Отанының ұлы болған басқа елдің құлы болмайды

Отанының ұлы болған басқа елдің құлы болмайды

Бақытжан ЕРТАЕВ, Мәжіліс депутаты, генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы:

– Бақытжан Ертайұлы, сіздің ғұ­мырыңыз әскери тіршілікпен әрленген. Батырсыз, Халық Қаһарманысыз. Сон­дықтан да генерал болуды армандайтын жастар үшін сіздің өмір жолыңыз үлкен өнеге деп ойлаймыз. Жауапкершілікті талап ететін, қызығы мен қиындығы қатар жүретін әскери жолыңыз туралы айтып берсеңіз?
– Кейбір әріптестерім «жастайымнан әскери болғым келді» деп жиі айтып жатады. Осы салаға ерте бастан аңсары ауғандар шынымен бар. Алайда менің бала күнімде ондай сезім де, ой да болған емес. Бірақ тағдырдың айдағанынан басқа ешқайда кете алмайды екенсің. Әрбір адамның өз маң­дайына жазылған ерекше тағдыры бар. Ме­нің де тағдыр-талайым – ешкімге ұқса­майтын өзгеше бір әлем. Алақандай ғана ауыл мені өсірді, адам етті. Әкемнен дүние есігін ашқан 8 айымда айырылып, жетім қалдым. Әйтсе де ауылдың арқасында әкесіздікті білмей, жетімдік тауқыметін соншалықты сезбей өстім. Анамның алақанын, ел-жұрттағы ақса­қалдардың тәрбиесін еш ұмытқан емеспін. Әкеміз өңірге сыйлы жан болған. Сондықтан болуы керек, жасымнан «өскенде әкем құсап колхоз бастығы» болам деп ойлайтынмын. Алайда тағдыр маған өзгеше жолды нұсқады. Жұрт қатарлы қалаған институтқа түсу үшін жағдайым келмеді. Дегенмен әскер сала­сында «киімің тегін, тамағың тоқ» деген соң, жалғыз анама салмақ келтірмейтін жол осы екен деген тілеумен, бір күннің ішінде ғана ешкімге тіс жармастан құжаттарымды алып, 1969 жылы Ташкент қаласына тарттым. Сонда бірден оқуға түстім. Бастапқыда оның да өз қиыншылықтары болды. Кейіннен Алматыда Орталық Азия окуругі құрылып, өзіміздің әскери училище ашылды, соның екінші курсына ауыстым. Осыдан әскери ғұмырым басталды.
Дегенмен әскери болғым келмесе де, бұл сала маған жат емес еді. Сондықтан болар, қатаң тәртіпке де, жауапкершілікке де тез көндіктім. Маған жат болмайтын себебі – қаным қазақ болған соң, намысты қашанда ту ететінмін. Батыр Баукеңнің ауылында туып-өскендіктен, сондай батыр болсақ деген зор арман көкейде әр кез тұрды. Баукеңмен мақтанып, соған ұқсасақ, әскери тәртіптілігі жағынан ғана емес, халқының алдындағы азаматтылығы жағынан да сол деңгейден көрінсек деп жүретінбіз. Сөйтіп, намыстың, рух пен Баукең тәлімінің тартуы арқасында өзімізді қамшылап оқыдық. Оны бітірген соң әскери қызметке етене араласып та кеттік.
– Ауған соғысындағы оқ пен оттың арасындағы өміріңіз де – жастар үшін өнеге. Бұл соғыс жайында не айтар едіңіз?
– Әскер қатарында жүргенде соғысты көремін деп еш ойламаған екенмін. Бұл да – сол тағдырдың жазуы. Соғыстың басталу, шығу тарихы әрқилы болғанымен, оның табиғаты бір ғой. Кез келген соғыс шығыннан тұрады. Ендеше, соғыстағы командирдің бар тілегі – шығынның мейлінше аз болуы. Ауғанстанда тау шатқалдарын қиялай кесетін Онар өзенінің жанында біздің батальон орналасты. Сол батальонға аға лейтенант шенінде жүріп-ақ командир болдым. Негізі, көбінесе майор, подпол­ковниктер комбат болушы еді. Алайда маршал Соколов таулы аймақтағы әскери іс-қимыл­дарыма қарап, ұсынған тактика түрлерін ұнатып, оны жоғары бағалады. Батальонды басқаруды аға лейтенантқа бұйырғаны да сондықтан болатын.
Жалпы, Ауған соғысының тарихы да, табиғаты да өзгеше. Себебі ондағы әрбір сарбаздың елі, туған жері еш алаңсыз өмір кешіп, қатар құрбылары аунап-қунап, кейбірі отбасын құрып, той-томалақ жасап жатқан тұста ауған шатқалын асқандар оқ пен оттың, өлім мен өмірдің арпалысында күн кешті. Оның үстіне, біз соғысқан елдің суы да, тасы да, топырағы да біздікі емес, жат жұрттікі болатын. Туған жерден жырақта соғысқан сарбаздар ең құрығанда Отанына тірі орала ма, жоқ па, соны да білмейтін ең ауыр халді бастан кешкен еді. Дегенмен Ауған соғысына қатысушылар еш жасыған емес. Өйткені олардың өздері соғысты тілемесе де, Отан алдында берген анттары бар болатын. Сондықтан батальонды басқаруда жігіттерді ұдайы жігерлендіріп тұруға тура келді.
– Ауған соғысы жайындағы естеліктен ұрыстағы ептілігіңіз, жеке-дара ерлігіңіз арқылы сан рет көзге түскеніңізді білеміз. Жалпы, ұрыста қандай қатаң қағидатты ұстандыңыз?
– Жоғарыда айтқанымдай, соғыста шығынның мейлінше аз болуы тиістігін ой­ладым. Сол үшін, ең алдымен, бізге жергілікті жұртпен достық қарым-қатынаста болу ауадай қажет еді. Осыны басшылыққа алып, сарбаздарға бірінші талап ретінде ауған жұртының дінін, ділін, тарихын сыйлауды үйреттім. Мұның нәтижесі де жаман болған жоқ. Кейіннен 1982 жылы «Комсомольская правда» газетінің тілшісі Снегирев бұл жайын­да жазды. Біздің батальон жақынырақ орналасқан ауыл маңында жүріп, бір жолы абайсызда танкімен мешіттің бір шетін қиратып кетті. Содан жергілікті халық әлгі оқиғаға өре түрегелгені бар еді. Кейін әңгімені ушытпай араласып, адамшы­лы­ғымызды ғана емес, мұсылман­шы­лы­ғы­мызды да білдіріп, мешітті қалпына келтіріп соғып бергенбіз. Бұған жергілікті жұрт қатты разы болды. Сөйтіп, оларға деген құрметіміз бізге де лайықты жауап болып қайтып жатты. Кейіннен әлгі тілші сол маңдағы тоғайға Бақтияр деп менің атымды бергенін жазған еді. Шынымды айтсам, ауған жұртының тарихын, дінін сыйлатқан тірлігіме қарап, сол ауылдағы ақсақалдар да бізге оң қабақ танытты деп білемін. Олармен араласып тұрдым, сөйлесіп жүрдім. Өздері маған қай жерде дұшпан өтетінін, қай жерлерге мина қойылғанын айтып тұратын. Тіпті 200 ша­қырым жердегі Жалалабадқа еш қорғау­шысыз, жалғыз шопырыммен ғана бригадаға барып қайтқаным бар. Бұл ерліктен бұрын, сыйластықтың арқасында орын алған дүние еді. Ал ондай мәселеде қазақ жігіттеріне деген ықылас ерекше болды деп айта аламын. Соғыс барысында да біздің жігіттер ерекше намысшылдығын, отаншылдығын, батырлығын таныта білді. Әрине, олардың барлығы бірдей Ауған соғысының батыры атанып кеткен жоқ. Алайда батырға тән қай­сарлық танытты. Қазақ жігіттерінің қайсар­лығы туралы сарбаз жазушымыз Бақытбек Смағұл «Мен көрген соғыс» деген кітабында егжей-тегжейлі айтып шыққанын жұртшылық біледі. Сондықтан қайталап жатпайық.
– Өзіңіздің сарбазыңыз кітап жа­зыпты. Сіздің де Ауған соғысы жайында өскелеңге естеліктер қалдыру ойыңызда бар ма?
– Жазып жатырмын десем де болады. Дегенмен мен ең бірінші сарбаздарым жаз­сын деп ойлаймын. Өйткені оларға қарағанда менің көзқарасым өзгешелеу болатын шығар. Солардың қаламынан шын­дық шықсын деп сабырымды сақтап жүрмін. Әйтсе де оның да өз уақыты келеді. Кітап та жазылады. Өйткені, шыны керек, Ауған соғысының ақиқаты әлі ашылып біткен жоқ. Бұл – бір. Екінші – Ауған соғысында қолда­ныл­ған тактика, ұрыс тәсілдері, стратегия туралы жазу-сызуды қолға алып жатырмын. Болашаққа, тәлімгер офицер­лерге, сар­баздарға қажет болып қалар, керегіне жа­ратсын, қолдансын деп, өзімнің білгенімді түрткілеймін. Ауған соғысының ерекшеліктері туралы, ондағы соғыс практикасын қағазға түсіріп жүрмін.
– Бүгінгі күні 20 жылдығын атап өтіп жатқан Қарулы Күштеріміздің қалыптасу тарихына да тоқтала кетсеңіз...
– Қарулы Күштерден бөлек, ең алдымен Қазақстанның Тәуелсіздігі, егемендігі туралы айтуымыз, соған тәу етуіміз керек. Егемен елің, бостан жерің болмаса, Қарулы Күшің де болмақ емес. Ал Тәуелсіздіктің туындауына ең алдымен қаймана қазақтың ықылымнан қалған тарих тереңдігі де зор рөл атқарғаны хақ. Себебі бәйтеректің биіктігіне қарап, оның тамырының қандай екендігін білерсің деген. Біздің тамырымыз терең. Қазақтың Наурызбай, Қабанбай, Райымбек сынды толып жатқан батырлары не үшін жанын пида етті? Олар қалайша соғыста өліп қаламын-ау деп қорықпады? Жаудан не себептен қаймықпады? Әрине, «өзім өлсем де, елім аман, болашағым жарқын болсын» деді. «Ұлым – құл, қызым күң болмасын» деді. Жауға шапқанда да келешек ұрпақтары үшін қанын да, жанын да аямайтынын айтып, сол қазақтың кең-байтақ жазирасын ұрпаққа аманат етті. Міне, сол батырлар аманатының арқасында біз Тәуелсіздікке жеттік. Ал Тәуелсіздіктің тұғырын биіктетіп, оны мәңгілік ету үшін де айбынды Армия, Алаштың үнін асқақтататын әккі сарбаздар керек.
Кеңес Одағы ыдыраған тұста Қазақстан­ның өз комитеті құрылатын болды деген әңгіме шықты. Кейіннен білсем, оның төрағасы болып қазақтың батыр ұлдарының бірі, соғыс ардагері, сол кездегі генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетов тағайын­далыпты. Соны естісімен, үлкен қуанышқа бөлендім, жырақта жүрген маған тың жол ашылғандай сезілді. Асыға-аптыға туған, кіндік қаным тамған жеріме оралдым. Деген­мен Армия бір күнде ғана құрылып кете салған жоқ.
Тәуелсіздіктің туы кеше ғана желбіреген еліміз үшін қуатты Армияны құру ғана емес, бір кездегі базаларды тұтастай сақтап қалу маңызды болатын. Екінші үлкен мәселе – бүкіл Одақтан келген мамандардың үдере шетке ағылуы басталды. Ресейге, Украинаға, Беларуське, басқа да шетелдерге білікті мамандар қайтып жатты. Осындай тұста көрегендік саясат ұстана білген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлын ерекше атамасқа бол­майды. Президент әлемдік жойқын қарудан бас тарта отырып, елімізге еш қауіп төн­бейтіндей етіп қуатты мемлекеттердің кепіл­дерін сақтап қалды. Ондай кепіл ғана емес, Қазақстандағы базалар да орнында қалды. Осындай оңтайлы саясат ұстана жүріп, Жоғарғы Бас қолбасшы тез арада өзімізден кадрлар даярлауды іске асырды. Орталық Азия округіне қарасты әскери білім беру салаларының базасында көптеген болашақ маман білімін жетілдірді. Әскери біліммен қоса, ғылымға да көңіл бөлінді. Кейіннен Ресей, АҚШ, Түркияда, Қытайда да аза­маттарымызды оқытатын дәрежеге жеттік.
Біздің Қарулы Күштеріміздің тарихы осылай басталған болатын. 1992 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назар­баев Қарулы Күштерді құру туралы Жарлығын жария етті.
– Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі қорғаныс қабілетін, әскери әлеуетін қалай бағалайсыз?
– Менің әскери сапта жүргеніме 42 жыл болыпты. Оның 20 жылын Қазақстан Қарулы Күштеріне арнадым. Осы жылдары Қазақстанның Қарулы Күштері өңірдегі ең беделді межеге көтерілді деп айтуға да болады. Басқасын былай қойғанда, күні кеше Елбасының өзі аралап көрген «KADEX-2012» әскери техника көрмесін алыңыз. Қазақстанның айбарлы айбынын осыдан тануға болады. Бұл – бірінші мәселе. Екінші – Армияның техникасы озық қана емес, жауынгерлері де ширақ, шебер, әбжіл болуы шарт. Құдайға шүкір, қазақ сарбаздары бұл жағынан да еш кенде емес. Бұрын қай заманда Қазақстанға халықаралық күштер келіп жаттығып еді? Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ҰҚШҰ шеңберінде оқу-жаттығу өт­кізіп, жауынгерлеріміз шыңдалды. Әдіс-тәсілге қанықты. Соңғы техниканы пайдаланып үйренді. Осының бәрі қорғаныс саласының қабілеті артып отырғанын көрсетеді. Бірде Ресейдің Шұбаркөл деген өңіріндегі полигонда біршама шетелдіктермен бірге біздің жігіттер де өз өнерін көрсеткені есімде. Қазақ жауынгерлері орыстың гене­ралдарын тәнті қылды. Қазақтарға қарап сүйсінгендері менің де төбемді көкке жеткізді. «Бақытжан, қазақ сарбаздарының артық тұстары көп екен. Шеберлігі жақсы шың­далыпты» деп мойындады таныс, әріптес-генералдар сонда. Міне, бұл – Тәуелсіз Қазақстанның мақтанышы.
– Соғыстың тарихы бөлек болғанымен, табиғаты бір деп айттыңыз ғой. Осы Ұлы Отан соғысына қатысты қоғамда да әртүрлі пікірлер бар екендігі шындық. Мәселен, кейбіреулер мұны «қазақ үшін керек емес соғыс еді» десе, енді біреу Ұлы Отан соғысы деуге де қарсы. Сіздің көзқарасыңызды білсек деп едік...
– Ұлы Отан соғысына қатысты мұндай көзқарастағылардың болуы – шынымен өкінішті жайт. Тіпті кейде Ауған соғысына да «біз сендерді жіберген жоқпыз» деп кететін ойсыз, оспадарсыз пікірлер де айтылып жатады. Мен айтар едім: бұл – нағыз тарихты сыйламаушылық, болашақты ойламаушы­лық. Өйткені бүкіл әлем, жер дүние Жеңіске бас игені мәлім. Ендеше, сол әлем жұртшылығы жылдар бойы асыға күткен Жеңісті тарихшылар талқылағанда да дұрыс көзқараспен, адал ниетпен талқыласа екен. Жаңағыдай жұртты шатастыру түк те дұрыс емес, тіпті ары кеткенде опасыздық деп айыптағым келеді. Сол соғыста қаншама жұрт «Отан үшін!» деп шейіт болды. Қаншама қазақ осы соғыста жанын берді. «Солардікі бекер болыпты», «бекерден-бекер керегі жоқ соғыста өліп қалыпты» дейміз бе сонда бәрін қаралап?! Аруақтан ұялсақ етті?! Жоқ, мұнымыз дұрыс емес! Тарихпен ойнамауымыз керек. Оны жазатындар елдің көрген қиыншылығын жазсын. Артынан жақсылық келгенін жазсын. «Отан үшін» деп соғыс­қандарды қалайша атауға тиіспіз сонда? Тіпті Отан соғысында жеңбесек, тағдырымыз қалай болар еді деген де – өте күрделі мәселе. Бұл бағытта адаспайық. Отан соғысы болды және сол соғыста бабаларымыз Отан үшін от кешті.
– Дегенмен сол соғыста әділетсіздіктер орын алғаны рас қой. Бауыржан Момыш­ұлының батырлығы ұлтжандылығына байланысты Мәскеуде мойындалмады. Қазақ Рақымжан Қошқарбаевтың Рей­х­стагқа ту тіккені ұлтына бола бүркемеде қалды. Бұл жайында не айтар екенсіз?
– Мінеки, бұл – дұрыс мәселе. «Отан соғысы ма, емес пе?» деп таласудың орнына халықтың қаһармандарын, ерлеріміздің ерліктерін жаңғыртуымыз керек. Сананы да осы бағытта жаңғыртқанымыз абзалырақ. Шынында, Баукең – өзінің батырлығын өз заманында-ақ баршаға мойындатқан тұлға. Оған талас жоқ. Ал кейіннен сол мәселені қайта қозғап, Кеңес Одағына қайтара мойындатып, ақырына дейін жеткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Президенттің тірегімен, ерік-жігерімен Баукеңнің батырлығы мойындалғанын мен батыр ағамыз Қасым Қайсеновтің аузынан естігенмін. Міне, осындай олқылықтарды қалпына келтіру керек.
Ұлы Отан соғысын былай қойып, кешегі Ауған соғысының шындығы түгел ашылды ма? Жоқ! Ондағы батырлардың бәрі лайықты бағасын да ала алмады. Мәселен, мен батальоныма қатысты қаншама наградаға ұсыныс жасадым. Соның бәрі қоқыс салатын шелекке тасталып, мен ұсынған жігіттердің орнына басқа адамдар кірігіп кетті. Тіпті қайсарлықпен көзге түскен қазақ сарбаз­дарының көбі ескерусіз қалып жатты. Сондықтан да соғыстың әділетсіздік тұстарына терең үңіліп, оны аршып, халыққа қауыштыру, тарихи фактілерді табу керек. Мен Халық Қаһарманы болып наградталғанда мұның жалғыз менің ғана емес, бүкіл Ауған соғысы ардагерлерінің марапаты екендігін де сол әділетсіздікті қалпына келтіру үшін айтқанмын.
– Парламентте депутатсыз. Заң шығармашылығындағы қызметіңіз туралы айтсаңыз...
– Мәжіліске депутаттық қызметімді ең алдымен елді аралаумен, жұртшылықпен кездесумен бастадым. Әртүрлі санаттағы жұртшылықпен жүздестім. Әскери қызмет­шілердің, ардагерлердің мәселесін онан сайын ұғынғым келді. Соның бәрін жинақтай келе, кейіннен Үкіметбасының атына үш сауал жолдадым. Біріншісі – ардагерлер туралы заңды тезірек қабылдау керектігі. Оның ішінде Ауған соғысы ардагерлерінің мәртебесі қамтылуы тиістігін көтердім. Жалпы, ардагерлер алақан жайып ешкімнен ештеңе сұрап отырған жоқ. Кездесу барысында ешкім де ондай шағым түсірген емес. Дегенмен оларға қамқорлық керек екенін, олар құрметке лайықты екенін біз сезінуіміз керек. Екінші – тағдыр тәлкегімен шетел асып, Тәуелсіздік арқасында Атажұртқа оралған оралман офицерлердің мәселесін көтердім. Үшінші мәселе, қазір әскер саласында жасалып жатқан жақсылық ешкімнен аз емес. Қазақстанның әскери қызметшілеріне көрсетілетін жеңілдіктер кем емес. Дегенмен проблемалар баршылық. Оның ішіндегі өзектісі – пәтер алу, офицерді баспаналы ету. Олардың көбі қызмет бабымен ұзақ жылдар бойы далада, әр өңірлерде жүреді. Отбасымен ұдайы көшіп-қонады. Ал қызмет мерзімі біткенде тіпті қайда барарын білмей қалатыны да белгілі. Сондықтан да осы бағыттағы заң нормалары дұрыстауды қажет ететін тәрізді. Тіпті арда­герлер туралы заң жобасының суырмада жат­қанына да он шақты жыл болып қалыпты. Қайта көтертіп, оны жаңғыртуды қолға алатын боламыз. Көп ұсыныстар бар, жұмыс жасап жатырмыз. Түйіндей айтқандағы Пар­ламенттегі ең басты парызым – ауылдың әлеуетін көтеру, сонымен қатар соғыс арда­герлері мен Қарулы Күштер қызметкерлерінің жағдайын ойлау.
– Алда арманыңыз бар ма?
– Баукең туралы фильм түсірілсе екен. Мұндай тарихи тұлғаның балалық шағынан бастап, тұтастай өмірінің өзі ұрпаққа үлкен өнеге болар еді. Келешек жеткіншектер біле түссе екен. Әскери азаматтарға, сарбаздарға ғана емес, отаншыл жастарға, олардың рухын жануға керек дүние. Үлгілі, патриоттық рухты жоғарылататын, Баукеңнің кемеңгер­лігін, даналығының қыр-сырын, ұлтжан­дылығын ашатын фильм түсірілсе деп көптен ойлаймын.
– Баукеңнің жолын қуған батырсыз ғой. Дегенмен неден қорқасыз?
– Батырлар еш нәрседен қорықпайды деп айта алмаймын. Мен де қорқам. Жағымпаз, жылтыр-жалпақ адамнан қорқамын. Опасыздар мен таққа таласып бәрін сата салатын адамдар да мен үшін қорқыныш тудырады. Әрине, оларды білмей, байқамай қалуым мүмкін, сол жағынан олар маған қорқынышты. Мен бір сөзімде «батыр таққа таласпайды, батыр тақты қорғайды» деп едім. Ал тақ – бұл Отанымыз, еліміз. Соны қорғауымыз керек. Бабадан қалған өлкені сыйлау қасиетіміз де кеміп бара жатқандай. Бұл да қорқынышты.
– Өмірлік ұстанымыңыз туралы не айтар едіңіз?
– Ертеңім үшін ұялмауым керек. Сол үшін бүгін күрескен абзал. Қасымдағы достарыма, туыстарыма, еліме сыйлы болуға тырысамын. Мен мәңгілік емеспін, өзекті жанға бір өлім бар. Бірақ сол заманда мен туралы жаман сөз ермесе екен деп тілеймін. Менің өмірлік ұстанымым – осындай игіліктер үшін кү­ресу.
– Жастарға айтар ақылыңызды, мереке қарсаңындағы тілегіңізді «Алаш айнасы» арқылы білдірсеңіз...
– Қазақстан әлемде 9-орынды алатын байтақ жер көлеміне ие болып отыр. Бұл қайдан, қалай тиді біздің қолымызға? Та­рихтан соны өскелең ұрпақ біліп жүрсе игі. «Бастау лайланса – су таусылады, рух лайланса – ел тұншығады» деген қанатты сөз бар халқымда. Осы әрбір ұрпақтың жадында болып, бастаудың лайлануына ешкім де жол бермеуі керек. Рухтың асқақтығын сақтауымыз керек. Ал бұл бағытта патриоттық тәрбие үлкен рөл ойнайтыны айқын.
Сол үшін ең алдымен Ұлы Отан соғысында қаза болған жандарға бас ие отырып, Жеңіс әкелген күнге құтты болсын айтып, бұл күнді ерекше қадірлей білсек игі. Әрине, жыл өткен сайын ардагерлер қатары селдіреп, азайып бара жатыр. Отан соғысының арда­герлері біздің мектептеріміздегі кештерде отаншылдыққа, патриоттыққа үндейтін тәрбие сағаттарына қатысып тұратын еді. Міне, соғыс ардагерлері бізді осылайша патриоттыққа тәрбиелеген болатын. Осындай жастарды тәрбиелейтін, рухын қатайтатын азаматтар керек. Мен ойлаймын, ондай ардагерлеріміздің орнын ендігәрі Ауған соғысының азаматтары да атқара алады деп. Олар соғысты көрді, Отан алдында берген антын орындады. Бейбітшіліктің не екенін, оның қандай қасиеті бар екенін сол азаматтар біледі.
Сонымен қатар «Алаш айнасы» газеті арқылы Отанымызға қызмет етіп, саптан түспей келе жатқан әрбір азаматты 20 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтағым келеді. Сапта тұрған сарбаздар, қатардағы офицерлер – бұлардың барлығы Отан алдын­да борыштарын жақсы атқарады деп сенемін. Ілгеріде біздің бабаларымыз өз руының батырымен мақтанып, сол батырына сүйенетін болған. Әр рудың, әр бидің өз батыры болған. Біздің батырларымыз – Отан қорғап жүрген сарбаздар. Олар Отан алдында ант берді. Сол антын берік қолдан шығармайды деген сенімдемін.

Алашқа айтар датым...
Әсілі, тарихсыз ел болмайды, тағдырсыз перзент болмайды. Әр азаматтың бірден бір борышы – елдің болашағын, ынтымағын ойлау. Азамат елдің болашағы, Алашының тыныштығын сақтау үшін жаралған деп білемін. Сол үшін азамат өз елінің құлы болуы керек. Өз еліңнің құлы болғанда ғана басқа елдің құлы болмайсың. Әрбір азамат өз еліне құл секілді қызмет қылса, сонда біздің Тәуелсіздік тұғырлы, бейбітшілік бекем болады. Бұл – әрбір азаматтың үлкен парызы.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста