Бақытгүл БАБАШ: Дертіңе қалай төземін, сенсіз де сынық қанатым...

Күткенде уақыт өтпейді неге?
Күлімдеп бақыт жетпейді неге?
Сағынып сені аласұрғанда,
Жүрегім құс боп кетпейді неге?


Көкейде жүрген көңілдің сыны, ә?
Көзімнен неге төгілді күнә?
Қияли қызды қуыршақ қылған,
Не істесем екен өмірді мына?


Аспан да құлап қалады деп пе ем?
Басқа мұң бұлай салады деп пе ем?
Ізің түспейтін жолыңа қарап,
Қарашықтарым талады деп пе ем?


Жауапсыз қалып сұрақтың бәрі,
Жылатып, налып, жұбаттың ба әрі?
Жанарыңда ғой, жалғанда мынау
Шын болса егер жұмақтың бары!


Жаныңа жарық жақсын өлеңім,
Тілегімді айтып таспық өремін.
Үнсіздігіңмен азапта, мейлі,
Бәрібір сені жақсы көремін,
Жақсы көремін!

***

Әлі ештеңе білмеймін өзің жайлы.
Бір көрдім де, боп кетті төзім қайғы.


Сенің мөлдір көзіңе өлең жазып,
Сырымды айтқым келеді терең, нәзік.


Кешірімді кейбіреу кек дейтінін,
Бәрімізге бір жылу жетпейтінін;


Төгілгенде жыр болып дәптерге арың,
Туғаның да түсінбес сәттер барын;


Сезімімді сынаған кезбе күнді,
Саған дейін жылаған кездерімді;


Дүниенің кеңдігін, тарлығын да,
(Өмір деген, не өзі, зарлы ұғым ба?)


Шаттығымды, шерімді, тәтті мұңды,
Біз екеуміз кезіккен сәтті күнді.


Ойым онға, бөлініп санам мыңға,
Жазғым келді тұнса да жанар мұңға.


Көзәйнегім сыртында Күн күледі,
Көремін бе сені енді, кім біледі?


Жан-жүректі сұп-суық тастай қарып,
Кетті бәрі бір тамшы жасқа айналып...

***

Абайсызда жарға жығып кеткен ең.
Кешірім бе мені өксіткен?
Кек демен...
Талай сыздап, сыналғанда жүрегім,
Адасудың қасіретін шекті өлең.
Қалай сүйдім, солай енді жек көрем.


Тым биікке балап алып өзіңді,
Құлдырадым. Кім аяды сезімді?
Жан күйікке толып алды, төзім-күл.
Түк көрмейтін болып алды көзім бұл.
Әп-әдемі қиялымды қиратып,
-Сенсіз де өмір сүрем, -десең, өзің біл!

***

Көктем дейді...
Көңілімде күз менің.
Қарсы алмадым қайтқан құстың тізбегін.
Қанатына хат жазар ем...
Жазбаймын.
Бүгін менің санам суық, аз қайғым.
Алыстамыз. Менде - шер де, Сізде – мұң.


Сағынасыз?
Сағынбайсыз! (Сағынар...)
Кім бар екен біздің құсни халді ұғар?
Аз дейсіз бе, мына дүние-ғайыпта,
Мен секілді,
Сіз секілді,
Адасып,
Біз секілді тоғыспаған тағдырлар?


Сыртта жаңбыр...
Жасы емес ол аспанның,
Мен де енді жыламаймын.
Басқамын.
Көктем, күз бе, мезгілдің жоқ берері,
Қу жаныма бұл өмірден керегі -
Тек Сіз аман болыңызшы, асқарым!

***

Күйім болса... (сейіледі сорым да),
Үйім болса... бөлмелері толы ұлға.
Бір аяулы белгісіндей бақыттың,
Алтын жүзік жарқырайды қолымда.


Мені енді мазаласын нендей мұң,
Тілегім де, тірегім де сен деймін.
Жақсыларға толы жердің бетінде,
Сенен артық жан барына сенбеймін!


Жарым менің, жаным тапқан жарасым,
Күннен-күнге қымбат болып барасың.
Сенің ақыл-парасатың тұр жалғап,
Өмірім мен өлеңімнің арасын.


Жайсаң мінез, жадыра жүз, жарығым,
Мен бақытты сен арқылы таныдым.
Жаратқаным жазса, шіркін, біздерге,
Бір болуды, он жыл емес, тағы мың...

***

Енді маған бәрібір:
Сүймегенің, сүйгенің...
Кеудемдегі сары гүл,
Қурап қалған күйдемін.


Бұрынғыдай елеңдеп,
Сағынбаймын, расым.
Көз алдымда көлбеңдеп,
Көбелек боп тұрасың.


..Жүруші едік жарасып,
Құшағына ап қара түн.
Отпантаудан әрі асып,
Отқа оранды-ау қанатың.


Кейпіңді енді таныдым:
Тұрақсыздық – кеселі.
Сені сүйген жаным – мұң,
Маңдай сорым бес елі!


Жүрегіме дерт еніп,
Жүдерімді кім білген?
Көздеріңе өртеніп,
Күлге айналған гүлмін мен...

***

Жазбады. Жазбадым көптен жыр.
Өксіген жүректің өрті қып.
Көшеде адасып көктем жүр,
Қараша келгені ө-ті-рік.


Күнтізбе бетіне кектенем,
Ғазалым жетер ме ғарышқа?
Ақ бұлтқа ілесіп кеткен ем,
Арманым бармады алысқа.


...Ол күз бен бұл күздің арасы -
Жұтылған уақыт па, өзім бе?
Көшеде көктем жүр бал ашып,
Бір үміт жүзеді көзімде.


Бір үміт жүзеді көзімде,
Жүректе ауыр ой жаншылар.
Ол бәлкім, тұра алмай сөзінде,
Қапыда қоштасқан жан шығар?


Өткен күн көңілден өше ме,
Көше ме тағдырмен таласа?
Жапырақ кешеміз көшеде -
Адасқақ көктем. Мен. Қараша.

***

Енді ғана ұқтым бәрін,
Енді ғана түсіндім -
Жанарыма шық тұнғанын,
Тағы теріс жорылғанын түсімнің.


Құзар шыңға балағаным,
Құлатқанын көз жетпейтін биіктен.
Лайланып тұма-жаным,
Жер бауырлап жылағаным,
Жүрегімді қорғай алмай,
Күйіктен.

(Кеше ғана сүйікті ем...).


Кештеу келген ақылым ба,
Жатқа айналған жақыным ба,
Айыпты?
Неге іздедім адалдықты адамнан,
Неге күттім орындалмас ғайыпты?


Жанымды орап азапты ойға,
Көңілімнің көк кептерін ұшырдым.
Тәңірім-ау, тозақ қайда,
Өртенейін қателігім үшін мың.
Ішім-от та, сыртым-жалын,
Енді ғана ұқтым бәрін.

Енді ғана түсіндім...

***

Сені көрдім, басқа бақтың керегі не?
Жел де жетпей дерегіңе,
Ен далада елеңдеумен жүр едім.
Мұз боп қатып жүрегім.


Сені маған жолықтырған –
Әппақ қаңтар, әдемі еді неткен бұл?
Мен жолыңда болып құрбан кетсем де,
Өкінбес ем, өтті деумен текке өмір.


Сені көрдім!
Жанарыңда – жер бетінің жұмағы.
Мен іздеген мейірімнің мекені ең.
Ағыл-тегіл жылағым кеп тұрғаны...

..Көрмей кетсем не етер ем???

***

Мұнар таудың басында, манаураған Ай ма екен?
Бір көрінсе болмай ма бізге бақыт? Қайда екен?


Жанарыма-жұмыр жер, құшағыма-мына әлем,
Сыйып кетер мейірлі құс-көңілдің сыңары ем.


Қайырылған қанаты қыранға енді не дейсің?
Қу дүние, әйтеуір қайырымға кедейсің...


Мұнар таудың басында мамыр ма екен, маусым ба?
Жүрегіме түскен жүк төзімімді тауысуда.


Тамның бәрін қосым деп, кімге ұйыпты күпір ой?
Жанның бәрін досым деп, бір биіктік күттім ғой!


Құз басынан құлаған қызды көрсең – мен шығар.
Жапан түзде жылаған күзді көрсең – мен шығар...


Бір бақытты аңсаған тағдырыма тайғанақ,
Мұнар таудың басынан манаурайды Ай қарап.

***

Қар қызының хаты
(поэтикалық триптих)

Оралхан Бөкейге

I.

Әппақ... әлем...
Әппақ маржан айналам.
Жаным-көкте,
Жерде жүрген құр сүлдем.
Неге осы мен,
Қайырымсыз дүниеден қайғы алам?
Неге осы мен,
Сіз жайлы ойлап, күрсінем?


Әппақ... әлем...
Адыра!
Түнге ғана құмартады жас жаным.
(Қаралығы үшін бе?)
Алма-қыз ем, қапияда қарға айнала бастадым,
Қара ниет Қоңқай шалдың ісінен...


Әппақ... әлем...
Мөлдір мұңның моншақтарын теремін.
Уысымда - толы Бақ.
Ақ қар кешіп, мен Сізді іздеп келемін.
Ыстық,
Мұ-ұ-ұ-ұздай
Жүрегімді қолыма ап...

**

ІІ.

Айыртауда...
Тағы да түн. Қара түн.
Мен отырмын сыздап сыңар қанатым.
Кім біледі періштелер мекенін?
Кім біледі Жолды Сізге баратын?


Айыртауда...
Қорғалады бүгін Ай.
Ақ жүзімнен сорғалады жас тағы.
Өрімталдай өмірімді, түбі лай,
Суы да сор теңіз етіп тастады...


Айыртауда...
Көңілімнен күй кетіп,
Болмысымды белгісізге билетіп.
Кім біледі, әлі қа-а-анша жүремін,
Боз далада бос шанамды сүйретіп?


Шығыс ұлы!
Менің хұсни-халімді,
Шыңғыстайда біле ме екен бұғылар?
Тау жаңғыртып түнде салған әнімді,
Сізден басқа, Сізден басқа кім ұғар?

**

ІІІ

Ағатай!
Жеттің бе Айға, алыстап Арманымнан,
Бейуақта кеттің қайда, «бейғұмыр жалғанымнан»?


Бақытқа шөлдедім мен. (Елге не берем үлгі?)
Айтар ма Әулиекөл, сұрасам дерегіңді?


Жай түскен жаным-жара, жаһанның сызы қонып.
Үлбіге шақырсам ба, үндінің қызы болып?


Ағатай!
Жоғалтпадым сіз берген ар жүзігін.
Жаны-өрт, тәні-дертті баяғы Қар Қызымын.


Алыста - қуанышым, қасымда нала қалып,
Сізді іздеп ақ толқыны, Бұқтырма барады ағып...


Ақшоқы баурайында адасқан Кербұғы кім?
Дауасын таба алар ма ем мен оның шер-мұңының?


Мінәжат еттім тағы, Тәңірге тізе бүгіп.
Кезігіп қалам ба деп көзімде жүзеді Үміт...


Әр түні алаңдаймын. Әр күні таппақ болам.
Бәрібір... бара алмаймын... Айналам - әппақ тұман.


Ағатай!
Жерде әлі жалғасуда, Қоңқайдан қалған лаң.
Беймезгіл неге көштің, «Бейғұмыр жалғанымнан???».

***

Жанымның жырға ғана жиып кенін,
Халімді ешкім ұқпас кейіптемін.
Өлең деп өміріме ендің неге,
Е-ей менің ең бақытсыз кейіпкерім!


Дауасы табылмаған дертім қалың,
Бейуақта кезігіп қап еркімді алдың.
Ұмыттым «Енді ғашық болмаймын»,- деп,
Жазылған жүрегімде сертім барын.


Арбалдым жанарыңа, алдым-тұман,
Көңілде жауабы жоқ қалды күмән:
Мен асып кете алмадым маңдайымнан,
Сен қашып кете алмадың тағдырыңнан.


Жалғанның жүзі толы ақық нұрға,
Арманды күл қып бітті уақыт мынау.
Өлең деп өміріме ендің неге,
Ей, менің ең бақытсыз бақыттым-ау!

***

Күз де мендей жаратылған,
Қайғылы һәм құсалы.
Қара түннің қанатынан,
Қауырсын-мұң ұшады.


Пәкиза, пәк көңіліме,
Перде тұтып қойған кім?
Сіз ендіңіз өміріме -
Мен өлеңге айналдым.


Мені өлеңге айналдырған,
Құдіреттім! Киелім!
Көзіңізге қайғы алдырман:
Сізді шексіз сүйемін...

***

Барқыт түннен таптым, білем, төзімге ем.
Бақыттымын, бақыттымын өзіңмен!
Арасынан мың-миллион арудың,
Мені көрген, айналайын көзіңнен.


Өмірімнің таңғажайып сыйы едің,
Көңілімнің күмбірлеген күйі едің.
Жалғандағы сыңары деп жанымның,
Мені сүйген жүрегіңді сүйемін!

***

Кезім еді жерден жылу іздеген.
Жайлау барып, жан сырымды тізбек ем.
Құлдыраңдап шыға келіп алдымнан,
Жетім қозы, қонақтаттың көзге өлең.


..Мен де сендей құсалымын, шерлімін.
Әкем бар-ды, қойнына алды жер бүгін.
Жалғыз шешем... жетілмеген жетеуміз...
Қорған болар, орман болар енді кім?


Мен де сендей маңырамай отыққам.
Жан жарамды жазды уақыт, атып таң.
Рас, кейде кеуде тұсым сыздайды,
Рас, кейде кеш қаламын бақыттан.


Әкесіздің сен де көрдің талайын,
Жетесіздің мен де көрдім талайын.
Артта қалсаң, ақылсызға балайды,
Оза шапсаң, күндейді көп ағайын.


Мұңды қылған мұнар-күннің кәрінен,
Жалқы Тәңір тауып берді жаныма ем.
«Жетім қозы-тасбауыр» деп алдайды ел,
Жетім қозы - мейірімді бәрінен!


..Осы бір жай езіп кетті еңсені.
Ауыл жаққа апармайды көш те енді.
Қара жолға қарауменен қамыққан,
Жесір шешем... жетім қозы... кеш мені!

***

Емін таппай ел кездім жүректегі күйіктің.
Отпантауға жетем деп, оттан көйлек киіппін.
У ұсынған күнімнің өтеуіндей, ғайыптан
Сен кезіктің, сүйіктім!


Сен кезіктің, сүйіктім! (Керегі не басқаның?)
Жанарыма қамалған мұңды жырмен жасқадың.
Мың жұлдызға арбалмай, жалғыз дарам Ай деген,
Менің мөлдір Аспаным!

***

Маған ауыр...
Көргім келген кездерде,
Көре алмайтыным емес,
Бір бақытты бөле алмайтыным, ауыр!


Қылдан нәзік ғұмырымды,
Қирата алмас - Дауыл,
Сенің алтын тұғырыңды құлатқаны, ауыр!


Маған ауыр, жаным,
Арулардың арбағаны емес сені,
Алдағаны, мына өмірдің текке.
Жүрегімнің жылағаны да емес -
Тілегімнің құлағаны көктен.

Маған ауыр.

***

..ал ғайыпта Ақжайыққа келді күз.
(Соңғы күні кездесіп ек тамыздың).
Енді қашан көретінім белгісіз,
Сізді, жаны ізгім!


Шақырымдар алыстатпас араны.
Екі қала – екі бөлек тірлік те.
Самал ескен сағыныштың аралы
Бізге мекен болатынын білдік пе?


Сол аралда қызығым да, қайғым да.
Жан дертіме таба да алмас түн емін.
Бір арманы бола ма екен Айдың да?
Маған бақыт – Сізді көрген күндерім.


Елесіңе елітумен өтер күн,
Өз мұңымды өзім жалғыз көтердім.
..Ақжайыққа алтын зерлі Күз келді.
Ал мен Сізді қашан көрер екенмін???

***

Келмеді бүгін тағы да ақталғым.
Азабын артып барады Ай...
Иесіз үйдей қаңырап қалдым,
Бір қоңырауыңа жарамай...


Көңілсіз атты бұл күздің таңы,
Көндіктім, соңы болар деп.
Бақытты жандар деседі бәрі.
(Біледі дейсің олар не???)


Мұңымның неге кермегі бөтен,
Сан қыздан неге қорыдым?
Ессіз күндердің ермегі ме екем,
Қадірсіз басы, соры мың.


Өзімді бүгін жек көрдім қатты.
Бар жақсым сен ең – сөзі де ем.
Дәл қазір, мүмкін, құшақтап жатты,
Отырсың сүйіп көзінен...


Өзімді - өзім өртесем бе екен,
Өкінткен мені нала қай?
Күзбенен бірге құлазып келем,
Бір қоңырауыңа жарамай...

***

Маған арнап өлең жаз, - деп сұрадың.
Дәл осы сәт келіп отыр жылағым.
Дәл осы сәт, жапыраққа айналып,
Терезеңнің тұсына кеп құлағым,
Келді менің.
Малынып ақ жаңбырға,
Сен тұрсаң ғой, сен тұрсаң ғой алдымда!


Жанарыңа қонақтаған арайдан,
Шаттанайын, шуақ шашып жолыма.
Ал әйтпесе,
Пенделердің пейілінен қарайған.
Жапырақпын. Алма мені қолыңа.


Аяма да. Сұрама да халімді.
Мен жатайын жаурап жердің бетінде.
Әппақ жаңбыр аймалаған жанымды,
Енді сен кеп ластайын дедің бе?


Маған арнап өлең жаз, - деп сұрадың.
Сенсіз де мен дертті едім ғой!
Не болады өртті - өртпен өшірсем?
Дәл осы сәт келіп отыр жылағым.
...Кешір сен!

***

Ай да болғым келмейді, аспаны бар.
Аспаны бар, ғазалы, дастаны бар.
Мен Гүл болғым келеді, дүниенің
Ұлылығын тамырсыз тастан ұғар.


Күнім деп те алдама. Күн емеспін.
Жанымды өртеп жүр әлі - Мұң. Елес. Түн.
Мен Гүл болғым келеді қолыңдағы,
Сұрай алмай жүрсе екен сенен ешкім.


Сабағыма түсірмес уақыт сызын,
Ақ күлтеме жырымнан жақұт тіздім.
Еңлік гүл едім мен. Қызғалдаққа
Қолың создың. Қайтемін... (Бақытсызбын).

***

Өкінбеймін.
Өлердей сүйгенім шын.
Сен ғана деп өмірдің мағынасы,
Сен ғана деп базарым, бағым асыл.
Бір-ақ күнде бәрі ұмыт болғаны үшін,
Жүрегіңе кінә артып неғыласың?


Жерден біраз биіктеп кетіп едім,
Шерге оранып оралды көкірегім.
Кінәлама қырсықтау мінезімді.
Кінәлама жүректі, өтінемін.


Енді өзіңсіз, білмеймін, күле алам ба?
Сергелдең көп болады - ау, сірә, адамда?
Қыз біткеннен қызғанып, жылап қалар
Жасы кеппес жүректі кінәлама.


Ұша алмаса қайтейін өрге құсым?
Түсе алмаса төменге төрдегім шын.
Кінәлама.
Менің зағип көздері жүрегімнің,
Жазалы емес сені артық көргені үшін...

***

Мизам да өтті.
Күрсіндіріп, күлдіріп.
Кірпігіме мөп-мөлдір шық ілді үміт.
Ақ әжемнің алақаны секілді,
Самал сүйді бетімді.


Ақ сәулесін төгеді үнсіз жанарға Ай.
Бір мейірге жүргенімді-ай қана алмай!
Сүйгенімнің (қу сезімнің әлегі),
Суық бүгін сәлемі.


Күнтізбеде ән салады Ақырап.
Оның да әні, менің де әнім – жапырақ.
Ақ қайың тұр күзгі желге тоналып,
Мен де ертең кетсем бе екен жоғалып?

***

Бақытым сен демейді енді, уақыт емдемейді енді.
Қапыда кез болғаны сол, алтын да жез болғаны сол;
Әріме мұң тұнады, бәрі де ұмытылады,
Жылама, жүрегім менің!


Тағдырым талқан болса да, ар-мұңым арқандалса да,
Отына күйгенім еді, өртеніп сүйгенім еді.
Кеселге бұл шыдар Күз, кінәлі біз шығармыз,
Жылама, жүрегім менің!


Асқардан құламау үшін, басқаға жыр арнау үшін,
Түндігін көңіл түрер ме ед, қайтадан өмір сүрер ме ед...
Кешенің келмейтіні үшін, тек елес тербейтіні үшін,
Жылайық, жыласақ егер...

***

Түс ауғанда жанарыңа тұсауланған елік пе ем?
Жан емеспін жеңіл сезім жетегінде желіккен.
Сәукелемді әлдеқашан алмастырғам шарқатқа,
Сәнді орамал сыйға тарттың неліктен?


Бір жарығым жалғандағы, дертім де сен, емім де.
Шерлі едім мен, шуақты еттің өміріме ендің де.
Беймезгілде мойыныма бөз орадың неліктен,
Шәйі орамал бар өкпесін шайып кетсін дедің бе?


Кім біледі қайда екенін, біздің басқа қонар бақ?
Көз көргесін, көңілімнен қалай мүлде жоғалмақ?
Алабөтен ой кештім мен алакөбең бөлмеде,
Сен сыйлаған орамалға жүрегімді орап ап...

***

Сенсіз де өмір бар.
Білемін.
Сенсіз де сүйілер гүл-ерін.
Мұздайтыны болмаса жанымның,
Сыздайтыны болмаса жүрегім.


Іздейтіні болмаса көзімнің,
Төзбейтіні болмаса төзімнің;
Сен дейтінім болмаса бәрін де,
Сенбейтінім болмаса - Өзімнің.


Сенсіз де өмір бар.
Шығар күн,
Жаныштап жанымды, шыдармын.
Көн-десе болды тек сыңар мұң,
Сөнбесе болды тек шырағым.


Кінә артып сезімге не етеміз?
Бір едік, ал бүгін бөтенбіз.
Бақытты уақытқа тапсырып,
Өтер жаз, өтер қыс, өтер күз.

Бекер-ақ кезіккен екенбіз...

***

Кімге керек жанарым жас төккені?
Кімге керек өкінішім, өкпе, мұң?
Сен де бір кез менен жеріп кеткенсің,
Көлгір көйлек киіп алып, Көктемім...


Кімге керек ар бекіген сөздерім,
Кімге керек жан дертіне төзгенім?
Сен де бір кез менен артық көргенсің,
Боталаған басқа қыздың көздерін...


Тас төбемде қара Түн тұр тек төніп,
Есіл күндер ессіздікпен кетті өліп.
Өмір кешіп жүрмін бүгін, сені емес,
Кешірімшіл жүрегімді жек көріп...

***

АРЗУ

Бақытгүл Алшынға

Ақ қар кешіп келемін. Көңілімде - қара мұң.
Мұң да қара боларын кімге ұқтыра аламын?


Безірейген дүние-ай, тұрсың неге түнеріп?
Қар астынан бүр жарған біз – Бақыттың Гүлі едік.


Ақ сезімнен жаралған Гүл едік біз – болғаны,
Сізді елең етпей ме жүрегіміз тоңғаны?


Талқысына тағдырдың күлтемізді қалдырып,
Сізден мейір күтумен шаршады Арман, талды Үміт.


Тар маңдайға тап болған Сорымызды қарашы -
Күллі адамды көзге ілмей, Ақын сүйдік адасып.


Ақын сүйіп, бақытқа жетіп еді жерде кім?
Бір тамшы у тамызшы, у тамызшы, шөлдедім.

Ей, безбүйрек дүние...

***

Заңғар көктен қолын созып тұр Ай да.
Жұлдыз біткен жанарынан жыр сығып.
Саған мені қинап қойған ұнайды, ә?
Қызғандырып, қырсығып!


Тар маңдайға сыйып еді бақ қашан?
Аз ба өмірдің қасіреті, қайғысы?
Жүрегіме сен кеп алау жақпасаң,
Ұқпады деп өкпелейін қай кісі?


Бұл азаптың (жанымды өртеп жүр әлі),
Басы бар ма, болар қашан аяғы?
Ай бетіне жасым тамса, кінәлі –
Сағынышым баяғы...

***

Білмеймін, бағым ба, сорым ба,
Шарқ ұрдым шаттанар шағымда.
Шарадай басым жүр шайқалып,
Беймаза бір әуен жанымда.


Тағы да құсалы мынау күн,
Мұң жапқан жанарын мұнармын.
Мен сірә тап осы кейпіммен,
Жынданып өлетін шығармын!


Күтемін. Көңілде мұң-шер көп,
Сәттерді сағынып тым сергек.
Түндерде, жалғыздық жылатқан,
Жанында жүрсем деп.


Бағым боп келмейді ол, (Бол-май-ды!).
О, бәлкім, көңілге сол қайғы?
Қырсығам телефон көтермей,
Сыңсыған үмітім сорлайды.


Санамда салқындык - аты мұң,
Өзге емес, өзіме жат үнім.
Мен оның жырымын жатқа оқыр,
Ол - менің ең ұлы ақыным!


Жалғыздық жұп болып жаныма,
Жаутаңдап қараймын арыма.
Жүк артқым келмейді жүрекке.
Жоғалтқым келмейді тағы да...

***

Мәңгілікке мекендеген Күн елін,
Мен – Бақыттың Гүлі едім.
Келіп еді,
Сенің ғана жанарыңда бүр жарып,
Сенің ғана жүрегіңе түнегім.


Көзді арбаған көбелек боп серігім,
Жүргенімде жанымды жеп жегі-мұң,
Жолықтырдым!
Сендей болып аялады мені кім,
Мендей болып саялады сені кім?


Мағынасыз күндерімнен мән ұғып,
Көктен түскен күміс шыққа малынып,
Өтем, жаным,
Қысқа ғана ғұмырымда, өзіңді,
Әлемде жоқ ақ сезіммен сағынып...


Сабағыма Тәңір сызған сөзім бұл:
Мен – гүл едім, күлтесі аппақ, көзім – нұр,
Бақ қыламын десең-дағы өзің біл,
Лақтырамын десең тағы - өзің біл...

***

Мына сұп-сұр жер бетіне,
Тәнді ғана қалдырып,
Түнгі аспанда тербетілген,
Ақша бұлттар арасында -
Жан құмарын қандырдық.
Тек екеуміз сезінетін
Ғажайып күй – көңілде.
Енді қайтып түспейікші биіктен.
Енді қайтып келмейікші өмірге!!!


Енді қайтып... қиянаттың мекені –
Қара жерге қонбай қалсақ не етеді?
Қол ұстасып құс жолына барайық.
Өлең өпкен жанымызды,
Алтын Айдың сәулесіне малайық.
Ал со - нан соң...
Тек екеуміз көре алатын қанаттармен,
Ақ бұлттан да әрі ұшып.
Жұлдыздардың жүрегіне,
Жыр жазамыз жарысып.
(Сізді қайдам,
Мен -
Шар-ша-дым!!!
Орындалмас армандармен алысып).


Түрі сұп-сұр күндеріме -
Түндеріме мұздаған,
Қызыл-жасыл әр беретін,
Нәр беретін Сіз ғана.
Тек екеуміз жүре алатын
Көшелермен көктегі,
Самғасақ па,
Сынық Айдан алқа қадап өңірге.
Сосын... қайтып түспейікші биіктен.
Сосын қайтып келмейікші өмірге!!!

***

Боямасыз балғын сезім, қайда арман?
Бақыттың да табылмады дерегі.
Баяны жоқ бір ғұмырға байланған,
Болмысымнан безіп кеткім келеді.


Жаным-жара, жабырқаулы күйдемін.
Жалғыз мендей жер бетінде адасқан.
Бүгін Сізді менен басқа сүйді ерін,
Бүгін мені торлап алды қара аспан.


Қара аспаннан аққан жасқа малынып,
-Жауын ғой, - деп алдамаңыз. Білемін.
Ақша бұлттан аппақ шәлі жамылып,
Ақ жүзіңді аймалаумен жүр едім.


Тамшы болып ағып түссем ғұмырдан,
Тырсылы оның жаңғыра ма санаңда?
Бұл өлеңім - бұлттар салған іңіргі ән.
..Жаңбыр жауды бүгін менің қалама...

***

Жанарыма жақұттай қып жиғам мұң,
Қорғасын-ой өр кеудемді кетті ойып.
Кешір, жүрек, сені қанша қинадым,
Өлең үшін деп қойып...


Өміріме өкпе артқаннан табам не,
Жаға алмадым жалыны ыстық жақынға от.
Тамшы болып көктен тамбай қалар ма ем,
Жаралғанша ақымақтау ақын боп.


Бақытты боп көрінгенмен көп елге,
Бұлттан биік арманымды құлатып,
Алданыппын, аңсарымсың дегенге,
Жанымдағы жақынымды жылатып.


Өзге жанмын. Өзімді-өзім танымай,
Өкініш пен өксік толы хал мынау.
Кешір мені, кешіре гөр, а, Құдай,
Адасудан аман алып қалдың-ау!


Жүрегімді, оттай ыстық, жұбатып,
Шын бақыттың табылмады дерегі.
Осы жерден тоқтайықшы, уақыт,
Адам болғым келеді!!!

***

Дертіңе қалай төземін, сенсіз де сынық қанатым.
Адасқан мен бір сөз едім – Тәңірім ғана табатын.


Жазмышым жұмбақ жасырған, жауабын мен де ұмыттым.
Жаураған мұздай ғасырдан, жанымды неге жылыттың?


Жылыттың неге жанымды, өртеніп кетсін дедің бе,
Ұмытып мүлде барымды, дерт еміп кетсін дедің бе?


Көрдім де сені, күйге ендім – қалықтап көкте жүргендей.
Үміттенуді үйрендім – үркеншек көңіл үндемей.


Жер басып жүрген сүлдем тек, ақша бұлт болды аңсарым.
Мен мүлде өмір сүргем жоқ – армандауменен шаршадым!


Тұман да тұман таңдардан, қалайша таптың сен мені,
Жазылмай қалған маңдайға, ей, тағдырымның кермегі?!!


Тұмар қып жырға тағатын, қасиет тұнған көз едім.
Сенсіз де сынық қанатым. Дертіңе қалай төземін???

***

Бір басымда болар мүмкін кінә сан,
Қиялыммен көкке ұмтылам, қыр асам.
Аспан асты тарлық қылды, жарығым,
Айға ала кет. Азабыма шыдасаң...


Мен сендікпін мынау ғапыл ғұмырда,
Бірақ оның не қасиет құнында?
Жазмышының шеңберіне сыймайтын,
Мені сүю мүмкін емес, шынында.


Кешір мені! Биігімнен құласам.
Саған ғана шын сенемін, сыр ашам.
Тағдырымды табыстадым қолыңа,
Айға ала кет. Азабыма шыдасаң...

***

Аппақ Айдың сынығындай
Жаны-нұр да, бағы-жыр,
Беу, баянсыз махаббатым!
(Елесіңіз есімді алып әлі жүр).
Тәңір берген бір жүрекпен мыңға ынтық болсам да,
Сізді сүйем бәрібір!!!


Ұғынсаңыз,
Сізді сүю – жанарымда нұр ойнау.
Ардағым-ау,
Ауыстырмас алтынға,
Жадыңызда жаңғырам ба,
Жапырақтан сыр іздеген
Сол қияли қалпымда.


Өмір мені өзгертті шын.
Қиялымның күлін көкке ұшырып.
Әп-әдемі әлеміме
Көктен жасын түсіріп.
Дос дегенім – көңілімнің
Көрін қазды тереңнен.
Қаға-қаға қанатымды талдырып,
Жер бетінен жұмақ іздеп келем мен.


Аппақ Айдың сынығындай
Жаны-нұр да, бағы-жыр,
Беу, баянсыз махаббатым!
(Елесіңіз есімді алып әлі жүр).
Тәңір берген бір жүрекпен мыңға ынтық болсам да,
Кешіңізші,
Сізді сүйем бәрібір!!!

***

Көк жүзін тіліп келетін жоғалды көптен хатыңыз,
Тек мені ғана сүйетін бар емес пе еді антыңыз?
Қылдан да нәзік ғұмырым құбылаға қарап жылайды,
Үзіліп түссе бір күні, тағдырға кінә артыңыз.


Тоғыспай қалса жолымыз – Тәңірдің шығар үкімі.
Жүрегімді ұстап қолыма жетерім анық бір күні.
Сол сәтті Сіз де күтіңіз. Күтемін мен де. Күтейік.
Күдерін үзген көңілге, үміттен қадап үкіні...

***

Жапырағын жанымның тағы бір күз тонады.
Жібімеді бірақ та тағдырымның тоңы әлі.
Мен – бейдауа дерт емген көңіл едім қаяулы,
Сен – білмедің аяуды.


Сағынамын, - дедің де, сағынбадың шынында.
Тағы да мұң кеудемде, тағы да шер – жырымда.
Мен – Жібектің көз жасы ем, тамып түскен Жайыққа,
Сен – жорыдың ғайыпқа.


Ғажап дедім бар күнді, азабына мойымай.
Ғазал-жырын жанарға жасырады мойыл Ай.
Мен – тірліктен түңіліп, үңілгенде жүрекке,
Сені көріп, дір еткем...

(Тағдырымның ойыны-ай!).


Біз – біргеміз деуші едік. Алыстады арамыз.
-Сезімге енді сенбеймін, - деп сыбырлады қара күз.

***

Ақпан ба жылаған? Аспан ба?
Жас шығады екен-ау тастан да.
Жерде-қар, нөсерге малынып,
Жыр оқып отырмын басқаға.


Білмеймін, біз неге асықпыз?
Әйтеуір жақынбыз, қашықпыз.
Жұбатып жүр ме екен сені де,
Мен жайлы жырыңа ғашық қыз?


Көзімнен құлаған ақ нұр ма?
Жылаған жүрек пе? Жаңбыр ма?
Талқыға сап қойған төзімді,
Не шара қыла алам тағдырға?


Таңымның табасы шығар бұл?
Жанымның наласы шығар бұл?
- Бір көктем келерін білем, - деп
Бөлмемде сыңсып тұр сыңар гүл...

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста