Ерғали БАҚАШ: Түсінуім мүмкін ғой, мына өмірді, Көшпендінің ең соңғы қазағы боп...

Ерғали БАҚАШ: Түсінуім мүмкін ғой, мына өмірді, Көшпендінің ең соңғы қазағы боп...

Ерғали Бақаш,1982-жылы Шығыс Түркістанның Іле облысы, Нылқы ауданы, Ластай ауылында дүниеге келген. 2003-жылы атажұртқа оралған. ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі. «Дала», «Жұрағат», «Алаш», «Дарабоз» журналдарында жауапты хатшы болып қызмет атқарған. Бұл күнде «Бөбек» Ұлттық орталығында редакциялық-баспа бөлімінің жетекшісі. «Жастық жалыны» жыр жинағының авторы. 

 

Кәрі ағаштар

Кәрі ағаштар шежіре ғой, шешілмес,
Бабы келмей, кімге болсын көсілмес.
Бұтақтарын балталауға асыққан,
Ағайынға өліп кетсе кесілмес...

Сырын бізге неге ашады, ашпайды,
Көп білсе де, далаға ойын шашпайды.
Карап тұрсаң кәрі жүзі нұрланып,
Тұңғиыққа адастырмай бастайды.

Бірақ оны сезу керек санамен,
Ескілікті мансұқтамай жаңамен.
Шөп тасушы ек, тамылжыған тамызда,
Кәрі ағаштан жасалған ит шанамен.

Өмір мәнді тоғай менен орманда,
Бар сұлулық қанат жайған сол маңда.
Жас шыбыққа қолың тиіп кетпесін,
Көк шалғынын орақпенен орғанда.

Кезегімен бәрі кетер фәниден,
Мына шыбық аумайды екен сәбиден.
Аман болса, кәрі ағашқа айналар,
Су құйса егер, бір-бір бала, әр үйден...

 

Ынтызарлық

Орақ Ай бұлтқа тығылды,
Түннен мұңын жасырып.
Бұршақтар жерге жығылды,
Алапамызды қашырып.

Жұлдыздар сіңіп түнекке,
Санамды уайым жалмады.
Дақ түсіп еді жүрекке,
Қасымда бірі қалмады.

Қап-қара түннің ажарын,
Көргенде кеттім шалқалап.
Жартыкеш айдың назарын,
Ақ бұлттар кетті арқалап.

Бұрымын өрген сұлудай,
Түннің де сырын түсінем.
Теңізден шыққан ұлудай,
Өткенімді еске түсірем.

Жұлдыздар сапқа тізіліп,
Күтеді түннен жаңалық.
Өзіне бізді баурайды,
Екі ортадағы аралық.

 

Ақан сері

Ақ жауын сіркіреді бұлақ бұрым,
Ашылып көрмегенді құрақ бұрын.
Көнекөз қариядан бәйіт естіп,
Жібердім тарихыма құлақты ұрын.

Малып ап, кірпігімді көз жасыма,
Тілемен тек жақсылық өз басыма...
Есте жоқ ескі заман түсіме еніп,
Шығамын түніменен құз басына!..

Жаратып таң асырам тұлпарымды,
Қондырып оң қолыма сұңқарымды.
Қанжығам майланғанда жолым болып,
Біледі нөпір халық шырқарымды.

Шырқаймын, дауысым көкте дамылдайды,
Тек мені түсінгендер қабылдайды.
Әнімді алты қырдан асырсам да,
Жүрекпен тыңдайтындар табылмайды.

Өз сорым жұрттан дара жаралғаным,
Домбыра, қос ішекті бар арманым.
Елітіп жас алпыстан асқан кезде,
Сұлулар тентіретті-ау, жарандарым.

Түске еніп хордың қызы жұмақтағы,
Қиялым солай қарай тұрақтады.
Қоштасып кете бердім, туған елмен,
Сыпсың сөз кетер емес құлақтағы.

Ыбанға не үйреттім, не біледі,
Жабыны жабулап-ап тебінеді.
Домбырам мұрагерін таппаған соң,
Қу ағаш өзін-өзі кеміреді.

 

Іштегі өлең

Бір өлеңім ішімде,
Көрем оны түсімде.
Тек ақиқат біледі,
Не мән барын ісімде.

Бағытым бар, бағымда,
Арбаламын сағымға.
Қарсы жүзіп келемін,
Өткел бермес ағымға.

Жақын тартса ажалым,
Көкке кетер ғазалым.
Гүлге оранып жатады,
Кіп-кішкентай мазарым.

Шыр-пыр болып ақталмай,
Өтіріктен мақтанбай.
Бірақ сәтте өзіңді,
Көрсетесің ақтармай...

Іштегі өлең тіл қатар,
Көздің жасын құрғатар.
Кең дүниең тарайып,
Тар дүниең жырғатар.

 

Түн. Үміт

Қара түн, қара ат мінген жолаушыдай,
Қамалып қалмаса екен жол ашылмай.
Жұлдыздар зеңгір көктен мөлт-мөлт етіп,
Қарайды қара жерге моласындай.

Аспанда той боп жатыр шамасында,
Ол тойдың біз де бармыз арасында.
Өзеуреп сөз бермейді, жазған бала,
Ұғым жоқ ұят деген санасында.

Жұлдыздар құлап жатыр кезегімен,
Білмеймін бұған қайтып төземін мен.
Осы түн аман болсақ ағайындар,
Шын өмір ары қарай сеземін мен.

 

Қос көкжал

Қараша, монтансыма, білем бәрін,
Төргі үйге жайғасыпты кілең дарын.
Ана бір қабақ қарын қозғалмайды,
Жайылған астындағы кілем қалың.

Аз сөйлеп, қол созады кесесіне,
Хатшысы жалпақтайды есесіне.
«Ауылға аң атуға келіп едік,
Кім серік болады екен көкесіне».

Сөз соңын күтпей бәрі дабырласты,
Бұлардың жыны бәлкім тамырлас-ты.
Бір шалды атқосшы ғып ертіп алды,
Аң-дағы жөншілікке табылмас-ты.

Тек қана қасқыр ату мақсатымен,
Сайланып шыққан екен жақсы атымен.
Қос көкжал оққа ұшты бір мезетте,
Жұмысы жоқ олардың басқасымен...

Жүрегім сұм ойлардан тоқтайтындай,
Заманның өкпек желі соқпайтындай.
Қос көкжал қос көкеме ұқсап кетті,
Күңіреніп мына дала жоқтайтындай.

 

Жаңа жыл

Биыл қыс салмақты еді бастабында,
Өзгеріп шыға келді қас-қағымда.
Көп сырым жасырынып жатыр менің,
Желтоқсан деген айдың ақ қарында...

Көзінде өткен күннің табы қалып,
Бір мүсін тапты халық табынарлық...
Ақ қардан адам жасап ойнайтұғын,
Кешегі бала кезім сағынарлық.

Қайтемін, жоқты бар ғып құрастырып,
Жоғымды табам түбі сұрастырып.
Айналып ескі жылым бір соғады,
Сыйдырмай жіберсек те қыр астырып.

Басады ақты қара күшіменен,
Жеңіс тек бағаланбас түсіменен...
Шаттанып әппақ болып дала жатыр,
Бостандық деген алып құсыменен.

Қоштасу қауышудан қиынырақ,
Тағдырдың керемет қой сыйы бірақ.
Жаңа жыл келсең-дағы жаңалықпен,
Өткен жыл мұңайтасың жиі бірақ....

 


Соңғы сөз

Санамда сақ-сақ күліп бақталасым,
Дейтіндей маған отқа қақталасың.
Бал ашып тағдырыма не қылайын,
Айырар өмір өзі ақ-қарасын.

Арбасса періштеңіз ібіліспен,
Өтеді күндер босқа ілініспен.
Тірлікте одан қашып құтылмайсыз,
Менің де өтті күнім түңіліспен.

Дегенмен, айласы бар құтылатын...
Сенімі жоқтар оған жұтылатын.
Парызды орындау шарт пенделерге,
Періште жанды көкке ұшыратын.

Машаллаһ, қабыл алғын тілегімді,
Жап-жарық нұрға бөлеп түнегімді.
Арманым соңғы сөзді айтып өлу,
Суырып әкетерде жүрегімді.

 

Адасу

Түннің жарық іздедім келбетінен,
Сынай қарап, досым-ау, кер кетіп ең.
Жанға серік болатын асылымды,
Таба алам ба, білмеймін, жер бетінен.

Жүргенім бе?
Адасып ел ішінде.
Бір алапат тасқын бар өз ішімде,
Бұл өмірге келу мен кету деген,
Шынымды айтсам, сол ұлы сөз үшін бе?..

Ай жарықта жолымды шатастырып,
Мені түнмен жіберді матастырып.
Көре алмайтын біреулер сөз қылыпты,
Жалғандық пен шындықты атастырып.

Түннің шуақ көрген соң ажарынан,
Енді өшпейтін шығармын назарынан.
Сап түзеген жұлдыздар бірте-бірте,
Ағып жатыр бұйырған ажалынан.

 

 

 

Тазару

Түнге аттанып барамын жарық күннен,
Жоғымды іздеп табамын ғаріп түннен.
Өтірік пен өсектің ауылынан,
Шынымды айтсам көрместей жалықтым мен.

Бір сапарға аттандым,
азабы көп.
Қалмайын деп енді елдің мазағы боп...
Түсінуім мүмкін ғой,
мына өмірді,
Көшпендінің ең соңғы қазағы боп.

Адал жолдас кезігер жолда маған,
Өкпе-назын Тәңірге жолдамаған...
Мына дүние быт-шыт боп кетер еді,
Жан болмаса шындықты қолдамаған.

Көңіл-көктем, күз-жеңге, жаз-аруды,
Ақпан-көкем қоймады сазаруды.
Дүниенің шолғанша төрт бұрышын,
Ойламаймыз біз неге тазаруды?

 

 

Айна

Ақылы сұлулығын асыратын,
Мөлдір көз мұң біткенді жасыратын.
Міні жоқ сұлу еді ол шыныменен,
жігіттің дарабозы бас ұратын.

Сұқтанған сұр көздерден сақтанатын,
Бір көрсең мәңгі жадта сақталатын.
Оралып бұрымына өліп кетсең,
Хикая болар еді мақтанатын.

Әттең-ай, кімнің бағы ашылады,
Ұйқымды сайтан ойлар қашырады.
Жүрегім алқымыма тығылды кеп,
Қиялым жұлдыздардай шашырады.

Жас сұлу тотықұстай түрге енеді,
Жамылып Ай сәулесін түн келеді.
Қараса шарайнадан жанарына,
Күлімдеп бұлттан шыққан күн көреді.

Сұлулық бағалаумен бағы ашылар,
Мәпелеп өсіріпті нағашылар.
Жеті өзен секілденген жеті ағасы,
Темірден түйін түйген тағашылар.

Болса да теңдесі жоқ сұлу, өңді,
Керек қой, жан жылытар жылу енді.
Әжімсіз жүрегінің қалайтыны,
Отбасын өз теңімен құру еді.

Біте ме ақыл көрік жылатуға,
Тағдыр-ай, шеберсің ғой сынатуға.
Жүрегі жалғыздықтан жабыққанда,
Келмеді бір азамат жұбатуға.

... Жылдардың мұңды құшып үлесінен,
Отырды айна алдында жүресінен.
Баяғы сұлу жүзін мұң басыпты,
... шошыды.
Табылды айна күресіннен....

 

Жас

Оң жағымнан да, сол жағымнан да жақындап,
Бір дүлей күштер желкеме мінді тақымдап.
Түн ортасында мосыға асылған шәугімдей,
Басымды қайтем, денемді кетсе зақымдап.

Сол көзім қарсы оң көзімдегі табысқа,
Сондықтан ұзақ қарай алмаймын алысқа.
Екі аяғым да бірінің ізін бірі аңдып,
Көкірек құсым қанат қақпақшы ғарышқа...

Құр қиялменен жетпейді пенде мұратқа,
Бұл сөзім мүмкін түрпідей тиер құлаққа.
Жапырақ жүрек таң намазында түс көрді,
Күбірлеп іштей көк шалғындағы құраққа.

Шық кешіп жүрмін жете алмай мөлдір бұлаққа,
Ер салу үшін Ер болу керек пыраққа.
Бүгінді қойшы, ертеңнен қорқам күн батса,
Жауап бере алмай қаламын ба деп сұраққа.

Ақылға көнбей кететін кейде басымды,
Доп қылып теуіп, қалағанынша басынды.
Құтылу керек, құтылмайынша күн бермес,
Етекпен сүртіп кетіп барамын жасымды.

 

Қуыс

Толтыра алмай жүректің қуыс жерін,
Әр таң сайын өзімді кінәлаймын.
Көзден аққан көңілдің уыс шерін,
Жуып-шайып намысты сыналаймын.

Білем дұрыс емесін бағытымның,
Бір дүлей күш көндірді дегеніне.
Лықсып келген алапат шабытымның,
Жұрт көңіліне қонбаса керегі не?

Жарық күнде адастым, жолым ауыр,
Мысал етіп қайтемін өзгелерді.
Бет сыйпауға келгенде қолым ауыр,
Е, оны айтсам, басқаға сөз келеді...

Өз әлемім бұлғанып өз ішімде,
Өртенді көкірек құс жазықсыздан.
Бар арман тұншықты ғой көз ішінде,
Бауырым, жол сұрама азықсыздан?..

 

Түн менi сағынады

Түн менi сағынады таң атқанда,
Өлеңi жетсiн дей ме Жаратқанға.
Өзiмдi-өзiм аяп отырамын,
Достарым мен жайлы өсек боратқанда.

Күнiне сан қайталап кәлиманы,
Ақынның оянды iште ар-иманы.
Өзiңдi-өзiң танып өлең жазсаң,
Бiлесiң дүние деген дариғаны.

Әлқисса, еншiме өлең қалағаным,
Байлыққа бiрақ қырын қарамадым.
Мақтанып кеттi деме менi бауыр,
Түсiмде жұмақты ылғи араладым.

Тәңiрге мiнәжат қып табынғанда,
Қол создым бұлдыраған сағымдарға.
Ұшып-ақ кететiндей күйге енемiн,
Елесiн ару өлең сағынғанда.

Азат күн тыныш түнге ұласқанда,
Сұлулар мен жайында сұрасқанда.
Құшақтап топырағымды ұйықтап жатам,
Ауылдың iргесi анау қыр асқанда.

 

Адасу

Махамбеттiң болғым келiп iнiсi,
Жұрттан бөлек тiгiп едiм қосымды.
Өр кеудемнiң тарылғанда тынысы,
Серiгiме балап едiм досымды.

Ит-құсқа ұқсап күн кешудi қаладым,
Мұзбалақпен арғы тегiм туысқан.
Өз жарамды мейiрленiп жаладым,
Аңшы шыға келмесе егер қуыстан.

Еңсемдi езген табыт мұңға жалындым,
Шындық деген сұлу қызға көпiрiп.
Жүрегiмнен досымды iздеп сабылдым,
Айтқанының бәрi кiлең өтiрiк.

Қарой жаққа телмiремiн мұңданып,
Махамбеттiң басымды иiп жұртына.
Кенет көрден шыға келсе жынданып,
Ықыластың май қата ма мұртына.

Жерлеп тындық ақиқаттың кездiгiн,
Содан берi ғасыр өттi жылыстап.
Ашып қалсам, тарихтың сөздiгiн,
Дерек таппай қиналамын дұрыстап.

 

Қара өлең

Қара қазан тұтқышымен көрiктi,
Қара кемпiр түсiнде оны көрiптi.
Қара бала ойын қуып кеткенде,
Қарабура суға батып өлiптi.

Қарабура Алатауға жақын-ды,
Қолы барып кiм қазады ақымды.
Қаралы елдiң қайғысына ортақпын,
Кеудесiнен итерсең де ақынды.

Жанарына жасын ойнап ғаламның,
Жүрегiне жара шықты даламның.
Қарабура шаңдататын соқпақты,
Қуатымен жырлап өтем қаламның.

Толқын тiрлiк тоқтатқанша кемесiн,
Елестетем қарабура елесiн.
Қарлыққанша айқай салғым келедi,
Дауысымды естiп бәлкiм шыға келесiң.

Неге менi түсiнбейдi мына аспан,
Бұлттар анау көкжиектен ары асқан.
Қара кемпiр көзiнде жас қисайды,
Қара бала кешiккесiн қыр асқан.

 

Аңсар

Көктем қыздың қол бұлғаса елесi,
Ақ қайыңның қалшылдайды денесi.
Бiр сұлуды есiме алып отырам,
Кiм бар, кiм жоқ күз келгенше келесi.

Жауап күтiп сұрқы бөтен сұрақтар,
Шындықты естiп саңырау болған құлақтар.
Арнасынан асып ағып жатады,
Ұлы өзенге қосылмайтын бұлақтар.

Көңiл бәрiн түсiнедi дегенмен,
Бiз көп нәрсе айта алдық па өлеңмен?
Тазарғымыз келмейтiнiн бiлгендей,
Перiштелер қол бұлғайды төбемнен.

Алқаракөк көп перiште гүл ерiн,
Сырымды айттым не көрмеген бұл ерiң?!
Бiрi маған құштарлықпен қараса,
Өмiрiмнiң есте қалар күнi едiң.

Содан берi күндер өттi тоқтамай,
Жұма сайын тамызамын отқа май.
Көктем қыздың көк көйлегi бар едi,
Көптен берi жүрiппiн ғой жоқтамай.

 


Сәуле

Бiр сәуленiң ерiп келем соңынан,
Мүмкiн жолым ашылар деп оңынан.
Таң алдында ағып түскен жұлдызды,
Мейiрлi күн аттандырды қолынан.

Ақиқаттың ерiп жүрiп қасына,
Кейде оның қамшы ұрамыз басына.
Әлдеқашан өлiп кеткен ақынның,
Бiр топ әкiм гүл қойып жүр тасына.

Мақсатына жете алмаса көздеген,
Пенде шiркiн мiн iздейдi өзгеден.
Бiр сұрақтың барын бiлiп жүрсек те,
Жайшылықта боламыз бiз сезбеген.

Өмiр ғой бұл аққа күйе жағатын,
Сабырлылар тауыспайды тағатын.
Ақын досым күдер үзбей iздеп жүр,
Бауы үзiлiп түсiп қалған сағатын.

Сапардамыз, жылжи берер көшi алға,
Сұлуларды жаралдық па құшарға?!
Бiр сәуленiң жетегiнде келемiн,
Қанатым жоқ, аспан жаққа ұшарға.

 

Топырақ

Топыраққа жазсам деймiн бiр өлең,
Аспанасты дүрлiгетiн таңғалып.
Содан кенет сөйлеп кетсе бiр тiлде,
Әлемдегi бар халық.

Неге дерсiң, ойланбастан таңырқап,
Iркiлместен келдi дер ем кезегiм.
Тәңiр өзi сүйген құлын жарылқап,
Өлтiрмесiн сеземiн.

Келер күннен бiр ұлы той күтемiн,
Пенде бiткен шаттанар.
Күншiл досты жүндей ғылып түтемiн,
Өтiрiгiне мақтанар.

Жазылған жыр, кемелдiкке барар жол,
Жетермiз не жетпеспiз.
Ақын болмай адам болып өтсек те,
Қап арқалап кетпеспiз.

Барлық шайыр бiр арманның соңында,
Музасының жетегiне байланар.
Сам жамырап қағаз, қалам қолында,
Туған жердiң топырағына айналар.

 

Бұлттар көштi

Бұлттар көштi, аспан қалды мұнартып,
Кеңiстiкке жүрушi едiм құмартып.
Найзағайлар бас-басына айтысып,
Қара жерге шалқасынан құлар тiк.

Көшiп алған кеңiстiктiң төрiне,
Бiр жарқ етiп жұлдыз кеттi жөнiне.
Қара түннен сығалап тұр сынық Ай,
Найзағайдың жын қоршаған көрiне.

Дала жатыр, аспанды ойлап қамығып,
Өткен күндi еске алды ма сағынып.
Жартастың да үнi шықпай қалыпты,
Айқайлаудан қалса керек жалығып.

Ұлы таулар аласарып кеткендей,
Өмiр сүрдiм итке, битке кектенбей.
Ен даланың көкiрегiн иiтiп,
Бiр ақиқат арып-ашып жеткендей.

Көшкен бұлттың қабағына мұз қатып,
Ауыр хабар жеткiзе ме түн қатып.
Аспан жақта бiр өзгерiс болардай...
Барады әне, тым асығыс күн батып.


Жоқ iздеу

Алатауға қарап кейде марқаям,
Ақ көрпесiн жамылған.
Алматыға “Армысың!” деп шалқаям,
Жоғалғаны табылған.

Жоғымды iздеп сандалғаным есiмде,
Кеттi ақыры дерексiз.
Жоғалғым кеп оқталып ем бесiнде,
Бiр қыз айтты “керексiз”.

Сынған айнам келдi ақыры қалпына,
Көзiм содан жанып тұр.
Алатау мен Алматының халқына,
Сәлемдестiм, танып тұр.

Құрмет қылды жоқ iздеген жалғызға,
Ақ дастархан жайылып.
Қасапшылар дүрiлдейдi қан қызба,
Арда бестi сойылып.

Қашқым келдi, қанды көрiп сенсеңiз,
Қалай шыдап тұрмақпын?
Жоқтың жайын айтар едiм келсеңiз,
Бекер қолды бұлғаппын.

 


Екi есiк

Екi есiк бар...
Кiлтi өзiңнiң қолыңда,
Азап, рахат соған барар жолыңда.
Бұ дүниенiң тарс бiтелiп құлағы,
Бiз қаламыз, жалғыз-жалғыз соңында.

Бүгiн көппiз, қыл өтпестей арамыз,
Сондықтан да жазылып жүр жарамыз.
Тағдыр деген әмiршiнiң алдына,
Көп боп барып, жеке дара қаламыз.

Қос есiктiң бiрi алтын құлыпты,
Iшiне емес, алтынға жұрт құнықты.
Жол ортада сызат түссе сенiмге,
Өзiңе-өзiң кигiзгенiң құрықты.

Күтiп алар айтпасаң да есiктен,
Есiк түгiл, өткiзедi тесiктен...
Бiрi алтын, бiрi темiр құлыптың,
Iшiне ену ИМАН атты бесiктен.

 

Алғашқы ақынның үнiндей

Жаза алмай жүрген жырымды,
Жазыпты құстар тiлiмен.
Айта алмай жүрген сырымды,
Жеткiздiм желге түнiмен.

Бар мұңнан қалдым шеттелiп,
Бақ тауып бiрақ кетпедiм.
Алқымға бiр сөз кептелiп,
Жетер жерiме жетпедiм.

Құстар-ай, құстар қанаттым,
Қонбашы жерге, ұша бер.
Пырақ жырымды жараттым,
Сендерге арнап, құша бер.

Алғашқы ақынның үнiндей,
Құстардың сайраған дауысы.
Жұмақтың нұрланған күнiндей,
Құс бiткен оралса тау iшi.

Бағзы бiр ғасырдан қалықтап,
Қанатың қайырылмай жеттiң бе?
Азат бұл аспанда шарықтап,
Еркiңе тағы да кеттiң бе?

Құстар-ай, құстар бауырмал,
Жыр болып түске енесiң.
Iздемей кеткен бауырлар,
Құс болып қашан келесiң?..


Жұлдызды әлем

Бұлтты селге айналдырған сөзiмен,
Ұятым тұр, жұлдызды өбiп көзiмен.
Бұл жалғаннан жанын iздеп жабыққан,
Сырласар ма ед, сынық Айдың өзiмен.

Көкке ұмтылам, арманыма асылып,
Жер бетiнде бар қайғымды жасырып.
Күндей болып көкте тұрсам не арман,
Iзгiлiктiң нұрындай боп шашылып.

Арман бiрақ, жету қайда аспанға,
Кәрi шырша ақыл айтты жас талға.
Қызғалдақтар жөн жымиып қояды,
Алма ағашы сөз таппайды бастарға.

Ай жынданды “батырам” деп қарамды,
Мейiрлi Күн айна алдында таранды.
Биiк тауға тiлек айтам, жыр оқып,
Солар менiң емдейтiндей жарамды.

Ойға батып, жыныс орман қамықты,
Нән қарағай құлап түстi, жалықты.
Орманшылар бұтақтарын балталап,
Келiстiрiп жасамақ бiр табытты.

Түн келедi қап-қара боп ұрланып,
Көкжиекте сынық Ай тұр мұңданып.
Жұлдызды әлем бөленгенде шаттыққа,
Ақ қағазға телмiремiн нұрланып!

 

Түн

Қап-қара түн қара шашын тарайды,
Ай жымиып қыр басынан қарайды.
Анау жұлдыз аят оқып отыр ма?
Мына төбе құшақтаған талайды.

Басымды иiп, түнек түнге үңiлдiм,
Көрдей қара келбетiнен түңiлдiм.
Санамды сан сансыратқан қайғыммен,
Түндi құшып жан ұшыра жүгiрдiм.

Беу, қара түн, биiк болсын еңсеңiз,
Жұлдыздардың көз жасына сенсеңiз.
Алатаудың әппақ шыңын аймалап,
Қаратаудың құшағына енсеңiз.

Аяз түндi жараулы аттай қаңтарып,
Түн асырған жастық дәурен жалтарып.
Жұлдызды аспан мейiрленiп барады,
Қара түннiң жанарынан ар тамып.

 

Түн

Түн менi тұншықтырды,
Ай жүзiн жасырып.
Жұлдыздар ынтықтырды,
Аспанға асылып.

Күн көзiн тұмшалады,
Бұлттар есеңгiреп.
Ол өзiн кiм санады,
Сөкпешi кеселдi деп.

Тауларым сұлап жатыр,
Төбелер биiктейдi.
Бұлақтар құлап жатыр,
Көлшiктер итпейдi.

Ормандар ойға кетiп,
Теректер теңселедi.
Дауысым Айға жетiп,
Мұңдарым еңселедi.

Кең дала кемсеңдедi,
Бүйрегi зақымдалып.
Ол менi “көмсем” дедi,
Тиiстi ақымды алып.

Түн менi жылытқалы,
Жарықты сағынамын.
Кiм келсе уатқалы,
Заңына бағынамын.

Амал жоқ...

 

Дүние

Дүние, қайтем сенiң жұмағыңды,
Басымнан жел ұшырды тұмағымды.
Өлеңiм өмiрiме айналсын деп,
Iздеп жүрмiн мәңгiлiк тұрағымды,

Мен кiмнiң еншiсiне таласамын,
Ешкiмде жоқ едi ғой алашағым.
Жүрегi қаралардан биiкпiн де,
Көңiлi тазалардан аласамын.

Басымды тасыңа ұрып жараласам,
Өзiң бiл аямасаң, араласаң.
Дүние, неге саған кейiмеймiн,
Ақынды тектен-текке қараласаң?

Бәрiн де қазы уақыт бағалайды,
Ақымақ ақылдыны қаралайды.
Өмiрдiң болымсыз бiр сәтсiздiгi,
Жүрегiн ақындардың жаралайды.

 

Түн құшағы

Түн менi тартып кеттi құшағына,
Не демек, не сыйламақ құсалыға?
Өзiмдi ақтай алмай отырамын,
Мұң шағып, түсiнбейтiн қосағыма.

Десек те, қараңғыдан жарық құнды,
Бiр түрлi ұнатамын ғарiп түндi.
Құшағы гүлге толып түн сұлудың,
Келедi үймелеген жарып құмды.

Мезгiлдiң мезi болып мақамынан,
Жерiдiм мына Алматы шаһарынан.
Перiнiң қызы менi күтiп отыр,
Ақынның қорқады олар қаһарынан.

Iңкәр түн жол көрсеттi иегiмен,
Домбырам қалды адасып тиегiмен.
Перiнiң қызы жылап қоя бердi,
Сырқырап тұла бойы сүйегiмен.

Жүрегiм мұң сарайы енiп кетсең,
Ештеңе жоқ әрине жерiп кетсең.
Перi қыз көйлегiңдi желбiретiп,
Бүгiн түн лашығыма келiп кетсең.

Күтемiн...

 

Мұң

Жүректi басып көп қайғы,
Көңiлiм тағат таппайды.
Жұбатпақ болған достардың,
Сөзiне зауқым соқпайды.

Құсадан iштей бұлқынып,
Жүремiн күнде жұлқынып.
Торықтым мынау өмiрден,
Өтермiн бiр күн сiлкiнiп.

Арманым асқақ болғанмен,
Көңiлiм өсiп толғанмен.
Жүремiн мұңлы жанарым,
Алысып мынау жалғанмен.

Сезiмiн сыйлап бала қыз,
Құшағын ашты қараңыз.
Оранып мұңға жатқандай,
Шегi жоқ байтақ даламыз.

Үйренiп қулық-сұмдықты,
Айтыңдар, кiмнен кiм мықты.
Былықты мынау ортамыз,
Көтерiп тастап түңлiктi.

Таңырқай қарап ойланам,
Ерiксiз сосын жайланам.
Ұйқыға бармай түнiмен,
Ойларға жiпсiз байланам.

Азабын артып жүректiң,
Өзiмдi-өзiм жүдеттiм.
Бұралаң жалған дүние-ай,
Пендеңдi неге құл еттiң?

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста