Ұлттық ғылым академиясында Қазақстан халқы тілдерінің күніне орай және Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне байланысты «Қазақ ұлттық жазуы: емле, терминтану және ономастика» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция болды, - деп хабарлайды Алаш айнасы.
Қазақстан халқы тілдерінің күні биылдан бастап 5 қыркүйекте аталып өтуде. Бұдан бұрын, яғни 1998 жылдан бастап 22 қыркүйек Қазақстан халқы тілдерінің күні болып жарияланып, тойланып келген еді. Ал, 2017 жылғы 31 қазанда бекітілген «Қазақстан Республикасындағы мереке күндердің тізбесін бекіту туралы» №689 ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес Қазақстан Халқының тілдері күні 5 қыркүйекте тойланатын болды. Тіл мамандарының айтуына қарағанда, атаулы күннің өзгеруі қазақ тіл білімінің негізін қалаған, ұлт ұстазы атанған ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне арнайы орайластырыла отырып бекітілген. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында Мемлекеттік тіл күнін ұйымдастыру және өткізу жұмыстары қажетті шаралар қатарына жататыны және мемлекеттік тіл - жалпыұлттық бірліктің басты факторы екендігі нақты көрсетілген.
Іс-шараны ұйымдастырған Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты. Жиынды аталмыш институттың директоры, филология ғылымының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Ерден Қажыбек ашып, сөз сөйледі. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтаулары оқылды. Сонымен қатар Уәлихан Қалижан, Сайын Борбасов, Асылы Осман, Мәмбет Қойгелді, Темірхан Тебегенов, Фаузия Оразбаева және басқа да ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды.
Конференцияға қонақ ретінде шақырылған əнші және өнертанушы Ерлан Төлеутай мен Еркін Шүкіман ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының қазақ əн өнеріне сіңірген еңбегі жайында айтып, халық композиторларының əндерін орындады.
Ғылыми іс-шарада латын графикасына негізделген жаңа қазақ жазуын реформалау жолындағы мәселелер қозғалып, «Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымдары және жаңа емле», «Латын графикасына негізделген қазақ жазуын және емле ережелерін жетілдіру», «Қазіргі қазақ тілі: фонетика-фонология мәселелері», «Қазақ әліпбиін латын қаріпіне көшірудің төте жолы» сияқты көптеген тақырыптар талқыланды.
Нұрлы Еділов