«Көкшетау-Атбасар» трассасында екі көлік бетпе бет соқтығысып, 1 адам көз жұмды, тағы 8 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тамыздың 6-да сағат 16:40 шамасында Зеренді аудандық ПБ кезекші бөліміне «Көкшетау-Атбасар» тасжолының бойында, яғни Ақадыр және Шағалалы ауылы арасында жол-көлік оқиғасы болғандығы туралы хабарланған.
Белгілі болғандай, 71 жастағы көкшетаулық басқарған «Тайота Авенсис» көлігі мен 31 жастағы тағы бір көкшетаулық басқарған «Тига» көлігі бетпе бет соқтығысқан. Салдарынан «Тига» көлігі жүргізушісінің 65 жастағы әкесі (жолаушысы) оқиға орнында көз жұмды.
Сонымен бірге, «Тайота Авенсис» көлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы (оның біреуі 14 жастағы қыз), «Тига» көлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы (оның екеуі 11 және 7 жастағы кәмелеттік жасқа толмаған бала) түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.
«Осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 345- бабының 3 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Сараптама тағайындалды», - деп түсіндірді ведомстводан.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz