Тіл білгеннің тамырында ұлттық, халықтық, елдік, мемлекетшілдік қан ойнайды. Менің зарым да, дауым да – осы!

Тіл білгеннің тамырында ұлттық, халықтық, елдік, мемлекетшілдік қан ойнайды. Менің зарым да, дауым да – осы!

Асылы ОСМАН, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, тілші-ғалым:

– Асылы апай, еліміздегі қазіргі тіл мәдениетінің деңгейін өзіңіз қалай бағалайсыз?

– Өкінішке қарай, тіл мәдениетінің деңгейі бізде өте төмен болып тұр. Менің түсінігімде қазіргі көбірек көңіл бөлетін мәселеміз осы болуы керек. Әрине, өзге ұлт өкілдерінің ішінде тілді біршама үйреніп, қатарымызға қосылып жатқандар бар. Бірақ қазақ тілінің мәдени деңгейі, өз орнымен қолданылу жағдайы қалай? Бұл жағынан әлдеқайда ақсап жатырмыз. Мен Ұлт саясаты жөніндегі комитетте жұмыс істеп жүргенімде төрағаның Логинова деген орынбасары жұртты жинап алып, орыс тілі жөнінде арнайы әңгіме өткізетін. Мен сонда сол кісіге: «Тіпті Ресейдің өзін қоса алғанда, орыс тілін Қазақстандай мәдениетті, таза қолданатын бірде-бір ел жоқ. Сіз одан да қазақ тілінің тазалығына көңіл бөліңіз», – дейтін едім. Қалай дегенмен де, бүгінгі таңда қазақ тілінің тазалығы, қолданысының мәдени деңгейі – айтарлықтай өткір мәселе.

– Жалпы, осы тіл мәселесін шешуде қандай қағидаға сүйенген жөн? Нені басшылыққа алған абзал?

– Мысалы, бүгінде бәріміз «Батыс, батыс!» деп бас ұрып, кез келген мәселеде батысшыл болып бара жатырмыз. Ал тілді неге сол батысша көтермейміз? Мысалы, Батыста тілге ерекше көңіл бөледі. Тілді білмесең, азаматтық ала алмайсың, қызметке тұра алмайсың. Сол сияқты неге бүкіл қазақстандықтар шын мәнісінде «Мемлекеттік тіл – менің тілім» деп түсінбейді? Неге біз осы тілді ортақ тілге айналдырмаймыз? «Үйренуге уақыт керек», «оған жағдай қажет» деген жалған сылтауды желеу етіп қашанғы жүреміз? Осы жағдай менің жаныма қатты батады. Тіл – қазақтың жан-дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгісі, ұлт болмысын ұғындырып, төңірегіне жұртты топтастырушы. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Олай болса, тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өз азаматтық міндетін атқаруға тиіс. Тілді білу сыйластық пен түсіністіктің қайнар көзі екенін насихаттап, елдің көзін жеткізіп, оның мемлекет негізі, елді біріктіруші басты фактор екендігін ұғындыру ләзім. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тіліне немқұрайды қарауға болмайтындығын баршаға түсіндіре білу керек. Мемлекеттік тілді ортақ тіл етіп орнықтырмай, бір тілге көшпей, бірегей ел болуымыз қиын.

– Сондай-ақ бұл өздігінен біте қоятын да шаруа емес. Қазақ тілінің абыройын асырып, беделін биіктету үлкен күш-қуатты, ең бастысы, түсіністікті қажет ететіні анық...

– Иә. Мемлекеттік тілге құрметпен қарау – күллі қазақстандықтардың міндеті, тіпті адами борышы. Кезінде сәл ынта-ықылас, ептеген ілгерілеушіліктер болғанымен, мемлекеттік тілге көңіл бөлуді қайтадан саябырсытып алдық. Баяғыда Елбасының «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деген сөзіне: «Неге қазақ пен қазақ қана қазақша сөйлесуі керек?» деп наразы болған едім. Енді ойлап тұрсам, Назарбаевтың сол сөзінің жаны бар екен. Мысалы, бүкіл қазақ өз тілінде сайрап тұрса, өзгелер қайда кетеді? Тілді құртып, өрісінің кеңуіне тұсау салып отырған – қазір шын мәнінде өзіміз. Осыны айтсам, менің қазағым: «енді қазақты жамандауға көштің бе?» деп ренжиді. Айтпайын десем, амал жоқ, ашынып кетемін, қаным қайнайды. Өйткені орысшасының жарып тұрмағанына қарамастан, кез келген ортада екі қазақ бір-бірімен орысша сөйлеседі! Қалай қынжылмайсың? Ал енді ұлт, ұлттық мүдде деген мәселе осындай адамдардың ойына кіріп-шығады деп ойлайсың ба?

– Сіз сонда ұлттық мүдде мәселесін ең әуелі тілмен байланыстырасыз ғой?

– Иә. Біз қазіргі таңда тілді негізгі идея етуге тиіспіз. Мықтылығымыз – қазақтың тұтастығында, сосын қазақтың болмысын, күллі құндылықтарын жеткізуші тілінде болуы керек. Егер тіліміз болмаса, мәдениетіміз, әдебиетіміз бен тарихымыз ешкімнің жүрегіне жетпейді. Ұлттық идеяның ең басты бір міндеті – қазақстандық патриотизмді дамыту болуы қажет. Ал қазақстандық патриотизм қазақтың фольклоры, әдебиеті, тарихы, мәдениеті арқылы дамиды. Соның бәрін жеткізуші ең негізгі құрал – тіл. «Тіл болмаса, ұлт та болмайды» деп Ахмет Байтұрсынов тегін айтқан жоқ. Бәрінің ұйытқысы тіл екенін біз қай кезде де ұмытпауымыз керек.

– Сіздіңше, тілдің ықпалдылығын арттыру, белсенділігін көтеру механизмдері қандай?

– Менің ойымша, тілдің қажеттілігін арттырып, оған сұранысты және талапты күшейту қажет. «Түйеге жантақ керек болса, мойнын созып жейді» деген сөз бар. Мысалы, кімде-кім бастық болғысы келсе, одан, ең алдымен, мемлекеттік тілді білу талап етілуі тиіс. Мейлі ол бес емес, тіпті он тілді білсін. Бәрібір басымдық мемлекеттік тілге берілуі керек. Ал мемлекеттік тілді білмейтін, қажетсінбейтін шенеуніктерді тәртіпке шақырып, жауапкершілік жүктеген абзал. Себебі  басшысы мемлекеттік тілге оң қабақ танытпаса, ол мекемеде іс жүрмейді. Тілді білген адамның рухы биік, дәстүрге берік, әдет-ғұрыпқа саналы болады, тілге шын ниетімен қызмет етіп, азаматтық міндетін орындайды. Талап болғанда ғана жауапкершілік артып, іс арнасын табады, жүйеге түсіп, жүзеге асады. Мемлекет саясатына жауапты мекеме басшылары тілге деген бақылауды ешуақытта саябырсытпауға тиіс. Ең бастысы, тілге деген құрмет пен қамқорлық, оған қолдау көрсету, қолдану мен қорғау басшыдан бастау алуы керек. Әйтпесе өзіміз де, мемлекет басындағылар да керек етпеген мемлекеттік тіл кімге керек?

Адам қай тілде сөйлесе, сол тілге қызмет етеді. Қарап тұрсақ, біз, қазақтілділер, екінші сорттымыз. «Айналайын, сен қазақ тіліне жетік екенсің. Кел, мына жерге отыр, бастық бол» деп сізді ешкім еш жерге шақырмайды. Тек орыс тілін білсеңіз ғана шақырады. Баяғыда солай болған, әлі солай. Сол себепті де, менің айтарым, қазақтың тіліне, ең алдымен, басшылық тарапынан қатаң талап қойылуы керек. Сонда ғана ол қажеттілікке айналады. Қоғамда қай саланы болса да мемлекеттік тілден хабардар, салалық маман иелері басқарғаны абзал. Себебі тіл білгеннің тамырында ұлттық, халықтық, елдік, мемлекетшілдік қан ойнайды. Ондай жандардың бойында ұлт болмысын ұғатын рух, қоғамдық бағытты аңғаратын, ерекшелігін түсінетін, отаншылдық сезім басым болады. Менің зарым да, дауым да – осы!

– Тіл жағдайының тұралап, белсенділігінің артпай жатқанына, бір жағынан, тіл мамандарының өздері кінәлі емес пе? Өйткені мейлі мектеп, мейлі жоғары оқу орындарына қатысты айтсақ та, тіл білімі саласындағы оқулықтар сапасының сын көтермейтіні шындық қой.

– Оның да рас. Бірақ шындығына келсек, «үйренем», «білем» деп талпынған адам қандай жағдайда да мүмкіндік табады. Маған салса, тілді сіңіруді отбасынан бастау керек. Ол баяғыдан-ақ баланың бойына ананың ақ сүтімен, бесіктің жырымен, әжелердің әлдиімен дарыған. Абайды Абай еткен – Зере әжесі. Осы күнде сондай ана, сондай әже бар ма?! Сол себепті де отбасынан, балабақшадан бастап, мектепте, жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілдің қажеттілігін арттыра отырып оқытып, қызметке аларда соны талап етуіміз керек. Ал мемлекеттік тілді меңгертіп алып, жоғары жаққа барғанда сұрауы да, қолданысы да болмаса, кім баласының жерде қалғанын жақсы көреді? Қалай болғанда да, әркім «осы балам білімді болса екен, ертең нанын қиналмай тауып жесе екен, қатарынан қалмаса екен» деп армандайды. Сол сияқты қазақтың тіліне бір-ақ нәрсе керек. Ол – талап. Яғни «Осы тілді білмесем, ертең нан тауып жей алмаймын» деген ұғым орнықсыншы, анау-мынау деп жүргендердің бәрі қазақтың тілін бір-ақ күнде үйренеді. Мысалы, осы жұртты «ағылшын тілін біл» деп қыстап жатқан кім бар? Ешкім жоқ. Бірақ соңғы ақшасын салып, бәрі жаппай үйреніп жатыр. Өйткені ол – қажет. Міне, қазақ тілінің де сондай қажеттілігін арттыру керек. Мейлі, ағылшын тілі сияқты әлемдік тіл етпей-ақ қояйық. Бірақ Қазақстанда солай жасауға болады ғой.

– Өйткені «қазақтың да, қазақ тілінің де тамыр бекітер, жапырақ жаяр жалғыз Отаны – Қазақстан...» дейсіз ғой...

– Әрине. Өйткені қазақ тілі басқа елде қолданылып, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие бола алмайды. Осы орайда мен тіпті: «Қазақтың тілі Қазақстанда ұлтаралық тіл болса екен» деп армандаймын. Себебі Қазақстанда бір-ақ ұлт бар. Ол – қазақ деген ұлт. Қалғанының бәрі – этностық топтар. Осы ұғымды қалайда қалыптастырып, жұрттың құлағын үйретуіміз керек. Сонда ғана олар мына ұланғайыр далада мемлекет құрып отырған қазақ ұлтын сыйлайтын болады. Әйтпесе сыйламайды. Мысалы, мен өзге ұлттардың арасында жүрмін ғой. Солар маған не дейді дейсіз ғой? «Ертеден кешке дейін «қазақ тілі, қазақ тілі» деп қақсайсың. Қазақтың тілін сол қазақтардың өздері қажет етіп жатқан жоқ қой. Министрлердің балаларының бәрі – шетелде, одан қалса, орыс мектептерінде оқиды» дейді. Көрдіңіз бе, сондықтан да қазақ мемлекет құрушы ұлт ретінде бәріне ұйытқы болуы керек. Ол үшін тілді ең әуелі өзі жақсы біліп, сосын өзгелерден де талап етуі қажет. Біз өзіміз де білмейміз, өзгеден де талап етпейміз. Менің тағы бір зарым – кадр мәселесі. «Аудармашылар дайындайтын қысқа курстар ұйымдастырайық» деп о баста-ақ айтқанмын. Әлі күнге дейін мемлекеттік деңгейдегі үлкен жиындардың барлығы дерліктей орысша өтеді. Ал неге ілеспе аудармамыз жоқ?

– Бір сұхбатыңызда «қазақ тілін дамыту» деген тіркестің өзі дұрыс емес» деген екенсіз. Осы ойыңызды таратып айта кетсеңіз...

– Иә, осы сөз менің көңіліме қонбайды. Өйткені қазақтың тілі – баяғыда-ақ дамыған тіл. Онымен қазақ жат елмен танысып, табыса білген, дипломатиялық жұмыстар жүргізіп, дұшпанын дос, досын туыс етіп, барлық салада кеңінен қолданған. Киелі тілдің құдіреті бәріне жеткен. Бірде-бір түркі тілдес халықта 10 томдық түсіндірме сөздік жоқ. Мұндай құнды дүние тек қазақта ғана бар. Білгір жазушы Герольд Бельгер ағаның сөзімен айтсақ, Шекспир мен Байрон сөздігінде – 15 мың, Пушкинде – 21 197, Науаида – 26 мың, Ленин шығармаларында 31 мың сөз болса, ал М.Әуезовтің тек «Абай жолы» романында ғана 16 893 сөз бар. Қазақтың бір ғана «ақ» деген сөзі 130 синонимдік мағынаға ие. Қазақ тілінің қаншалықты бай екендігі осыдан-ақ аңғарылмай ма? Ендеше, осындай тілді дамымаған тілдердің қатарына қосып, қалайша «дамытамыз» деп даурығамыз? Қазақ тілі – бай, әуезді, шұрайлы, сарқылмас бұлақтай таза да көркем тіл. Тек соны баянды етіп, өмірдің барлық саласында қолданысқа енгізсек, аясы кеңейіп, жетіле түседі, толыға береді. Тілдің өрістеуіне қолдау көрсету – бәріміздің борышымыз. Оған Қазақстан жұртшылығының тарапынан ынта-ықылас, адал ниет, адами сүйіспеншілік, мемлекеттік жауапкершілік болуы керек.

– Сіз сондай-ақ ұлттық тәрбие мәселесіне қатысты да көп пікір айтып жүрсіз...

– Ұлттық рухтағы тәрбие болмаса, келешекте бәрінен айырыламыз. Мен жаһандануға қазақ болып барғанды жақсы көремін. Ол үшін ата-бабамыздан келе жатқан тәрбиені жандандыруға тиіспіз. Тәрбиесіз білім – сусыз диірмен. Анаған жармасып, мынаған жармасып, әр жерден үзіп-жұлып берген білім «білім» болмайды. Тәрбиені де, білімді де саналы түрде беруіміз керек. Тәуелсіздігіміздің өзін баланың ойына саналы түрде орнықтырғанымыз жөн. Жас жеткіншектеріміз бәрін жүрегімен сезінетіндей болуы тиіс. Қазақ деген дана ғой. Өйткені қашаннан-ақ «қора толы қой бер, бесік толы бала бер, ол балаға сана бер, сана бермесең, ала бер» деп тілеген. Сондықтан не істесек те саналы түрде, ұлттық рухта істейік. Білімді болған дұрыс. Дегенмен ұлттық тәрбиең, ұлттық рухың болмаса, жай ғана көптің бірісің. Мұхтар Шахановтың: «Әр адамда болу керек қасиетті төрт Ана!» деп шырылдап жүргені тегін емес. Мысалы, қазақтың жері, қазақтың тілі, қазақтың тарихы, қазақтың мәдениеті дейміз. Былай қарасаң, Менделеев кестесіндегі бүкіл элемент қазақ жерінде бар. Бірақ соған қарамастан, «қазақтың химиясы» деп айтпаймыз ғой. Неге? Өйткені ұлттың арғы ата-бабасынан жалғасып келе жатқан дүниелері ғана ерекше қасиетті болып саналады. Мұндағы айтайын дегенім, осындағы өзге ұлт өкілдерінің қайсысы қазақтың тілін біледі, сол оның тарихын да, мәдениетін де, салт-санасын да құрметтей біледі.

– Қалай дегенмен де, кінәні бір мезет қазақтың өз менталитетінен іздеген дұрыс па деймін. Тәрбиенің кенжелеп жатуына да, талаптың жоқтығына да оның өз енжарлығы, селқостығы себеп болып отырған сияқты...

– Қазақтың туабітті менталитетінде мін жоқ, ол өте керемет. Бірақ біз халқымыздың сол асыл қасиеттерін ары қарай жалғастыра алмай жатырмыз. Батысшыл болып бара жатырмыз, басқа рухта кетіп барамыз. Қазақ тағдырдың тәлкегімен ойдан-қырдан босып келген қаншама ұлтқа пана болды! Жатсынбай өзіне жақын тартып, бүтінін бөліп, жартысын жарып берді. Өз басым қазақтың аталысынан аталы сөз тыңдап, баталысынан бата алғанмын. Қазақтың тілі менің бойыма анамның сүтімен емес, осы халықтың аялы алақанының жылуы, мейірімі арқылы сіңген. Ал қазір сол мейірімділікті, қайырымдылықты түсініп, өзінің бойына сіңіріп жатқан адам бар ма? Өкінішке қарай, бәріміздің қуып кеткеніміз ақша болып тұр. Енді қазақ мектебі мен орыстілді мектептің баласын салыстырып көріңізші. Көшеде жығылып жатсаң, ауылдан қазақ мектебін бітіріп келген бала сүйеп тұрғызады, тіпті болмаса, айналып өтеді. Ал орыс мектебін бітірген қаланың баласы көмектеспек тұрмақ, үстіңнен аттап кетеді. Міне, осының бәрі – тәрбиеден. Ал тәрбиенің негізі – тілде. Тілді білген адам ұлттық рухтағы тәрбиеден ешқашан алшақ кетпейді. Қайталап айтамын, қазақтың мықтылығы – тілінің ұйыстырушылық құдіретінің күштілігінде.

– Ондай болса, қазақтың тілі сол ұйыстырушылық, біріктірушілік қасиетінен қазір неге айырылып қалды?

– Мәселе – соны қолданбай, іске асыра алмай отырмыз ғой. «Мемлекеттік тіл» деп бер жағымызбен айтамыз, бірақ шын мәнісінде, ұлттық идея етіп, сол тілді қолданып, сол тілде сөйлеп жүргеніміз шамалы. «Ит иттің етін жесе де, сүйегін далаға тастамайды» деген сөз бар. Сол айтпақшы, біз ең әуелі өзіміз бірлікте болып, өзгені төңірегімізге топтастыруға күш салуымыз керек. Шынымды айтсам, мына Ассамблея деген ұлттардың өзін бір-бірінен бөліп тұр. Бірлік болуы үшін сыйластық болуы керек. Ал сыйластықтың негізі – тілде. Тілін білсең ғана сол ұлттың болмысын, әдет-ғұрпын, салтын, мәдениетін сыйлай білесің. Тәрбиенің ең абзалы – жеке бастың үлгісі. Сондықтан туған елі мен тіліне деген құрметті әркім жеке басының үлгісімен көрсете білсе, өзге жұртқа жақсы өнеге болары хақ.

Алашқа айтар датым...
Әрбір ісіміз мемлекеттік мүддені жастарға ұғындыратын, ұлттық ерекшеліктерді ұлықтап, халықтың абырой-беделін көтеретін, рухы биік, мәдениеті мәртебелі ұрпаққа берілетін ұлттық тәрбие мен тіліміздің өрісін кеңейтуге бағытталғаны дұрыс. Осы орайда, билік басындағы азаматтарымыз мемлекеттік тілді мейлінше қадірлеп, құрметтеп, жан-жақты қолданысқа енгізсе... Баршаның басын біріктіруші, ұлтты сақтап, болмысын танытушы қазақ тілі екені аян. «Тілің болса, үнің бар, Тілің болмаса, түгің жоқ...» – деген Қадыр Мырза Әлінің ұлағатты сөзін ойымыздан бір сәт те шығармағанымыз жөн.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста