Қазақтың аттан түскені – рухынан айырылғаны
Ашаршылық жұты, саяси қуғын-сүргін кезеңі. Бұл алапаттарда қазақ халқы тек ұлы тұлғаларынан, мал-жанынан ғана айырылып қойған жоқ, ұлттық спорт түрлері де орасан зардап шекті. Талай ұлттық ойынымызға тыйым салынып, соның кесірін әлі күнге дейін тартып жатқан жайымыз бар.
Қазақ жерінің байлығына қызыққан Сталин сол байлықты өз иелігіне алып қалу үшін нендей айла-амал қолданбады десеңізші... Ақыр соңында өз ойын Голощекиннің қолымен жүзеге асыруды көздеп, 1924 жылы қазақ жеріне Филипп Исаевичті арнайы жібергені бүгінде жасырын емес. Көп уақыт өтпей-ақ, шамамен алты айдан кейін Сталин Голощекинді Кремльге шақырып алған деген дерек бар. Сол кездесуде «Филипп Исаевич, сіздің қазақ даласына барғаныңызға жарты жыл болды. Қазақты тұқырту үшін не істеу керек екен?» деп сұрағанда, Голощекин байыптап отырып бәрін баяндап, ақыр соңында: «Қазақтарды аттан, жылқыларынан айыру керек. Сонда ғана бұл ұлтты жоюға болады», – деген ой түйіпті.
– Иә, дәл солай. Голощекин Сталинмен кездескенде бірінші ретте осы мәселені қозғады. «Қазақтарды аттан түсірейік» деді, – деп Ұлттық ат спорты федерациясының президенті Сәдібек Түгел ат спортының сол кездегі жағдайына қанықтырды.
– Ал бұл дегеніміз – қазақтың рухын түсіру. Рух жоғалса, бәрінен айырыламыз. Ал ат үстіндегі қазақ, қай тұрғыдан алсақ та, өзін ешкімге ұстатпайды. Ол даладағы самал жел сияқты. Сонымен қоса ат үстіндегі қазақ өршіл болып келеді. Мұны олар да түсінді. «Сөзіңнің қисыны бар. Ендеше, қазақты аттан түсір», – деп Сталин Голощекинге қадап тапсырма береді. Міне, малды тартып алу, елді жылқыларынан айыру, ашаршылық содан бастап белең алған. Зерттеушілер бүгінде бұл мәселенің байыбына бармай жүр. Әйтпесе астындағы атын алып қойғаннан кейін ғана қазақ қаңғып, ашаршылыққа ұшыраған, – деп ашына сөйледі ұлттық ат спортының жанашыры.
Иә, деректерді аттап өте алмайсың. Шынымен де, содан кейін-ақ қазақ халқы астындағы атынан, жайлауындағы жылқыларынан айырыла бастаған. Әлбетте, сонымен қоса ұлттық ат ойындары да жайына қалғаны айтпаса да түсінікті. Сәдібек Түгел келтірген деректерге сүйенсек, 1915 жылғы санақ бойынша қазақ даласында барлығы 5 миллион 640 мың жылқы болған екен. Ал 1934 жылы небәрі 100 мыңдай ғана ат қалған.
– Сонда қарап тұрсақ, айналдырған 19 жылдың ішінде 5 миллион 550 мыңдай жылқымыз айдауда кетіп, өзгенің қолына өткен, қалғанын қынадай қырған. – деп әңгімесін жалғастырды Ұлттық ат спорты федерациясының президенті. – «Жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек. Жылқыда да жылқы бар қазанаты бір бөлек», – деп жатамыз ғой. Сол секілді олардың ішінде талай тұлпар, сәйгүліктеріміз, жүйріктеріміз болды. Соның кесірінен аламан бәйге, көкпар сынды ойындарымыз да өтпей қалды. Рас, бірен-саран ат жарыстары өтіп тұрды. Оның өзінде қатаң бақылаумен өтті. Тіпті «басмашылардың ойыны» деп көкпарымызға тыйым салып тастаған кездер де аз болған жоқ. Бұл үрдіс егемендік алғанымызға дейін де жалғасын тауып келді. Мәселен, өзім куә болған бір жайтты айтып берейін. 1981 жыл болатын. Ат ойындарының жанашыры, марқұм Мэлс Нариманов көкпаршыларды жинап алып, дүркіретіп дала көкпарын ұйымдастырып жүретін. Бір күні Шығыс Қазақстанның бір елді мекенінде көкпар ұйымдастырады. Дүркіреп көкпар өтіп жатыр. Арада көп уақыт өткен жоқ, аспанда бір тікұшақ пайда болды. Айналшықтап ұшып жүр. Біраз барлаған соң әлгі тікұшақ ұшып кетті де, арада жарты сағаттан кейін жасақтарын ертіп, облыстық компартияның басшысы Александр Протазанов деген келіпті. Келе салып, айқайға басып, «басмашылардың ойынын ұйымдастырып жатқандарың не? Қай көтеріліске дайындалып жүрсіңдер?!» – деп дүрсе қоя беріпті. Наримановты алып кеткен. Ол кезде мен аудандық компартияның бірінші хатшысы болатынмын. Араға түсіп, арашалап қалғанмын. Көп ұзамай бәрібір партия мәжілісіне шақырып алып, Мэлс Наримановқа қатаң сөгіс жариялады, – деп Сәдібек Түгел Кеңестік кездегі ат спортының жағдайын осылайша айтып берді.
Міне, Кеңес Одағы кезінде ұлттық ойындарымыздың жайы осындай болған. Ал қазақтың ұлттық ойындарының 95 пайызы ат үстінде өтетінін ескерсек, астындағы атынан айырылған қазақ ұлттық спортын да жоқтап қалғанын бағамдау қиын емес. Соның зардабын әлі күнге дейін тартып, егеменді ел болсақ та, ұлттық ойындарымызды тиісті деңгейде дамыта алмай жатқан жайымыз бар. Рас, «қазақтың ұлттық ойындарына көңіл бөліп жатырмыз» деген желеумен колхоз, ауыл деңгейінде тоғызқұмалақ, қыз қуу ойындары өтіп тұратын. Дегенмен оның барлығы да көлеңкеде өскен шөппен тең болғанымен келісерсіздер. Жалпы, Кеңес Одағы кезінде орталықтың қазақ спортшыларына да қырын қарағаны жасырын емес. Тіпті «қазақтардың бойы аласа, аяқтары қысқа» деген сылтаумен қазақ жастарын спортқа алмаған кездер де аз болмаған. Алайда оның барлығы бүгінде ұмыт болды. Өз алдына ел болып, еңсесін түзеген айбарлы Қазақстан – бүгінде спорттық тұрғыда әлемде алдыңғы қатарлы елдердің бірі. Оны Лондон Олимпиадасында тағы бір рет дәлелдейміз.
Елемес ӘЛІМХАНҰЛЫ, Қазақтың туризм және спорт академиясының вице-президенті, ұлттық спорт түрлерінің жанашыры:
– Иә, бүгінде оның несін жасырамыз, Кеңес Одағы кезінде талай ұлттық ойынымыз құрдымға кетті ғой. Бүгінде оларды әлі де түгендей алмай жүрген жайымыз бар. Әсіресе қазақтың төл спортын жою үрдісі 1946 жылға дейін қатты жүргізілген. Ұлттық спорт үшін күрескен тұлғаларымызды ұлтшыл деп айыптап, ат спортын ұйымдастырғандарды басмашыға балап, барлығының көзін жойып отырған. Олардың қатарында Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев сынды марғасқаларымыз да бар еді. Енді, міне, егеменді ел болғаннан кейін бабаларымыздан қалған асыл мұраларымызды қайта қолға алуымыз керек.