Қазақты бейшара етіп көрсету экрандағы негізгі көрініске

Қазақты бейшара етіп көрсету экрандағы негізгі көрініске

Байғали Есенәлиев, әнші, актер, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері:

– Сізді білетін ел-жұрт «кезінде әзіл-қалжыңымен елді өзіне қаратып, гитарасын асынып ән шырқап жүрген әнші әрі актер Байғали Есенәлиев сахнадан мүлде көрінбей кетті» деп жүр. Өнерден алыстап кеткен жоқсыз ба осы? Әрине, кейбір кинолардан дубляж жасаған дауысыңызды естіп жүреміз...

– Рас, кейінгі кезде әнші, актер ретінде сахнадан көрінбей кеттім. Көптен бері телеарналардан берілетін фильмдерді дубляж жасаумен айналысып жүрмін. Соңғы уақыттарда жаңа киноларға түсіп жүрмін. Мұның өзі де қажырлы еңбек пен күш жұмсауды қажет етеді. Әрине, барлық өнерді бірден алып жүру мүмкін емес. Дегенмен ер адам өзін әр салада сын тезіне салып көргені дұрыс қой. Жалпы, шығармашылық өнер адамынан өзгеше ықылас пен қарым-қатынасты талап етеді. Талантың мен жұмысыңды тек ақша табудың көзі деп білу – қателік. Алдымен ішкі жан дүниенің сұранысын қанағаттандырып, рухани баюды ойлау керек.

– Дегенмен талантқа да материалдық қолдау қажет емес пе? Мысалы, сіз жалғыз өзіңіз бір фильмдегі 10-15 кейіпкердің дауысын салып, дубляж жасайсыз. Бұл еңбегіңіз қаншалықты ақталып жүр?

– Қазір бір ғана дауыспен еркектің де, әйелдің де, шалдың да, баланың да дауысын салып жүрміз. Бұл – біздегі қазақтілді дубляждың дүмшелігі. Бір оқпен екі емес, бірнеше қоян атуға машықтанған телеарналар осылайша ақша үнемдегілері келеді. Кезінде осы шаруамен айналысып жүрген бес адам бас қосып, «Хабар» арнасының сол кездегі басшы ханымына осы аударма жайын қозғап, арнайы хат жазған болатынбыз. Онда мемлекеттік тілге аударылатын фильмдердің сапасы мен оны дыбыстаудағы проблемаларға баса назар аудару керек екендігі айтылған еді. Біз осы мәселелерді талқыға сала отырып, қазақ тіліне аударылған кино өнімдерінде әр кейіпкердің дауысы олардың жасы мен жынысына лайық дубляждалса деген ойды айтып едік. Мұндағы мақсат – қазақ көрерменіне талғамды да сапалы дүние ұсыну болды. Әйтсе де бұл әрекетімізден түк шықпады. «Есесіне Серік Жармұхамедов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Раиса Мұхамедиярова, Қымбат Тілеуова және мен – Байғали Есенәлиев біраз уақытқа дейін көп игіліктерден тысқары қалдық. Себебі мұнай әңгімелер жоғарыға жақпайтын көрінеді. Мәселе – ақшада емес, бірақ бүгінде бір ғана адам аз-маз тиын-тебенге бірнеше жұмысты қатар атқаруына мәжбүр. Бұл адамның адал еңбегін қанау емес пе?! Бұл үрдіс қоғамның барлық саласын меңдеп алды ғой қазір...

– Әркімнің дауысын саламын деп өзіңіздің дауысыңызды жоғалтып алған жоқсыз ба? Әнші ретінде үлкен сахнаға шықпайсыз ба дегенім ғой...

– Үлкен сахнаға шығып ән айту үшін, экраннан жарқылдап жиі көріну үшін, жалпы, жұрттың ықылас-назарын аударту үшін талантпен қоса шексіз еңбек керек. Олай болмаған күнде халықтан ажырай бересің. Мені қойшы, мысалы, бүгінгі тыңдарман Бекболат Тілеуханды сағынатын сияқты. Қазір өзі өнер адамдары саясатқа, саясаттағы адамдар өнерге ойысып жатқан түсініксіз заман ғой. Мен әншіліктен гөрі актерлігіме ден қоюға тырысам. Бірақ әншіліктен ажырап кеттім дей алмаймын. Қайда барсам да домбырам мен гитарамды алып жүремін. Мен кейбіреулер сияқты үлкен сахна төрінен орын сұрап, атақ пен сыйлық дәметіп, ешкімнің алдына барған емеспін. Белгілі бір нәрсеге қол жеткізу үшін лауазымды кісілерге адам салып, телефонмен мәселе шешкен емеспін. Осы күнге дейін қандай да бір биіктен көрінсем, ол – ең алдымен, бір Алланың арқасы!

Өнер әлемі бүгінде басқа заңдармен өмір сүреді. Бүгінде әр әнші продюсеріне сүйенеді. Ал әлгі продюсеріңіз әншіні тауар ретінде тиісті жерлерге ұсынады, яғни делдалдық қызмет атқарады. Ортасынан өзі де пайда табады. Бұл заман талабы шығар, бірақ осының өзін біз дұрыс игере алмай келеміз.

– Өзіңіз продюсер көмегіне жүгінбейсіз бе?

– Осыдан екі-үш жыл бұрын маған бір қыз телефон шалып: «Аға, сізге продюсер болсам қайтеді?»– деді. Сосын мен күлдім де, «шырағым, мен әнші емеспін ғой. Маған продюсер болу арқылы көп пайда таппайсың, күніңді көре алмай қаласың. Сен одан да нағыз әншілермен жұмыс істе» дедім. Бірақ Рамазан Стамғазиев сияқты мықты әншілерге продюсер қажет емес. Ондай таланттардың ән әлемінде онсыз да орны бар. «Жақсы дүние жарнаманы қажет етпейді». Дегенмен күніне екі-үш жерде өнер көрсететін, гастрольдік сапарларға жиі шығатын, жан-жақтан көп шақыртулар алатын жекелеген әншілерге немесе топтарға продюсер керек-ақ. Өйткені концерттер мен кездесулердің кестесін сол жасап, келіссөздерді сол жүргізеді ғой. Бұл әншіге де жеңіл.

Алайда продюсерліктің де жөні бар. Кезінде атағы жер жарған «Сары Әулие» атанған кісінің: «Ойбай, құдіретіңе сыйындық, құтқарушым, әулием!» – деп жер-жерді аралап айқайлап жүретін продюсерлерін, жалдамалы жалған актерлерін де көрдік қой. Бұл бизнестің құрығына да қаншама адам ілінді. Содан жазылып кеткен біреу бар ма?

– Жақында сіз актер емес, автор ретінде бір драмалық шығарма жазып бітірді деп естідік. Оның кейіпкерін де өзіңіз сомдайсыз ба?

– Өнерде жүргеннен кейін ептеп қалам ұстайтынымыз бар. Таяуда ғана Мұхаммед Хайдар Дулати туралы драмалық тарихи пьеса жазып бітірдім. Осы пьесаны жазу барысында Әбсаттар Дербісәлі, Уәлихан Бішімбаев, Мүсілім Дайырбеков, Ислам Жеменей сынды қабырғалы қаламгерлер, ғалым ағаларымнан ақыл-кеңес алып тұрдым. Бұл шығарма Әскер Құлданов деген режиссердің жұмысы арқылы Шымкент театрында сахналануға әзірлену үстінде. Келесі айдың басында премьерасы болады деп отырмыз.

– Әдетте белгілі бір образды ғана сомдайтын актерлер болады. Байқауымызша, сіздің кейпіңіз комедия актеріне келетін сияқты. Бірақ сізді бұл рольде көрген емеспіз...

– Біраздан бері «Хабар» арнасы қолға ала бастаған «Жаңа қала аңызы» атты фильмге түсіп жүрмін. Осы уақытқа дейін көптеген киноларға түстім ғой. Әттең, режиссерлер менің шын актерлік амплуамды көрмей жүр. Кино мамандары менің болмыс-бітімімнен мақтаншақ адамның, бастықтың, депутаттың, керек десеңіз, қылмыскердің, жауыздың образын көріп тұрады. Олар солай таңдап алған соң, амалсыз сол рольдерді ойнап шығуға тура келеді. Осыдан кейін кейде мен өзімді-өзім сомдаған кейіпкерлерім сияқты соншалықты таяз сезінетін кездерім де болады. Ал менің стихиям комедия жанрында болуға тиіс еді. Қайта сіздер дұрыс байқағансыздар. Бірақ әзірге ондай роль ұсыныла қойған жоқ.

– Былайғы жұрт қазақ киносы жайлы өткір сындарды жиі айтады. Ал сол киноның ішінде жүрген сіз не дейсіз?

– «Халық айтса, қалып айтпайды». Біз қазір өз киномызды өзіміз көруден қалдық. Себебі қазақты бейшара етіп көрсету экрандағы негізгі көрініске айналып кетті. Мұны бастаған өздерін «Новая волна» кинематографистеріміз деп есептейтін режиссерсымақтар. Оларға қазақтілді кәсіби актердің қажеті жоқ. Өйткені мамандар оларға ақыл айтады, істеп жатқандарының олқы тұстарын көзге шұқып көрсетеді. Бұлар ешкімнің ақылын тыңдамайды. Керек адамдарын көшеден-ақ жинап алып бірдеңелерді түсіре береді. Олар біздің «Алтын қорымыздағы» классикалық киноларымызды іске алғысыз, жадағай дүние деп бағалаудан тайынбайды.

Басқасын айтпағанның өзінде, қалың бір елдің санасына күшті әсер ете алатын кино саласы әбден орыстанып кеткен. Мен ойнап жүрген фильмдердің барлығы орысша түсірілген. Бірақ өз басым анайы, сорақы киноларға түспеймін. Қалай болған күнде де, қазақ режиссерлерінің өзі сол баяғы орыс тілге жүгінуге мәжбүр. Олардың айтуынша, киноның, әсіресе техникалық мамандары – өзге ұлт өкілінен. Сондықтан да орысша ойлап, негізі қаланған дүние қазақтың санасына кері әсер береді.

– Бұдан құтылудың нақты жолдарын ұсына аласыз ба?

– Менің ұсынысыммен қоғам өзгеріп кетсе жақсы ғой (күлді). Қазір қарап отырсаңыз газет-журнал, телеарналар мен радиолар, интернет, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары мен түрлі мекемелердің басым көпшілігі орыс тілінде сөйлеп тұр. Осыдан кейін балаңа қалай ана тіліңді ұмытпа деп айта аласың? Бұл саяси-әлеуметтік жағдай емес, бұл – қоғамды терең жайлап алған дерт. Бұдан арылу үшін ұлтты алдымен оятатын, сосын ұйытатын мықты идеология қажет және әр қазақ қазақ боп туылғанын мақтан етуі тиіс. Рухты шыңдайтын насихат әңгімелер әр қазақтың отбасында айтылуы керек.

– Осы сөздеріңізді өз мысалыңызбен дәлелдей кетсеңіз...

– Бірде балаларым «Папа, ұшатын аттарды, темір адамдарды көрсетіп жатыр. Бәрі мықты сиқыршы, қолдарынан бәрі келеді» деп мені сүйрелеп әкеп теледидардың алдына отырғызып қойды. Әлгілерді көріп жаным түршігіп кетті. Құдай-ау, осындайды да балаға көрсетуге бола ма? Содан біраз күн өткеннен кейін балаларыма қазақ батырлары туралы жазылған бірнеше кітаптар әкеп бердім. Сосын күнде осы кітаптардың суреттерін көрсетіп мазмұнын әңгімелеп айтып жүрдім. Кейін олар өздері-ақ ұмтылып оқитын болды. Осылайша қазақ батырларының шынайы өмірде болғандығын айтып, олардың өмірде жоқ жасанды терминаторлардан да күшті екенін дәлелдеуге тырыстым. Демек, баланы «оятуға» болады... Бірақ үйдегі жағдайды реттегеніңмен сырттағы жағдай мүлде бөлек. Орыстанған қоғамның әсері бәрібір күшті.

– Неге олай деп ойлайсыз? Біз соншалықты тығырыққа тіреліп тұрмаған сияқтымыз...

– Жалпы, жағдайды алғанда жаман емес, бірақ біз кішкентай нәрселерге мән бермейміз. Қажет десеңіз, бүгінгі қазақтың баласы ойнайтын ұлттық нақыштағы өз ойыншығы да жоқ. Оның үстіне компьютерге иек артқан қоғам көркем кітаптың бетін күнде аша бермейді. Бүлдіршіндерімізді шетелдік мультфильмдер мен кинолардағы, компьютер  ойындарындағы құбыжық кейіпкерлер тәрбиелеуде. Міне, мұндай сұмдықтардың әлі қаншасы миллиондаған ұрпақтың миын айналдыратынын кім есептеп көріпті? Жаңа заман тудырған дертті дүниелер мен құбылыстардан қорғанатын бізде ұлттық иммунитет қалыптаспаған.

– Ел азаматы ретінде, өнер адамы ретінде сіз бізге біраз ойыңызды айтқан сияқтысыз. Дегенмен көкейіңізде «мынаны айтсам...» деген тағы қандай ойыңыз бар?

– Қазақтың жерінде ешбір ұлттың түсіне кірмеген қаншама ұлы байлықтар жатыр?! Ата-бабалырымыз бізге жер астындағы қазба байлықтарды ғана қалдырып кеткен жоқ. Ол да бір күні сарқылар. Бірақ олардан бізге қаншама рухани байлық қалды?! Ең болмаса, соның игілігін көріп, дұрыс игере алмай жатырмыз. Оның үстіне бүгінгі қоғамды жемқорлық әбден басып алған. Соның кесірінен көптеген саланың жұмысы алға баспай отыр. Ең сорақысы, мұнымен мәдениет пен өнер саласы, жалпы руханият әлемі де ауырып тұр. Осы тұста біз көп нәрсені жоғалтып алдық. Мұнымен қоймай, біз жоғалтып алған дүниемізді белестен, белден асып, ұзап кеткеннен кейін ғана қуалаймыз. Алысырақ кеткен нәрсенің соңына түсу үшін көп шығын кетеді ғой. Сол сияқты біздің кейбір пысықайлар алыстағыны қайырып әкелу үшін мемлекет қоржынынан әжептәуір ақша сұрап алады. Сосын тағы сұрайды. Бір емес, бірнеше белге жететін қаржы сұрайды. Себебі әлгі қашып кеткен нәрсе оңайлықпен ұстатпайды екен. Әрине, жоғын түгендеу жолында мемлекет аянбайды. Тағы ақша береді. Жемқорлар оны қалтасына баса береді, баса береді, ал қашқан нәрсе қаша береді, қаша береді...

– Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым!
Негізгі бөлігін орыстілділер құрайтын қазақ киносының жаңа толқын өкілдері өткенді өшіру арқылы өздерінше тың дүние жасағылары келеді. Бірақ солардың түсіргендерін мәңгүрт қазақтар түсініп көреді. Ең сорақысы, осындай теріс пиғылды дүниелер шетел асып, ұлтымыз туралы дұрыс түсініктің қалыптаспауына әкеп соғуда. Мұнымен қоймай өзімізді өзгеге масқаралаған киноларымыз «шетелде беделді сыйлыққа ие болып, жүлде алыпты» деп қуанып жатамыз. Бұл мақтанатын нәрсе емес. Дәл қазіргі кезеңде бізге қазақы рухымызды көтеретін дүниелер аса қажет. Әрине, өмірге сын көзбен қарауымыз керек. Десек те туған ұлтын кемсітуге ешкімнің қақысы жоқ! Болмашы жыртығымызға күліп, сүрінгенімізді жығылғандай етіп, сәл қисайғанымызды құлағандай етіп көрсеткеннен не ұтамыз? Бұл – бүкіл қазақ көрермендерінің жанайқайы. Басқа – басқа ұлттық өнердің бұлай беталды кетуіне тосқауыл керек. Бұлай болмаған күнде біз идеологиялық майданда жеңіліске ұшыраймыз. Бүгінгі қазақта айналасына сенімсіздікпен қарау басым. Себебі біз ғана «қазақ десең өзіңе тиеді», «қазақтың қолынан түк келмейді», «көнбіс халықпыз ғой, баяғы» деп өзімізді-өзіміз кемсітіп сөйлейміз. Ал ұрпақ бірін-бірі батыр деумен ғана өседі.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста