Қару-жарақтың – 50, әскери техниканың 70 пайызы мүлде ескірген

Қару-жарақтың – 50, әскери техниканың 70 пайызы мүлде ескірген

Әмірбек ТӨГІСОВ, генерал-майор, әскери сарапшы: – Елімізді соңғы үлгідегі, сапалы қару-жарақпен қамтамасыз ету мәселесі жиі сынға ұшырап жатады. Кезінде еліміздің қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарған маман ретінде сіздің пікіріңізді де білгіміз келеді.

– Елімізді соңғы үлгідегі, сапалы қару-жарақпен қамтамасыз ету мәселесі жиі сынға ұшырап жатады. Кезінде еліміздің қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарған маман ретінде сіздің пікіріңізді де білгіміз келеді.

– Қазіргі геосаяси ахуал, әлемнің әр жерінде аяқасты лап етіп жанып жатқан соғыс өрті біздің мемлекеттің де ұлттық қауіпсіздікті барынша нығайта түсіп, оған мейлінше сергек қарауын қажет етеді. Жасыратыны жоқ, көпшілік жұртшылықты «біздің елдің Қарулы күштері елімізді, жерімізді жаудан қорғауға дайын ба» деген сауал мазаламай қоймайды. Әрине, бұған қандай да бір жауап қайыру қиындау. Дегенмен мына мәселеге назар аудартқым келеді. Мысалы, Қазақстанның Қарулы күштері 70 мың адаммен жасақталған. Ал территориясы жағынан Қазақстанмен салыстырғанда неше есеге аз және сұқ көзге көп түсе бермейтін Белоруссияның әскері – 80 мың. Белоруссия халқы жағынан да бізден аз, яғни он миллиондай болуы керек. Осыдан қандай да бір қорытынды шығаруға болады деп ойлаймын.

Жалпы айтсам, бұрынғы КСРО елдерінің қай-қайсысы үшін де әскерін сапалы техникамен жабдықтау үлкен проблемаға айналып отыр. Ал КСРО-дан «мұраға» қалған техникалардың тозығы жеткен, тіпті жарамсыз десем де, оған ешкім дау айтпас.
Мәселен, біздің елдегі танкілер саны шамамен 900-ге жуықтаса, оның 30 пайызы – Т-62, 70 пайызы – Т-72. Яғни бұл маркідегі танкілер пайдалану мерзімі өтіп бара жатқан техниканың қатарына жатады. Ал соңғы үлгідегі танкілер біздің Қарулы күштер қатарында мүлде жоқ. Мотоатқыш бөлімдерді БТР-мен, БМП-пен жабдықтауда да дәл осындай жағдай орын алып отыр. Қарулы күштерде БМП-1-2 маркідегі бар-жоғы 500 техника ғана бар. Осы тұста айта кетейін, Ресей қазір озық техникаға, яғни БМП-3-ке қол жеткізіп отыр. Әуе қорғанысы күштерінің де ахуалы сын көтермейді. Мысалы, аз мөлшердегі жойғыш МИГ-25, шабуылдаушы СУ-25, бомбалаушы СУ-24 сияқты мотоқорларымыз да пайдалануға қауіпті.

Тікұшақтарымызды да ұшыруға тыйым салу керек. Өйткені бізде тіпті әскери техникаларды жөндеуден өткізетін базалар да жоқ. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерін техникамен жабдықтау өте төмен деңгейде. Айта берсе, әскери техникада сау дүние қалмағандығына көз жеткізуге болады.

Негізі, әскери заңның талабы бойынша, Қарулы күштер жыл сайын он пайыз шамасында сапалы әрі соңғы үлгідегі техникамен жаңартылып отыруы тиіс. Қазіргі кезде қару-жарақтың – 50, әскери техниканың 70 пайызы мүлде ескірген және пайдалануға жатпайды. Бір сөзбен айтқанда, олар елді, жерді қорғауда қауқарсыз.

Дәл қазіргі кезде Ресей Қарулы күштерінің әлеуеті жағынан бізбен салыстырғанда, көш ілгері. Соның өзінде Американың танымал әскери сарапшысы С.Бланк Ресей туралы былай дейді: «ресейлік әскер жаңа заманға сай қандай да бір әскери іс-қимылдарға дайын емес. Олардың генералдары бұл тұрғыда көп нәрседен тіптен хабарсыз. Әскери-теория жағынан да әлдеқашан артта қалған». Егер Қарулы күштерін «ренжітпеуге» тырысып жүрген Ресейдің өзі осындай сынға ұшырап жатса, Қазақстан туралы не айтуға болады?

Міне, ащы болса да, шындық – осы.

– Сонда сіздің ойыңызша, кедергі қайдан?

– Бар себеп – біздің елде әскери-ғылыми зерттеу институты жұмыс істемейді. Сондай-ақ отандық тауарлар шығарумен айналысатын зауыттар да жоқ. Барымызды баяғыда талан-таражға салып, құртып тындық. Негізі, КСРО тарағанда біздің еншімізге өте мықты әскери кәсіпорындар қалған еді. Атап айтсам, Алматыдағы, Петропавловскідегі, Оралдағы, Степногорскідегі және Курчатовтағы әскери өндіріс орындары. Осыларды сақтап қалғанда әскеріміз дәл қазіргідей бейшара күй кешпес еді.

Біле білсеңіздер, КСРО кезінде Қазақстанда әлемде ең күшті саналған теңіз торпедалары жасалған.

Менің пікірімді білгілеріңіз келсе, қазіргі әскери стратегиялық жаттығулар деп жүргендерінің барлығы мен үшін тек көз үшін ғана. Біздің ел дәл қазіргі дайындығымен «Буря в пустыне», «Лис в пустыне» және «Шок и трепет» сияқты ауқымды әрі жоғары технологиялық әскери операцияларға төтеп бере алмайды.

– Кейбір сарапшылар «біздің ел қару-жарақ сатып алуда өрескел қателіктерге жол беріп жатады» дейді, яғни әскери техника сатып алуда бірнеше елдің қолтаңбасы қалатындығын сынға алады.

– Дұрыс айтады. Ондай сынға мен де қосыламын. Біз әскери техникамен қамтамасыз етуде, ең алдымен, серіктес таңдай білуіміз керек. Мысалы, бізге ең жақын орналасқан Ресей мен Қытайды алайық. Өзбекстанды айтпай-ақ қояйын. Бұл тұрғыда Өзбекстан тым артта қалған. Ең ұтымдысы, Ресеймен бірігу керек болып тұр. Ал Қытай әзірге даму үстінде.

Кез келген ел қару-жарақ сатып алғанда, тәуелсіздігіне нұқсан келтірмеуге тырысады. Мәселен, екі-үш, болмаса төрт елмен бірлессек, қару-жарақпен қамтамасыз етуде төрт елге тәуелді боламыз. Анау бір кездегі Израильден сатып алынған қару-жараққа қатысты даулы істі алайық, сол кезде араға Израиль, Ресей, АҚШ кірігіп кеткен. Техниканы сатып алуда қанша елдің аты аталса, проблема да соншалықты шиеленісе түседі. Сондықтан да, әскери техника сатып алуда әрі сақ, әрі саяқ жүрген абзал. Ал ең дұрысы, жоғарыда айтқанымдай, өз еліміздегі зауыттарды қалпына келтіріп, қару-жарақты өзімізде шығарған жөн.

– Соңғы кездері қару-жарақ қоймалары жиі өртенетін болды. Осы тұрғыда не айтар едіңіз?

– Бұл мәселе мені де көп ойландырып жүр. Мен бұл тұрғыда екі себепті атар едім. Біріншісі – қоймалар тым ескірген. Дабыл жүйелері істен шығудың алдында тұр. Барлығы сонау КСРО кезінен қалған. Екінші бір себеп – есеп жоқ. Анау бір тоқырау жылдары қоймада қанша қару-жарақ бар екендігіне жан-жақты тексеру жүргізілмеген. Заңсыз сатылып кеткендері қаншама. Естеріңізде болса, 90-жылдары түрлі-түсті металл жоғары бағаланды. Сол кездері құрамында бағалы металл бар снарядтардың қолды болғанына күмәнім жоқ.

Міне, осындай келеңсіз жағдайлар әйтеуір біреулердің жауапкершілігіне жүктелетін болғандықтан, олар тықыр таянғанын сезіп, амал жоқ, өртке жол береді. Мұндайда басын арашалап қалудың ең тиімді жолы – осы.

