Түркияның Кахраманмараш провинциясында жойқын жер сілкінісінен кейін 248 сағат өткен соң 17 жастағы бойжеткен құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Апат болған жерде іздеу-құтқару жұмыстары 11-ші күн қатарынан жалғасып жатыр.
Алейна Олмез есімді бойжеткен Кахраманмараш қаласы Каябашы кварталында үйінді астынан шығарып алынды.
Алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін ауруханаға жеткізілді.
«Біз бойжеткенмен үнемі байланысып отырдық. Бірінші қолынан ұстап отырдық, кейін толық шығарып алдық. Жағдайы жақсы, сөйлесе алады. Осындай жақсы жаңалықтар апат болған жерлерде жалғасын табады деп үміттенемін», - дейді құтқарушы Хаджер Атлас.
Еске салайық, Түркияда зілзаладан қаза тапқандар саны 36,1 мыңнан асты.