мұңындай боп,
Шыңғырған сол жұлдыздың дауысы маған.

Жүрегі дүниенің алақызып,
Жарығын жанған жұлдыз барады үзіп.
Жонынан жұмбақ түннің таспа тіліп,
Жүзіндей селебенің қалады ізі…

Болса да ескі шекпен иінімде,
Қараймын зеңгір көктің биігіне.
Көземді көз жасыма толтырып ап
Ішемін аққан жұлдыз күйігіне.

Шегеді шемен өмір маған айбат,
Ақынмын!
Ақтық күнді алам ойлап.
Сол жұлдыз құлын сынды,
Ғұмыр сынды,
Ішінде жанарымның салады ойнақ.

***

Кешір мені,
Сені жырға қоса алман,
Айдан да алыс,
Күннен де ары осы арман.
Кептер төсің талпынғанмен қаншама,
Жұпар сеуіп өткенімен қос алмаң.
Кешір мені,
Сені жырға қоса алман.

Сонау жылдар ессіз дәурен құрғанмен,
Асау жастық алыс кеткен жылдармен.
Кешір мені,
Сені жырға қоса алман
Жасыл көзің жалын шашып тұрғанмен.

Ақша жүзің алау-жалау атқанмен,
Шоқтай ернің аңсағанмен от дәурен,
Жымиғанда шұқырында бетіңнің
Толған айдың нұры балқып жатқанмен .

Менің жаным жасыны көп көктемнен,
Жамалдыға жарқылдарын көп бөлген.
Сенің жібек көйлегіңнің етегін,
Еркелей кеп жел көтеріп өткенмен.

Кешір мені!
Сынып біткен бақ – кесе,
Ертең де жоқ,
Бүгін де жоқ,
Жоқ кеше!
Албырт, аңғал ару қыздар жайында
Есениннен кем жазбаймын әйтпесе…

Шамы сөнген шайырыңның ғазалын,
Селт етпестен тыңдайды өмір базары.
Мен жырлаған сұлулардың ешбірі
Мұңсыз ғұмыр кешкен емес, ғажабы…
Кешір мені,
Сені жырға қоса алман.

КҮТУ

Самайым – даналық,
Жүрегім – балалық…
Жанарды тұман қып, жанымды нала ғып.
Оңаша орындықта отырам тым ұзақ,
Қалғыған қарағаш саясын пана ғып.

Қия алмай,
Кете алмай белінен мұңды аттап,
Көзіммен сүйемін со-но-у бір гүлді аппақ,
Мен деген бір түнде қартайған ақынмын
Ақ шашы шашылып,
Шылымы будақтап…

Аспанға салмақ сап бұлт ауыр қалқиды,
Жасындар кісінеп ауаны тарпиды.
Жаңбырдың соңынан топырақ иісі
Қайғымның иісі секілді аңқиды.

Бұл ғалам жанардай немесе сөнердей,
Қараймын көк орман жақтарға елеңдей;
Өзіңді титімдей аппақ құс жетелеп
Есалаң ақынның қасына келердей.

Отырам:
Мен сені күтемін – себебі,
Аспанмен астасар аңсаудың көлемі.
Дертіме ем болмай Хафиздің ғазалы
Сабырға шақырмай Абайдың өлеңі…

Отырам:
Әжімдер шимайлап бетімді,
( Күтемін,
Күтемін . . .
Күтуден не тынды ?!)
Сүюі ғаламат көне бір ғасырдан
Сартап боп қап қойған сағыныш секілді.

Бүгін де үмітім үзілер, әй, менің,
Жамауға келер ме көңілдің әйнегін.
Бәрібір күтемін, жеткенше ажалым,
Сүйретіп түн сынды қап-қара көйлегін.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста