Бүгін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырғанымызға тура 100 күн толып отыр. Алғашқы күннен бастап ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы – сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ат үстінен түспеді, ұшақпен 13 елге сапарлап, жанжалды аймақтардың ахуалымен танысып үлгерді. Бұл ЕҚЫҰ-ға төрағалығындағы Қазақстанның геосаяси белсенділігін һәм ұйымның беделін көтерудегі алабөтен күш-жігерінің белгісі екені даусыз. Бүкіл әлем жұртшылығын алаңдатқан ауқымды саяси, экономикалық-экологиялық, қауіпсіздік мәселелерін алып ұйым алдына жаңа мазмұнда, серпінді түрде және бір кісідей жұмыла жұмыс істеуді күн тәртібіне қойып отыр.
Мандат һәм аманат
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын мәртебелі мандат қана емес, зор жауапкершілікті талап етер адамзат аманаты деп түйсінген жөн. Еліміз төрағалық тізгінін қазіргі заман тарихының өте күрделі кезеңінде қолға алып отыр. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық қызметіне кірісуіне орай Елбасы Н.Назарбаев үндеуінде атап өткендей, «дүниежүзілік қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарынан әлемнің жаһандық құрылымында тектоникалық өзгерістер орын алуда, бұл үдеріс әлі де аяғына жеткен жоқ. Жаппай қырып-жою қаруын таратпау режимінің дағдаруы, лаңкестік, гуманитарлық және экологиялық апаттар, аштық, кедейшілік, түрлі эпидемиялар, энергетика ресурстарының азаюы, ұлтаралық және дінаралық қақтығыстар – міне, бүгінгі адамзат өркениеті душар болып отырған осындай қатерлердің тізімін одан әрі жалғастыра беруге болады. Бұлармен күрес жүргізу ЕҚЫҰ сияқты қызмет аясы көпқырлы және беделді институттардың бар күш-жігерін жұмсауын қажет етеді».
Елбасы ұйымның болашағына қатысты «ХХІ ғасыр әлемінің сан алуандығын мойындайтын құрылым ретінде бой көрсете ала ма, әлде «Венадан шығысқа қарай» кеңістіктен дәстүрлі батыс дараланып тұратын, блоктарға жіктелген ұйым болып қала бере ме?» деген өткір сауалға жауап іздейді және өзгелерді осыған назар аудартады. Президентіміз БҰҰ-ның аймақтағы сенімді серіктесі міндетін атқарып отырған ЕҚЫҰ-ның ауқымын, әрекет ету аясын адамгершілік-гуманистік, прагматикалық тұрғыдан кеңейтуді және әмбебап құрылымға айналуды ұсынады. Осындай жағдайда ғана ауыспалы төрағалық айналымындағы ЕҚЫҰ бетпе-бет келген замана сындары мен қауіп-қатерлерге лайықты жауап бере алатын бірегей құрылым болып қалыптасады. Қияли, абстрактілі істерге көбірек бой ұрып, беделіне нұқсан келтіріп, жұртшылықтың сенімсіздігіне душар болған халықаралық ұйымдар бұдан былай түбегейлі түрде нақты мәселелермен айналысуға және бастамаларын баянды етуге күш салуы тиіс. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде кезек күттірмейтін ғаламдық мәселелерді еңсеруге бетбұрыс жасалды. Осы орайда қордаланған ғаламдық түйткілдерді шешу мақсатында ұйымның 10 жылдан астам уақыт бойы үзіліп қалған саммитін өткізу бастамасын көтерді. Орынды бастама ЕҚЫҰ-ға мүше ондаған елдер, халықаралық ұйымдар, ЕҚЫҰ-ның Сыртқы істер министрлер кеңесі тарапынан қызу қолдауға ие болды. Оның үстіне ЕҚЫҰ саммитін өткізуге биылғы Хельсинки қорытынды актісінің 35 жылдығы, Париж хартиясының 20 жылдығы және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 65 жылдығы алғышарт бола алады. Саммит үшін ЕҚЫҰ-ның жауапкершілігі аймағындағы қауіпсіздіктің көкейкесті проблемалары, Ауғанстандағы жағдай және толеранттық мәселелері мазмұнды толықтыру бола алар еді.
Әзірге ЕҚЫҰ саммитін өткізу үшін алдымен жыл ортасына қарай ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің бейресми саммитін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Ұйым саммиттері 1990 жылдан бері бес мәрте ғана өткен. Негізі, ұйым жарғысы бойынша екі жылда бір рет өткізілуі тиіс жоғары деңгейдегі кездесулер соңғы 1999 жылғы Ыстамбұл саммитінен бері сәтті жалғасын таба қойған жоқ. Бұл арада ұйым тарихындағы санаулы саммиттердің интеграция мен қауіпсіздік тұрғысынан елеулі із қалдырғанына тоқталмай кету мүмкін емес.
ЕҚЫҰ саммиттері һәм хартиялары
Осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын, яғни 1973 жылы Женевада және Хельсинкиде Еуропаның 33 мемлекеті, сондай-ақ АҚШ пен Канаданың сыртқы істер министрлерінің қатысуымен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің (ЕҚЫК) негізі қалана бастады. 1975 жылы шығыс пен батыстың, яғни НАТО мен Варшава шарты ұйымына мүше елдердің, сондай-ақ Еуропа континентіндегі бейтарап мемлекеттердің күш-жігері біріктіріліп, Хельсинки қорытынды актісі бойынша Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңеске (ЕҚЫК) мүше елдер өз азаматтарына қатысты, сондай-ақ өз араларындағы қатынастардың негізгі қағидаттарын бекіткен болатын.
Ұйым саммиттерінің әрқайсысының орны, маңызы алабөтен. 1990 жылы алғаш рет өткен ЕҚЫК-тің Париж саммитінде Жаңа Еуропа үшін Париж хартиясына қол қойылып, бұл «қырғиқабақ соғыс» дәуірінің және Еуропаның жіктелуі аяқталғанының нышаны іспетті болды. Бұл алғашқы саммит жаңа қауіп-қатерлерге қарсы тұруға және мемлекеттерді өзара құрметтеушілік пен ынтымақтастыққа шақырып қана қоймай, ұйымның құрылымын кеңейтті, үш өлшем бекітіліп, 22 ел қарулануға бақылау жасау үшін маңызды келісім – «Әдеттегі қарулы күштер туралы шартқа» қол қойды. Осы саммит барысында ұйымның үш деңгейлі саяси консультациялар механизмі: жоғары деңгейлі кездесулер (саммит), сыртқы істер министрлері кеңесі және аға лауазымды тұлғалар комитеті құрылды.
1992 жылы тарихта «Хельсинки-2» деп аталған Хельсинки қаласындағы саммитте ұйым шеңберіндегі жанжалды аймақтарға мән беріліп, ЕҚЫК алғаш рет БҰҰ Жарғысының 8-тарауы бойынша Ванкуверден Владивостокқа дейінгі аралықта ынтымақтастық және әскери-саяси тұрақтылыққа жауапты аймақтық ұйым болып бекітілді. Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссар қызметі осы саммитте құрылды.
1994 жылдың соңында өткен Будапешт саммитінің қорытындысы бойынша ұйымның қауіпсіздік саласындағы рөлінің артуына байланысты Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңесі 1995 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазіргі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы болып өзгерді.
Ал 1996 жылы Лиссабон саммитінде «ХХІ ғасырдағы Еуропа үшін жалпы және бәрін қамтитын модель туралы декларация» қабылданды. Бұл декларация ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік пен тұрақтылық сақтаудағы қозғаушы рөлін айқындап берді.
ЕҚЫҰ-ның 1999 жылы Ыстамбұлда өткен соңғы саммитінде ЕҚЫҰ-ға мүше 30 ел «Ыстамбұл хартиясын» қабылдап, Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы бейімделген шартқа қол қойды. «Ыстамбұл хартиясы» деп аталған Еуропадағы қауіпсіздік хартиясы ЕҚЫҰ-ның жанжалдар мен дағдарыстарды шешудегі ынтымақтастыққа негізделген қауіпсіздік платформасын, механизмдерін және тәсілдерін бекітіп берді және бұл оған мүше елдер «тәртібінің кодексі» ретінде саналды.
Саммиттің күн тәртібінде қандай мәселе қаралуы тиіс?
Егер биыл ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер тарапынан саммит өткізу бастамасы бірауыздан мақұлданып, бекітіле қалса, күн тәртібіне жаһандық және аймақтық қауіпсіздік, лаңкестікпен күрес, Ауғанстан тағдыры, трансұлттық қатерлерге қарсы тұру, әскери-саяси тепе-теңдіктің бұзылуы, жанжалды аймақтарды реттеу, ядролық қауіпсіздік, экстремистік қатерлермен күрес саласындағы көпжақты ынтымақтастық мәселелері, ұйымға әмбебаптық сипат беру жайы талқылануы мүмкін. Елбасы айтқандай, жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс жаңа, әлдеқайда әділ де болжап боларлық әлемдік тәртіпті құру ісінде барлық мемлекеттердің, соның ішінде ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің де күш-жігерін біріктіру қажеттігі туындап отыр. Бұл бағытта Қазақстан басшысы ұсынғандай, осы заманғы әлемде көпшілік болып табылатын орташа мемлекеттердің рөлін жаһандық стратегиялық шешімдердің консенсустық негізде қабылдануына қол жеткізу керек.
ЕҚЫҰ-ның Астана саммитін өткізудің артықшылықтары:
1. Қазақстан жаңа заманда ЕҚЫҰ-ның тұрпаты мүлде басқа қауіп-қатерлер мен қиындықтармен күресінде оңтайлы жаңа форматта жұмыс істеуге, жанжалдық мәселелерді мейлінше бейбітшілік пен түсіністікке негізделген ұстанымдар тұрғысынан зерделеуге және шешуге шақырады.
2. Қазақстанның геосаяси орналасуы ЕҚЫҰ ішіндегі шығыс пен батыс арасындағы таптаурын стереотиптерге жол бермейді.
3. ЕҚЫҰ континенталдық қана емес, трансконтиненталдық сипаттағы ұйымға айналғандықтан, оның жауапкершілік аясы өте зор. Қазақстанның төрағалығы күн тәртібіндегі мәселелердің еуропалық ауқымда ғана емес, үш құрлықтың мүддесіне сай шешілуіне ықпал етеді.
4. Мәдениетаралық және өркениетаралық үн қатысу идеяларын жақтайтын, көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет ретінде Қазақстан ұлтшылдықты, діни төзбеушілікті, нәсілшілдікті, ксенофобия мен антисемитизмді тиімді еңсеру үшін ұйымның айтарлықтай қуатты әлеуетін пайдаланбақ.
Ой-тұжырым
Қазақстанның ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы бастамасы, біріншіден, ұйымның беделін көтеруді мақсат етсе, екіншіден, ұйымға мүше елдер бетпе-бет келіп отырған жаһандық һәм өңірлік күрделі мәселелерді өзара күш жұмылдырып шешуге шақырады. Халықаралық ұйымның әлемдік тәртіп орнатушы алпауыт елдерге емес, басым көпшілік – орташа елдердің мүддесіне сай жұмыс істегенде ғана ғаламдық мәселелерді еңсеруде нәтижеге қол жеткізе аларымыз даусыз болмақ.