Жаңартылған мәліметке сенсек, Түркияда жер сілкінісінде шейіт болғандар саны 20 мыңнан асқан, 80 мыңы жараланды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Анадолы агенттігіне сілтеме жасап жазды.
Түркия үкіметі жанындағы апаттар мен төтенше жағдайлар басқармасының (AFAD) соңғы мәліметіне сенсек, Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендердің саны осы сағатқа дейін 20 213-ке жеткен, 80 052 адам жараланды.
Айта кетейік, Түркияда жер сілкінісіне ұшыраған провинциялардағы ғимараттарды салған және қабылдап алған жауапты адамдарға қатысты тергеу басталды. Бұл жайында Түркияның Әділет министрі Бекир Боздағ мәлімдеді.
Осылайша кеше Хатай қаласында жер сілкінісі кезінде құлаған «Ренессанс» резиденциясының мердігері Мехмет Яшар Кошкун Ыстанбұл әуежайында ұсталды.
Түркиядағы алапат зілзала 6 ақпан күні Түркияның Кахраманмараш-Пазарджик ауданында 7,7 балл қуатымен және Эльбистанда 7,6 балл қуатымен басталған еді.
Жер сілкінгеннен кейін артынан 648 афтершок болған.
Жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда сезілді.
8 ақпанда түрік елінде 5,4 магнитудасымен тағы бір сілкініс тіркелді.
Еске салайық, Қазақстан құтқарушылары мінген борт 7 ақпан күні Газиантепке аттанған болатын. Мамандарымыздың екінші тобы Газиантепке кешке кешқұрым жетті.
Түрік елінде зілзала кезінде жоғалып кеткен бірнеше қазақстандық табылды. Оның бірі – Сабина Мамадьярова 8 ақпан күні үйінді астынан аман шығарылды.
Хатайда жұмыс істеп жатқан қазақстандық құтқарушылар Әділ Қадірбековтің өлі денесін тапты. Көп ұзамай Мирболат Құрмашевтің денесі де қиранды астынан табылды.