Бұрындары қару-жарақ қоймасын күзететіндер іріктеліп алынатын. Және де арнайы дайындықтан өтетін. Ол – ол ма, қоймада жұмыс істейтіндердің барлығын барлаушылар қатаң бақылауға алатын. Олардың ең негізгі міндеті – осы қару-жарақ қоймасын қатаң бақылап, оның талан-таражға түспеуін қадағалау болатын. Қазір осы тізгінді босаңсытып алдық. Өкінішке қарай, біздің барлаушылар мүлде басқа шаруалармен айналысып кетті.

Қоймалардағы барлық қару-жарақтарға жан-жақты есеп жүргізіп, дабыл жүйелерін түгелімен жаңарту керек. Міне, сол кезде төтенше жағдайлар өздігінен күрт тоқтамаса, не қыл дейсіз?

– Биылғы бюджеттен бөлінген қаржы өткен жылғымен салыстырғанда біршама төмендепті. Қазір Орталық Азияда түрлі толқулар жүріп жатыр. Алда-жалда қауіп төнсе, әскери салаға бөлінген қаржы аздық етпей ме?

– Әрине, аздық етеді. Доллармен шаққанда, Украина Қарулы күштер саласына жылына – 2,6 миллиард, Әзірбайжан – 2,4 миллиард, Грузия – 1,2 миллиард, ал Қазақстан мен Өзбекстан 0,9 миллиард доллар бөлген-ді. Былайша айтқанда, біздің елдің Қорғаныс министрлігінің бюджеті Қарулы күштерді сапалы әскери техникамен қамтамасыз етуге және осы саланы жетілдіруге жетпейді.

– Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясында Мәскеуде өткен саммитте жедел әскери бөлімдер құрылды. Осы қаншалықты тиімді?

– Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы соған мүше елдердің ұлттық қауіпсіздігін қорғау негізінде құрылған. Оған, негізінен, кейбір бұрынғы КСРО елдері кіреді. Қазақстан одан еш зиян шекпейді. Осы тұста айта кетейін, егер аталған ұйымдағы барлық он бес мың адамның сегіз мыңы Ресейден болса, бесеуі Қазақстанның тарапынан, ал қалғандары өзге елдердің үлесінен. Демек, бұл арадағы негізгі күш Ресей мен Қазақстаннан болып отыр. Былайша айтқанда, біздің ел Ресейден кейінгі шешуші орында тұр.

Негізі, келісімшартта жедел әскери бөлімдер қандай жағдайда әрекет ететіндігі нақты көрсетілген. Сондай-ақ олардың қай кезде, қандай жағдайда күш көрсететіні әр елдің Парламентінің келісімімен ғана жүзеге асады. Ондай болса, жедел әскери бөлімдер қызметінен ешқандай қауіп жоқ.

Оның үстіне, бұл біздің Ата  Заңымызға қайшы емес, біздің елдің мүддесіне нұқсан келтірмейді.

– Кәсіби  әскери    флотымыздың Батыстағы байлығымызды қорғауға мүмкіндігі жете ме? Орал қаласында шығарылып жатқан кемелер шағын, әрі ұшқыр емес деп жатады. Сіз қалай ойлайсыз?

– Қазақстан – Каспий теңізі жағалауында әскери-теңіз күштері мен су шекарасы қорғанысын жасаған ең алғашқы ел. Алайда дәл қазіргі кезде теңіз шекарасының қауіпсіздігіне еш сенім артуға болмайды. Бұл, өз кезегінде алаңдаушылық туғызбай қоймайды. Неге? Себебі қолданыстағы суығыстырғыштығы 150 тонна болатын күзет кемесімен біз алысқа бара алмаймыз. 20-40 миллиметрлік зеңбіректермен біз тек контрабандамен және браконьерлермен ғана күресе аламыз. Тек суығыстырғыштығы 500 тоннаға жететін кемеге қол жеткізгенде ғана қандай да бір қауіпсіздік туралы айтуға болады. Ал біздің Оралдағы зауыт суығыстырғыштығы 300 тонналық кеме ғана шығара алады.

– Әскери маман ретінде Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қатер бар-жоғын айта кетсеңіз?

– Байбалам салып отыр демеңіздер, бірақ қауіп-қатер шынымен де бар. Дәл қазір арқаны кеңге салатын кез емес. Ұлттық қауіпсіздігімізге, егемендігімізге, аймақтық тұтастығымызға және шекарамыздың беріктігіне аса қырағы болуымыз керек.
Сыртқы қауіпке қатысты айтсам: біріншіден, алдағы 20 жылда Қазақстан Ресей, АҚШ, Қытай, Иран және Түркия сияқты елдердің саяси, экономикалық және әскери мүдделерімен геосаяси жағдайда жиі тоқайласатын болады. Мұндай қоян-қолтық араласу Қазақстанның қауіпсіздігіне әсер етпей қоймайды. Сондай-ақ Ауғанстандағы, Пәкістандағы, Ирандағы және Ирактағы азаматтық соғыстардан да бізге ызғар есуі әбден мүмкін. Екіншіден, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанмен шекарамыз ашық-шашық жатыр, оны мойындауымыз керек. Мұндай бейқамдық та шекаралас елдер арасында қақтығыс туғызуы мүмкін. Оның үстіне Қазақстанның Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ресеймен жаңа шекараның құқықтық келісімшарты біржақты шешілмеген, яғни шекара декларациясына әлі нүкте қойылған жоқ.

Үшіншіден, Каспий теңізінің батыс жақ шекарасына қатысты бес ел арасындағы дау әлі жалғасуда. «Қара алтын» қақтығысы қарумен қорғануға себеп болуы ғажап емес, яғни осы мәселе аймақтық тұрақтылыққа нұқсан келтіре ме деген үрейім бар.

Төртіншіден, Әмудария мен Сырдария сияқты трансшекаралық өзендер тартылып, оның төңірегінде талас-тартыс айқын сезілуде. Біздің ел үшін ауызсу тапшы болып отыр. Біз, негізінен, кейініректе Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстан сияқты су қоры орасан елдерге тәуелді боламыз. Сонымен қатар судан туындайтын проблема Қазақстан мен Қытай арасында да орын алуы мүмкін. Бұл жерде мен Ертіс пен Іле өзендерінің су қорына қатысты айтып отырмын. Егер америкалық сарапшылардың болжамдарына сенсек, суға талас бірер жылдан кейін, яғни 2015 жылы басталады-мыс.

Енді ішке төнген қауіп-қатерге келейік: ұлттық қауіпсіздігімізге, әсіресе экономикалық және саяси ахуалға іштен де қауіп жоқ емес.

Бұл арада ұлттық қауіпсіздігіміздің экономикалық аспектілеріне тоқтала кетсем, артық болмас.

Жекешелендіру кезінде араны ашылып кеткендер тойымсыздық танытты. Сол жылдары, тіпті еліміздің экономикалық стратегиялық нысандары да саудаға түсті. Нақтырақ айтсам, көмірсутегі қоры, минералдар, қорғаныс өнеркәсіптері, энергожүйеміз, жүйелік құрылымдық базалық экономикалық кешендер мен инфроқұрылымдар. Аса ірі көлемде пайда әкелетін стратегиялық нысандардың жеке қолға өтулері ұлттық қауіпсіздікті ескермеу болып саналады емес пе?..

Осы тұста айта кетейін, мемлекетті сақтап қалу үшін ұлттық байлықтың 60 пайызын өз еншісінде қалдыру керек екен. Мұны әлемдік экономист-сарапшылар терең әрі жан-жақты зерттеу жұмыстарының нәтижесіне жүгініп айтқан. Ғалымдар қазір «ұлттық қауіпсіздікті сақтап қалу үшін «еркін нарық» пен «экономикалық күштің еркін ойынынан» бас тарту керек» дейді. Және бұл тұжырымдарын дәлелдеп берді де.

Алашқа айтар датым...
Адамзат баласының Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бейбітшілік орнайды деген үміті ақталмады. Тек соңғы он жылдың ішінде жүзден аса қарулы қақтығыс орын алыпты. Оған Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан елдерден неше есе артық, яғни 90 мемлекет қатысқан. Осы соғыстарда он миллионға жуық адам қаза тапқан. Қазіргі кезде жер бетіндегі елдердің бір бөлігі қару кезенуге дайындық үстінде. Негізі, ғалымдар айтқандай, соғыс – мәңгілік құбылыс. Сондықтан да «соғыс әйтеуір бір тоқтайды» деген үміттің алдамшы екендігін мойындау керек. Демек, қай ел болсын, мейлі өзінің ұлттық қауіпсіздігін барынша нығайтып, шекарасына бекем болулары тиіс. Бізге де бейқам отыруға әсте болмайды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста