Жаңғара ДӘДЕБАЕВ, филология ғылымының докторы, профессор:
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
– Жаңғара аға, білім саласын білесіз, ғылымға араласып жүрсіз, ЖОО-ның кешегісі мен бүгінінен хабарыңыз бар, студент жастармен етене жақынсыз. Осылардың қай-қайсысы туралы айтар табылады. Бірақ мен қазақтың халық болып қалыптасуының, ұлттық тұтастықпен ұйымдасуына би-шешендердің сіңірген еңбегі зор болғандықтан, өз зерттеуіңіз – Бөлтірік шешеннен бастағым келіп отыр. Бөлтірік Әлменұлы қатардағы би-шешен ғана емес, жауынгер-батыр, мемлекет қайраткері дейміз ғой. Бірінші, Бөлтірік Әлменұлының қайраткерлігін анықтап алып, бүгінгі күнмен салыстырып көрсеңіз.
– Би-шешендердің дәстүрлі қоғамымызда атқарған қызметінің маңызы өте зор. Олай болатын бірнеше себебі бар. Біріншіден, би-шешендер даудың билігін, түйінін шешеді. Екіншіден, билік сөзін елдің көңіліне жеткізіп, бойын балқытып, жүрегін тербетіп отырып айтады. Сондықтан би-шешендердің айтқан сөзі дауласушы тараптардың қай-қайсысының да көкейіне қонымды, иланымды, сенімді болып шыққан. Сонымен қатар билер даудың үкімін шығарушы ғана емес, сол билік үдерісінің барлық жағдайын бақылаушы және орындаушы қызметін де атқарған. Қазіргі заманда бұл қызмет – прокуратурада. Билігін айтқаннан кейінгі орындалуы, оның жалпы әдеті мен әдебі және байырғы көзқарастардың талаптарына сәйкес міндеттердің қадағалануы да – би-шешендердің еншісінде. Әрі бақылаушы, елдің ішіндегі дәстүрді сақтаушы. Демек, би-шешендердің мойнында бірнеше жауапты іс болған. Ал ел-жұрт бидің шешімі бойынша ары қарай жұмыс жасаған. Бидің сөзін, билігін тыңдау дәстүрлі қоғамымызда өте биік ұғымдармен жүзеге асқан. Бидің шешіміне тоқтамайтын адам болмаған. Олай болатыны, біздің дәстүрлі қоғамымыздағы билер не нәрсені шешсе де, қай нәрсеге қараса да, әділетке жүгінген. Бұл жерде мен Ресейге қосылғанға дейінгі би-шешендерді айтып отырмын. Әділін айтқан. «Қара қылды қақ жарған» немесе «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген секілді қазақтың қалыптасқан сөздері бар. Осылардың ізі – түп-тегіміздің әділет жолындағы көрінісі. «Бидің, шешеннің қоғамдағы орны қандай?» дегенде осы тұрғыдан баға беруге тура келеді. Қазіргі жағдайға келетін болсақ, даулы мәселелердің барлығы тиісті институттар арқылы жүзеге асырылады. Ал енді сөзге тоқтау дегенге келер болсақ, «ананың сөзі мынадай я болмаса айыптаушының сөзі мынадай» дейтін адвокаттар болды. Ресейдің тарихында неше түрлі осындай адвокаттар мен айыптаушылардың керемет, шешен сөйлеген сөздері бар. Ал енді арыға барар болсақ, Цицерондар басталады. Олар да Сенатта біреуді ақтап, біреуді жақтап, айыпталушының айыбын дәлелдеп сөйлеген. Бұлардың сөзінің көркемдік әсері, күші, қуаты, дәлелділігі, сөйлеу әдебі, жүріс-тұрысы – барлығы да өзінің талаптарына сай болған. Ол заманның өзінде шешендік өнерге, билік сөзге, оны айтушы би-шешен бағынуы тиіс қалыптасқан тәртіптер болған. Әлемде қалыптасқан шешендік дәстүрлер, тәртіптер – қазақ даласындағы би-шешендерге де тән сипат. Сол дәстүрдің аясында қызмет жасаған. Бұлардың қазіргі замандағы жалғасы, бүгінгі шешендеріміз – прокуратурадағы мамандар тікелей заңға сүйеніп, «анау былай болды, мынау алай болды» деп тікесін айтады да қояды. Ақтаушы да заңның баптарына сүйеніп: «дәлелі – мынадай, айыбы – анадай, жазасын осыған орай жеңілдету керек я болмаса мына тармақ бойынша ауырлату керек» дейді де, басқа еш нәрсе айта алмайды. Ал би-шешендердің мұндай сөздері халық төрелігінің шешімі арқылы жүзеге асатын. Солардың назарын аудару үшін ол заманда шешендер едәуір көсіле сөйлейтін. Шешендік өнердің қайсыбір белгілері осы кісілердің бойынан табылатын.
– Бөлтірік шешеннің қазақ халқына ғана емес, өзбек-қырғызға танымалдылығы айтылады. Шешеннің қайраткерлік жолындағы, елдік мұраттағы іс-әрекеттерін нақылдарына сыйғызып, айтып берсеңіз?
– Шешеннің айтып кеткен үш сала қызметінің қай-қайсысы да қайраткерлік болып есептеледі. Ол мемлекеттік қайраткерлікке жатады. Сол дәуірде билік жасау, билік сөз айту деген мемлекеттік қызмет есебінде саналған. Екінші жағынан оның қоғамдық сипаты да бар. Себебі бидің алдына әділдік сұрап келетін адамның өзі оң-солына қарайды. «Ол жүгінетін биі әділ ме, әлде басқадай әдеттері бар ма?» дегендей. Әділдігін танығаннан кейін ғана сол бидің алдына келеді. Халықтың өзі әділет сұрап жатса, әрине, мұның бәрі – елмен, қоғаммен тікелей байланысты екенінің бір дәлелі. Ол – Төле би, Қазыбек билеріміздің бәрінде болған жайт. Бөлтірік шешендер – солардың аяғын алып келе жатқан кісілер. Енді ол кісілердің мемлекеттік қызметі дегенімізде, ол шешендердің тұсындағы мемлекетіміз, қоғамымыз қандай еді? Ол қоғам мен мемлекет бір басқа, ал қазіргі мемлекеттік жүйеміз тіптен басқа. Соған байланысты бүкіл билік жасау жүйесі толық өзгерген.
– Жаңғара аға, Тәуелсіздік жылдарынан бері тілімізге енген «ұрпақ сабақтастығы» деген ұғым бар. Әр заманда қоғам өзгергенімен, біз негізден, тектен ажырамауымыз керек қой. Демек, мол мұрамызды әлпештеп сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізумен қатар, күнделікті өмірімізде пайдалану – бізге міндет. Мәселен, сіз Бөлтірік шешеннің сөздерін «ділмар сөз», «билік сөз», «нақыл сөз» деп үш топқа бөлген екенсіз. Бүгінгінің ділмары кім? Билік сөзге тоқтам бар ма? Нақыл сөзді қадір тұтып жүрміз бе?
– Қазіргі қоғамымызда бүгінгі жағдайда «бұл сөздерді тыңдамайды я болмаса сол сөздерге құштар емес, жақсы сөзді іздемейді» деп айта алмаймыз. Бұл салада арнайы қызмет жасайтын мамандар бар. Мысалы, дәріс оқитындар, Парламентте отырған сенаторларымыз, мәжілісмендеріміз. Сондай-ақ жоғарғы қызметте отырған жекелеген адамдар бар. Олар халықтың алдына шығып, сөзін, пікірін айтады. Міне, осы адамдардың ел алдына шыққанда сөзін қалай бастағанын, қалай ойын қорытындылағанын, қандай ой айтқанын кейде тыңдап отырып аңғармай қаламыз. Бірқатар басшы қызметтегі мамандарымыз өте жақсы сөйлейді. Оның ішінде сенаторлар, Мәжіліс депутаттары, министрлер, басқа да мемлекеттік қызметтегі аудан, облыс деңгейінде жүрген азаматтарымыз бар. Солардың сөзін тыңдап отырсаңыз, ойы анық, тілі жатық, жүйесі негізді. Бәлкім, Бөлтірік шешен немесе Цицерондар секілді жарқ еткізерліктей болмаса да, айтар ойын түсінікті, сіңімді етіп жеткізеді. Мұның өзінен сонау дәуірден бері шешендік өнеріміздің жалғасын тауып келе жатқан ізін байқауға болады. Би-шешендеріміздің осындай дәстүрлері аталған азаматтарымыздың сөздерінен аңғарылады.
– Бөлтірік шешен «Үлкен алдында иіліп сөйле, кіші алдында сызылып сөйле. Иіліп сөйлегеннен белің бүгілмейді, сызылып сөйлегеннен сөзің үзілмейді» деген екен. Бүгінгі жастардың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, ұлттық ұстыны туралы не айтасыз?
– Бұл – Бөлтірік өз баласына арнап айтқан өсиет сөздерінің қатарындағы нақыл. Ал мұндай сөздерді басқа ата-аналар балаларына айтпайды емес, айтады. Мұғалім де, оқытушылар да осындай бағытта. Тек қазір біздің технологиялық ақпарат қорының соншалықты әр қилы, әр салалы бай болып кетуіне байланысты, қазіргі балалар дәл жоғарыда айтылған «иіліп сөйле» деген тәрізді сөздерді дұрыс қабылдай алмайды. «Иіліп сөйле» дегенде Бөлтірік «келіндей иіл» деп тұрған жоқ қой, оның өзіндік мағынасы бар. Яғни «үлкеннің алдында әдеп сақта» деп ауыспалы мағынада айтып тұр. Ал біздің балаларымыз тіліміздің осындай байлығын, иірімдерін, ауыспалы мағынада айтылған сөздің ішкі меңзеген астарын кейде түсіне бермейді. Ал енді байыппен, асықпай, мән қойып, астарына үңіліп, ақыл-ойын жұмсап қабылдайтын бала болса, ол осындай сөздерден өзіне үлкен ғибрат та, ұлағат та алар еді.
– Сіз кеңестік дәуірден бері бүгінге дейін ұстаздық қызмет атқарып келесіз. Жастардың елге, жерге құрметі, Тәуелсіздігімізді нығайтуға, мемлекеттігіміздің іргесін нық қалыптастыру мақсатындағы ұстанымдарына қандай пікір айтар едіңіз?
– Қазақ ұлттық университетінде оқып жүрген жастар осы шаңырақта білім алып жүргеніне разы. Болашағына сеніммен қарайды. Тапсырмаларын дұрыстап орындайды. Жетектегенге еретіндер де, ермейтіндер де бар. Солардың алдыңғы қатарындағылар талаптан асып түсіп жатады. Радио мен телеарналарда жұмыс жасап жүрген көптеген шәкіртіміз жас болса да шешендікпен сөйлейтінін көпшілік көріп жүр. Ал «бүгінгі жастардың тәрбиесі қандай, Отанға сүйіспеншілігі қандай?» дегенде, жоғары оқу орындары, орта мектепте болсын білім беруіміз жетілген адамды тәрбиелеуге бағынады. Бүкіл өміріміздің мәні, айналып келгенде, баланы, ұрпақты дұрыс тәрбиелеп, адам жасау. Ал енді сол тәрбиеге қалай жетеміз деген мақсатты сұрағымызға бізге дейінгі барлық ғұлама білім арқылы екендігін айтып кеткен. Баланың бойына тәрбиені білім беру арқылы сіңіріп дарытуымыз керек. Бөлтірік шешен, Абай бар, басқа ғұламалар, данышпандар, ақындар немесе тарихты алайық, оны да жасаған, Отанымызда ғұмыр кешкен, өмірде болған ата-бабаларымыз ғой. Осы Отанымызды қорғап, Тәуелсіздікке жеткізген. Міне, солардың тарихын білу арқылы, өмірі мен ісінің мәніне үңіліп, өз бойына қажетті игіліктерін алуы керек.
– Көп жылдан бері Қазақ ұлттық университетінде жауапкершілігі мол, біліктілікті қажет ететін қызметтерде болдыңыз. Қазақ мемлекетінің білім жүйесі және жоғары оқу орындарының әлемдік бәсекеге қабілеттілігі туралы айтсаңыз...
– Тәуелсіздік алғанға дейін бәріміз кеңестік жүйеде жұмыс жасадық қой. Бүкіл білім жүйесі сол шеңберде қаралды. Ал дүниежүзінде не болып жатыр дегенге көз жүгірткен жоқпыз. Көз салуға мүмкіншілік болмады. Тәуелсіздік алғалы бері айналамызға қарай бастадық: «Өзге жақтың білім беру жүйесі қалай, ол жақтағылар білім алғаннан кейін не істейді, не істеуге әлі келеді?» деген сияқты мәселелерге зер салдық. Әл-Фараби бабамыз: «Білім деген – керемет байлық, бірақ сол білім адамның өмірінде, қоғамда пайдаға жарайтын болса ғана – білім, ал егер білім өзіне не айналасына, қоғамына, уақытына пайдасы тимейтін болса, ол – білім емес», – дейді. Сол дәуірдің өзінде біліктілік жайында айтып отыр. Білім алғаның жақсы, бірақ алған біліміңді қоғамда пайдаға асыра алмайтын болсаң, онда нарықтық бәсекелестікте, бұл қоғамда өз орныңды таба алмайсың. Сол үшін де Тәуелсіздік жылдарынан бергі басты ұстаным біліктілік болды. Білім ал, бірақ біліктілігің қалай? Өмірде қалай пайдалана аласың? Оны біз қазір «құзырет» деп жүрміз, орысшасы – «компетенция». Ол дегеніміз – тұрмыста, мейлі көшеде жүрсеңіз де, адамдармен сөйлесу барысында білім пайдасын беру керек. Міне, соған келе жатырмыз. Жалпы, білім жүйесі әлемдік талаптарға сай, өркениетті елдің білім жүйесімен сәйкес болуы керек. Елбасымыз сондай мақсат қойып, тапсырма берді. Сол бағытта қазір жұмыстар атқарылып та жатыр.
– Жаңғара аға, мәселен, кезінде нарық заңы бойынша ақылы оқу орындарының көбеюі бәсекелестік орта қалыптастырады деп күтілген-ді. Бірақ, өкінішке қарай, ақылы оқу орындары бәсекелестік орта емес, пайда көздеріне айналды. Бізде «білім алу, білікті маман атану – мақсат емес, басты мақсат – диплом алу» деген пікір бар. Сіздің көзқарасыңыз...
– Иә, бұл өте іргелі, күрделі, күрмеуі қиын мәселелердің бірі болып табылады. Мемлекеттік жоғары оқу орындарының ізін ала, жаңағыдай ақылы жекеменшік оқу орындары қаптап ашылды. Ол жерден қаншалықты білім алады, кейін қандай маман болады, мемлекетіміздің, қоғамымыздың қай саласында, қай деңгейде қызмет атқарады деген – үлкен мәселе. Тап қазір оны былай деп кесіп айту қиын. Дегенмен мемлекеттік жоғары оқу орындары мен жекеменшіктің арасындағы кейбір жайттарды салыстырып көрейін. Мысалы, білікті, құзыретті, қазіргі нарықтық жаһандану жағдайында бәсекеге қабілетті маманды дайындау үшін жоғары оқу орнының, бірінші кезекте, материалдық, техникалық негізі, екіншіден, соған сәйкес оқытушыларының құрамы болу керек. Оқытушылар корпусы дейді. Ең бастысы – осы екеуі. Ал енді бұған қазіргі таңда қосылып отырған қосымша бір талап бар. Ол – университетті, жоғары оқу орнын басқарып отырған басшының өзінің біліктілігі. Нарықтық, экономикалық, бүкіл ғаламның барлығы қатарласып, ентелеп келе жатқан жағдайда, сол додада өзінің жоғары мектебін қалай алға жетелейді? Қандай деңгейге жеткізе алады? Ондай қабілеті бар ма? Міне, осы үш мәселе бар. Мемлекеттік жоғары мектептердің жағдайы – осындай. Ондағы материалдық, техникалық база қандай? Мысалы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің көпжылдық тарихы бар. Бұл университеттің материалдық, техникалық базасы секілді жабдықталған – Астанадағы Назарбаев университеті. Қазақстанның басқа жоғары оқу орнында мұндай жағдай жоқ. Оқытушылар корпусы туралы да соны айтуға болады. Қазақ ұлттық университетіндегідей қалыптасқан, білікті, білімді, әбден сыннан өткен оқытушы-профессорлар құрамын басқа ешбір жоғары оқу орнынан таба алмайсыз. Ешбір жоғары оқу орнында жоқ. Міне, осы жағына басшысының біліктілігі қажет. Ал енді жекеменшік ақылы оқу орындарына келетін болсақ, олардың басшылары да, әрине, жанталасып, жаңағыдай ізденіп жұмыс жасап жатыр. Бірақ олардың материалдық, техникалық базасын жыл сайын, ұдайы жақсартуға мүмкіншілігі жоқ. Жоқ деп айтпағанның өзінде, мүмкіншілігі шектеулі. Оқытушылардың құрамы да шектеулі. Оның да сапасы мемлекеттік жоғары оқу орындарындағы оқытушы-профессорлар құрамындай емес және Қазақстанның деңгейінде бәсекелесе алмайды. Міне, осындай жағдайда «жекеменшік оқу орнында оқыған бала жақсы білім ала ма, жоқ, мемлекеттік оқу орнында жақсы білім ала ма?» деген сұрақ өзінен-өзі туады. Әрине, оның жауабы да дайын. Қай жерде материалдық-техникалық базасы мен оқытушылардың құрамы жақсы болып, барлық жағдай қамтамасыз етілсе, сапалы білім болады.
– Мәселен, Алматы қаласында бірнеше жоғары оқу орны бар. Бір профессор бірнеше жерде сабақ береді. Сол бірнеше жерде сабақ беру сапаға әсер ете ме?
– Әрине, әсер етеді. Құдай сабыр, берекет, қанағат бермесе, айлықты, жалақыны қуып, он жерде жұмыс істесе де, жетпейді. Сондықтан қанағат жасау керек. Сабақтан кейінгі бос уақытын өзінің пәнін ары қарай жетілдіруге жұмсап, жаңа білім жасау керек. Сол жаңа білімді алдында отырған балаларға дарытатын технология жасау керек. Қазіргі жағдайда білімді мұғалімнің өзі жасайды. Оған мән бермей, әр жерде сабақ беріп, жеке бас пен қалтаның қамын ойлаған жерде білім болмайды. Жекеменшік оқу орындарына «профессор сабақ береді» деген ат керек, оларға одан басқа еш нәрсе қажет емес. Одан сабақтың сапасы артпайды. Шындығында, әр жерде жұмыс жасап жүрген оқытушы-профессор бола ма, доцент бола ма, өзі рухани аза бастайды. Өйткені білімін күнделікті жетілдіріп отырған жоқ қой. Білік болмағаннан кейін, уақыт өте келе балаға пайдалы білім бере алмайды.
– Кейінгі кезде Білім және ғылым министрлігінде жоғары оқу орындарының санын қысқарту туралы әңгіме қозғалып жүр. Сіздің ойыңызша, жалпы, жоғары оқу орындарының санын қысқартқан жағдайда сапасы арта ма?
– Осы мәселені әр кезде көтеріп келді. Біздің еліміздің, халқымыздың әлеуметтік жағдайы дұрысталған жағдайда қайда оқу керектігін бала өзі таңдайды. Бірақ қазіргі жағдайда «білім аламын» деген баланың мұндай таңдауына мүмкіншілік жоқ. Қаржысы, жағдайы жоқ тағысын тағылар деген сияқты. Соған байланысты «әйтеуір, оқу орны ғой деп, өзім қосымша оқырмын, әйтеуір, диплом алайын, қолымда қағаз болса, жерде қалмаспын» деп оқу ақысы арзан жоғары оқу орындарына барып, диплом алып жатады. «Құдай не жазса, соны көрер, білімін өзі жетілдіріп, өзінше білім алар» деп, әйтеуір, ата-ана баласының диплом алып шыққанын өзінше медет көреді. Біздің қазіргі жағдайымыз – осы. Ал енді оны мемлекеттік деңгейде әкімшілік жолмен бірден шауып тастайтын болсақ, бұл қоғамның арасында наразылық туғызады.
– Өзіңіз қызмет етіп жүрген Қазақ ұлттық университетінің ішінде бірнеше ғылыми-зерттеу институты бар. Абай институтын өзіңіз басқарып отырсыз. Енді осы ғылыми-зерттеу институты жайлы айтсаңыз...
– Абай институтының құрылғанына бірнеше жыл болды. Қазіргі министріміз Бақытжан Жұмағұлов мырза университетке ректор кезінде осы институтты ашқан еді. Содан бері жұмыс жасап келеді. Институттың бағыт-бағдары – мәдениет пен әдебиет, білім-ғылымды бір арнада тоғыстыру. Бұл жерде тек әдебиет, тіл ғана емес, қоғамдық ғылымдардың барлығы түйіседі. Институттың ең басты мақсаты – осы салада жаңа білім өндіру. Бұрынғылармен салыстырғанда жаңа институт жаңа білім ұсынады. Жаңа қағида, тұжырым, теориялардың қорын жасайды. Бұл қазіргі қоғамдық-гуманитарлық сала үшін маңызды. Міне, сол жаңа білімді әсіресе институттың атына сай Абайдың айналасын, Абайдың шығармашылығын, Абайдың заманын зерттеп, «Абайдың заманындағы адам қандай еді, қоғам қандай еді, одан бері қалай өзгеріп келе жатыр, олардың себептері мен алғышарттары қандай еді?» – солардың барлығын пәнаралық байланыста, басқа ғылымдармен тығыз бірлікте қарастырып келеміз. Бұл салада жасалатын жұмыс көп. Оның барлығын жасаймыз деу қиын. Бірақ әліміз келгенше, әлі келгенше институт жасап жатыр. Әзірге құрылғанына екі-үш жыл ғана болды ғой. Абайтану саласында жасалған ғылыми-зерттеу еңбектердің бәрін жинақтап, электронды қорын жасап, оны веб-сайтқа салуға дайындықты бітірдік. Абайдың шығармалары, Абай туралы жазылған еңбектер, көзі көргендердің, кәрі құлақтардың, замандастарының естеліктері жүйеленді. «Абай туралы көзқарасты қалай ұстану керек?» дегенде ойланып сөйлеуге тура келеді. Абайдың адамгершілік әлемін я болмаса кісілік туралы, адамға, қоғамға көзқарасын немесе діни әдебиеттер мен қағидаларына қарау барысында алдымен Құран мен Абайдың арасын зерттеуіміз керек. Абайдың көзқарастарының көпшілігі осы Құраннан шығып жатады. Сондықтан бұра тартып: «Абай мына жақтың дінін, мына жақтың анасын, мынаның мынасын қарапты» деуге болмайды. «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да» дейді ғой. Қоғамнан көңілі қалып отырған сәтіне қарайдыдағы: «О, мынау қоғамнан теріс айналды. Бұл экзистенциализм ғой» дейді. Экзистенциализм деген – батыстағы бір ағым. Оның шығу тегі, шыққан ортасы бір басқа. Енді сол теорияны біздің Абайға алып келмекші болады. Бұл – мүлде теріс көзқарас. «Ішім өлі, сыртым сау» деген халін айтса, «шезифримен байланысы бар» дейді. Бұл не деген сұмдық? Абайды өзінің өскен, өнген топырағынан тыс жерге алып баруға болмайды. Абайдан тыс, Еуропадағы бір теорияны алып келіп, Абайдың топырағына таңудың мүлде қажеті жоқ..