Жезөкшенің жазығы

Жезөкшенің жазығы

Еске Ги де Моппасанның жезөкше – Томпышы келеді…

«…Жезөкше де жүр талайдың мұңы боп,

Дүниеде бұның ғана құны жоқ.

Кеше ғана басында оның бақ тұрды

Бүгін, міне, бос шөлмектей лақтырды, –

деген жыр жолдарын жазған адамның кім екенін білесің бе? Мен білемін, ал сенің білуің екіталай, – деді ол. – Өйткені сендер үшін біз түн мен күнді арбаған, адами құндылықты аяққа таптап, қоғамның құтын қашырған, тән саудалаған тәрбиесіз, арсыз «жезөкшелер» боламыз. Керек кезінде пайдаланып, босағанда лақтыра салар бос шөлмекке ұқсайды біздің күніміз. Сенің әлемің жезөкшелерді жазғырады, жылатады, лағнеттейді. Бірақ түптің түбінде қоғамның жәдүгейі болып көрінген жезөкшелердің жезтырнағына ілігіп, құшағына тұншығатын жандардың бұған неліктен баратыны сендер үшін жұмбақ болып қала бермек. Тіпті оны адамдық арды биік еткен кейбір еркеккіндіктілердің өзі де біле алмайды-ау, білмейді. Егер біле қалса өздерін адам санатына қосудан қалар еді… Қазір сенің маған қарап не ойлап отырғаныңды ішім сезеді. Алайда, сені менің не ойлайтыным қызықтыра қоймасы анық. Өйткені, сен адами болмысыңды сақтап қалуға тырысқан жұмырбасты пендесің, ал мен сол адаммын дегендерден шынайылықтың кілтін іздеп, шындықтың бетін аша алмай, күйіп қалып күйе жағылған, бейкүнә демей-ақ қояйын, бейбақ жанмын десем де болмас, арумын дегенім де біреулердің құлағына түрпідей тиер, жай ғана түн жамылған «жезөкшемін». Дегенмен де тұла бойымда, жүрегімнің түбінде «адам» деген атаудың құндақтаулы сәби секілді қалып қойғаны өкінішті. Тереңнен сараптасаң, сен де, мен де бірдейміз, бірақ оны сезінбейміз, білмейміз. Егер түн жамылып, шарасыздан тар төсекте таңылған бикештердің беймаза тірлігіне тап бола қалсаң, сен оларды жазғырудан қалар едің. Керісінше, бірінші болып мына пәниден безіп, тағдырдың мазағына төзе алмай, түңіліп, өлер едің. Сен осыны ұғын!..», – деген сол түндегі таныс қыздың ашынған сөздері күні бүгінге дейін жадымнан өшер емес.

Арада талай жыл өтсе де түн қатқан бикештер туралы жазуыма түрткі болған негізгі ойымды осымен бастауды жөн санадым. Бұған дейін де санамды сан саққа қашырып келген ойлар бүгін мені түбі жоқ тұңғиыққа жетеледі. Бірде бұл тереңдіктің түбінен шыға алмай арпалыссам, енді бірде жабысқақ балшыққа батып кеткендей күй кештім. Түрлі ойлармен арпалысып отырып есіме Ги де Моппасанның жезөкше – Томпышы келді. Шыны сол, әйелдің өмірін әйелден артық суреттеген жазушы повесіндегі «Томпыштар» қатары бүгінде көбеймесе, азайған жоқ.

Ал, шынайы көзқарас тұрғысынан келсек, жезөкшеліктің көзін жойып жібере алмайтынымыз тағы анық. Қолымыздан келетіні тек оның себеп-салдарын анықтау мен тежеуге талпыныс қана.

…Анықтағаннан не ұтасың дерсіз? Тежеуге де талпыныс жасаудың қажеті бар ма? Неге десеңіз, бір кездері адам жанын жирендіретін бұл сөзге бүгінгілердің құлақ еті үйреніп кеткен. Тіпті олардың тағдыры да ешкімді алаңдата қоймасы анық. Қазір Қазақстанда тәнін сатып күн көріп жүрген төменетектілердің саны мен олардың арасындағы қаракөздердің үлесі қандай деген сауалға нақты жауап беретін жан жоқ. Белгілісі, олардың көп екендігі. Ресми емес дерек көздерінің мәліметінше, бүкіл еліміз бойынша осы кәсіптің көрігін қыздырып, нәпақасын айырудың құралына айналдырғандардың ең аз дегенде 70 пайыздан астамы қазақ қыздары болып отыр. Өзекті өртейтіні, жезөкшелік тым жасарып барады. Неге? Санада тағы сан сұрақ.

Сан сұрақтың жетегінде отырып есіме ақын Әлібек Шегебайдың «Жезөкше мұңы» өлеңі түсті, әр жолы тіл ұшына орала берді, орала берді.

Өңі, түсі өзгерген сырларымның.

Елесі де көнерген жылдарымның.

Тағдырымның жазуы солай шығар.

Мен бүгінгі қоғамның құрбанымын.

Қай нәлеттің – демеңіз, қызы мына,

Мен боп тұрмын заманның бұзығы да.

Жоқшылыққа тағдырым салғаннан соң

Тоқшылықтың айналдым қызығына.

Жасырайын несіне жан жарасын,

Аздап рас, басында арланасың.

Етің өліп кеткен соң, ит тірлікке

Икемделіп, ас ішіп, жан бағасың.

Мен де кеше пәк едім, қылықты едім,

Таңдарым да ататын күліп менің.

Өмірімнің құпия өрнектері

Өрілерін осылай біліп пе едім!

Жоқшылықты алға тартып тоқшылықтың қызығына айналған жезөкшелер тағдырын ақын жүрегі осылай деп әспеттейді.

Расында да олар өз заманының «бұзығына» айналғалы қашан. Ит тірлікке икемделіп, жан баққан жандардың тағдырына үңілген сайын өмірінің де құпияға толы өрнектермен өріліп жатқанын көресің.

Шыны сол, әйел баласы бұл құлдыққа сан түрлі жолмен келетіндігі анық. Әсіресе, мектепті жаңа бітірген жастар қалаға оқуға яки күнкөріс қамымен жұмыс іздеп келеді. Алайда, жастық жалынмен келген жасқа қала жылы қабақ таныта қойсын ба?! Керісінше, не оқуы жоқ, жұмысқа кіруге шамасы келмеген ол амалсыздан осы жеңіл кәсіпті табыс көзі етуге мәжбүр.

Ауылдан келген аңғал қыз алғашқыда бұл кәсіпке тұрмысын түзеп алсам деп барады. Мұның бәрін уақытша деп, басқа жұмысқа орныққанша күнкөрістің қамы етсем деп ойлайды. Осылай деп ойлаған арманшыл қыз ақырында өрмекшінің торына түскендей шырмалып, шыға алмай қалады. Артынша, бұл кәсіпке бейімделіп, еті үйренеді. Сөйтіп, бетпердесі ашылады.

Жезөкшелікпен ас ішіп, жан баққандардың арасында тіпті бүкіл бір отбасын асырап, одан қалса, несиесін төлеп отырғандар да бар.

Шынтуайтына келсек, қоғамда интимдік бизнестің саудасы қызып-ақ тұр. Тәнін сатқандарды тек сауналардан ғана емес, сайт арқылы, одан қалса жеке газет беттерінен де оңай табуға болады. «ЖОҒАРЫ ТӨЛЕНЕТІН ЖҰМЫС» деген атаумен көрсетілген телефон нөмірлері арқылы біз де олармен байланысқа түсіп көрдік.

Тұтқаны көтерген алғашқы қыз қойған сауалымызға қысқа әрі нақты жауап берді.

– Сағаты 6 мың теңге. Пәтер де осы ақшаның ішіне кіреді. Клиенттің көңілін табуға барымды саламын. Тек бір ғана шектеуім бар.

Ол оны да еш жасырмай, ойын ашық жеткізді.

– Егер ертең 2-3 шамасына хабарлассақ, жұмыс істейсіз бе? – деген сауалымызға ол: – Менің жұмысымда күн мен түннің айырмасы жоқ, – деп қысқа қайырды.

Мұнан кейін тағы бір телефон нөмірін тердік. Алғашқы ару қаладағы екінші шағын ауданында тұрса, бұл бикештің мекен жайы орталықта болып шықты. Өзін Вероникамын деп таныстырған арумен байланыс орнатқысы келетіндер сағатына 7 мың теңге төлейді екен. Пәтер осының ішінде. Және ол жас жігіттермен байланыс жасамайтын болып шықты. Таңдауындағы азаматтардың жасы 35 жастан жоғары болуы керек. Осылай деп ойын ашық айтты.

Ал біздің хабарласып тұрған жігітіміздің жасы небәрі 24-те болғандықтан, ол оған бірден : – Сізге маған емес, өзіңіздің жасыңызға сай қыздарға хабарласу керек, – деп тұтқаны қоя салды.

Біз мұнымен тынбадық, тағы бір телефон нөмірін тердік.

– Алло, сәлеметсіз бе?

– Сәлеметсіз бе?

– Сіз бүгін жұмыс істейсіз бе?

– Иә.

– Сағатына қанша аласыз?

– 6 мың. Бұған пәтер де кіреді. Егер келетін болсаңыз, жарты сағат бұрын айтыңыз. Мен дайын болуым керек.

Біздің жігіт бұл бикешке де келетіндігін айтып, үміттендіріп қойды.

Бұл істі аяғына дейін жеткізу үшін біздің жігіт бірінші сөйлескен қызбен қайта хабарласып, оның мекенжайын анықтап, баратын болып келісті.

Ал оның жанына еріп менің бірге баратынымнан әлгі қыз бейхабар еді. Осылайша, тәуекелге бел буып, діттеген жерге келдік. Алайда, ойлаған ойымыз іске аспады. Аяқастынан не болғанын да біле алмай, дал болдық. Санадағы сан сауалдан түйгеніміз: «Көлеңкелі бизнестің артында да адам тұрады» деген ой еді.

Ендігісі шаһардың қалтарыс көшелерінде орын тепкен сауналарға бару болды. Сөйтіп, түн жамылып көшеге шықтық. Қаланы жаяу аралай жүріп бірнеше сауналарға бас сұқтық. Осыған дейін арнайы мәлімет бергендердің нұсқауы бойынша барған сауналардың бәрінен жеңілжүрісті қыздарды ұшырастырдық. Бірінен бірі асып түспесе де көз тартарлық қыздар жетеді екен мұнда.

Біздің жігіт мән-жайды анықтамақ болып алғашқы саунаға бет алды. Ал мен сырттай бақылап, далада күттім. Осы мезетте қайдан шыққаны белгісіз, бір топ қыз бірдеңеден құр қалғандай бірінен соң бірі жүгіріп шығып, біздің жігіт кірген есікке қарай бет түзеді. Көзді ашып-жұмғанша алтауы да лып етіп ішке еніп кетті.

Оймен тұмшаланып тұрғанымда арасы жиырма минут өтпей-ақ кірген қыздар қайтып сыртқа шықты. Оның артынша біздің жігіттің де сұлбасы көрінді. Маған қарай беттеген сайын іштей: «ол қыздар туралы бірдеңе біле алды ма екен» деп күбірлеп қоямын.

Бұл жолы біздің жігіт алты қызды да әңгімеге тартыпты. Әр қыздың диктофонға жазылған сөзін тыңдап отырып, терең ой жетегінде қалдым. Біздерге беймәлім өмірдің құпияға толы сырларына қанық болдым десем болады. Неге екенін білмедім, адам яки әйел ретінде түн қатып, тәнін сатқан бикештердің бұл ісіне жиіркенішпен қарауға дәтім бармады. Керісінше, жүрек түкпірінде оларға деген аяныш сезімі оянғандай.

Мен жарты сағаттан кейін достарыммен келемін деген біздің жігіттің сөзіне сеніп қалған түнгі бикештер бұған дейін де қаншама өтірікке малданып, алданды десеңізші… Осы бір сәтте тіл ұшына «Жезөкше мұңы» өлеңінің соңғы шумақтары оралды.

Адаммын ғой, аңсаймын ауылымды,

Ата-анамды, туысқан, бауырымды.

Білмейді ғой, әттең-ай, олар бірақ

Менің мына сайтани «сауығымды».

Рас, түн қатқан бикештер ауылын, туған бауырын аңсайды, ал сайтани сауығын ауылдағы ата-ана білмейтіндігі айдан анық…

Келесі бас сұққан саунада да тән саудалаған бикештерді кезіктірдік. Бұлардың арасында отыздан асқандары да бар. Алдыңғы саунада қыздар 1 сағатты 6 мыңға бағаласа, мұндағы бикештердің құны 1000 теңгеге төмен болып шықты. Сондай-ақ, сыртта тізіліп тұрған көліктерге қарап, келушілер қатары көп пе деген ойға да қалдық. Бұдан түйер ой, еліміз тән саудалаудан алдына дес бермей отыр ма дейсің?!

Мамандар пікірінше, жезөкшеліктің түп-төркіні жұмыссыздық пен кедейшіліктен бастау алатындығымен, ал кейбір қыздардың желіккендіктен таңдайтынын да жасырмайды. Қазақстандағы жезөкшелікпен күресу турасында бір кездері Сенат отырысында да сөз етілді. Өз кезінде депутат болған Иран Амиров: «Алқаштың баласы алқаш болып өседі, ал жезөкше -ананың қызы жезөкше болады. Біздің алдымызда жантүршігерлік көрініс тұр. Сондықтан Үкімет пен Парламент осы мәселеге шұғыл назар аудару керек» деген еді. Ал, елімізде жезөкшелікке тыйым салу туралы алғашқы заң 1987 жылы Қазақ КСР-інде қабылданыпты. Онда алғашқы құқықбұзушылық үшін 100 рубль айыппұл салынса, сол жылы тағы қайталанса 200 рубль төленетін болған екен. Келмеске кеткен кеңестік жүйемен бірге жезөкшелікке тыйым салу 2001 жылдан бастап алынып тасталынған. Тек 2013 жылдан бастап қана Қазақ елі адам саудасына тосқауыл қою туралы заң қабылдады. Осыған орай жезөкшелікпен айналысу үшін пәтер ұсынушыларға қомақты айыппұл белгіленген.

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.
Суреттер: http://myprofession.kz сайтынан алынған 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста