Қақаған қыс мезгілінде үйсіз, күйсіз баз кешкен бейбақтар қынадай қырылады. Жерасты құбырларында қаңтарылып, далада қаңғып көз жұматындары қаншама?! Ал олар жан сауғалайтын Тұрақты мекені жоқ адамдарға арналған Алматы қалалық бейімдеу орталығында әрдайым тыныштық бола бермейді, мұнда тәртіпсіздік те, әлімжеттік те болып тұрады.
Қаңғыбастар қатарына қабылдану
Биік қоршаумен қоршалған бейімдеу орталығындағы темір есіктің кілтіне ие күзетші қарт бір сыңарына ақ түскен шүңірейген шегір көздерімен торлы саңылаудан тесіле қарады. Мән-жайды ұғынған соң, есікті айқара ашып, басшысы отырған ғимаратты нұсқады. Жоғарғы қабаты орталықтың бас кеңсесі болса, астыңғы қабатында ас мәзірін әзірлейтін бөлме орын теуіпті. Дәлізге аяқ басқан сәтте қолқаны қапқан жағымсыз ботқа иісі тұншықтырып әкетті. Мүңкіген сасық иістен тезірек құтылмақ оймен жүгіре басып, жоғары өрледік. Жылы қабақпен қарсы алған мекеме бастығы Николай Александровичтен бір-екі күн бомждар арасында болуға рұқсат сұрап едік, «тек өте сақ болғаныңыз жөн» деп ескерту айтып, бірден келісімін берді. Коротицкий мырза аға медбике Күлмағи Қабиқызын шақырып алып, оған мені орналастыруды бұйырды. Не керек, үстіме ескі тоңды іліп алып, қатардағы қаңғыбастарша кітапша аштырып, тіркеу мен қабылдау рәсімдерінен өттім. Бұдан кейін алдымызда жатар орынның анықталу мәселесі тұрды. Дәл қазіргі кезде бейімдеу мекемесін 230-ға жуық адам мекендесе, соның 64-і әйелдер екен. 50 пайыздан астамы өзіміздің қара көз қандастарымыз екен. Жастардан шау тартқандары басым. Жүріп-тұруға дәрменсіз 70-ке жуық міскін о дүниенің ар жақ, бер жағында тәрізді. Ақыры түзелуге ниетті 60-тай адам орын тепкен жаңа ғимараттағы «мәртебелі» №2 бөлімшеге жайғастық. Аралары айналуға келмейтін екі қабатты темір төсектердің шығар есіктегі тұсы бізге бұйырды. Әйтеуір, бір шайылған сірі көрпеқап пен 40 жылғы көрпелерді әкеліп төсегіме төсегеннен кейін мұндағы көңсіген иістен құтылғым келіп, даланың таза ауасына қарай аяндадым...
«Бомжуханың» рэкеттері
Аулада бүкшейіп отырған қос жігіт мені қастарына шақырды. «Менің атым Ақансері. Ал мынау – біздің рэкетіміз Жандәулет. «Бомжуханы» «ұстайтын» жігіттердің бірі ғой», – деп қолпаштап қояды әлгі серігін ол. Расында, Жандәулеттің әбіржіп кеткен келбетін айтпағанда, үстіндегі қара күртешесінен, бетіндегі тыртығынан, басындағы қисайта киген баскиімінен кинолардағы рэкеттердің бейнесі елес берді.
«Рэкет» Жандәулет барынша тәкаппар әрі сыр білдірмес сырбаз қалпында орнынан тұрып, өз бетімен кетті. Ақтөбелік Ақансері Әлқуатовтың айтуынша, Алматыдағы Сейфуллин көшесі бойындағы жалдамалы жұмысшылар қатарында тұрған жерінен оны Кеңесбай деген кісі алып кетіп, қой бақтырып, құлдыққа жегіпті. «Қашып кетсең, түрмеге қаматып тастаймын. Жетімханадан шыққан сені қорғайтын ешкім жоқ», – деп қорқытып-үркітіп ұстапты. Одан әрең қашып құтылыпты. Кейін нарынқолдық Дәулет деген азамат алты ай еңбегін тегін пайдаланып, алты теңге де ұстатпай үйінен қуып шығыпты. Өйткені бір аяғы суыққа үсіп қалып, жұмысқа жарамайтын халге жеткен. Басынан небір сұмдықты өткерген Ақансеріні қамал бұзар 40-та деп айтудың өзі қиын. Мұндағы жұрт жәбірлеушілер мен жапа шегушілер болып екіге жарылады. Жәбірлеушілер жастар жағы болса, жәбірленушіге ауру-сырқау, қаусаған кәрі-құртаң жатады. «Жаңадан келгендерді қоршау сыртындағы көшеден қайыр сұратып, ішімдік пен темекі алдырады. Өз-өзіңе мықты болмасаң, жағдайың қиын», – деп кеңес берді Ақансері досжар көңілмен. «Бомжуха» басшылығының: «Біздің кезбелердің 70 пайызы абақтының тар қапасын көргендер», – дегені де есіме түсті.
Сол құлағы ақ дәкемен таңылған, бір қолында татуировкамен қыз сұлбасы салынған Сергейдің көздерінің қарасы үлкейіп, шарасынан шығып кетердей тесіледі. Бәлкім, ғұмырының тең жартысын түрмеде өткізген Сергей наша шегіп алған-ау деп топшыладық іштей. Шатынаған көздері содан хабар береді. Ол менің осында қалай тап болғанымды сұрап, әңгімеге тартты, байқаймын, тіпті ақша да дәмете бастады. Түн қарақшыларына кезігіп, қалтамның қағылып, құжаттарымнан айырылып қалғанымды айтып, соған сендіруге тырысып-ақ бақтым. Өзім де сене жаздаған өтірігіме иланғандай болды ма, әрмен қарай «тергеуді» доғарып: «Мен сені мықты жігіттермен таныстырамын», – деп соңынан ертті. Ескі ғимарат ішіндегі №3 бөлімшеде ішімдік пен наша деген «жан достарынан» толық айырылып үлгермегендер жататынын естігенмін. Мойны қылқиған шөлмекті ортаға қойып, карта ойнап отырған зіңгіттей жап-жас жігіттердің қасына келіп «тізгін тежедік». «Оңай олжаға» тез-ақ қарық болдық-ау» деген жымысқы ойлары жүздерінен сезіледі... Әлде аяқкиімім мен үстімдегі қоңыртөбел дүниелердің өзінен сатып ішер «жүз грамды» елестетті ме, қайдам? Қалтафон арқылы әлдекіммен дауласып-даурығысулы «рэкеттің» өзі маған ішіп-жеп қарайды. Телефонды қойған соң, қорқытып алғысы келгендей, қолымды қатты-қатты қысып, өзін «Саша» деп таныстырды. Екеуміз сыртқа шықтық. «Телефонмен ұрысып жатқанымды байқадың ғой. Менің мас кезімді пайдаланып, құжаттарым мен ақшамды ұрлап кетіпті. Енді өз құжатымды өзіме сатып жатыр. 25 мың теңге сұрайды. Ертең екеуміз барып, осы мәселені шешіп қайтайық», – деп келіп, одан әрі өз өмірбаянын сөз етті. «Құжаттарымды түгендеп, Мәскеудегі шешеме жетуім керек», – деді аузынан арақ иісі бұрқырап. «Мына бала бізге көмектесетін болды ма?» – деп Сергей әңгімеге орта жолдан килікті. Саша құжаттарын айтады, Сергей темекі мен арақ керек екенін еске салады. Екеуі шатып-бұтқан «түсініксіз тілде» бір-бірімен дауласуда. Қос мас өзара тіл табысқаннан кейін маған шүйлігуге кірісті. «Іздегендеріңді ертең тауып берейін» деп уәдені үйіп-төгіп, араларынан әрең дегенде сытылып шықтым...
«Біз қоғамның қоқысымыз ба?»
Өзім қоныстанған қоңсыған қотаныма қайта оралып, қоңсыластарымды аралауға көштім. Екі-үш еркек кетеуі кеткен көнетоз шәйнекті ортаға қойып, рахаттанып шай ішіп отыр. Қастарына жақындаған маған ысырылып орталарынан орын берді. Жанашырлық танытқандары білем. Тіпті орта жастағы қауға сақалдысы өз кесесімен ыстық шай ұсынды. Бірді-екілі қалқып жүрген сәмелері болмаса, шайдан гөрі ақ су дерсіз. «Ей, бала, сен өмірден не көрдің? Біз ғой «асарымызды асап, жасарымызды жасап» барып жолымыздан жаңылдық, бар бағымызды елемей, бақытсыздыққа ұрындық. Ал сен мұнда қалай тап болдың?» деген қауға сақалдының сұраулы жанары оқтай қадалды. Бір сәт мұңлы көз қарашығында әлдебір аяныш, әлдебір реніш, өз өткеніне деген өкпе-наз қатып қалғандай болды. Құдай-ау, кімді аяйды, кімге ренжіп, өкпелейді бұл қатыгез қоғамда? «Өмір деген ортасынан кесіп өте салатын жап-жазық егіс алқабы емес. Қарсы алдыңнан тау-тас та, өзен-көл, орман да кездеседі әлі. Қу тіршілікте сан жығыласың, бірақ тез қайта тұрып үлгермесең, біздің мүсәпір кебімізді киесің. Кімнің басында мұң жоқ. Үлде мен бүлдеге оранған ханшайым тоғыз қабат көрпенің астындағы бір түйір бұршақтан жайсыздық сезініпті дейді халық тәмсілі», – деді ол. Әуелден жылышырай танытып, мені сөзге тартқан қауға сақалдың ныспысы – Тельман. Өзі жоғары білімді. Мамандығы – инженер-механик. Бір қызығы, мекеме алғаш құрылған 2000 жылдары жоғары білімділер қатары 50 пайыз болса, кейінгі жылдары бұл көрсеткіш 30 пайызға қысқарыпты. Және бір айта кетерлік жайт, әлем әдебиеті, техника, жантану және тағы басқа саланың көне кітаптарынан құрылған шағын сөре ас бөлменің бір бұрышын алып тұр. Уақытын текке өткізбей, әлемдік классиктердің жауһарынан бас алмай жатқандардың дені – жаңа барактың тұрғындары. Алқа-қотан отырғандардың бірі: «Біз қоғамның қоқысымыз ба?» –деп сұрады. Төбеден қойып қалғандай сұраққа ешкімнің ләм-мим деуге мұршасы болмады. Бомждар арасында Оралхан Бөкейдің «Атау кересіндегі» ғылымдағы қысастыққа төзбей, ішімдікке салынып, ақыры құлдыққа жегілетін Тағандардың қаншамасы жүрген шығар, кім білсін?!
Баласы бас тартқан қария
Барак артында арлы-берлі серуендеп жүрген шалға қатарласып, одан сыр суыртпақтатып көрдім. Қарияның киіміне, келбетіне қарасаңыз – әжептәуір. Жалғыз баласы күні кеше осында әкеп тастапты. «Осы жерде құжаттарым әзірленген соң ардагерлер үйіне барамын. Қартайған соң ешкімге керегің болмайды екен», – деп шал терең күрсініп қояды. Таяу тұрған әйелдер бөлімшесінен шығып далаға киімдерін жая бастаған жуан дауысты, ірі денелі қара келіншек: «Қайдан жүрген жансың? Бұрын сені көрмеген екенмін», – деп әңгімеге тартып еді, «Не жұмысың бар? Сұрақ қоятын адамдардан қорқу керек», – деп қария болар-болмасқа ашуланды. «Танысқанның не айыбы бар екен? Алты жыл бойы қыс мезгілінде келіп осында тұрамын. Бір үйдің баласындай бәріміз тату тұруымыз керек қой. О, несі, ей? Әйел іздеген еркектер біздің бөлімшеге өздері келуші еді. Ал мынау қайта ашуланады ғой», – деп шоң қара келіншек те бұрқ-сарқ етіп барып әрең басылды.
Кешкі астағы қарбалас
Қолдарына ыдыс-аяғын алған санда бар, санатта жоқ бейшаралар асханаға қарай қалбалақтап барады. Буыны ұстамай, қалт-құлт еткен бір сорлыны шамалы әлділеу серігі арқадан сүйеп келеді. Байғұсқа қарға адым жер жүрудің өзі мұң. Барлық барактардағы көз жанары ағып түскен соқыр, денесі жара-жара қотыр, құлағы үсіген шұнақ, қол-аяғының бөліктерін далаға тастап кеткен шолақ әрі шойнақ, көкжөтелмен күркілдеген көксау – әйтеуір, көкірегін көтеріп жүруге шамасы бардың бәрі аулаға толып кетіпті. Құдды соғыстан қайтқан солдаттардай. «Неге сілейіп тұрсың? Тамаққа өзің ұмтылмасаң, ешкім сенің аузыңа әкеп тоспайды», – деп бір шал бұрылып, ақылын айтты. Дүрмекке ерген соқыр қарға тәрізді қалың қараның артынан ілесіп отырып асханаға жеттік. Асхана іші қоңыр ала көлеңке. Қараң-құраң еткен сұлбалар салдыр-сұлдыр темір ыдыстарын ұсынып, ұзын-сонар кезекте тұр. Ботқаның әлем-жәлем борсыған иісі бүкіл алапты еркін жайлап кетті. Соңыра жүріп-тұруға мүлде дәрменсіз хал үстіндегілер үшін тамақ барактарға жеткізілді. Осыдан кейін барактардың ішін адам төзгісіз мүңкіген иіс жаулады.
Үй болып отасқандар да бар
Ғұмырларының ең бір нәрлі, қуатты шақтарын өткізіп алған пенделердің болашағына күмәнмен қарайтынымыз рас. Өкінішке қарай, өмір бойы күйбеңдеп жүріп-ақ бір баспанаға жарымай кететіндер бары өтірік емес. Құжатын қалпына келтіргеннің өзінде жұмысқа тұру, пәтер жалдау, киім мен тамаққа қаржы табу мәселелері оңай шешіле қоймасы өз-өзінен түсінікті. Мекеме Алматы облысына қарасты адам болса, оның құжаттарын реттеп беруге уәде етеді. Одан әрі тұрмыс-тіршілігіне, қам-қарекетіне араласуға пәрменсіз. Алдағы уақытта түзелуге бет түзегендер үшін қоғамдық жатақхана ашылады-мыс. Онда үйсіздер күнде тек кешке қарай жатуға келетінге ұқсайды. Мұнда уақытша мекен ететін бомждардың 10-15 пайызы ел санатына қосылып кетеді екен. Николай мен Марина Разводовскийлер осы бомжухада жүріп табысып, отбасын құрыпты. Қазір осы мекемеде бірі күзетші, бірі аспазшы болып жұмыс істеуде. 50-ді еңсерген алматылық Жұмаш Нұраханов та өмірді жаңадан бастауға талпынуда. Ол кісі әйелімен ажырасқаннан кейін толассыз ішімдікке салыныпты.
Жұқпалы аурулардың ордасы
Жамылғыны үстіме тартып, қымтанып жатып басымды шым-шытырық ой шырмап алды. Мына жамылғыны кімдер жамылмаған дейсіз? Қаншама бомждар дәл осы төсекте-ақ ақтық демін де шығарған болар. Тіпті олардың жұқпалы аурулары болса ше? Шешініп тастап, тыр-тыр қасынған сүйек-қаңқалары қаусаған, үсті-басы жара-жара адамдарды көрші барактардан өз көзіммен көріп қайтқаным сол болатын. Өмір мен өлімнің арасында болмашы ғана үміттің жетегінде жанталасқан бейбақтардың тағдырын ешкімнің басына бермесін.
«СПИД, туберкулез сияқты қатерлі жұқпалы аурулар бұл жерде тез таралады. Өйткені дұрыс тазалық сақталмайды. Бәрі бір жерге шоғырланғандықтан, таралу қаупі де жоғары», – деген болатын мекеме бастығы Николай Коротицкий. Сананы сұрқай ойлар, көңілді үрей билеп, мына қапас тозақтан қарамды батыруға асықтым.
Ғалия МҰХАМЕДҚЫЗЫ, медицина ғылымының докторы, профессор, психиатр:
– Қаңғыбастардың 70 пайызға жуығы психикалық аурулар қатарына жатады. Әрине, барлығын шетінен жынданып кеткендер деуге тағы болмайды. Оның ішінде арақ ішіп, отбасынан ажырап, үйсіз-күйсіз қалатындары көп. Мұны алкогольдік деградация дейді. Бұл – тұлға өмірінің құрдымға кетіп, ар-ұят, туған-туыс, отбасы сияқты бар құндылықтарынан айырылуы. Сосын олардың арасында жас күнінде басынан қатты жарақат алып немесе менингитпен ауырғандар бар. Оны органикалық бас ауруы деп атаймыз. Миға зақым келгендіктен, оның қызметі төмендейді. Мұндайлар әлеуметтік жұмысты өз еріктерімен дұрыс атқара алмайды, заттарын ұрлатады, жиі-жиі алданып қалады. Ақыры қаңғырып, көше кезген кезбеге айналады. Сондай-ақ бірнеше рет түрмеге түсіп, десоцализацияға ұшырайтындар жұмыс істеу қабілетінен айырылады. Бұлардың қатары көп емес. Одан кейін босану кезінде басқа зақым келіп немесе тағы басқа себептермен ақыл-есі кеміс болып туылатын адамдардың дерті олигофрения делінеді. Ішінара бірен-саран нашақорлар да кездеседі. Бомждар – бәрі туа біткен емес, негізінен, уақыт өте келе әртүрлі жағдайларға байланысты психикалық дертке шалдығушылар.
Түйін
Күннің көзіндей құбылмалы дүниенің күйдіріп те, тоңдырып та жіберер құдіретіне еріксіз бас иген, санда бар, санатта жоқтар жылы төсек, жылы ұяны аңсамайды дейсіз бе? Аңсағанмен амалдары қайсы? Бұл әлеуметтің әлжуаздығын көрсетпей ме? Әйтеуір, жылдан-жылға қаңғыбастардың қатарын азайта алмай келеміз.