Мемлекет – адамдар мен әлеуметтік топтардың топтасуы, бірігуі ғана емес, ол қан тамырлары арқылы бір бітім болып қалыптасқан тұтас ағза, барлық тармақтар мен салаларды, билік пен халықты топтастырған толыққанды механизм. Мемлекеттік бірлікті ұстап тұрған механизмнің бірі – тіл. Осының бәрін біріктіріп тұратын тілді – мемлекеттік тіл деп атайтыны сондықтан. Тілдің мемлекеттік функциясына күш-қуат беретін дүниенің бірі және бірегейі – іс-қағаздарын жүргізу қызметі. Ол бес саусақты біріктіріп тұрған жұдырық сияқты. Сондықтан да мемлекеттік тіл мәселесі, оның ішінде іс қағаздарын жүргізу – мемлекеттің бүтіндігін көксейтін ел үшін аса маңызды дүние. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз»- деуі тектен тек емес. Түптің түбінде қазақ елі жетуге тиіс мақсаттың үлкені сол. Бұл ешуақытта оңай болмаған. Оңай болмайды да. Бұған біз қазақ еліндегі іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге ұмтылыстың тарихын сараптау арқылы да көз жеткізуімізге болады.
Осыдан жүз жыл бұрын басталып еді ондай ұмтылыстар. 1921 жылы ақын әрі қайраткер Сәкен Сейфуллин «Кеңсе тілі қазаша болмай – іс оңбайды» деп жазғаны белгілі. Сол кездері Халық комиссарлар кеңесі іс жүргізуді қазақ тіліне бейімдеу бойынша іс-шаралар жоспарын қабылдаған. Бірақ, одан кейінгі қуғын-сүргін, ашаршылық нәубеті, коммунистік режимнің пәрмені мұндай ұмтылысты жоқ қылды. Одан кейін 1957 жылдары қайтадан қолға алынғандай болған. Бірақ, ол да социалистік құрылыстың қалыбына құйылып, 80-жылдары қыл аяғы құдымға кетіп тынды. Сөйтіп, қазақ елі тәуелсіздік алғанға дейін іс қағаздарын қазақша жүргізу туралы айту мүлде мүмкін болмай қалды. Енді, міне, бұл күрделі де маңызды іске біртіндеп келе жатырмыз. Әрине, асығыс жүргізетін шаруа емес. Науқаншылық жарамайды бұған. Өйткені, заң тілі, ақпарат тілі, іс жүргізу, қарым-қатынас, техника, ғылым, медицина, білім, әскер, халықаралық байланыс тілі деген сияқты салалық дүниелерді қалыптастыру қажет әлі.
Онсыз тіл мемлекетті біріктіру, тұтастыру функциясын толық атқара алмайды. Мемлекеттік тілдің мемлекеттік факторы деген ұғым осыны білдіреді. Бұл функцияны жетілдіре түсетін аса маңызды құжаттың бірі Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы екені анық. Осы мемлекеттік құжатта тілді дамыту үшін мынадай мақсаттар қойылған: «Бұған қоса, тілді меңгеру үлгілерін жетілдіру мен жаңғырту көзделеді. Қазақ тілі толыққанды күнделікті қызметтік және кәсіптік қарым-қатынас тіліне айналуға тиіс.... Қойылған мақсатқа қол жеткізудің екінші міндеті мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қоғамның тыныс-тіршілігінің барлық саласына кіріктіру болып табылады.... Халықаралық кездесулер өткізіп, шарттарды, келісімдерді және өзге де халықаралық актілерді ресімдеу кезінде мемлекеттік тіл негізгі тіл болуға тиіс». Осы міндеттерге жету – іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге арқау болатыны анық. Және де мемлекеттік құжат соны нақты былай деп көрсетеді: «іс қағаздарын жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру процесі белсенділікпен іске асырылып келеді (мемлекеттік органдардағы қазақ тіліндегі құжаттардың үлес салмағы шамамен 88 %-ды құрайды». Яғни, бұл маңызды істе ілгерлеу бар. Оған енді қазір барлық саладағы мамандардың жұмыла кіріскені қажет болып отыр. Алдымен әр саладағы негізгі лексика мен ұғымдарды толық қалыптастыруға қажеттілік үлкен. Оны мемлекеттік органдар бір өзі қалыптастыра алмайды. Оған ел азаматтарының дәл тәуелсіздікті аңсағандай ерік-жігері мен ынтасы керек. Ұлт тәуелсіздігін баянды ету деген ұлттың жоғын бүтіндеуден басталатынын ұғуға тиіспіз біз.
С. Ақынжанов