Қайғылы оқиға былтыр 28 тамызда Қарағанды облысы Осакаров ауданына қарасты «Молодёжный» ауылындағы Kazakhmys Coal ЖШС аумағында болған. Ауыр техника бұрыламын деп УАЗ-39045-ті басып кеткен еді. Автобуста болған алты жұмысшының екеуі оқиға орнында жан тапсырды, біреуі ауруханаға түскен, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Бірнеше күн бұрын айыпталушының соты өтті деп жазды Patriotnews.kz. Отырыс кезінде зардап шеккен тарап УАЗ жүргізушісі жақындап келе жатқан ауыр техниканы көргенде, естіп тоқтайтын шығар деп қайта-қайта сигнал бергенін айтты. Соғылуға бірнеше секунд қалғанда екі адам «буханканың» есігін ашып, секіріп үлгерген.
«Аумақта шаң болмау үшін жолға су шашады. Тайғақ болды. Көтеріліп келе жатқанда ешқандай машинаны көрмедім. Рациядан ешкім бұл жерде УАЗ бар деген хабар берген жоқ. Автомобильді басып жатқанымды сезбедім. Мен өз кінәмді түсіндім, зардап шеккендерден кешірім сұраймын», — деді сотталушы.
Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша бірнеше адам өліміне әкелген апат үшін БелАЗ тізгіндеген азаматқа 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төнген. Бірақ сот жүргізушінің «Шахтёр даңқы» төсбелгісінің иегері екенін, ешқандай ескерту алмағанын, тек марапаттарға ие болғанын ескерді. Осылайша сот оны жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырып, қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі төмен мекемесіне жіберді, енді ол 5 жыл жазасын өтейді.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz