Алаш рухы Ақмолада оянған 1979 жылғы Целиноград оқиғасының тарихи маңызы толық ашылуы қажет

Алаш рухы Ақмолада оянған 1979 жылғы Целиноград оқиғасының тарихи маңызы толық ашылуы қажет

Кешегі Кеңестер Одағы қазақтың иен даласын тулақтай тарам‑тарам етудің нешеме амалдарын жүзеге асырып бақты. Әйтсе де басын бәйгеге тіге отырып, байтақ байлығымызды Тәуелсіздікке тұтастай жеткізгендердің ерлігі ұрпақ жадынан еш өшпеуі керек.
Дінмұхамед Қонаев Мәскеудің өк­тем­ді­гіне қарсы тұрып, Н.Хрущевтің оз­быр­лы­ғымен Өзбекстанға өтіп кеткен қазақ же­рінің біраз бөлігін қайтарды. 60-жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы Жұмабек Тәшенов қайсарлығының ар­қа­сын­да теріскейдегі бес облыс Ресейге еніп кетуден аман қалды. Түрiкменстаннан Маң­­ғыстауды, Өзбекстаннан елдің оңтүс­тi­гін арашалап қалған кездер болды. Осы үшін ұлт қайраткерлері алдында мәңгілік қа­рыздармыз. Әйтсе де Тәуелсiз Қазақстан тарихында әлі де лайықты бағасын ал­ма­ған, жер тұтастығын сақтап қалуға өлшеусіз үлес қосқан оқиғалардың бірі – 1979 жыл­дың маусымындағы Целиноград оқи­ғасы. Ақмола-Қараөткел топырағында ту­ған осы ереуілге лайықты баға берілсе керек-ті. Ереуілдің түп төркіні қалай бас­та­лып еді? Патшалық Ресей тұсында Еділ бойында қалыптасқан неміс автономиясы Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында таратылған болатын. Сталиннің саясатымен немістер автономиясынан айырылып, басым бөлігі Қазақстанға жер ауды. Ал со­ғыс­тан кейінгі жылдары немістердің бұған дейінгі автономиясына қайта қоныстануына еш рұқсат болмады. Әйтсе де сыртқы һәм ішкі күштердің араласуынан бұрынғы ав­то­номияны қайтарып беруді талап еткен кеңестік немістер ол болмаған жағдайда әлемдік картадағы екі неміс мемлекетінің біріне үдере көшу мәселесін күн тәртібіне қоя бастады. Мұның өзі сол кездері «ха­лық­тар достығын» бетке ұстап жүрген КСРО-ның халықаралық имиджіне үлкен нұқ­сан жасап, мемлекеттер арасындағы күр­делі мәселеге айналуы мүмкін еді. Сөйтіп, 60-жылдардан бастап Кеңестер Ода­ғының аумағындағы неміс жұрт­шы­лығы өздерінің бұрынғы автономиясын қайтаруды орталықтан тікелей талап ете бастады. Мәселенің астарын күшейтуді көз­дейтін бірнеше жасырын ұйымдар да құ­рылды. Жасырын түрде шетелмен бай­ла­ныста жұмыс істеген ондай ұйымның қыз­меті Кеңестер Одағы үшін аса қауіпті еді. Әйтсе де коммунистік партия ондай ұйымның көтерген мәселесін халықаралық деңгейде ушықтырғысы келмеді, керісінше, өз ішінде өшіруге тырысты. Оның бір ғана жолы – немістің қалауынан шығып, оларға ав­тономия беру. Осы мәселе 1978 жылдың тамызында қаралып, ЦК-ның Ю.Андропов бастаған бір топ мүшелері Ақмола, Көк­ше­тау, Қарағанды, Павлодар облыстарының бес ауданы есебінен Қазақстанның дәл ор­та­лығынан неміс автономиясын құру ту­ралы партияның Орталық комитетіне хат жол­дайды. Сөйтіп, сол баяғы көнбіс Қазақ­станда неміс автономиясын ашу туралы Саяси бюро шешім қабылдап, ұйымдастыру комитеті де құрылған болатын.
Орталықтың осындай озбыр әрекеті бір­тіндеп қазақ даласындағы жұрт­шы­лық­тың құлағына да шалына бастайды. Тіпті Ақ­моладағы басқа жұрт өкілдері мұны арагідік ашық әңгіме етіп, кейін сондай әң­гімелер барысы бірді-екілі жастардың қақ­ты­ғысына да ұласып тұрыпты. Әрине, бас­қа ұлт өкілдері үшін қазақтың жерін кім би­ле­се де бәрібір, бірақ бұл ақмолалық қазақ­тарға қатты тиеді. Мұндай бұлғақ әң­гіменің ақыры целиноградтықтарды мау­сым­ның 16-сы күні қаланың орталық ала­ңы­на бейбіт шеруге алып шыққан еді. Дәл осы ереуіл туралы Астананың байырғы тұр­ғыны, жазушы Алдан Смайылдан бір сұхбат барысында жан-жақты әңгімелеуді сұрағанбыз. «Ол кезде облыстық «Ком­му­низм нұры» газетінде қызметте едім. «Со­вет­тер үйі» аталып кеткен орталық алаңның алдындағы ғимаратта (қазіргі қалалық әкімдік – авт.) отыратынбыз. «Неміс ав­то­но­миясына қарсылық білдірген жастар алаң­ға шықпақшы» деген қауесет желдей есіп тұрған. 16 маусым күні таңертеңгі сағат 10-да «Мәскеу» қонақүйі жағынан қалың колонна көрінді. Төрт-бес қатарды құраған ел басында үнсіз ғана саппен алаңға сырғып келді. Алдыңғы қатар ор­та­лық алаңға іліккен сәттен бастап «Неміс ав­тономиясына жол жоқ!», «Қазақстан – бір­тұтас ел, ол еш бөлінбейді!» деген ұран­дар аспанда жаңғырды. Не болса да көп­пен бірге көру керек. Жүгіріп төменге түс­тім. Есік жабық, алдында қарауыл. Барлық жаққа күзет қойылыпты. Сыртқа шы­ғар­майды. Жетінші қабаттағы жұмыс бөлмеге қайта жетіп, терезеге үңілдім. Жиналған жұрт­тың алдына шыққан обком басшы­ла­ры­ның бірі еш саспастан: «Венадағы Брежнев пен Картердің кездесуіне арнал­ған митингіні ашық деп жариялаймын!» деп қойып қалды. Бұған жиналған жұрт өре түрегелді: «Ондай митингіңді айтып адас­тырма! Қазақ жерінде неміс авто­но­миясы бола ма, жоқ па, соны айтыңдар!» деген өктем дауыстар естіліп жатты. Обком тарапынан мәселені ішке кіріп талқылау туралы ұсыныс айтылып еді, алаңдағы жұрт бұған илікпеді. Билік жағы түл­кі­бұ­лаң­ға салып бақты, бұған жауап ретінде бел­сенділер дыбыс зорайтқышпен: «Неміс автономиясының мәселесі туралы нақты шешімді екі күннің ішінде жариялайсыздар. Егер сондай жарлық шықса, Қазақстанның орталығынан саяси құрылым құрылса, басқа қадамға барамыз. Сол үшін мәсе­ле­нің анық-қанығына екі күн мұрсат» деп колоннаның алдынан екі адам суырылып шығып, обком хатшысына өздерінің тала­бын тастады. Сосын ереуілшілер сап тү­зе­ген күйі келген жолымен кері қайтты», – дейді А.Смайыл.
Ереуілшілер айтқан сөзінде тұрады. Екі күннен соң халық қайта дәл алдындағы тәртіппен сап түзеп алаңға жиналады. Бұл жолғы ерекшелігі – араларында басқа ұлттың өкілдері, оның ішінде орыстар да араласыпты. «Екі күн бойы үреймен жүрдік. Ешкім ештеңе айтпайды. Ал 19-ы күні тағы жиылған жұрт алдына бірінші хатшы шы­ғып, бір жағы Мәскеуден, екінші жағы Қо­н­аев­тан жауап күтіп отырғанын айтып, халық­ты сендіруге тырысты. Бірақ ереуіл тарқаған жоқ. Ақыры сол күні кешке дейін алаңнан тапжылмаған жұртшылық «Неміс автономиясы болмайтын болды» деген орталықтың жарлығын естіп, анығына көз жеткізген соң уралап барып бір-ақ тар­қас­ты. Сөйтіп, КПСС Орталық комитеті Саяси бюросының Қарағанды, Ақмола, Пав­ло­дар, Көкшетау облыстары түйісетін Ерей­мен­тау өңірінде неміс автономиясын құру жөніндегі шешімін Целиноград жастары бұзғызды. Бұл Кеңестер Одағы дәурен сүрген ұзақ жылдарда коммунистік партия көсемдерінің алған бетінен алғаш рет қай­туы еді. Осындай ұлы ерлікті жергілікті тұр­ғын­дарының үлесі 17 пайыздан аспайтын Целиноград қаласының қазақ жастары жасады», – дейді Алдан Смайыл.
Жазушы ағамыз КСРО-ның ыдырауына 1979 жылғы Целиноград оқиғасы үлкен сер­пін бергенін алға тартады. Расында, 1979 жылы қазақ жастары Кеңестер Ода­ғы­ның Қазақстандағы идеологиясының ең беделді ошағы болып табылатын Ақмолада Алаш рухын қайта оятқандай дүмпу жа­сады. Өйткені бұған дейін КПСС Орталық комитеті Саяси бюросының шешімін бұзу түгіл, оның әрбір әрпіне күмән келтірудің өзі үлкен қылмыспен парапар саналатын. Сон­дай қасаң шақта целиноградтық өрендер ерлік ереуілін жасады.
«Менің ойымша, Целиноград ереуілін ұйым­дастырушылар болды әрі бұл Қонаев­тың тарапынан жасалды деген сөз бар. Соған сенемін. Өйткені дәл мұндай мә­де­ниет­ті түрде халықтың қалың тобын ұйым­дас­тыру мүмкін емес еді. Алаңға кілең жас­тар ұйымдасып шықты дейін десек, оның өзінде де әртүрлі тәртіп бұзушылыққа ұла­суы ғажап емес еді. Содан соң, жастарға екі күн бойы «оқ атылмауы», артынан ереуіл­­ге қатысушылардың қудалау көр­меуінің өзі мәселенің үлкен жақтың ара­ла­суы­мен болғандығын білдіретін секілді. Кім­нің, қандай тәртіппен ұйымдастырғаны әлі де белгісіз. Бірақ, өз пайымым бойын­ша, мұны Дінмұхамед Қонаев ұйым­дас­ты­руы мүмкін деп тұспалдаймын», – дейді А.Смайыл. Расында да, мызғымас КСРО ау­мағында да Тәуелсіздік үшін күресуге, ұлттық мүдде үшін текетіреске барып, же­ңу­ге де болатынын 1979 жылы Целиноград жұрт­шылығы бірінші болып әйгіледі. Ен­деше, 86-жылғы Желтоқсан оқиғасының та­мырын да осымен байланыстыруға бо­ла­тын секілді. Осы тұста Целиноград оқи­ға­сының тарихи маңызы әлі де ашыл­ма­ға­нын, Тәуелсіздік тағылымы бойынша оқи­ғаға толық баға берілмегенін еске сал­ған орынды. Біздің де сұранатынымыз осы.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста