Бүгін Бурабай курортында жантүршігерлік жол апатынан 4 адам көз жұмды. Оның ішінде бір бала бар, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы Нalyq-uni.kz тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап жазды.
Апат курорт маңында, Астана-Петропавл тасжолында болған. Соның салдарынан зардап шеккен тағы 2 адам ауруханада жатыр.
Toyota Camry-40 автокөлігінің жүргізушісі Бурабай кентіне бұрылған кезде рөлді басқара алмай, көлік аударылып кеткен. Салдарынан 30 жастағы көлік жүргізушісі мен зайыбы, 41 жастағы жолаушы және 2009 жылы туған жасөспірім оқиға орнында көз жұмды, - деді ПД баспасөз қызметінің басшысы Гүлнәр Пинчук.
Қаза тапқан жүргізушінің көлікте 1 жасар қызы да болған. Оның жағдайы қанағаттанарлық.
6 жасар жолаушы травматология бөлімінде жатыр. Ал 39 жастағы әйелдің жағдайы ауыр, - дейді Гүлнәр Пинчук.
Бұл факті Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі («Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу») бойынша тіркеліп, тергеу басталды.