Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ: Құс қанатының астында, қысқарып жатыр күндерім

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ: Құс қанатының астында, қысқарып жатыр күндерім

Ақын Ғалым Жайлыбай — 60 жаста

Ғалым Жайлыбай 1958 жылы 9 ақпанда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Жеңіс ауылында туған. Ұзақ жыл ауылда шопан, жылқышы болып жұмыс істеген. Аудандық, облыстық басылымдарда қызметте болған. 1993 жылы Қазақтың менеджмент, экономика және болжау институтын әлеуметтанушы мамандығы бойынша бітірген. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде, түрлі басылымдарда қызмет атқарған. «Жұлдыз» журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газеті Бас редакторының орынбасары, «Қазақ радиосының» Бас редакторы болып қызмет еткен. 2007 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары.

«Жанымның жапырақтары» (1988), «Жүрегімнің жұлдызы» (1966), «Құс қанаты» (2001), «Қарашығымдағы қара өлең» (2006), «Ардакүрең» (2008) атты жыр кітаптарының, «Тағдырымның тамыры» (2008) әдеби мақалалар жинағының авторы. Өлеңдері орыс, украин, түрік, қырғыз, тағы басқа халықтар тілдеріне аударылған. Халық ақыны Жолдыкей Нұрмағанбетұлының артында қалған мол мұрасын жинап, алғы сөз жазып, жинақ етіп бастырған («Сұлу терек», 1996). Қытай Халық Республикасының Күйтің қаласынан шыққан қазақ ақындарының «Сүмбіле» атты жыр жинағына өлеңдері енген.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (1999). «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздікке 10 жыл» медальдарымен марапатталған. Қазақ ақындары жыр мүшәйраларының бірнеше мәрте жеңімпазы. Түркияның Сапанша қаласында өткен (2001) халықаралық жыр мерекесінде «Ақшам жұлдызы» арнайы сыйлығын иеленген. Ресей Халықаралық Жазушылар ұйымының С.Есенин атындағы Алтын медалінің иегері (2009).

ҚАЗАҚСТАН

Жырсың ғалам,
ғаламат нұрсың далам,
Етек-жеңін қаусырып
қусырмаған.
...Қазақстан, қарғам-ай,
әнім едің – қанатында аққудың сусылдаған.
Мөлдір тамшы ілінген бүрінде емен,
Көкжиекке көз салсам Күнін көрем.
...Қазақстан!
қастерлі күйім Менің –
Тұяғында дүлдүлдің дүбірлеген.
Ақ таң туса Алашқа арыс күткен,
арнасынан асады ағыс біткен.
Құба далам ойласам
тына қалам
домбыраның ішегіндей қағыс күткен.
Асылдардан аманат...
тапты мені,
ғасырлардан күткенім ақ күн еді.
...Қазақстан – бабамның ақ батасы
Қазақстан – анамның ақ тілегі.
Замананың тербелсе шынар бағы,
Ұлытаудың шуламай ұларлары...
Қазақстан – қызымның қызғалдағы –
Қазақстан – ұлымның ұлы арманы.
Қазақстан!
көнермес көктем елім,
өзіңе аян,
көгеріп көктегенім...
Қазақстан – жалғызым,
жалғызыма –
Жар бола гөр, жаратқан, – деп келемін.
Шомылатын шуаққа шоқ қарағай,
Күннен қуат іздеген,
оттан арай,
...Қазақстан – жүрегім,
Жүрегімнің –
Мәңгілікке дүрсілі тоқтамағай!


ЖАҢҒЫРЫҚ

...Жартасқа бардым,
Күнде айқай салдым
Одан да шықты жаңғырық... 
(Абай)

Дауысым шықты жаңғырып,
Жан-жағым толған жаңғырық.
Сізден соң өмір-өлеңге
Біз қайдан келдік қаңғырып.
Адасқан күшік секілді,
Ойларым жұртта қалды ұлып.
Тұлпар тұяғы кетілді
Алашқа тілеп Арлылық.
Ей, Шыңғыстаудың баласы,
Запыран құстым
зар қылып,
Қазақтың қайран даласы -
Жаңғырықтардан мәңгіріп,
Есімнен кетті тандырып...

Беу, елімнің ерен Абайы,
Теңіздей терең Абайы.
Ататын таңның арайы,
Шұғылаға тұнған маңайы.
Санама мені пендеге,
Өзіңді көрем түсімде.
Жартасқа бардың сен неге
Жаңғырық есту үшін бе?..
Қара көңілдің жарығы ең,
Халқымды бастар мәңгілік.
- Абай! - деп айқай салып ем
- Абайла! - деді жаңғырық.

Аймалап өстік Күн, Айды,
Көкейде көктеп көп өлең.
Жаңғырық шықса жылайды -
Абыралы, Мыржық, Дегелең...
Жаңғырық естіп құрсақтан,
Ұрпақ боп тудық күнәлі.
Абайдың өзі мұң шаққан -
Меңіреу жартас тұр әлі.
Жаңғырды бүгін тау іші,
Жанымда менің жанды үміт.
РУХЫМНЫҢ өлмес дауысы -
Шыңғыстан шыққан жаңғырық...

АБАЙМЕН СЫРЛАСУ
Найзағай-тағдыр шатырламашы,
Дегберін алып пенденің.
Аға сұлтанның ақын баласы,
Сөзімді тыңда сен менің!
Өрлік өремді өлшетер едім,
Хандар да шықты қарадан.
Кісілігімді көрсетер едім,
Бөжейдің асы тараған.
Шыңғыстың тауы – шырайлы мекен,
Ұлылық қонған сол маңға.
Жидебай-жайлау жылайды ма екен
«Жаздыкүн, шілде болғанда?»
Қалың елдің де, ну орманның да
Қуарған кезін көз көрді.
Семсерін сертке суарғанның да
Сезімі сәтте өзгерді.
Мыңменен жалғыз алысқан Абай,
Шыңғыстан шыңға беттедің.
Артылып туған данышпан Абай,
Тектіден туған текті едің.
Алмайды жырдың жүлдесін ақын
Сүлдесі солғын ғасырда.
Бел-белестерге бірге шығатын
Ерболдай дос жоқ қасымда.
Шырылдап тұрған шырқар да құсым
Тамылжығанда таң әні
Оразбайлықтың жыртар намысын
Сәмен сұмдардың заманы.
Қасқая күлді қасқа маңдайлым
Кедейлік кешкен күйіме.
Ту бие сойып ас бере алмаймын
Біржан сал түссе үйіме.
Ортаға салам олжамның бәрін,
Көшімді бұрмай шалғайға.
...Толған ай сынды Тоғжанның әнін
Әйгерім ару жалғай ма?!
Жайдақтықтармен жауласып әман,
Ұшырған көкке жыр құсын.
Құнанбайлықты дауда сынаған –
Қайран да Ұлы Шыңғысым!
Жыртыстай бүгін жыртылғандар бар,
Майсаңды орар шалғымен.
Ұлы болуға ұмтылғандар бар
Ұл болып алмай алдымен.
Алаштың асқан тәңірі Абай,
Көреміз біз де жолда азап.
Жаратқан хақтың әмірі қалай –
Сен көрген қазақ – сол қазақ!..

КӨКТЕМДІ КӨР ДЕ
(Элегия)

Көктемді көр де
көшті көр,
жарқ ете қалып жанары.
Еңкейе біткен ескі жол
еңіске тартып барады.
Жаңбыр мен қары аралас,
Өліара кезді көзге ілмей.
Саздауға біткен сары ағаш
Сағынышын да сездірмей.
Аспан мен жердің арасы,
Көктемнің түсі көгілдір.
көзімнің ақ пен қарасы –
Өзекті жанға өмір бұл!
Уақытқа айтпай төрелік,
Тербеліп жатыр текті өңір.
Көктеммен бірге көгеріп
Көгімен бірге көктегір!
Мойныма тағар тұмар ма ең,
Мойылдай екен бұл әлем.
Сен салмай кеткен бір ән мен –
Мен жазбай кеткен бір өлең…
Сел ме еді,
Әлде, тасқын ба?
Дүрия дәурен!
дүрмегің.
Құс қанатының астында
Қысқарып жатыр күндерім.
Тербеліп терек,
орманы,
термеге басты не түрлі.
Ұялы телефондағы –
Ұйқассыз әуен секілді.
…Көк белді көр де,
кешті көр,
Көгілдір әлем жырласа.
Көнерер бәрі
ескірер –
Көктемің келіп тұрмаса.
…Көктемді көр де,
Көшті көр.

БЕСҚАРАҒАЙ БАСЫНАН…
Бесқарағай басынан бесін ауған,
Сені көріп сол кеште есім ауған.
Тағдырыңның дариға-ай, иесі – жалған,
Елес болып қалады есіл арман.
…Бесқарағай басынан бесін ауған.
Жаным, мейлі, жалғанды жалған десін,
Ақ дүниенің аялап арман кешін.
Еркелетіп Ертістің толқындарын –
Бесқарағай басынан ауған бесін.
Ай ауысқан қалқам-ай,
Күн алмасқан,
Мұңайтады жаныңды мұнарлы аспан.
Бұла дүзде бұлдырап бұлан қашқан
Сен де мені қалдың-ау, ұға алмастан…
Бесқарағай!
Көктеген көп өлеңім,
Көнеремін сені ойлап
Көгеремін,
– Сормойылды көлінің соры қалың
Батып кетсек қайтеміз – деген едің.
Толған-Ай қыз!
толқындай толып аққан,
атсын саған арайын төгіп ақ таң.
– Сормойылды көліне неге әкелдің
Әлімсақтан ақын ем соры-батпан.
Ақын едім сор емес бақ іздеген ,
Жағып кеттім жаныңа жаны ізгі өлең.
Жүріп өткен бабалар…
бар ізбенен –
Сәуір келем мен саған
тамыз келем.
Бесқарағай, беу шіркін,
Бесқарағай!
бес-ақ күндік жалғанда кешкем арай.
Ертісіңнің толқынын торықтырмай –
Толып ақсақ қайтеді кешке қарай.
Бесқарағай...

БҰЛАНДЫНЫҢ БҰЛТТАРЫ
…Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,
Жүреді біліп қайтып есен-сауын.
(Сәкен)

Тамылжып тұрған таңда атқан,
Жұртыңды көрдім, Бұланды.
Жамырап жеткен жан-жақтан –
Бұлтыңды көрдім, Бұланды!
Арқада сонау ақ таңда,
Алдымнан өрді көп елік.
Көкшеге бара жатқанда
Көктем боп шықтың көгеріп.
Үміттің оты жана ма,
Кермарал қырдың көзінде.
Сағыныш түнеп санама
Сарғайып жүрген кезімде.
Басыма қонған бақ, шабыт,
Баяны мәңгі құтым ба ең?
Аспанның асты ақша бұлт
Ақ түбіт сынды түтілген.
Айымды жылдар ұрттады,
Тағасы күннің кетілді.
Бұланды жақтың бұлттары
Бұлқынып тұрған секілді.
Уақыттың жағып шырағын,
Серілер өткен кешегі.
бұлаң да бұлаң
бұла күн –
Бұлтыңмен бірге көшеді.
Көктемнің көріп көк түсін,
Бастап та кеттім бір әнді.
Көңілден ұшқан көп құсым –
Көгіңде қалсын, Бұланды!

БІР ТАЛ ҮКІ
Басында Қамажайдың бір тал үкі… (Халық әнінен)

Гүл жайнап әнге басса гүл-гүл өрен,
Кешеден қалып кеткен бұл бір өлең.
Басында сол қалқаның бір тал үкі
Үп етіп жел сыйпаса үлбіреген.
Шемені байланғандай шерге бейне,
Бұл қазақ сезімсізді пенде дей ме?
«Басында Қамажайдың бір тал үкі»
Көкеме қосыламын мен де кейде.
Аумасын бір күнінен бір күн мейлі,
Ән салса қайран көкем іркілмейді.
«Басында Қамажайдың бір тал үкі»
Үрия үміті боп үлпілдейді.
Белдерден ән ұшырған бетегелі,
Бал еді сол бір күндер
шекер еді.
Басқанда «Қамажайға» ара-тұра –
Көкем де көріктей боп кетер еді.
Елігі ен даланың дүздерде өрген,
Жүгірген Сіздер салған іздерменен.
Ойлаушы ем,
– бір тал үкі қандай үкі –
– Қамажай кім болды екен біз көрмеген?
Маңайын шомылдырған нұрлы арайға,
Көкемдей көрік кеуде мырза қайда?
Бөркіне бойжеткеннің Үкі қадап –
Үмітін үкілеген үр жаңа Айда.
Жіберер жанымызды мұңға малып,
Ән еді,
Әуені де бір қаралық.
Көкемсіз көктем келді талай-талай
Үкідей үркіп қашқан жылдар ағып.
Адамның уысында тұрмайды Арман,
Әуелеп өткен солай жырдай жалған.
«Басында Қамажайдың бір тал Үкі»…
Аман-сау алып қайтқан сұм майданнан.
Шырқаса тербелгендей шынар бағы,
Аққудың сұңқылдайды сыңарлары.
Қарғам-ай,
бір тал үкі…
Жарықтықтың –
Жарыққа жағып кеткен шырағданы.
Не деген жақұт жыл ең,
лағыл күн ең,
Базары балалықтың бағым білем.
Ақ көкем,
Қамажай қыз,
Бір тал үкі…
Ар жағы сағыныш пен сағым кілең…
…«Басында Қамажайдың бір тал үкі»

КҮНДЕРІМ КҮНМЕН ЖАРЫСЫП...
Арқаға барсам сыр ұғам,
Аппақ әлемге жақындап.
Қасқыр боп қаңтар ұлыған,
Сары аяз тісі сақылдап.

Ұшатын күн бұл Айға арман,
Көңілдің көлбеп құстары.
Мұз-қайрақпенен қайралған
Найза-шыңдардың ұштары.
Көк аспан жерге жақындар,
Ақ боран – ардың өлеңі.
Ақпанда туған ақындар
Ақ түсті жақсы көреді.
Ақ қарлы дүние айналам,
Тозаңдарымды аршыған.
Салбурындарға сайлаған
Бабында бүгін қаршығам.
Күндерім күнмен жарысып,
Жырымды жырға жалғадым.
Ауыздықпенен алысып,
Тыпыршып тұрған тарланым.
Жарық күн айтар сәлем мың:
Қанаты барлар, самғаңдар!
Ішінде ақ зер әлемнің
Адасып жүрген Арман бар...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста