Тазы, жылқы, қыран сәндік үшін өсіріліп, ұлттық спорт ойындары ұлттық мерекелерде ғана көрсетілер көрмеге айналып барады

Тазы, жылқы, қыран сәндік үшін өсіріліп, ұлттық спорт ойындары ұлттық мерекелерде ғана көрсетілер көрмеге айналып барады

Елемес ӘЛІМХАНҰЛЫ, педагогика ғылымының кандидаты, профессор, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, Қазақтың спорт және туризм академиясының вице-президенті:

– Бүгінде Олимпиада ойындары бағдарламасында көптеген елдердің ұлттық ойындары бар. Өкінішке қарай, қазақтың бірде-бір ұлттық ойыны Олимпиада тұрмақ, Азия ойындары бағдарламасында жоқ. Мұның сыры неде?
– Төрт жылда бір өтетін Олимпиада ойындары бағдарламасына енген спорттың әрбір түрі алғашында бір ғана мемлекеттің аясында ойналғаны рас. Дегенмен ебін тапқан әрбір ел өзінің ұлттық спорт түрлерін ұлықтап, кең түрде насихаттап, дүбірлі дода бағдарламасына енетіндей дәрежеге жеткізген. Дәл қазіргі таңда біздің еліміздегі жақсы дамып келе жатқан спорт түріне тоғызқұмалақты, қазақ күресін, ат спортын жатқызуға болады. Олимпиада ойындары­ның құрамына ену үшін ұлттық спорт түрі кеңінен насихатталуы тиіс. Мәселен, Азия ойындарының құрамына ену үшін бүкіл Азия елі сол ұлттық спорт түрін мойындауы қажет. Алайда көбінесе біздің ұлттық ойын­дарымызға насихат жағы жетіспей жатады. Ал басқа елдер ұлттық құнды­лықтарының насихатталуына көп көңіл бөледі. Мәселен, қазан айында Түркияда түркі халықтарының студенттері арасында түркі халықтарының ұлттық ойындарының Универсиадасы өтеді деп күтілуде. Бұл – басқа елдерде бұрын-соңды өтпеген жарыс. Ең болмағанда, осын­дай халықаралық жарыстарды жиі өткізіп тұрсақ, ұлттық ойындардың насиха­ты артар еді. Барлық ел өздерінің ұлттық ойындарын кеңінен насихаттауға тырыса­ды. Мәселен, жапондар дзюдо күресін әлем­ге таныту үшін 1970 жылдары күреске арналған киімдері мен күресетін татамиле­ріне шейін дүниежүзіне тегін таратты. Жаттықтырушыларды дзюдоны тегін үйрету үшін жер-жерге аттандырды. Дзюдодан халықаралық жарыстарды жиі өткізді. Сөйтіп, дзюдо күресінің халық арасына кең тарауына жағдай жасады. Осылайша уақыт өте дзюдо Олимпиадалық ойындардың қатарына енді. Біздің де қазақ күресіміз басқа күрес түрлерінен еш кем емес. Егер күресімізді біз де жапондардай насихатта­сақ, әлемге танылып, мойындалар еді. Тағы бір мысал, бұдан төрт-бес жыл бұрын Сеул­де ұлттық спорт түрлерінен студент­терге дәріс оқып, қыз балаларға өзіміздің ұлттық ойын — бестасты, ер балаларға асықты үйреттім. Бір ғана асық ойынының адамға ойлау, есептеу, көзбен дәлдеу секілді 33 түрлі пайдалы жағы бар екен. Кореяда көз әйнек киетін жастар өте көп. Кейін корей жастары көз жанарына бестас ойнаудың өте пайдалы екенін айтып, бестас үйрет­кенім үшін алғыстарын жаудырды. Олар бестастың көзге жаттығу ретінде өте жақсы әсер ететінін ерекше қадап айтты. Біле біл­сек, біздің ұлттық ойындарымыздың әр­қайсысының осындай пайдалы жағы же­терлік. Тек өзіміз қадірін білмей жүр­міз.
– Ұлттық ойындарды насихаттауды неден бастаған жөн?
– Ұлттық ойындарды насихаттауды балабақшалар мен мектептерден бастаған жөн. Халқымыздың ұлттық ойындарының ішінде балабақшадағы, мектептегі бала­лар­дың деңгейіне лайықталған асық пен бестастан басқа да қозғалмалы ұлттық ойындар жетерлік. Оның саны қазір менің жинауым бойынша 252-ден асты. Мәселен, балабақшадағы балаға «ладушкиден» гөрі, асық ойнатсақ, әлдеқайда пайдалы болар еді. Ұлттық ойындардың бала ден­саулығына берер пайдасын айтпағанның өзінде, ұрпақ бойына ұлттық құндылық­тарды сіңіре білуінің өзі — үлкен жетістік. Ұрпағымыз балабақшадан бастап ұлттық ойындардың қадірін ұға білсе, келешекте өз елінің нағыз патриоты болып қалыптасар еді. Алайда сол ұлттық ойындарымызды балабақ­шадағы тәрбие бағдарламасына енгізе алмай отырмыз. Кейде осылай жайбара­қаттылық танытып жүргенде, еншіміздегі дүниені біреулердің иемденіп кететін жағдайлары да кездесіп жатады. Мәселен, Египеттегі Каирдің мұражайында асық тұр. Естуімше, олардың ежелгі патша­сы Тутанхамонның ойнаған ойыншықтары­ның арасынан сол асық табылған көрінеді. Бұл — іргелі зерттеуді қажет ететін дүние. Яғни асық ертеде кеңінен тараған ойын түр­ле­рінің бірі болған. Ендеше, ертеде кеңінен тараған асық ойынының бүгінгі күні даңқын неге одан әрі арттырмасқа?! Осы орайда алдағы уақытта ұлттық ойын түр­лерін кеңінен насихаттау басты мақса­ты­мыз болуы тиіс. Қазіргі таңда қазақ хал­қында, тіпті түркі халқында ұлттық спорт ойындары болмаған деген секілді көзқарас қалып­тасқан. Алайда бүгінгі күні бар нәрсеміздің қадірін білмегендіктен ұмытылуына, біреулердің мүлдем болмады деуіне жол беріп отырмыз. 70 жыл бойына Кеңес Ода­ғының құрамында болып, ұлттық деген нәр­сеге жеткілікті көңіл бөлмеуіміздің сал­дарынан құндылықтарымыз ұмытыла бас­тады. Ұлттық ойындарымыз балабақ­шалар мен мектептердің, ЖОО-ның оқу бағдар­лама­сынан шеттетілуінің нәтижесінде біздің халқымызда ұлттық спорт ойындары болмаған, бәрін сырттан алып отырмыз деген көзқарас қалыптасуда. Ал егер ұлттық ойындарды жандандырып, күнделікті оқу процесіне, дене тәрбиесі жаттығуларының қатарына қосатын болсақ, дене жаттығу­ла­рының толыққанды жұмыс істеуіне ықпал етер еді. Этностың ерекшелігін ескеретін этнопедагогикалық дене тәрбиесі болмай, ұлттың дене тәрбиесі қалыптаспайды. Оның ішінде ұлттық спорт түрлерінің орны ерекше.
– Ұлттық спорт түрлері туралы заң керек пе?
– Арнайы заң қажет. 1999 жылы қабыл­данған «Дене тәрбиесі және спорт туралы» Заңда көп нәрсе қамтылмаған. Рас, ұлттық спорт түрлері туралы бір тарауында айтыл­ғанымен, ол бұқаралық спорт түрлерінің құрамына еніп кеткен. Яғни бүгінгі күннің талабына жауап бере алмайды. Заңда таяқ ұстатқандай көр­сетілмегеннен кейін тиісті орындар ұлттық ойындарға мойын бұрғы­сы келсе ғана бұрады. Осы орайда арнайы заң болса дұрыс болар еді. Оған қоса, қаржы мәселесі де – басты мәселе. Заң жүзінде осының барлығын пысықтап алсақ, ұлттық ойындардың дамуына жол ашылар еді. Еліміз бойынша, жалпы, спорт түрлері­не бөлінетін барлық қаржының 1,8 пайызы ғана ұлттық спорт түрлеріне жұмсалатын көрінеді. Бұл – өте аз. Ұлттық спорт түрлері, негізінен, жергілікті атқарушы билік өкіл­дерінің ұйытқы болуымен, кәсіпкерлердің қолдауымен немесе жанашыр азаматтар­дың демеушілігінің арқасында ғана дамып келеді. Ұлттық ойындарды дамытуға құл­шы­ныс бар, бірақ кедергі көп.
– Нендей кедергілерді атап айтар едіңіз?
– Ең бірінші кедергі ол – арнайы наси­хат­тың жоқтығы. Қазақтың ұлттық ойын­дары Наурыз мерекесінде ғана ойналатын дәстүр түрінде ғана қалмай, жаппай халық арасына кең тараған ұлттық ойынға айнал­са деп тілеймін. Жағда Бабалық атамыздың зерттеулеріне сүйенсек, ұлттық ойындары­мыздың 300-дей түрі бар көрінеді. Соның қазір 20-дай түрі ғана халық есінде сақтал­ған. Халқымыздың басынан өткен қилы-қилы кезеңдерге орай, ұлттық спорт ойын­дарының көбісі ұмытылып кеткен. Дәл қазіргі таңда ұлттық спорт түрлерін дамы­туға көңіл бөлетін жағдай бар. Жазушы Герольд Белгер: «Егер біз ұрпа­ғымызға ұлттық идеяны насихаттайтын болсақ, ол қолға таяқ ұстатқандай дәл, анық болуы керек», – дейді. Осы секілді ұрпағымызға ұлттық ойындарды насихат­тар болсақ та, ол дәл, анық ережелерімен болуы керек деп санаймын. Әйтпесе әркім әр жаққа тарт­қыш­тап, ұлттық ойында­рымыздың негізгі мазмұнынан айырылып қалуымыз мүмкін. Осы орайда айта кетер жайт — Кеңес Одағы­ның кезінде жаппай спорт­тық сынақ тап­сыртатын (ГТО). Оны тұрғын­дардың тап­сыру­ға жағдайы бар ма, халық­тың мен­талитетіне сай ма — қан­шалықты пайдасы бар-жоғын елеген жан болмады. Тіпті ұлттың ерекшелігіне сай ұлттық спорт ойындарын ойнатуды да ойла­мады. Осы орайда айта кетер жайт — бүгінде елімізде бүркіт пен тазы өсіру ұлттық спорт түрлерінің бірі бола тұра, оларды ұшақтар мен пойыз­дарда бірге алып жүру туралы заңда қарас­тырылмаған. Ветеринарлық-санитарлық нормалары жоқ. Осы жағдай бүгінде көп кедергі келтіруде. Егер балалардың санасы­на осы бастан ұлттық ойындардың маңыз­дылығын сіңіре бермесек, ұлттық ойындар маңыздылығын жойып, қолданыстан шы­ғып қалу қаупі бар.
– Яғни «мемлекет тарапынан ұлттық ойындарға оң көзқарас жетіспейді» дейсіз ғой ...
– Бүгінде ат спорты, қазақ күресі, тоғыз­құмалақ секілді ұлттық ойындарға арнал­ған федерациялар өз қаражаттарымен, өз күштерімен жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оларға мемлекет тарапынан көмек қолы созылып жатыр деп айта алмаймын. Ал мемлекеттік ұлттық ойындарды насихат­тайтын мекемелер жоқтың қасы. Спорт мектептерінде ұлттық ойындардың бөлім­дері ғана бар. Мемлекет тарапынан ұлттық құндылығымыз, мәдени мұрамыз ретінде оң көзқарас жетіспейтіні шындық. Зерт­теу­лерге сүйенсек, бүгінгі таңда халқымыздың 17 пайызы бұқаралық спортпен айналы­сатын көрінеді. Елбасымыз 2020 жылға дейін бұқаралық спорт түрін дамытуды 30 пайызға дейін жеткізуді тапсырған болатын. Осы маңызды тапсырманы орындауда ұлттық спорттың алатын орны зор.
– Қазақтың ұлттық спорт түрлері жылқымен, тазымен, қыранмен тікелей байланысты. Бірақ соңғы кездері жылқымыз, қыранымыз азып кетті деп жатады. Тіпті жылқыны сән үшін өсіру әдетке айналғандай.
– Бұл да – шындық. Мұның бәрі айна­лып келгенде, ұлттық спорттың насихаты­ның жоқтығынан. Тазы, жылқы, қыран сәндік үшін өсіріліп, ұлттық спорт ойындары ұлттық мерекелерде ғана көрсетілер көр­меге айналып барады. Біздің қазақы қазанаттарымыздың түрі өте көп еді. Біздің аттарымыздың геніндегі мықтылықты сез­гендіктен, кезінде сонау Еуропа, Америкаға дейін алып кеткен. Біздің жылқының мүмкіншілігі бүгінгі күні шетелден сатып әкелініп жатқан жылқылардан бірнеше есе артық. Негізі, шетелден әкелініп жатқан араб, ағылшын тұқымының жылқыларымен қазақы аттарды араластырудың қажеті жоқ. Біздің жылқыларымыздың мінезі, табиғаты ипподром көлеміне сыймайды. Мәселен, біздің жылқылар ойлы-шұңқыр­лы жерлер­мен алысқа шабуға үйренген. Олардың табиғи қалыптасқан мүмкін­ші­ліктерін шек­теудің қажеті жоқ. Осы орайда жарыстарды жеке өткізу қажет.
– Спорттық салаға маман дайындап отырған бірден-бір оқу орындарының бірісіздер. Алдағы өтетін қысқы Азия ойындарына сіздердің шәкірттеріңіз қатыса ма?
– Қазір іріктеу өтіп жатыр. Бізде арнайы шаңғы кафедрасы бар. Қысқы Азия ойын­дарына осы шаңғы кафедрасының түлек­тері қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ Азия ойындары алауын алып жүрушілер мен валон­терлердің де көбісі бізден деуге бола­ды.
– Медицина саласында жыл са­йын түрлі бағдарламалар қабыл­дап, халықтың денсаулығын сақ­тау­ға қыруар қаржы аударып жатамыз. Ал халықтың өз денсаулы­ғын сақ­тауы­на, шынығуына жағдай жасай алып отырмыз ба?
– Рас, Алматы қаласындағы фитнес клуб­тар мен жаттықтыру залдарының баға­сын кез келген адамның қалтасы көтере бермейді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмай­тын жол ізде» дегендей, ауыр­маудың бір жолы денешынықтыру екені рас. Алайда халқымыздың өз бетімен спортпен айналы­сып, денелерін шынық­тыруына, денсаулы­ғы мықты болуы үшін спортты жанына серік етуіне мүмкіндік бере алмай отырмыз. Осы орайда мем­лекетіміз халықтың әр тобына арналған қаланың әр бөлігінде жаттығу залдарын ашып қойса, әлдеқайда пайдалы болар еді. Бұл халықтың салауатты өмір салтын ұстануына үлкен көмек болары сөзсіз. Мемлекетіміз осындай салауатты­лықты насихаттайтын орындардың халыққа қолжетімділігін арттырса екен. Яғни медицина мен бұқаралық дене тәрбиесінің арасын жақындатқан жөн.
– Спортқа қабілетті жастарды іріктеу мәселесі қалай шешілуде?
– Шәкірттерді бейімділігіне қарай спорт­қа тарту — еліміздегі ең өзекті мәселе­лердің бірі. Баланың өз қалауына қарай қалаған спорт үйірмесіне жаздыра салу дұрыс емес. Баланың әр спорт түріне қарай өзінің икемі болады. Сол ескерілуі керек. Алайда мен спортта адасып жүрген бала­лар­ды жиі байқаймын. Дене бітімі жеңіл атлетикаға бейім балалар кейде бокста жүреді. Ол бокста 10-15 жыл жүріп, спорт шебері атанар, алайда олимпиадалық, әлемдік деңгейдегі спортшы бола алмайды. Ұлттық құрама сапында жүрген спортшы­ларымыздың ішінде бірлі-жарымы ғана өзінің табиғи бейіміне қарай спорт түрін тапқан. Қалғандары — кездейсоқ адасып келіп қалғандар. Бірақ лайықты спортшы болмағаннан кейін құрама сапына еніп кетеді де, әлемдік жарыстарға барып, 10-20-орындарды иемденіп, жүре береді. Оларды қаншама жаттықтырып, баптасаң да, одан жоғары көрсеткіш көрсете алмай­ды. Өйткені оның туабітті қабілеті таңдаған спорт түріне сай емес. Сондықтан дарынды, бейімді балаларды адаспай табу, іріктеу спорт мектептерінің, министрліктердің ең бірінші мақсаты болуы керек. Мұны арнайы мәселе ретінде көтеріп, министрлікке хат та жазғанмын. Тағы бір айта кетер жайт — елі­міз­дегі 300-ден астам спорт мектептерінің бастапқы дайындық топтарындағы оқу-жаттығу жұмыстарын басқаша жүргізуге эксперименттік жағдай туғызу керек. Бұрын Кеңес Одағы кезінде спортшыларды 250 миллион халықтың ішінен таңдап ала­тын. Ал қазір 16 миллион халықтың ішінен әлемдік дәрежеге алып шығар спортшыны таңдау қиын. Сондықтан спортшылары­мызды іріктеу әдісін өзгертуіміз керек. Спортшының деңгейін бірден анықтай­тындай ғылыми жобаға түсетін болсақ, да­рын­ды спортшыларды тауып, сапа мәсе­лесін көтеріп алар едік.
– Кейбір спорт түрлері әлі де болса қазақ баласына жат секілді. Жеңіл атлетика, мәнерлеп сырғанау секілді спорт түрлерінен қаракөз­дері­мізді кездестіру қиын. Неге?
– Ең алдымен, ата-аналарымыз өз бала­ларын аталмыш спорт түрлеріне ертіп апаруға құлықсыз деуге болады. Бұл – ата-аналардың кінәсі. Екіншіден, елімізде мұн­дай спорт түрлеріне баулитын, дайын­дай­тын арнайы жабдықталған орындар жоқ­тың қасы. 1930 жылғы ғылыми-зерт­теуде қазақ балаларының дене бітімі кейбір спорт түрлеріне сай емес деген тұжырым жасалған. Мысалы, 1937 жылы дене тәрбиесіне қатысты Қазақстанда 248 ма­ман болса, соның төртеуі ғана қазақ болған. Қазір де спортта жүрген қазақ ба­лаларының үлес саны аз. Оған жаттық­тырушы мен спорт­шылардан гөрі басқа факторлар кінәлі секілді.
– Әңгімеңізге рақмет.

Алашқа айтар датым...
Ауылдық жерлердегі балаларды дене тәрбиесі және спортқа бейімдеуге мемлекетіміздің мойын бұруы аса қажет. Ауылдық жерлерде дарынды балалар жетерлік. Кейде оқу ордамызға оқуға түсуге келген бойлары екі метрге жуық ұл-қыздарды кездестіремін. Олардың таңдаған спорт түрлері өздерінің қарым-қабілетіне сай емес болып жатады. Яғни оларды жас кезінен бастап өз қабілетіне сай мамандығына бағыттайтын мамандар ауылда жетіспейді. Егер оларға ертерек бағыт-бағдар сілтесек, еліміздегі олимпиада чемпиондарының саны әлдеқайда артар ма еді?!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста