Батырлар жыры- патриоттық тәрбие мектебі

Батырлар жыры- патриоттық тәрбие мектебі

Сәуле Қайрамбаева,№ 3 Күршім гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы

Әр халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі өзіне тән мәдени мұрасын оқу-тәрбиеге енгізудің ықпалы зор.Ұлттық тәрбие жүрекке жақын болғанымен, ауқымы шексіз, белгілі бір жүйеге келтірілмеген тың дүниелер.
Оқу үрдісінде аса маңызды буын болып табылатын білім беру мен тәрбие ісін ұлттық мұрат, мемлекеттік мүдде тұрғысынан зерделей отырып дамыту - тәуелсіз еліміздің келешегін тәрбиелеуге өз өмірлерін арнаған ұстаздар қауымына үлкен талаптар жүктейді. Әсіресе, Елбасының тікелей бастамасынан бастау алып, бүгінде елдік іске ұласқан «Мәдени мұра» бағдарламасының түп мақсатына зер салар болсақ, халықтық қазынаның қадір-қасиетін, ұлттық ұлағатты мәдени жәдігерлер негізінде жас ұрпақтың санасына сіңіру болып табылатынын көреміз.
Жас ұрпақтың жігерін жанып, асыл сезімдерін ұштауға әдебиет пен өнер шығармаларының тигізетін ықпалы шексіз. Әдебиетіміз бен өнеріміздің қуатты күшін қазақтың тәуелсіз мемлекетін нығайтуға, ұлттық бірлікке, жастарды Отан сүюге баулуға, азаматтық міндеттерге үндеуге пайдалану алдыңғы кезекте тұр.
Ұлттық мәдениетіміздің ең үлкен бір саласы - көркем әдебиет десек, сол әдебиеттің ертеден келе жатқан әлеуметтік жүгі мол, кең өрісті саласының бірі - батырлар жыры. Батырлар жырының көркемдік ерекшелігі мен мәні туралы Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан сияқты көптеген ғалымдарымыздың құнды еңбектері бар. Жас ұрпақты тәрбиелеудегі батырлар жырының мазмұн байлығы мен ой тереңдігі, кейіпкерлердің даралығы туралы тың пікірлері толық зерттеліп бітті деп айта алмаймыз.
Халық ауыз әдебиеті уағыздаған сан-салалы ғибраттар батырлар жырында молынан кездесетіндіктен, әр ұстаз соның мән-мазмұнын ашып, оқушы жанына сіңіруге талаптануда.
Ауыз әдебиетінің ең үлкен саласының бірі ретінде батырлар жырын педагогика ғылымы саласынан зерттесе, патриоттық тәрбие туралы ұғымдар ашылар еді. Белгілі әдебиетші ғалым Ә.Қоңыратбаев: « Ел, халық санасымен жасалған «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» сияқты батырлар жырында ел тәуелсіздігін сыртқы жаулардан қорғау сарыны үстем» деген. Шынында да, батырлар жырында патриоттық сезімді ардақтап, батырлықты мадақтаған, ақылдылық, парасаттылық, достық тәрізді адамгершілік игі қасиеттер дәріптелген.
« Патриотизм өзінен-өзі келетін қасиет емес. «Отанды сүй» деп жалаң айғайлау жастарды патриотизмге тәрбиелеу боп табыла бермейді, міне мынадай Отанды сүй деп тәрбиелесек, сірә, сол ұғымды болар. Ол үшін ауқымды мемлекеттік бағдарлама, мәдениет жөніндегі заң керек » деген Д.Исабековтің пікірі өте орынды.
Қай халық болсын өзінің батырлар жырында елеулі оқиғаларды көркем бейне арқылы жинақтап, өзінше бағалайды, өзінің көзқарасын білдіреді. Сол бейне - халықтың алып қуатының, қажымас қайратының, сарқылмас күйінің көрінісі. Олар жеке басының қамын ойламайды, елдің амандығы, бүтіндігі үшін отқа күйіп, суға батудан тайынбайтын ержүрек қаһармандар. Айталық, «Алпамыс батыр» жыры халықтың бірлігін, тұтастығын, ынтымағын армандаудан туған. Бірлігі бар ел ғана жауға қарсы тұрып, туған жердің қасиетті топырағын жауға таптатпайды деген түйін жатыр. Елдің тұтастығын сақтап, жауына қарсы айбат көрсетіп, халқына қамқор болатын - оның батыр ұлдары. Алпамыс - сондай ерен ерлердің бірі. Ол Тайшық ханның қанды шеңгелінен елін аман алып қаламын деп , оның құрған қақпанына байқаусызда түсіп,жеті жыл қапас зынданда отырады. Жырда Алпамыс тек қана қара күштің иесі емес, адамгершілік қасиеті өте жоғары, он саусағынан өнер тамған шебер екендігі білінеді. Сонымен қатар, Отанын, ата-анасын, туған-туыстарын құлай сүйген нәзік жан.
«Жаңа көрдім, Байсынды
Жерім жеймін, жар-жар
Жаңа көрдім Қоңыратты
Елім деймін, жар-жар»- деген батырдың сөзінде жылылықпен қатар, туған жерге деген асқан сүйіспеншілік байқалады.
Дәл сол сияқты «Қобыланды батыр» жырында да елдің тәуелсіздігі жырланады.Тыныш жатқан жұртының шырқын бұзған Алшағыр мен Қазанға Қобыланды жалғыз аттанады. «Ел намысы-ер намысы» дегендей, Қобыланды батыр кіндік қаны тамған жерін қорғауға жан-тәнімен әзір екендігін іс жүзінде көрсетеді.
«Ер Тарғын» жырындағы Тарғын бір рудың емес, барша жұрттың батыры ретінде ерекшеленеді.Ол басқыншы жаудан елін қорғайды,сол елдің бүтіндігі мен бірлігін сақтауға қызмет етеді.Оны Ақшаханға берген жауаптан білуге болады. «Сен кешегі жауды бұзған қайратыңды сені тынышсыздандырған жұртыңа неге көрсетпедің?-деді. Сонда Тарғын: «Нақақтан өз жұртымды жылатуға шариғат қоспайды»-дейді. Бұл туралы белгілі ғалым Қ.Жұмалиев: «Тарғын қамал бұзып,қалың қолға жол ашқан батыр. Бірақ, сол күшін ол өз еліне жұмсауға ожданы бармай,оны үлкен опасыздық деп біледі.Өз жұрты,өз еліне қару көтеріп, қара бет болғаннан қашқындық өмірді артық санайды» дей келіп, Тарғынның Ноғайлы атанған елдерден алысқа кетпей, оларды өз елі санап,қалмақтарға қарсы кеудесін оққа төсеп, жан қиярлық ерліктерге барғанын жан-жақты талдаған. Батырды көзсіз ерлікке итермелеген басты нәрсе-туған жерге, өскен елге деген махаббат.Оны Тарғынның өзі былайша айтқан:
« Еділдің ар жағында
Атаңа нәлет қалмақтың
Сыңсып жатқан малы үшін-
Аттанбадым олжа үшін,
Аттанғанмын дұшпанға
Ата-бабам ежелден
Ескі кегі бар үшін!»
Бұдан Тарғынның дүние-мүлікке қызықпайтын, ел намысын жоғары ұстап, бірлік пен ынтымақ туын биік ұстайтын адал азамат екендігі көрінген.
Эпостық жырлардың қай-қайсысында да бірінші кезекте негізгі қаһарманның күш-қайраты, ептілігі, шабандоздық, мергендік, найзаласу, қылыштасу, күресу сияқты қасиеттері дәріптеле бейнеленеді. Мәселен, Қобыланды батыр алты жасынан атқа шабу, садақ ату, балуандық өнерлерін жетік игерсе, Ер Тарғынның бойындағы ерен күш пен мергендік өнер де осал соқпайды. Жыр қаһармандары хас батырдың бойында болуға тиісті жігіттік өнерге толық жетілгенде ғана ерлік істерге араласады. Қай жырға зер салсаңыз да жыр мазмұны негізгі қаһарманның өзін ғана емес, Отанын қорғауға лайық деңгейге көтерілуі үшін оның бойындағы күш-қайраттың толысуы қажеттігін айқын аңғартады.Сондықтан да батырдың күш-қуаты көрінетін сәттер бейнеленгенде жыр тілі де құдіреттеніп кетеді. Мысалға жүгінер болсақ, қалмақ батыры Домбауылмен кездескен сәтте оның атқан оғы Тарғын киген тоғыз қабат торғауыттың сегізінен өтсе, Ер Тарғынның білек күші мен мергендігі одан да асып түседі. Батырдың күштілігі:
Алаша аттың басы деп,
Қалмақты ердің қасы деп,
Қақ жүректің тұсы деп,
Өлер жерің осы деп,
Толықсып келген қалмақты,
Толғап Тарғын салады - деген үлгіде әсірелей бейнеленетін көріністің мәніне зер салу арқылы оқушының ынтасын арттыруға болады.
Батырлар жырының оқиға желісінде күш-қайраттың серігі ретінде көрініс тауып отыратын ақыл-ой зұлымдыққа қарсы қойылған халықтық қасиет сипатына беріледі. Алапат күштің қуаты жетпеген қысылтаяң кезеңдерде ақыл-ой жол табады. Бұл тұстағы бір ерекшелік – ақыл иесінің көп жағдайда батырдың өзі емес, сүйген жары, сенімді досы, ел-жұрты болып келуі. Қаһарман күрес-тартыс үстінде, өмір талқысында шыңдалып кемелдене түседі. Жырдың айтары да адам баласының кемелдікке жетуі ақыл-парасатқа байланысты деген ойға саяды. Бұл идеяны оқушының өзі танып білуіне мүмкіндік жасау үшін, сонымен бірге ақыл-ой кемелдігіне талпынуына жол сілтеу үшін эпостық жырлардағы Гүлбаршын, Ақжүніс іспетті бейнелерге ден қойғаны абзал.
Қаһармандық жырда батырдың жары да өзіне лайықты етіп сомдалған. Арулардың сән-салтанаты,әсемдігі,кербездігі,қылығы,ақыл-парасаты,махаббатқа адалдығы қыз баланың тәрбиесінде баға жетпес құрал болып саналмақ.
Екі көздің жанары
Суда жатқан гауһардай.
Тістерінің ажары
Қатар тізген маржандай (4.164),-деп қыздың сұлу ажарын дүниедегі ең бағалы асыл тастарға теңеп, салыстыра суреттейді.Мұндай теңеулі суреттер батырлық жырлардағы арулардың барлығына дерлік арнап берілген.Алайда жырларда арулардың тек сұлу мүсіні ғана емес, олардың терең талғамы, қадір-қасиеті, сондай-ақ ер азаматқа бергісіз батырлық, ерлік іс-әрекеттері де сипатталады.Нәзік жанды арулар ел басына күн туғанда жұртының бірлігін ойлап,ел намысын қорғауға ерлердей белін бекем буған сәттері аз болмаған.
Жырлар сюжетінен орын алған Қобыландының жылқы бағуын, Қамбардың аң аулауын,Тарғынның ат баптауын бейнелейтін көріністерге оқушылар зейінін аудара отырып, еңбектің адам өміріндегі маңызын, тіршілік тірегі екендігін дәйектей көрсетуге болады. Сол сияқты Қобыландының жан серігі – Тайбурылды баптаған Құртқа, басына іс түскен Тарғынды түн ұйқысын төрт бөле жүріп емдеген Ақжүніс, жау зынданында жатып сыбызғы жасаған Алпамыс әрекеттерінің түпкі жемісіне зер салу арқылы еңбектің еш уақытта өтеусіз кетпейдіндігін ұғындыру қажет.
Батырлар жырындағы сүйікті кейіпкерлерінің ерлікке толы әрекеттері кез келген баланы осы батырдай болсам деген арманға жетелейтіні сөзсіз.
Қырық мың атты қызылбас
Қырық кісідей көрінбес
Батырыңның көзіне.
Тікелеп атқан оқтары
Тікенектей қадалмас
Қоблекеңнің жүзіне.
Қабағынан қар жауып,
Кірпігіне мұз қатып,
Қатуланып қаттанды,
Буырқанып бұрсанды,
Мұздай темір құрсанды (2.58).
Қобыландының нағыз ержүрек батырға тән ерекше бітімі, мыңдаған жау әскерімен жалғыз өзі шайқасып,жеңіске жеткен,айбарынан жауы сескенген ер тұлғасы оқушыны айрықша сезімге бөлеп,рухтандырары сөзсіз.
Енді бала алшаңдап,
Қайраты тасып қалшылдап,
Қойға шапқан бөрідей
Жан-жағына ырсылдап,
Әлемді алды айбаты
Қобыландай арсылдап,-
деген( 180-б) Алпамыс батырдың да әсерлі теңеулермен берілген ер келбеті оқушысын шабыттандырмай қоймасы анық.Мұндай бейнелеулерді әрбір қаһармандық жырдан кездестіреміз. Мұның барлығы жасөспірім баланы әсерлендіріп, бойына патриоттық сезімнің дәнін сеуіп, жақсыға еліктеушілік, соған ұмтылушылық қасиеттерін қалыптастырады.
Алпыс үйлі Арғынның
Тоқсан үйлі Тобырдың
Ашыққанын тойғызды
Батыр туған Қамбардың
Тимеді жоққа зияны. (3.46)
Мұнда ағайын-туыс,ауыл-аймағын аң аулап асыраған жігіт тұлғасы көрінеді. Ата-анасына, ағайын-бауыр,көрші-қолаңға қайырымдылық жасап, қамқор бола білген бала ел-жұртына, Отанына да адал қызмет істейді. Өнердегі мәңгілік тақырыптар болып табылатын ізгілік пен жауыздық, достық пен қастық, махаббат пен зұлымдық арасындағы күрес эпостық жырларда жиі ұшырасады. «Алпамыстағы» Қаражан мен Ұлтан, Қаракөзайым мен Бадамша, «Ер Тарғындағы» Ақжүніс пен Ақша хан Ханзада бейнелерін салыстыру, іс-әрекеттерін талдау барысында халықтың адамгершілік, әділдік қасиеттерін қастерлегенін, керісінше опасыздық, зұлымдықты ұдайы әшкерелеп отырғанын көрсету арқылы оқушыларға адамгершілік тәрбие беруге мүмкіндік бермек.
Эпостық жырлардың басты тақырыбы – Отаншылдық, ұлтжандылық, туған жер мен елді қорғау мәселесі. «Алпамыс батырда» қаһарманның қас дұшпаны Тайшық ханның қызы Қаракөзайымның Алпамысқа достық қолын созуы, «Ер Тарғында» хан қызы Ақжүністің Тарғынды таңдауын көрсетудің негізінде отаншылдық идеясы жатыр.
Батырлар жырындағы патриоттық сезімдерді бүгінгі ұрпақтың санасына ұстаздық шеберлікпен біртіндеп сіңіру қажет. Себебі: батырлар жырында ел тағдыры, келер ұрпақ қамы, адамгершілік, ар-ождан мәселелері жан-жақты сөз болады. Ар-ұятты қашанда бірінші қойған батырлар үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу жағынан алдарына жан салмаған.
Еліміздің ежелден дәріптеп, қастерлеп келген батырлар жырының асылын тарихтың рухани көш-керуеніне ілестіріп отыру арқылы бүгінгі және болашақ ұрпақ қамын қамдау өскелең өмірдің талабы болып отыр. Елбасы Н.Назарбаев: «Халықтың тарихи зердесін ояту керек, еліміздің өмірінде өшпес із қалдырған қоғам және мемлекет қайраткерлерінің келбетін жұрттың жадында жаңғыртуымыз керек. Бірақ бұл жұмыс жүйелі, зерделі зерттеулердің, білікті сараптамалардың негізінде барынша дәйекті тұрғыда жүргізілуі тиіс» деген («Егемен Қазақстан»,14.04.2001 ж.). Бұл талаптар орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстойдың «Өткенді жақсы білмейінше, келешекке сапар шегу айсыз қараңғыда сүрлеу соқпақ іздеп адасумен пара-пар» деген ойымен сабақтасып жатыр.Сондықтан да еліміздің болашақ тұтқасын қолдарына ұстағалы отырған бүгінгі жеткіншектерге адамзаттың ақыл-ойы мен мәдениетінің дамуындағы бағалы байлықтың бәрін игере отырып,ең әуелі, туған елі мен жері дегенде көкірегі қарс айрылатан азамат етіп тәрбиелеу қажет.Тәуелсіздікке қол жеткізген тарихқа көз жүгіртіп, оны ұрпақ санасына сіңіре отырып, өз Отанын сүйетін, мақтан тұтатын және оның қамын жейтін, ол үшін күресе білетін азамат тәрбиелеу-біздің басты міндетіміз.

Пайдаланылған әдебиеттер 1. Ә.Қоңыратбаев. «Қазақ фольклорының тарихы».Алматы, «Ана тілі»1991 ж, 127-б.
2. Д.Исабеков. ХХ ғасыр: «Қазақ мәдениеті, тілі мен өнері» (Конференция материалдары . Алматы,2000 ж. 11-б.).
3. М.Ғабдуллин. «Қазақ халқының ауыз әдебиеті». «Алпамыс батыр».А.,1959 ж. 144-б.
4. .Ғабдуллин. «Қазақ халқының ауыз әдебиеті». «Ер Тарғын».А.,1959 ж. 175-б.
5. Жұмалиев. «Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері».А.,1958 ж. 116-б.
6. Батырлар жыры. 1-том.А., «Жазушы», 2006 ж.
7. Батырлар жыры. 2том.А., «Жазушы», 2006 ж.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста