Ілияс Мұқаев: Періште боп тудым-дағы, Пенде болып күн кештім...

Ілияс Мұқаев: Періште боп тудым-дағы, Пенде болып күн кештім...

Көкше теңіз...
Көкше теңіз...
Жалаң аяқ жағаңды көп кешеміз.
Алшаң басып, жұртқа асқақ көрінгенмен,
Біздің де шылқып жүрген жоқ шекеміз.

Көкше теңіз...
Күнде кетіп жатса да көпке есеміз...
Жалымызды (жығылған) күдірейтіп,
«Бөрі арығын білдірмес» деп бөсеміз.

Жараланбай...
Шақтар – ай, шалқып ұшқан шағалаңдай.
Бастағы бәскіл күйді кім ұғады,
Қаһандай қапаланған қамал алмай.

Ақ айдыным...
Саған келсем сейілді талай мұңым.
Толқыныңдай жағаңда толқып тұрып,
Жанымның жамыраттым арай – нұрын.

Жерінбедім...
Сенен тапты күйреуік көңіл де емін.
Тұнығыңды лайлады Адам сенің,
Тұнығымды лайлады Өмір менің.

Іріні іздер...
Ести ме екен дариға – ай, үнімізді ел.
Қамысыңдай жайқалып тұрамыз да,
Барысыңдай құримыз түбі біздер .

Көкше теңіз...
Тірлікте жақынды жау... дос та етеміз.
Жағасында жалғанның Сен қаласың,
Біз өмірге бос келіп, бос кетеміз...
Көкше теңіз...
* * *
Жүрегім жырға жерік болғалы,
Өміріме өлең серік болғалы
Өмірдің күзі жемісін бермей,
Көңілдің мұзы еріп болмады.

Шығам деп алып түнектен көпті,
Жанымның мені үні өктем етті.
Қазаққа төнген кауіптің бәрі,
Алдымен мендік жүректен өтті.

Ет-жүрек содан езілген мынау,
Түспейді қайтіп сезімге қылау?
Шалшықтың - көлге,
балшықтың - тасқа,
Айналып кеткен кезінде мынау.

Жалғанда түк жоқ десем де мәңгі,
Өмірден алар есем көп әлі.
Мылқауға бүгін тіл шықпақ түгіл,
Сөйлей де сөйлей шешен боп алды.

Жете алмай көкке анық төбеміз,
Ұмайдай ұлып маңып келеміз.
Тектіге ғана бұйырар Бақты,
Ептіге неге таңып береміз?

Соны ойлап көңіл күпті ала бөтен,
(Жанымды мұңмен жұптаған ба екен?)
... Ақынның егер азабын артса,
Атанға қанша жүк болар екен?...
* * *
Ақтоғайға кіре беріс күре жолдың бойында дала қыранына қойылган ескерткіш тас тұр.

Өтінем мұны естен шығарма,
Мүсіншім шабыты шарқ ұрған.
Ескерткіш қоймаңдар қыранға,
Мыс түгіл алтыннан.

Сөзіме қарама күмәнді,
Тұғыры олардың қия-шың.
Төбеңде қалықтар қыранды,
Төменге қалайша қиярсың?!

Басында тұқыртпай төбенің,
Қыранның киесін танып бақ.
Кереге қанаттым о менің,
Ұшыңдар биікте қалықтап.

Ал, жер ме?!
Жер лайық жыланға,
Жыбырлап жүрсін ол шаң жұтып.
Қоймаңдар белгі тек қыранға,
Қарғалар кетеді саңғытып!!!
***
ҚАЛАДАҒЫ ҚАРТ СӨЗІ
Санама ерік...
Тимеген соң еріксіз балама еріп.
Кеңдікке іңкәр даланың дарқан ұлы едім,
Сыя алмай жүрмін қайтейін, қалаға келіп.

Жан едім ісіне берік...
Еліме деген сағыныш күшіне еніп.
Елегзіп шығам түнімен ауылды аңсап,
Тобылғы түсті торы атым түсіме еніп.

Қабарып қалдым...
Тірлігін көріп ақсаусақ қалалықтардың.
Арғымақ тектес жан едім, далаға құштар,
Қапас қалаға тұтқын боп қамалып қалдым.

Қырат, даланың,..
Деген ем мәңгі төсінен тұрақ табамын.
Жібек жел соқса тербелер көк майсаны аңсап,
Тас көшеде қамығып жылап барамын.

Санама ерік...
Тимеген соң еріксіз балама еріп.
Кеңдікке іңкәр даланың дарқан ұлы едім,
Сыя алмай жүрмін қайтейін, қалаға келіп.
* * *
Көкжиекті көрмегелі,
Күзгі бақтай тоналдым.
Мейірімге шөлдегелі,
Сыра кұмар боп алдым.

Мен мұңайсам
(сыры мәлім),
Жүрегіне мұң сіңбек,
Досыма да жылымадым,
Қасым аулақ жүрсін деп.

Туған жердің нұры сіңген,
Өкпем өшіп, қабынды.
Қалаға кеп тынысым мен,
Пейіл неге тарылды?

Сұрауы бар судың –дағы,
Табиғатпен тілдестім.
Періште боп тудым-дағы,
Пенде болып күн кештім.

...Алмақ түгіл тіптен ақтап,
Уақыт ізге құм себер.
Бір кездері сүттен аппақ,
Болдым десем кім сенер?!...
***
ЖУСАН ИІСІ
Ол кезде өрімдей бала едік,
Әлі өмір қоймаған жүк артып.
Көңілдің жататын қары еріп,
Тұрушы ек әр неге құмартып.

Жеті ұл ек жетінші сыныпта,
Жүретін жазылмай жұбымыз.
Би кеші болса егер клубта,
Өтетін ұйқысыз түніміз.

Ағарып ұйқысыз таңымыз,
Жүруші ек әр нені қиялдап.
Тулайтын тамырда қанымыз,
Сәруар сезімдер жиі арбап.

Ағалар бастаған құтты аяқ,
Қиялда көшелі көшке еріп.
Бесіктен беліміз шықпай-ақ,
Тез жігіт болуды көкседік.

..."Жігітпіз дейміз – ау осы біз,
Темекі тартпас ер бола ма?" –
деп бірде ұяңдау досымыз
Тесіле қарады әр балаға.

Айтпайтын артық сөз бұрында,
Бала еді ол біз үшін ұятты.
Ойланып қарасақ, шынында
Ондай ер болмайтын сияқты.

Былай қап "бос" жүріс бұрынғы,
Ауылдан ұзақтау қыр барып.
Сол күннен бастап біз шылымды,
Шегуді үйрендік ұрланып.

Жігерлі жігіттей өкіртіп,
Шегеміз күндіз де, кеш – түн кеп.
Содан соң жусанды көпіртіп,
Шайнаймыз "Сезбесін ешкім" – деп.

Сақтайтын сөйтіп бір қатерден,
Иісі танауды жаратын.
Келгенде үйіме әкем мен,
Анам да түк сезбей қалатын.

...Қалды ғой ол күндер жырақта,
Қалды ғой ол күндер әріде.
Жусанның жұпары бірақ та,
Танаудан кетпей жүр әлі де...
***
БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА НАЗ
І
Сүттен ақ, судан таза балғын күнім,
Мен сенен неге адасып қалдым бүгін?!
Неге мені асаудай тастай қаштың,
Арқалатып арқама нардың жүгін.

Балғын шағым.
Тұмадай тұнық күнім.
(Қадіріңді кезінде біліпті кім?)
Бірте – бірте бұлақтай көзің бітіп,
Кеттің бе екен тартылып, құрып дымың?..
II
Балалығым!
Тыңдайтын әніңді алап.
Тізгін бермей жүруші ең жалындап –ақ.
Әрқашан да менімен тұрушы еді,
Жасырынбақ ойнауды жаның қалап.

Сен де, мен де ол кезде шықтай балғын,
Жап – жас едік...
Сені енді ұқпай далмын.
Енді неге алаңсыз ойнап жүріп,
Жасырынған жеріңнен шықпай қалдың?..
III
...Содан бері ай аунап, жыл айналды,
Сені іздеумен бар ісім былай қалды.
Таппағаннан көңілге кірбің кірді,
Тұнық деген сезімім ылайланды.

Жиып алып жаныма тәмам елді,
Іздеуге де келмейді – ау шамам енді.
Өйткені құлыншақтай құлдыраңдап,
Жасырынбақ ойнап жүр балам енді...
***
САҒЫНЫШ
Сұрықсыз күндер өтіп сабылысқан,
Сарғалдақтай сарғайдым сағыныштан.

Ұлпа мұңға жүректен төр ұсынып,
Жан – жадау, арман – алаң, көңіл – сынық.

Өзіңді аңсап жаным да жалқынданар,
Сенсіз өмір қоңыр күз салқын жанар, -

екендігін ілкіде –ақ түсінген ем,
Сезімге селкеу содан түсірмеп ем.

Мен ақ қардай ақ едім азандағы,
Сен бір жан ең сол қардай таза арманы,

Екеумізді жүретін бал аштырып,
Ғапыл өмір тыңды ақыр адастырып.

Терезесін көңілдің қырау шалып,
Сені іздедім жаһаннан сұрау салып.

Сезімге серттей берік жан арманым,
Сені іздедім шарқ ұрып таба алмадым.

Таңғы шықтай бәкізе ек, мөлдір едік,
Өткенді аңсап өртеніп енді келіп,

Жүрекке һәм мұң кілкіп келбетімде,
Жыландай түсі суық жер бетінде,

Жан –жадау, арман – алаң, көңіл – сынық,
Келемін қоңыр төбел өмір сүріп,
Өзіңсіз.
* * *
                                                                         Өтпесе түн, атпаса екен таңы да...
                                                                                                                            Мағжан

Жаным менің тастап шығып тәнімді,
Көзімді ілсем саған құстай ұшады.
Таң атқанша сенің оттай жалынды,
Ақ денеңді аймалайды, құшады.

Ал сен болсаң, сезесің бе, білмеймін,
Жымиясың қан жүгіріп бетіңе.
Бізді айырған тағдырымды тілдеймін,
Қарлығаштың құйрығындай екіге.

Содан кейін жақсы сөзді боратам,
Махаббаттың сүттей ұйып әніне.
Түні бойы бірге болып таң ата,
Жаным қайтып оралады тәніме.

Жігер құм боп, талай мәрте мұңайдым,
Асығыстау таң сімерлеп кеп қалып.
Күні бойы жүрем сосын
"Құдайдың
Күні неге батпай қойды" деп налып...
***
КӨРШІНІҢ ҚЫЗЫ
Бала едік онда боз өкпе,
Шала едік әлі піспеген.
Өкініш толып өзекке,
Жүрекке әжім түспеген.

Сезімнің қылын ерте біз,
Шертіппіз келмей күйіміз.
Үйіңмен сенің, ерке қыз,
Көрші еді біздің үйіміз.

Бөліске салған артығын,
Көрші едік түрған жарасып.
Көріспей қалсақ жарты күн,
Қалатындай-ек адасып.

Өзімнен сені жеке алып,
Көрмеппін әсте шеттеп мен.
Мектепке бірге бет алып,
Қайтушы ек бірге мектептен.

Гүліндей болсын қырлардың,
Жетпейтін көркем көп құрбың.
Көз сүзген саған ұлдардың,
Келетін мұрнын бет қылғым.

Мен үшін ғана жаралған,
Бағым деп сені білуші ем.
Сыртыңнан оқтай қадалған,
Сұқ көзден қорғап жүруші ем.

Жүруші ем бірге, жан құрбым,
Сезімді келмей кірлеткім.
Ақыры бізді тағдырдың,
Тынарын бөліп білмеппін...
* * *
Сөзімді тыңда сеніп, қарағым,
Төзімнің бұзып берік қамалын.
Өмірден де өңді өзіңді көріп,
Сары майдайын еріп барамын.

Тал бойың тұнып қылыққа керім,
Тұмадай жаның тұнық па дедім.
Көркіне көптің көз байланса да,
Өзімді бұлай ұмытпап едім.

Қалғандай құрып амалым менің,
Тоғысар тағдыр – таланым ба едің?!
Өзіңді көріп ұмыттым бәрін,
Жаз жазиралы жамалым менің.

Жаныма жарық өң бере келдің,
Толқындай толқып тербеле бердім.
Өмірге мына өзіңді жаным,
Көруге ғана келмеген едім.

Сондықтан көңіл танысатындай,
Қос жүрек мәңгі табысатындай.
Қасымнан қалқам, ұзасаң егер,
Басымнан менің Бақ ұшатындай.

Ақ қардан аппақ құлын денелім,
Күннен де көркем күлімдегенің.
Баурыма басып аймалар едім,
Аулыңа қашан ұрын келемін?!..
***
АМАНБЕК
Ауылда қалған жалғыз досымның
жағдайын білейін деп қоңырау шалсам
керім келіншегі үнемі: «Ол қора жақта
жүр еді» дегенді айтады...
Ауылдағы аңғал досым Аманбек,
Жабыққанда сырымды айттым саған кеп.
Борбай етің борша болды – ау сенің де,
Бес тауықтан бес жұмыртқа алам деп.

Ақ самалдай аңқылдаған досым – ай,
Көңіліңнің бола берсін хошы ұдай.
Жан баласын жанымызға тең көрмей,
Хан баласы жүруші едік Жошыдай.

Өзімізді хан ұлына теңгеріп,
Өстік біздер өлкемізге өң беріп.
Жүрміз енді...
Мен қалада сенделіп,
Сен далада тауығыңа жем беріп...

Ауылдағы адалым – ай тел өскен,
Бір сәтке де шығармадым сені естен.
Күндер қайда кекілімді күн сүйіп,
Айдарымнан жел ескен?..

Күндер қайда кеуде керіп самалға,
Құлыншақтай құлдыраңдар даламда?
Сол шақты енді желден жүйрік ат мініп,
Жердің бетін жеті айналсам табам ба?!

Дегдарым – aй!
Көңілі – көл.
Серті – нық.
Өр кеудемнің өзектегі өртін ұқ.
Көп болыпты – ау өткен күннен сыр аулап,
Қырға шығып қайтпағалы желпініп.

Бойда қайрат болған кезде, жанарда от,
Жырым жетсін қырдан ескен самал боп.
Біз аспаған асу әлі қаншама,
Біз алмаған қаншама әлі қамал көп...
.............................................................
Ауылдағы аңғал досым Аманбек!!!

Ілияс Мұқаев - Республикалық Н.Мәукенұлы, Т.Айбергенов, Бұқар жырау атындағы әдеби сыйлықтардың иегері, белгілі ақын.
 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста