Қайраткерлік қағидасы

Қайраткерлік қағидасы

«Ақиқат басшы деп өзінің мемлекетті басқару қабілеті арқылы мемлекет тұрғындарын ақиқат бақытқа жеткізуді алдына мақсат етіп қойған тұлғаны айтуға болады. Өйткені басқару өнерінің мәні мен мақсаты да осы – адамдарды шынайы бақытқа жеткізу», – дейді әлемнің екінші ұстазы, адамзаттың ұлы ойшылы әл-Фараби «Фусул әл-мадани» – «Мемлекет қайраткерінің даналығы» еңбегінде.
Ендеше, жаңа мемлекеттің бастауында тұр­ған, өзінің көрегенділігі мен басқару ше­берлігі арқылы замананың небір қиын тұстарында мемлекетті қатал сындардан алып өткен, халқын ақиқат бақытқа бастап келе жатқан ел Президенті шынайы мақ­сат­қа жету жолында сенімді көмекшілерін маңына шоғырландыра білгені баршамыз­ға аян. Қиын шақтарда Елбасының маңы­нан табылып, адалдықты серік еткен ат тө­бе­ліндей сол атпал азаматтардың бірі Шы­ғыс Қазақстан облысының әкімі Берді­бек Сапарбаев десек еш қателеспейміз. Оның іскерлік қабілеті, кісілік келбеті, ада­ми болмысы, сезімталдылығы мен өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін мәрттігі осы ой­ға еріксіз жетелейді. Ұлы ғұлама әл-Фа­раби ел басқаратын адамға 12 түрлі та­лап қойған екен. Ең алдымен, ол таби­ға­тында басқаруға бейім, бүгінгіше айт­сақ, тумы­сы­нан лидер болуы керек. Енді ұлы ойшыл айтқан тұжырымдаманы ой еле­гінен өткі­зіп, Сапарбаев жүріп өткен өмір соқпағын бойлай зерделесек, ғұлама Фараби талап еткен лидерлік қасиет Бекең тұлғасына берік ұялағанын аңғармау мүм­кін емес.
Тумысында лидер
Фараби айтқан «Тумысында лидер» ұғы­мының түп тамыры тектілік атты қа­сиет­тен бастау алып жатқаны белгілі. Тек­тілік қарызға алатын немесе базарда тұра­тын бұйым емес. Ол – туа біткен қасиет, Ал­ланың берген сыйы. Бірақ қаныңда бар, сүйекке сіңген сол асыл қасиетті аялай біл­месең, көзін аршып кеңейтіп отыр­ма­саң, ар­на­сынан адасқан тасқын судай ие бер­мей кететіні тағы бар. Тектілікті шың­дай білу де – өнер, оған да ақыл керек. Ең бас­ты­сы, оның түпқиянын жүрекпен түй­сініп, сезіне білу керек-ау. Бір сөзбен айт­қан­да, тектілігіңді жұрт тану үшін алдымен өзіңді-өзің тануың абзал. Сапарбаевта осы қасиет басым. Бұл жайында Бекеңнің өзі не дер екен?
Бердібек САПАРБАЕВ: «Жер бетіне шыр етіп түскен пенде өмір бақи өзін-өзі танумен өтеді. Бізге дейін де осылай болған, бізден кейін де осылай бола бер­мек. Адамның өмірге келудегі бас­ты миссияларының бірі де осы болар деп ойлаймын. Өйткені адам өзін-өзі зерттеу арқылы ғана мына дүниені жақ­сылыққа қарай жылжыта алады. Сон­дықтан да өзін де, өзгені де сыйлай білетін адамның бұл сұрақ төңірегінде ойланып жүретіні хақ.
Несі бар. Айшықты ой. Өзіңді танымай жатып өзгеге ақыл айтып өзеуреу әбестік бола­рын меңзегендей ме, Бекең. Деген­мен өзіңді-өзің тану үшін де өре керек емес пе?! Ал оның кілті қайда? Түйсіктегі ой­дың түйінін шешетін жауапты Сапарбаев халықтың өзінен, әкенің сөзінен іздейді. Бір басылымға берген сұхбатында ол бы­лай дейді:
«Халық – ұлықтың ақылын аздыр­май­тын, сезімін сөндірмейтін ұлы күш. Қазақ атам айтудай-ақ айтып кеткен: «Халық деген – Құдайдың бір аты».
Әкем Машбек ылғи құлағыма құ­йып отыратын: «Әкім – халықтан әулие емес. Басшы елден үйрене отырып, соны өзінің ми қазанында қайнатып, бел­гілі бір жағдайда дұрыс шешім қа­был­дауы қажет».
Әке өсиетінің өресін терең түсінген Бе­кең халық жүрегін жаулар күре жолды адал еңбекпен ғана бұзып өтерін ерте ұқ­қан тәрізді. Сондықтан болар, Сапарбаев өзіне сеніп тапсырылған кез келген сала­ны, кез келген қызметті абыроймен атқа­рып келеді. Шаруасы қисайған Қызылор­да­ға қан жүгірткен, шырмауы көп Шым­кент­ті ширатқан, енді, міне, бүгін осы уа­қыт­қа дейін өксіп келген Өскеменді өрге сүйреп, шығыстың шырайын келтіріп келе жатқаны оның адал еңбегі мен іскерлігінің арқасы шығар. Шығыс демекші, бұл шы­ғыс кімді көрмеді? Агроном әкімді де, мұ­ғалім әкімді де, инженер және шенді әкім­ді де көрді. Осы мезгілдерде өңірде не өз­гер­ді? Олардың да еңбектерін мүлде жоққа шығарғанымыз әбестік болар, де­ген­мен де көпшілігі өзіне жақын саланың пұшпағын илеп, тұмсықтың ұшы, аяқтың астындағыдан ары аса алмады. Өзгелерге қарағанда ой-өрісі өзгешелеу пішілген, іс-қимылы ауқымды Сапарбаевтың алғашқы қадамынан-ақ шығысқа керек адамның енді келгенін түсінді жұрт. Өйткені ол ең­бек пен іскерлікті мансап үшін тәрк етіп етіп, жадағай су кешуге құмар емес. Бекең ойпаңда жүріп иек астындағы қырдың ба­сын шалуға ұмтылмайды. Биіктен толғап, кең пішкенге құмар. Бір сөзбен айтқанда, креслоның қалқасынан, ауылдың алқасы­нан аса алмайтындар қатарында жоқ. Ұлт­тық өлшемде, мемлекеттік өреде ой өреді. Ең бастысы, ол санасында піскен ұлан-ға­йыр істерді аяғына жеткізгенше тыным тап­пайды және бәрінің басы-қасында өзі жүреді. Өзі жүріп қана қоймайды, жұртты да жұмылдыра біледі. Соның арқасында шы­ғыс өңірдегі қазақ ауылдарындағы бая­ғыда ұмыт қалған мәдениет ошақта­рына жан бітті. Облыс бойынша апаттық жағдайдағы 43 мектептің 26-сы жаңар­тыл­ды. Мектепке дейінгі мекемелер жүйе­сі­нің тынысы кеңейді. Балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтуда облыс көрсеткіші республикалық көрсеткіштен (86 па­йыз) әлдеқайда жоғары тұр. Ал ден­сау­лық сақтау саласына облыс бюджетінің 20 па­йызы бағытталған. Соңғы жылдары өң­ір­де 10 миллиард теңгенің 12 нысаны са­лы­нып, пайдалануға берілген. Үш ірі ны­сан­ның құрылыс жұмыстары жүруде. Олар: об­лыстық онкологиялық диспансердің ра­дио­логиялық орталығының үшінші ке­зе­гі, 300 ор­ындық көпсалалы аурухана, 80 ор­ындық балалардың туберкулезге қар­сы ем­ханасы, Өскемен қаласындағы облыс­тық қан орталығы.
Индустриализация картасы бойынша облыста 41 миллиард теңгені құрайтын се­гіз жоба іске асу үстінде. Атап айтсақ, Жар­ма ауданындағы цемент зауыты, Се­мей қаласындағы медициналық өнімдер шығаратын зауыттың жаңғыртылуы, Жар­ма ауданындағы әктас өндіру, Аякөз ауда­нындағы алқапты тамшылатып суаруды енгізу мен картоп сақтайтын қойма құры­лы­сы, Семей қаласындағы құс фабрикасы­ның ет өндіруге бағытталуы. Энергетика­лық сала мен ауыл шаруашылығы өнімде­рін өндіруде де ауқымды істер атқарылды. Ауылдық жерлерде мал шаруашылығымен айналысамын деушілер үшін және мал ба­сын көбейтуге ынталы жандар үшін «Жай­лау» бағдарламасы үшінші жыл жү­зе­ге асу­да. «Ауызсу» өңірлік бағдарламасын жү­зе­ге асыру барысында 50-ге тарта су­мен қамтамасыз ету нысандары іске қо­сыл­ды. Бұлақ су электр стансысының құ­ры­лыс жұ­мы­сын қолға алу көзделуде. Об­лыста ірі қара мал санын арттыру мен асылдан­дыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл – об­лыс­та атқарылып жатқан ұланғайыр істер­дің тоқ етері ғана. Әйтпесе тізбелей бер­сек, бірер атанға жүк боларлық әңгіме бар.
Әділ басшы һәм саясаткер
Әл-Фараби саясаткер болу үшін «әді­лет­сіз­дік пен озбырлық және осылар­дың ие­лерін жек көру керек; жақында­рына да, жат адамдарға да әділ болып, жұртты әді­леттілікке баулып, әділетсіз­дік­тен зардап шеккендердің залалын өтеп, жұрттың бә­рі­не өз білігінше жақ­сылық пен ізгілік көр­сетіп отыруы қа­жет; әділ болу керек, бірақ қыңыр бол­мау керек, әділеттілік алдында нойыс мінез көрсетіп қасарыспау керек, бірақ әділетсіздік пен пасықтық атаулыға мүл­дем рақымсыз болу шарт; өзі қа­жет деп тапқан істі жүзеге асырғанда ше­шім­паз­дық көрсетіп, бұл ретте қор­қыныш пен жасқану дегенді біл­мей­тін батыл, ержүрек болу керек» дейді. Ел­басы Н.Назарбаевтың да тұтқа ұстаған шен­ділерден талап етіп келе жатқан көкейкесті мақсаттарының бірі осы емес пе?!
Ел билейтін есті адамға ұлы ғұлама мен Елбасы алға тартқан бұл талаптардың атан түйенің жүгіндей ауыр салмағы бар. Өйт­кені әділ болу оңай шаруа емес. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, маңдай теріңді бес төгіп жасаған қайратыңа кейбір қас­көй­лер кесе көлденең тұрып озбырлық көр­сетіп жатса, мінез танытпай бұғып қалу қай­дан оңай болсын. Шебер болсаң, ра­қым­сыздық пен қасарыспаудың шекара­сын ажыратып көрші. Бұл жерде өкпенің ырқына көнбейтін рақымшыл бауыр мен жасқанудан ада таза жүрек керек-ау, ша­ма­сы. Жалпы, әділдік атаулының кең ұғым екенін естен шығармайық. Адамдар ара­сын­дағы қарым-қатынастағы әділдік, қыз­мет­тегі әділдіктен бөлек, тарих алдындағы, ұлттық құндылық алдындағы әділдік атты ұлы міндет бар емес пе? Сапарбаев осы міндет үдесінен шыға білді. Өзіне дейін болған талай әкімдердің жүйкесін титық­татқан ұлттық мәселелер шырмауы шусыз болмаса да, шеберлікпен шешіліп келеді. Ең бастысы, Өскеменде ғұлама Абай ес­керт­кіші ашылған кезде қазақ рухының өр Алтайдың басына ту болып тігілгенін жан жүрегімізбен сезіндік. Әрине, оңай болған жоқ. Қапиядан қисын іздеп, тер төккендігі айдан анық. Ешкімге жалынған да жоқ, еш­кімнен сұранған да, шарасыздықтан қор­ланған да жоқ. Тұйықтан саңылау тап­ты, бүйректен сирақ шығаратындардың мы­сын басты. Риза болмаған ел қалмады. Тұтас бір ұлт болып, ат төбеліндей аз жұрт­тың ығына жығылып ғұламамызға ескерт­кіш орната алмағанымыз сүйекке таңба бол­ды-ау деп Тәңірден сауға сұраған жұрт «әділдік деген осы екен-ау» десті. Қазақ деген тұтас халықтың көкейін тесіп, жүре­гіне тікен болып қадалған өткеннен қалған отаршылдық сананың сеңін бұзып өтіп, рухани әділдікке қол жеткізген дәл бұл қи­мылды батылдық, ерлік һәм ептілік деп қа­лай айтпайсың! Ұлттың жоғын жоқтаған әділдіктің көкесі осындай-ақ болар, шама­сы! Бірақ Бекең бұл ерлікке дандайсыған жоқ, мен сөйтіп едім деп міндетсінген жоқ. Жүрегіне жаққан істің қалауын тапқанына тәубе деді. Бұл ойға алған үлкен мақсаттар жолындағы тар жол, тайғақ кешулер еді. Тірліктің тұрлауы аз мына заманда діттеген мақсатқа жетуде саяси жігер болмаса, құр тыраштанған құр далбаса кімге керек?! Тен­тектің тілін таппағаннан, жуасты жүнше түткеннен салиқалы саясаткер шықпайты­ны белгілі. Оның үстіне «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» деген де бар емес пе?! «Итің қара қасқа екен, біздің ауылдікі сары қасқа еді» деп кергуге тағы болмай­ды. Бекең қай өңірде жұмыс істемесін сол жердің тұрғындарының жүрегіне саңы­лау іздеуден жалыққан еместей көрінеді маған. Саясаткер Бердібек Сапарбаев: «Адам­ның жан дүниесінен ауыр еш нәрсе жоқ. Мына қамшының сабындай қыс­қа өмірде адамдардың бір-бірімен сый­ласып, ауыз­біршілікте жүргеніне не жет­сін. Сайтаннан сұрапты дейді: «Сен не­ден қорқасың?». Ол айтқан екен: «Мен бір-ақ нәрседен қорқа­мын: адам­дар­дың ауызбіршілігінен». Ме­нің­ше, ос­ында көбіміз мән бере бер­мей­тін үлкен философия жатыр».
Рас-ау, «төртеу түгел болса, төбедегі ке­ле­ді» демеуші емес пе еді атам қазақ. Бе­кең де осы төртеуді түгендеймін деп та­лай түн ұйқысын төрт бөлген болар. Бірақ бес саусақтың бірдей болмайтыны тәрізді, көптің ішінен «жер астынан жік шығара­тын­дар аз болмайтыны хақ. Қазақи мінез-құлыққа тұнып тұрған Шымкенттің ара аға­йын арасындағы өнбес өкпенің тігісін жатқызу инемен құдық қазғанмен бірдей болғанын көпшілік жақсы біледі.
«Мықты болсаң, оңтүстікті басқарып көр» деп артында қалжың аралас сөз қал­дыр­ған Сапарбаевты шығыста да «дайын асқа – тік қасық» күтіп тұрмаған еді. Тұра­лап қалған өңір экономикасын өрге сүйреу міндетімен қоса, тағы да саясаттың сар ма­йын шайқауға тура келді. Ел болған соң арасынан естісі де, есері де кездесетінін өмір заңдылығынан іздеуіміз керек шығар. Бес саусақ бірдей емес қой. Өз жұдырығы­мызға жұмыла алмай жүрген берекесіз бес саусақтан басқа шалыс кетсең, көзіңді шұ­қып аларға дайын тұрған өзгенің жат сау­сағы тағы бар емес пе?!

Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да,
Оған да үкі, тұмар тағылса да.
Қыжыртпай мені сырттан жүре
                                                        алмайды,
Кім желігіп, қай шеттен қағынса да.
Күшік ит бөрі ала ма жабылса да?
Тәңірі сақтар, табандап тап ұрса да
Арсыз адам арсаңдап, арсылдайды.
Әр жерде-ақ керегеге таңылса да.
Құтырды көпті қойып азғанасы,

Арызшы орыс — олардың олжаласы,

– деп Абай айтпақшы, ауыз аңдыған мен сөз қуған әкіреңбайлардың, кежегесі кері тартқан кержақтардың кесірі талай іске тұсау болғанын ішіміз сезеді. Бірақ ол қы­ңырлыққа емес, рақымшыл ымыраға ырық берді. Ет жүрегі қанша қан жұтса да, амалсыздан ананың да, мынаның да беті­нен қаққан тұстары да болған шығар. Соқ­пағы мол тар жолдан «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» аман алып шығу қайдан оңай болсын. Бекең тағы да ақылға жүгінген болар, жүректе салмақтап көрген болар. Бір білеріміз: білгенге арқа сүйеді, білмегенге ұқтырды, білгісі келмегенді ық­тырды. Оңай болған жоқ, әрине. Тер төк­ті, қиялай шауып, қисынын келтірді. Алғаш­қыда «қар көрмеген әкім» атанып, «арты­нан қалауын тауып қар жандырған» Са­пар­баев алда-жалда «Шын мықты болсаң, шығысты басқарып көр» деп әзіл айтып жат­са, қалжың болса да сөзінде жан бар-ау деп ойлаңыз. Сөз түйіні біреу. «Бойын­дағы Құдай берген қабілетін жүзеге асы­ру­ға деген ерік-жігері мол, алға қойған мақ­сатынан таймайтын «саяси жігерге» ие тұлға болуы тиіс» деп Фара­би қойған та­лап­тың үрдісінен шығып келе жатқан Са­парбаев – сарабдал саясаткер, әділ басшы.
Қарымды қайраткер
Білген жұртқа саясаткер ұғымының да ауқымы кең-ау. Жалпы, саясаткер деп кім­ді айта аламыз? Менің түсінігімде саясат­кер ұғымының екі ұшы бар. Ат төбеліндей топ­тың мүддесін көздеген күйбелең сая­саткер немесе қарақан басының күйін күйт­теген өлермен саясаткер, қала берді, күн жаумай су болған атойлаған жадағай саясаткерлерден санамыз сарғайған. Со­ған қарап саясат деген жарықтыққа сенім­сіздеу қарайтынымыз да рас. Ал, шын мә­нінде, елдің елдігін шыңдауды мақсұт ет­кен шаң баспаған шынайы саясат пен сып­сың сөзден биік сарабдал саясаткер бар емес пе?! Ел басқарған соң саясатпен ай­налыспай тағы болмайды. Сол шақта шындықтың шырайына селкеу түсірмей, саясат – сайқалдың сиқырынан сүрінбей суы­рылып шыққан сұңғылаларды қайрат­кер десек жарасатын шығар. Топырақты елегенде елеуіш түбінде қалатын азғана ал­тын түйіршіктей кіршіксіз тұлғалар қата­рына осы Бекеңді жатқызуға болар-ау, сірә. Халық қашан қалыс айтушы еді, мен естіген көпшіліктің пікірі Бекеңді қайраткер деуге саяды. Бұл ретте пірәдәр Фараби не дейді екен? Ғұламаның пайымдауынша, саясаттың биік сатысына көтерілген адам «табиғатынан зерек, жаңалықты тез қа­был­дайтын алғыр, өткеннің сабақ­тарын, атадан қалған заңдарды жақсы білетін, яғ­ни өткенге ілтипатпен қа­рай­тын дәстүр­шіл, әр сөзін өзгенің са­на­сына жеткізе ала­тын шешен, білімге құштар, ойшыл, ертең­ді болжай ала­тын тұлға, яғни қайраткер болуы тиіс».
Ал Сапарбаев былай дейді: «Өзімнің ақылға салып, құлық қойған ісім менің бо­йымдағы сезімді анық оята алатын халық түйсігімен астасып жатқанда ға­на әркез дұ­рыс шешім қабылдаған­дай сезінемін».
Байқайсыз ба, Бекеңнің өз сөзіне жү­гін­сек, ол ойға келген істің тұрлауын халық түйсігінен іздейді. Түсінген адамға Бекең шылбыр ұстаған басшыға сезімге байлау бо­лар тұтқа халық түйсігінде екендігін мең­зеп тұрған жоқ па? Сапарбаев айтып отыр­ған сезімнің ұясы жүрек емес пе? Ен­де­ше, жүрек пен сезімге ақыл арқылы ыр­ық бер­ген «Сапарбаев сезімі» алдымен кі­сілік қа­сиеттің қайнар көзінен нәр алып барып, өт­кенге ілтипат, ертеңге салауат ат­ты түсі­ніктерге ұласып жатыр. Қатпарын жазып тұң­ғиықтан ой тартқан, қиялай ша­уып ке­лер күннің тамырын дәл басқан қай­раткер Сапарбаев өз сезіміне барар жол­ды осы­лайша халықтың тамыр соғысынан із­дей­ді де, сезімінің алданбауына алаң­дай­ды.
Ал, менің ойымша, Бекең сезімі алда­ған жоқ. Дәл бүгінгі күні Елбасы мен халық сенімін ақтап отырған Сапарбаев ісінің оң екендігіне ешкім дау айта алмас. Шығыс өңірінің «мен қазақпын» деген азаматының түйсігінде туған өлке топырағына ұлттық бол­мыс пен қазақи қасиет еккен ерлігі сай­рап жатыр. Шығыстың тізгінін қолына алған сәтте тұсаукесерінің «бісмілләсін» Абай ұрпақтарын іздеуден бастады. Хал­қым­ның қадірін ұлықтап, өнеріне жан бі­тірді. Шығыс бұлбұлдарының үнін естіртіп, туған жердің топырағын күрсіндірді. Кіндік  қаны тамған жерде ақындарын арқа-жар­қа та­быстырып, жазушысына жігер бере дүр сіл­кіндірді. Серісінің сәні, талаптының әні түзелді. Балуаны белбеу байлап, жел­ая­ғы­на жал бітті. «Туған жерге тағзым», «Шы­ғыс жұлдыздары», «Топжарған» бай­қау­ла­ры тәрізді шаралар арқылы ел мен ердің шөліркеген сезімдерін бір арнаға то­ғыс­тырды. Күні кеше ғана Абай ақындық мек­тебінің айшықты өкілдері Ақылбай мен Көкбайдың 150 және Шәкірдің 100 жыл­ды­ғын аламан бәйгемен, ақындар са­йы­сы­мен, балуандар белдесуімен дүбір­лі той жасап берді. Дәстүрге жақ, ұлтым де­ген әр іске сақ, ділге ақ, көзбояушылыққа жоқ. Тү­нек­тен саңылау іздеп, қазаққа ке­рек ны­сана көздеді. Бердібек Сапарбаев: «Мен өзім қа­зақ екенімді мақтан тұта­мын. Мұны, құ­дай үшін, қызыл сөз деп қа­был­дай көрме­ңіз­дер. «Мен – қазақ­пын» деген әрбір қан­дасымыздың жү­рек төрінде жатқан, бірақ айтылатын жерінде ғана айтылатын қас­тер­лі сөз екеніне күмә­нім жоқ» деп ағынан жарылуының түп­төр­кінінде нәзік сыр жа­тыр. Даңғаза мақ­тан мен арзан атақтың қыр соңынан етек-жеңдері далақтап, «қа­зақ, қазақ» деп дел­бегей шауып жүргендер өресінен өзге­ше­леу ойда далбаса дабы­радан гөрі са­быр­мен жүріп, сағымды ілген іскерлік белгісі атойлап тұр. Оның қолымен істеген­ді мой­нымен көтере білетін мәрттігі де жоқ емес. Бастаған істің түбіне жетуге құ­мар. Қандай бастама көтерсе де, осы­ның пәлесі маған қалады-ау деген бақай ­есепке бар­майтын тәуекелшіл көрінеді. Естуімше, ол қан­ша­лықты бауырмал бол­са, соншалық­ты мыс­ты, қаншалықты жан­а­шыр болса, сонша­лықты талапшыл. Сон­дықтан оны халқы тұлға ретінде, қайраткер ретінде құрмет тұтады және қолдайды.
Мәңгілік заңы
Бердібек Сапарбаев: «Грузин жазу­шы­сы Нодар Думбадзенің «Мәңгілік заңы» де­ген романын оқығаным бар. Сонда адам­ның жаны оның денесінен жүз есе ауыр екенін жазады. Адам ба­ласы өмір бақи өз жанын өзі көтеріп жүре алмайтын көрінеді, сондықтан мен – саған, сен – оғ­ан, ол – тағы біреу­ге, біреу – басқа бі­реу­ге, сөйтіп, шексіз жалғастыра отырып, адам баласы бір-бірінің өмір сүруіне мо­раль­дық тұрғы­дан көмектесуі керек. Соны жазушы «мәңгілік заңы» деп атапты. Қан­дай ұшқыр ой».
Тартымды әрі тілеулес ой. Денеңде жан болғанда ғана сен адамсың. Өмірге адам боп келіп, адам боп қайту – міндетің. Міндеттің сауабы – адамға қол ұшын беру. Әйтпесе бұл өмірдің тұрлауы жоқ. Дум­бадзенің меңзеп отырған заңдылығының түп-төркіні ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар қам­қорлық мәні хакім Абайдың «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» қа­ғи­дасымен астасып жатқандай. Адамның баласы болу – әркімнің талайына жазба­ған тірлік. Ал пешенеңе сол қасиет жазыл­ған екен – кей кезде басыңдағы қуаныш пен қайғыңды елдің тірлігі үшін тәрк етіп жіберуге тура келеді. Бекең басында қуа­ныш та, реніш те болған шығар. Қайғылы қаза кешіп, өмірден баз кешкен уақыт та болған болар. «Адамның басы – Алланың добы» демекші, ол да маңдайға жазылған дүние ғой. Тірліктің ұлы заңы солай болған соң көнбеске шара жоқ. Бірақ бұл кезеңде де Бекеңнің майысса да, сынбағанын жақ­сы білеміз. Жігерін жел қайық қылып, елі үшін толқынға қарсы жүзіп келе жатқан Бе­кең ертең 60-қа келер, 70-ке, 90-ға келер, мәселе онда емес. Жас санау – жасықтың, іс санау – ердің тірлігі.
Абай былай дейді:
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.
«Мені» мен «менікі»-нің айырылғанын,
«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес.
Ұлы хакімнің «менікі» деп отырғаны – біздің денеміз ғана. Ал «мені» өмірдің – ру­ха­ни жемісі. Артыңа қалар сөзің, ұрпақ­қа қалар өнегең. Сондықтан пендешілікпен «менікіні» емес, кісілікпен «менді» ойлай­тын Сапарбаев ісі «мәңгілік заңына» сай жал­ғасын табатынына сенімдіміз.
М.ЕРАЛИН

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста