«Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін...»

«Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін...»

«Ұлт ұстазы» атанған ұлы тұлға Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 140 жыл толып отыр. Қоғам қайраткері, ақын, қазақтың тұңғыш әдебиет теоретигі, лингвист, фольклоршы, түркітанушы, аудармашы, публицист, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлын Мұхтар Әуезов: «Бір басында сан салалы өнер тоғысқан, телегей-теңіз энциклопедиялық білім иесі, қайшылығы мол тартысты ғұмырында қараңғы қалың елін жарқын болашаққа сүйреуден басқа бақыт бар деп білмеген ірі тұлға, халықтың рухани көсемі» деп жоғары бағаласа, Смағұл Сәдуақасов: «Ахаңды біз замандасымыз ғой деп өз қатарымызға қойып, өзімізбен теңестіріп қарауымызға болмайды. Бұл кісі қазақ халқының алфавитін жасап берген, бұрын әркім қалай болса солай жазып жүрген емлемізді түзеп, оқу құралдарын жазған, бәріміздің де сауатымызды ашып, бүкіл халқымызға ұстаз болған адам» деп мойындаған. Алаш арыстары осылай ардақтаған аяулы тұлғаның өмір жолы мен еліне сіңірген өлшеусіз еңбегінен бүгінгі ұрпақ қаншалықты хабардар? Ұлтын сүйген ұлы жүректің тарихи істері мен идеяларының өміршеңдігі неде?.. Енді осы сауал төңірегінде сыр тарқатып көрелік.

Ұлтты ояту жолындағы күрес
Ахмет Байтұрсынұлының саяси күрес жолына түсуіне 1905 жылғы патша манифесі себепкер бола­ды. Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14 500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы авторлары­ның бірі де – Ахмет Байтұрсынұлы. Ресей Министр­лер Кеңесінің төрағасы Виттенің атына жазылған бұл петицияда: «Қазақ даласын отарлау саясаты тоқтатылып, қазақ жері өзіне қайтарылсын; Дала губернаторының қазақты ешқандай сотсыз айдатып жіберуі тоқтатылсын; Қазақша газет, мектеп, баспахана ашуға цензура болмасын; Қазақ халқы­ның мүддесін қорғау үшін Ресей патшасы қазақтан Думаға депутат сайлауға рұқсат берсін» деген сияқты талап-тілектер көрініс табады. Қарқаралы петициясы Петербургке жөнелтілген соң бір жарым айдан кейін Мемлекеттік Думаға өзге ұлттармен бірге қазақтардың да сайлануына рұқсат беріледі. 1905 жылғы Заң бойынша Қазақстан және Орталық Азия территориясына Думадан 21 орын бөлінеді. Тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелдінің айтуынша, қазақ депутаттар Мемлекеттік Дума мінбесінен қазақ мүддесін қорғаумен болды. Тіпті соған байланысты орыс депутаттар «немене, Мемлекеттік Думада қазақтың жерінен басқа мәселе құрып қалып па?» деп шамданған да жағдайлар кездескен.
Қазақтардың саяси белсенділігінің бұлайша арта түсуі патша өкіметіне, әрине, ұнамайды. Сөй­тіп, петиция авторларын қудалау, соттау, жер ауда­ру күшейе түседі. Ақырында Ахметті Қарқаралы екі кластық училищесінің меңгерушісі қызметінен ала­ды. Онымен қоймай, 1907 жылы «училищеде бір орыс баласы жоқ, ұлтшыл, патшаға қарсы үгіт жүр­гіз­ген» деген айыппен абақтыға қамайды. Осыдан бастап Ахмет үнемі жандармдық бақылауда бола­ды. Бірақ соның өзінде де бостандық аңсаған, кү­рес­ке шақырған өлеңдер жазған Ахмет «Қырық мысал», «Маса» жинақтарын шығарады. Қазақ қо­ға­мы­на рухани тәрбие беруде рөлі өлшеусіз бұл кітап­ша­ларды ақынның өз замандастары да кезінде жоғары бағалаған.
Сол тұста Қазақстанда тұру құқынан айырылған­дықтан Орынбор қаласына келген Ахаңның өмірін­дегі ең күрделі де қажырлы кезеңдер басталады. «Алашорда» фильмінің сценарий авторы Болат Мүрсәлім бұл жайтты әңгімелей отырып: «Әр істе өнерлі Еуропа жұртының ісіне бір мезет зер сала қарайтын Ахаң мен Міржақып «ұлтты саяси күреске оятудың бірден-бір құралы – газет шығару» деп білді. Және 1913 жылдан Орынборда «Қазақ» га­зетін шығара бастады. Ал газеттің бас эмблема­сындағы Киіз үй түңлігінің Еуропа жағынан ашы­луын «қазақ даласына өнер-білім Еуропадан түскен сәуледен тарасын» дегеніміз деп түсіндірді», – деген пікір айтады. Сол «Қазақ» газеті қазақ даласынан асып, Петербург, Варшава, Ташкент, Шәуешекке де­йінгі аралықта 8 мыңға жуық данамен таралып тұрған. Ахаң 1913-1918 жылдар аралығында «Қа­зақ» газетіне редактор болып, орасан зор әлеумет­тік-тарихи қызмет атқарады, халық өмірінің сан-алуан көкейкесті мәселелерін көтеріп, елді про­греске, өнер-білімге үндейді.

Ахметтің афоризмдері
Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты.
***
Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы.
***
Араб әрпі Ислам дінімен бірге келіп қазаққа орнаған. Дінмен байланысқан жазу дін жоғалмай, жоғалмайды.
***
Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек
***
Өз тiлiмен сөйлескен, өз тiлiмен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды.
***
... Басқадан кем болмас үшін, біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектің жолында жұмыс істеу керек.

Алаш азаттығы үшін арпалыс
Алаш қозғалысы тұсында соны өріс іздеген Ахаң ұлт азаттығы жолындағы күрес басшыларының са­пы­нан табылады. Әлихан, Ахмет, Міржақып баста­ған қазақ зиялылары Қазақ автономиясын құруға қам жасап, І жалпықазақ съезін шақырады. Съезд ше­шімімен «Алаш» ұлттық-саяси партиясы құрыла­ды. Ахаңның басшылығымен «Алаш» партиясының бағдарламасы даярланып, қабылданады. Алаш­орда үкіметі құрамын бекіткен ІІ жалпықазақ съезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп Ахмет Байтұрсынұлын бекітеді. 1919 жылдың наурызына дейін Алашорда үкіметі Торғай бөлімінің мүшесі болған Ахаң Алашорда үкіметі атынан Мәс­кеу­ге, кеңес үкіметімен келіссөзге де барады. Со­ның нәтижесінде кеңес үкіметі алашордашыларға кешірім жариялайды. Ал шілде айында А.Байтұр­сын­ұлы РКФСР Халық Комиссарлар кеңесі мен Қа­зақ әскери-революция комитеті төрағасының ор­ын­басары болып тағайындалады. 1920 жылы В.И. Ленинге кеңес үкіметінің Қазақстанды басқару ісіндегі алғашқы қадамын қатал сынға алған хатын жолдайды. Сондай-ақ Ахаң Қазревком мүшесі ре­тінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалып­тасу ісіне жанын сала араласады. Оның Бүкілре­сей­лік ОАК-нің Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы шешіміне қарсы жазған саяси наразы­лы­ғы аталған облысты Қазақстан құрамында қал­дыруға негіз болды.

Ахмет Байтұрсынұлы 1920 жылы тамызда құ­рыл­ған Қазақ АКСР үкіметінің құрамына еніп, 1920-1921 жылдар аралығында Қазақ АКСР халық ағарту комиссары қызметін атқарады. 1922 жылы Өлкелік халық комиссариаты жанындағы Акаде­мия­лық орталықтың, 1922-1925 жылдар аралы­ғында Халық ағарту комиссариаты ғылыми-әдеби комиссиясының, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы қызметтерін атқарып, жаңа заман үшін жанын сала тер төгеді.
Мемлекеттік жауапты қызметтерді атқара жүріп те Ахаң өзінің жаны сүйген оқытушылық-ұстаздық жұмысынан қол үзбеген. Өйткені жас кезінен білімге ден қойған Алаш арысының алға қойған мақсаты – қазағының көзін ашу еді. Сол себепті де ол алды­мен төл әліпбиімізді жасап, оқулықтар құрастырды. 1912 жылы ана тіліміздегі тұңғыш әліппеміз «Оқу құ­ралын» жазды. Ұлтымыздың талай ұланының са­уа­тын ашқан бұл оқулықтың 1925 жылға дейін бір­неше мәрте басылып шыққаны белгілі. Одан кейін қазақ тілінің «Тіл – құрал» атты тұңғыш оқулығы жа­зыл­ды. Тіл білімі, әдебиеттану терминдерін тұңғыш қалыптастырған да – Ахаң. Бұл ретте, тілтанушы ға­лымдар «Қазақ терминологиясының атасы» ретінде оған сөзсіз бас иеді. Ахмет Байтұрсынұлының ақын, аудармашы, ғалым-тілші, әдебиеттанушы, ағарту­шы, публицист, саяси қайраткер ретіндегі ұлан-ға­йыр еңбегі 1923 жылы Ташкент, Орынбор қалала­рын­да салтанатты түрде атап өтілген 50 жылдығын­да баса айтылып, С.Сәдуақасов, С.Сейфуллин, М.Әуе­зов, М.Дулатов, Е.Омаров сынды замандас­та­ры Ахаңның қазақ халқына, еліне сіңірген еңбегіне жоғары баға берді.

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, тілші-ғалым:
Терминдерді жасау Ахаңнан бастау алған
Ахмет Байтұрсынұлы терминдердің орыс тілін­дегі қасиеттерін жақсы білумен бірге қазақ тілінің өз байлығын ұтымды пайдалана отырып, сәтті тер­миндер жасаған. Ғалым еңбектерінен қимыл атау формасымен келетін аңдау, ауыстыру, әсірелеу, әсер­леу, байымдау, бернелеу, бүкпелеу, дамыту, ке­йіптеу, көріктеу, меңзеу, теңеу, түйдектеу, үдету сияқты әдебиеттану терминдері мен демеу, жалғау, үстеу, шылау тәрізді тіл білімі терминдерін көптеп кез­дес­тіруге болады. Заттық ұғым мен процестік ұғымды ұштастырып тұратын мұндай терминдерді жасау Ахаңнан бастау алып, бүгінгі қазақ терми­нологиясындағы термин жасаудың өнімді бір үлгісіне айналғанын аңғарамыз. Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, өзі өмір сүрген дәуірде қазақ халқының «рухани көсемі» атанған дара тұлғаның термин шығармашылығындағы ісі өзгелерге де өнеге бола отырып, ғасыр басындағы бүкіл термин жасау процесінің бағытын белгілеуге негіз болды десек, артық айтқандық болмайды. Мәселен, Ахаң «Тіл құралындағы» сызықша, көсемше, есімше сияқ­ты терминдерді -ша, -ше жұрнақтары арқылы жа­саса, «Есептану» құралын жазған Сұлтанбек Қо­жа­нов скобка дегенді «жақша» деп атап, Жұмабай Күдерин «Өсімдіктану» құралында сабақша, тұ­қым­ша, қайықша, тостағанша деп жазса, Елдес Омаровтың «Пішіндеме» құралында текше, тікше, қиықша деген терминдер бар.
Ахаңның аудармашылығы – терең зерттеуді қажет ететін дүние. Ол «Қырық мысалды» дәл сол қалпында сөзбе-сөз емес, қазақы ұлттық таным-түсінікке сәйкестендіріп аударған. Аударма басқа ұлт өкілінің шығармасы емес, қазақтың миы ар­қы­лы қорытылып барып, қазақтың қолынан шыққан дүние сияқты әсер қалдырады. Ахмет Байтұрсын­ұлының мұрасы біраз зерделенді. Әлі де жан-жақты зерттелуде. Байтұрсынұлы ең алдымен – тілші-ғалым, тіл маманы. Екіншіден, әдебиеттану теориясын жасаған, әдебиеттану оқулығын жазған ғалым. Ол – үлкен публицист. Аудармашылық, жа­зу­шылық, ақындық қырлары тағы бар. Менің айта­рым, Ахаңның әр саладағы еңбектерін тікелей сол салада қызмет ететін ғалымдар зерттесе, әлдеқайда нәтижелі болар еді.

«Тән көмілер, көмілмес ертеңгі ісім...»
Өзінің қандай жағдайда жүргеніне қарамастан, «Жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі – бәрі­нен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс» деп қараған «адамдық диханшысы» 1921-1925 жылдары Орынбордағы, 1926-1928 жыл­дары Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институтта­рын­да қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ береді. 1928 жылы Алматыда ҚазПИ-дің ашылуына байланысты ректордың ша­қыр­туымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысады.
Содан көп ұзамай Голощекиннің тікелей нұс­қауы­мен 1929 жылы 2 маусымда Алаштың 43 қай­раткерімен бірге Алматыда тұтқындалып, сол жыл­дың соңына қарай Мәскеудегі Бутырка абақтысына ауыстырылады. 1930 жылы 4 сәуірде ату жазасына кесілді. Бұл шешім бірнеше рет өзгертіледі: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауысты­рыл­са, 1932 жылы қарашада «үш жылға Архан­гельс­кіге жер аударылсын» деп ұйғарылады.
Ахаңның 1929 жылы тұтқындалуы туралы жазу­шы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың ҰҚК-нің мұрағат деректерін сөйлеткен тарихи әфсанасына сүйенсек, Ахаңды ажал тырнағына байлап берген – өз қан­дастарымыз, кеңестік биліктің жандайшаптары. 1929 жылдың 19 сәуірінде «Советская степь» газе­тінде Ораз Исаев пен Ізмұхан Құрамысовтың ұйым­дас­тыруымен Ғаббас Тоғжанов, Әбдірахман Байділдин, Хамза Жүсіпбеков, Садықбек Сапар­беков, Ораз Жандосовтардың «Жазушы қазақтар­дың шығармашылығы туралы» деген ашық хаты жарияланады. Қазақ елінің билік басына келген Го­ло­щекинге жағу үшін хат авторлары Алаш арыста­рына қара күйе жағып, солардың қатарында Ахаң­ды да жазықсыз қаралайды. Өз шағым-үндеулеріне «Правда» газетінен де орын берілуін сұрайды. Мұ­нымен тыныштық таппай, Ахметті жазалауды сұрап, Ста­линге екі рет хат жолдайды. Осы жетеудің «Ал­аш­шылдарға қарсы» мемлекеттің атынан ресми айыптау жасаған мәлімдемелерінің салдарынан Ахмет, Жүсіпбек, Мағжандар екі айдан соң түрмеге қамалған. Жетеудің жаласы Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытовтың өмірін жұтса, Ахаң әупірім­мен аман қалып, өмірін айдауда жалғастырады. Бір айта кетерлігі, кеңестік қасапшылар «арызшыл же­теу­ді» де аямайды. Ә.Байділдин 1930 жылы, қал­ған алтауы 1938 жылы ажал құшады. Айдауда жүр­ген А.Байтұрсынұлы денсаулығының нашарлап кетуіне байланысты 1933 жылы қалған мерзімді Батыс Сібірде жүрген жұбайымен бірге өткізуге рұқсат беріледі. М.Горькийдің әйелі Е.Пешкованың көмегімен 1934 жылы мерзімінен бұрын босаты­лып, Алматыға оралады. Тұрақты жұмыс таба ал­май, түрлі мекемелерде қысқа мерзімдік қызметтер ат­қарады. Соған қарамастан шығармашылық жұ­мыс­тарын жемісті түрде жалғастырудан танбаған ұлы ағартушының ел арасында аман-сау жүргенінің өзі кеңестік билікке жақпайды. Халқының тәуелсіз­дігін аңсаған Алаш арысының күрессіз, қол қусырып отыра алмайтынын анық ұғынған кеңестік жен­дет­тер 1937 жылы 8 қа­занда Ахаңды бесінші рет қа­мау­ға алды. Соңғы тұт­қындалуы осы болған ұлт ұс­тазы ақырында жазық­сыздан-жазықсыз ату жа­за­сына кесіліп, 1937 жыл­дың 8-желтоқсанында қы­зыл қырғынның құрбаны­на айналды. Халқы өзі­нің рухани көсемінен осылай­ша мәңгіге айырылды.
Кезінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов қанат­тас серіктері Ахмет пен Міржақыпқа түрмеден жаз­ған бір хатында: «Алда әлі күнді көре алатын ұрпақ келеді. Сол ұрпақ сендерді үлкен ризашылық­пен, үл­кен құрметпен еске алатын болады. Күрес жолы­на түскендеріңе өкінбеңдер...» десе, Ахаңның өзі де бір өлеңінде:

«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын.
Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін»,
– десе, келесі бір жүрекжарды жырында:
«Асықпаңдар! Артымызда қазы бар,
Тергеп талай, көрлеріміз қазылар…»,

– деп тол­ғанған екен. Өзі айтпақшы, 1988 жылдың 4 қара­ша­сында Қазақ КСР-нің Жоғарғы соты ешбір қыл­мысы жоқ деп тауып, Ахмет Байтұрсынұлын толық ақтау туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, біртуар тұлғаның адал азаматтық есімі қалпына келтірілді. Дей тұрғанмен де, өзекті бір өкініш өртейді. Әділет таңы неге үнемі кеш атады? Сұңқар атаулының неге соры басым? Әлі де «Аз күндікке алданып, аз нәр­сеге жалданып» адасып жүрген Алаш жұртының ұлы Ахаңдар қанымен жазып кеткен тарих саба­ғынан тағылым алатын күні бар ма?! Ұлт ұстазын ұлықтау тұрғысында қандай шаралар атқарылуы қажет? Дегенде, Алаш арысының Алматыдағы мұ­ра­жай-үйін қамқорлыққа алып, оңтүстік астанамыз­да және Елордада Ахаңа еңселі ескерткіш орнату; рухани көсем тұлғасын айшықтай түсу, жас ұрпақ санасына сіңіру мақсатында көркем және деректі фильмдер түсіру, әдеби, ғылыми еңбектер жазу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу – сол шаралардың бір парасы ғана...

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарихшы-ғалым:
Ахаңның тұлғасы – биік азаматтықтың үлгісі
Ахмет Байтұрсынұлы өткен ғасырдың басында ұлттық жаңғыруды бастап, оны бір арнаға салушы топтың басында тұрды. Олар бастаған қоғамдық қозғалысты қазір біз «Алаш қозғалысы» деп атап жүрміз. Алаш қозғалысы бұл, біріншіден, ұлт-азат­тық қозғалыс, сонымен бірге, екіншіден, ұлттық жаң­ғыру қозғалысы да.
Алашорда үкіметі азамат соғысы жылдары дер­бес қуатты әскери күшке айнала алған жоқ. Ондай эко­номикалық мүмкіндік қазақ қоғамында бол­маса, Алашордада қайдан болсын? Сондықтан да 1919 жылдың көктеміне қарай кеңес үкіметімен өзара ымыраға баруға мәжбүр болды. Мұндай қадам нақты қалыптасқан жағдайдан туындаған табиғи құбылыс болатын. Сондықтан да Алашорда үкіметінің шешімімен және оның атынан Ахмет Байтұрсынұлы келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге аттанды. Бұл кеңестік билік үшін де жеңіл уақыт емес-тін. Сондықтан да В.Ленин бастаған үкімет қазақ ұлт-азаттық қозғалысымен, оның құрған Алашорда үкіметімен ымыраға келуге әзірлігін байқатты. Алашорда үкіметінің ең басты талап-тілегін мойындап, қазақ автономиясын жариялауға келісімін берді. Сондай-ақ, бұл арада мынадай бір нәзік нәрсені есепке алу тарихи шындықты тура түсінуге көмектеспек. Кеңестік билік неғұрлым күш алған сайын, соғұрлым ұлт-азаттық қозғалыстарға берген уәдесінен алыстай түсті. Көп ұзамай, 1920 жылдан бастап-ақ, яғни Азамат соғысында жеңіске жеткен соң қазақ ұлт-азаттық қозғалысы басшы­ла­рына қарсы репрессиялық шараларға көше баста­ды. Империя құрамындағы ұлттардың сол кезең­де­гі талап-тілектерін мойындаудан бас тартты. Бас­қа­ша айтқанда, патшалық билікпен күрес кезеңінде өзіне одақтас ретінде қараған ұлттық қозғалыстарға ендігі уақытта билік үшін күрестегі бақталас күш ретінде қарай бастады.
Ал Ахаңның саяси ұстанымына келсек, Ленин­мен кездесу оның көзқарасына түбегейлі ықпал ете алған жоқ. Ленинмен кездесуге дейін де, одан ке­йін де А.Байтұрсынұлы ұлтшылдық идеологиясы ұстанымында қалды. Ол құбылмалы ұстаным ада­мы емес-тін. Ахаң 1920 жылы Орынборда РКП (б) қатарына өтетіндігін мәлімдейді. Бірақ көп ұзамай партиядан шығып қалады. Ол жөнінде өзі: «Маған айтылғандай, мені партиядан шығаруға негіз бол­ған себептер, біріншіден, партия жиналыста­рына қатынаспағаным, екіншіден, мүшелік жарналарды уақытында төлемегендігім, үшіншіден, менің Ал­аш­ор­даны құруға қатынасуым. Маған кінә ре­тін­де таңылған бұл фактілердің бірін де жоққа шығар­маймын», – деп көрсетеді. «Партия құра­мын­да жү­ріп, – дейді ол, – менің коммунистермен бірнеше мә­селелер бойынша келісе алмаушылығым бол­ды». Солардың ең негізгісі ретінде Ахаң «Кеңестік билік пен РКП (б)-ның Қазақстандағы үш жылдық қыз­метінің мардымсыз болып отырғандығын» көл­денең тартты. Анығырақ айтқанда, А.Байтұр­сынұлын жаңа биліктің ұлт және ұлтаралық қатынас ісіндегі ұстанымы қанағаттандырған жоқ еді.
Өткен ғасырдың 20-жылдарының соңында ке­ңестік биліктің тұрпайы экономикалық саясаты қа­зақ қоғамын өте ауыр жағдайда қалдырды. Ауыр алым-салықпен қатар жүрген күштеп ұжымдас­тыру, жаппай отырықшыландыру саясаты үлкен на­ра­зылық тудырды. Ел арасында билікке мойын­сынбай, «далаға» көшіп кету туралы күңкіл сөздер ай­тылды. Міне, осы қалыптасқан жағдайға орай Ахаң өз ойын былай білдіреді: «Бұл мәселе мына­дай мағынада қойылды. Егер де азамат соғысы туа қалса, сондай-ақ алым-салық күшейе түссе, қазақ­тар өзін-өзі сақтау үшін немесе кімдердің тарапы­нан болсын жасалған шабуылға тойтарыс беру үшін далаға кетуі тиіс. Осы шара арқылы ұлттың өзін-өзі сақтау мақсаты көзделді, өйткені ақтар да бізге қарсы болды және бола береді, сол сияқты қы­зылдар да бізге сенбейді. Бұл тақырыпқа бай­ланысты мен біреумен сөйлесіп, пікір алысқан ем­еспін, бірақ жоғарыда айтылған тұжырымды толық қолдаймын. Менің идеалым – мүмкін болғанша қазақ халқының мәдени деңгейін көтеру, өйткені білім, мәдениет – оның өсіп-өркендеуінің кепілі. Қандай билік осы міндетті атқара алса, сол билікке мен риза болмақпын». Міне, осы берілген ұста­ным­нан-ақ Ахаңның биік тұлғасын аңғару қиынға түспейді. Кезінде кеңестік билік қазақ қоғамын, әсіресе жас буынды Әлихан Бөкейханов пен Ахаң­дардың ықпалынан алып кетуге көп күш жұмсады. Қазақ жұрты жетекшіл, өзге жұрттан жеткен идео­логиялық ықпалға алаңсыз берілді. Сөйтіп, алдан­ды, рухани тоналды. Ендігі жағдайда қазақ қоғамы Ахаңдар көрсеткен табиғи арнаға түсіп, өз жолын табуы керек. Олай болмаған күнде тағы да біреу­лер­дің жетегінде кетеді. Ахаң ұлы ағартушы болуы­мен бірге үлкен саясаткер ретінде де көрінді. Оның тұлғасы әрқашанда биік азаматтықтың үлгісі болып қала береді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста